Биылғы Жолдаудың ерекшелігі мемлекетіміздің және халықтың 2020 жылға дейінгі даму жолын бағдарлап беріп отыр. Әлеуметтік саланы қолдауға, республика тұрғындарын жұмыспен қамтуға баса көңіл бөлінеді. Барлық өңірде қолынан іс келетін адамдардың жұмысқа тартылуы, жаңа мамандықтарға ие болуы атап өтерлік жәйт. Өйткені, еңбек еткен әрбір адам өзін де асырайды, отбасын да асырайды. Сонымен қатар, мемлекеттің алға басуына үлес қосатыны анық. Елбасы денсаулық сақтауға, азаматтарымыздың саламатты өмір салтын сақтауына баса назар аударылатынын айтып өтті. Әлеуеті артқан елдің тұрғындары да ұзақ жасауы тиіс. Мемлекет басшысы алдағы уақытта орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа және одан да жоғары межеге жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді.
Соңғы үш жыл бойы зейнетақы мен жәрдемақы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы өсті. 2009 жылы және 2010 жылы 25 пайызға көтерілген болса, биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы 30 пайызға артты. Ал биыл бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өсетінін және еске салды. Айта кету керек, әлемдік қаржы дағдарысы кезінде көптеген дәулетті мемлекеттердің өздері зейнетақыны да, еңбекақыны да қысқартып жатқанда, біздің елдің өсіріп отырғаны халық үшін айрықша оқиға. Елбасы өз сөзінде бұл «Нұр Отан» партиясының бағдарламасымен де сәйкес келетінін, тіпті онда 2012 жылы осындай межеге жету көзделген болса, біздер 2011 жылы қол жеткізіп отырғанымызды атап өтті.
Тың бастаманың бірі – осы Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты алға бастыру жайы жақсы көтерілді. Шынымен де, осы саланың күрделі мәселелері көптен бері халықты толғандырып жүретін еді. Қаржының жоқтығынан кейінге қалып келді. Көптеген қалалардағы үйлердің коммуникациясы тозған. Күрделі жөндеуден өткізу оңайға соқпайды. Ауыстыру да көп қаржыны талап етеді. Ол үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы қолға алынып, мемлекет қаржы институттарын тартатын болады. Елбасы Үкіметке ортақ мүлікті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын кеңінен қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Осы арқылы біздің еліміздегі тұрғын үй жағдайын жақсартып қана қоймай, азаматтардың өз мүліктерін сақтау жауапкершілігін де арттыра алатынымыз анық.
Елбасы тарапынан ауыз су мәселесі де орынды қозғалды. Тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да су мәселесі өткір күйінде тұр. Су құбырларын жөндеу, тиімді пайдалану мәселелеріне баса көңіл бөлінеді.
Қазақстан жаңа даму жолына түсті. Ол – индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Елбасы осы жоспар аясында 152 кәсіпорынның ашылғанын, 24 мыңдай қазақстандықтың тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы 2014 жылға дейін 8,1 трлн. теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын да жария етті. Соның нәтижесінде, 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, 207 мың жұмыс орны құрылыс мерзімі кезінде ашылатын болады. Бұл ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсуі үшін ашылған даңғыл жол деп білемін.
Қазақстандағы тұрақтылықтың сақталуы, ұлтаралық келісімнің жарасым табуы әлемге үлгі болды. Сонымен қатар, елімізге инвестиция келуіне оң ықпал еткені даусыз. Қазақстан экономикасына 120 млрд. доллардан астам инвестиция құйылғаны – үлкен көрсеткіш. Бұл тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы абыройы айрықша рөл атқарып отыр.
Елбасы ана тіліміздің қадірін арттыруға байланысты да жақсы бастама көтерді. Мемлекеттік тілді білетіндердің саны елімізде 70 пайыздан асқан. 2020 жылы ел тұрғындарының 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс екенін мәлім етті. Бұл орайда, соңғы жылдары ана тілімізде дәріс беретін мектептердің ашылуын, «Балапан» бағдарламасы аясында балабақшалар ашылуын ерекше айтар едім.
Тұрарбек АСАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.