• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2016

Аманатталатын эстафета

243 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Республикалық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында өңірімізде өткен уақытта жөні бөлек, жосығы айрықша іс-шаралар ұйымдастырылып, өте бай тәжірибе жинақталды. Міне, мегажоба биыл да жарасымды жалғасын тауып, барлық ауданды қамтитын болады. Яғни, аудандардан делегациялар бір-біріне эстафетаны аманаттайды. Жуырда оны облыс әкімі Алтай Көлгіновтен қабылдаған облыс орталығының өкілдері Ақжайық ауданына тапсырды. Аудан орталығы – Чапаевтағы бұл күннің бағдарламасы мазмұндылығымен ерекшеленіп, ұзақ есте қалар әсер әкелді. Ұлы Дала кеңістігіндегі биік шаңы­рағымызда тату-тәтті өмір сүріп, киелі жерімізді еңбектің құдіретімен көркейтіп, Отан алдындағы жауапкершіліктің ала­уын жарқыратқанға не жетсін де­ңіз. Оралдық делегациямен аудан орта­лығының басты алауындағы жүз­десуден басталған шаралар мұны жан-жақты жарқыратып көрсетіп берді. Алдымен қалалықтар Чапаевтағы тәрбие, білім ұяларына, оның ішінде мемлекет пен жекеше серіктестігінің айқын бір дәлелі болып табылатын, жуырда дүниеге келген «Жібек» және «Аяна» жеке ба­ла­­бақшаларына Орал әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан спорт құралдары, т.б. сыйлықтар тапсырды. Бұл ертең ел тағдырының тізгінен ұстайтын ұл-қызға қамқорлықтың жарқын бір көрінісіне айналды. Осы қайырымдылық керуені одан әрі ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хасен Қоспаев, Зинекеш Сақыбалиев, Иван Акутин, Қаматай Сарбөпеевтің үйлеріне барып, оларға сый-сияпат тапсырумен жалғасты. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы, Орал әкімдігі, кәсіпорындар өкілдері Ұлы Жеңіс сарбаздарымен емен-жарқын әңгімелесті. Құрылғанына үшінші жылға аяқ басқан «Радуга» славян этномәдени бірлестігінде ыстық ықыласты кездесу өтті. Азаматтық және руха­ни құндылықтардың бірлігін насихаттау жөніндегі жұмыстары­мен өңіріміздің біраз жеріне танылып үлгерген радугалықтардың көркем­өнер­паздығымен, «Жастар» отауымен, мұражайымен меймандар қызыға танысты. Азаттығымыздың ұлы құнды­лығының бірі – ҚХА шежіресін оқып-үйрену жөнінде де орталық мүшелері айтулы істер тындыруда. Тарихы терең білім ордасы – М.Әуезов атындағы орта мектепте аудан ауылдарынан өкілдер қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімі Ә.Жоламанов мәжілісті «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттерді салмақтаумен ашты. Қазақстандықтардың мәдени әр­алуан­дығының қуатты күші, елдік рухы, халық шығармашылығының арынды арнаға тоғысуы, өңіріміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтауы оралдық өнер ұжымдарының «Мерей» мәдени-демалыс орталығында өткен концертінен сөзсіз көрінді. Қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев мегажобаға терең мүд­делі­лікпен, іргелі істермен атсалы­сып келе жатқан ақжайықтықтарға ақжарма алғысын айтып, Орал қолтаңбасы ай­шықталған, Тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістіктері таңбаланған символдық альбомды аудан әкімі Әділ Жоламановқа салтанатты жағдайда тапсырды. Аудан­нан облыс орталығына естелік сыйлық табыс­талды. Осы күні Чапаевта оралдық жеке кәсіпкерлер, ЖШС, шаруа қожа­лық­тарынан әкелінген тауар­ларының жәр­меңкесі өтті. Орал аманаттаған эстафетамен Ақ­жайық ауданының өкілдері Бөкей ордасы ауданына жол тартты. Мега­жоба Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс ор­талығында қорытындыланады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы
Соңғы жаңалықтар