Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар театры драматург Сая Қасымбектің «Тексіздер» пьесасының негізінде қойылған «Лифт» психологиялық драмасының премьерасын өткізді.
Біздің заманда адамның құны қанша тұрады? Түбі қайдан шыққанын білмейтін «тексіздер армиясын» ұлғайтып жатқан кімдер?
Бүгінгі қоғамның ең үлкен һәм аса қастерлі дерті – жетім бала, тастанды ұрпақ пен тамыр тексізденуінің негізгі түйткілдеріне психологиялық тұрғыдан терең талдау жасайтын қойылым, көрермен көкейіндегі кезек күттірмейтін осындай өзекті мәселелерге жауап іздейді. Өмірдің ащы ақиқатын өнер арқылы жас ұрпақ санасына сіңіруге талпынады. Қойылымды тамашалаған адам автор мақсатының діттеген межесіне жеткенін байқайды. Тар лифтің ішінде талай тағдыр мен сан түрлі мінездің бейнесін береді. Сабырсыздық. Қорқыныш. Жүйкесі тозған адамдар. Осының барлығы әлеуметтік проблемалардың көптігінен екенін көруге болады. Алғашында санамақ ойнаған қыздың ойынының астарында не жатқанын түсінбедік. Көре келе ол ойынды тағдырдың өзі үйреткеніне көзіміз жетті.
«Біз көбіне көрерменге айтар ойы бар дүниелерді іздейміз. Сол тұрғыдан келгенде, Сая Қасымбектің осы туындысы көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Себебі, мұнда бала тағдыры, оның артында тұрған ұрпақ тағдыры кеңінен келтірілген. Осы қойылым жаһандану кезеңінде өзіміздің кім екенімізді жоғалтып алмауға үндейді», – деді қойылым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»