Қарағанды балалар футбол мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейтін ер кісі Шығыс Қазақстан облысында гашишпен қолға түсіп қалды.
Оқиға биылғы мамыр айының басында «Ауыл» шекара стансасында орын алған. Шекара әскерінің қызметкерлері «Астана – Лениногорск» бағытымен келе жатқан пойызға тексеру жүргізгенде, қызметтік иісшіл ит бір жігітке қарап үріп қоймаған. Сол кезде ол шекарашыларға өзімен бірге есірткі затын алып келе жатқанын, оны әжетханаға жасырып қойғанын бірден айтып берген. 40 жастағы ер кісі айтқан ораманы ашып қарағанда, одан 4 грамм гашиш шыққан.
Анықтай келгенде, есірткі затына есі кетіп жүрген бұл сабаз кеншілер астанасында балаларға футбол өнерін үйрететін ұстаз болып шықты. Ол сол жолы өзі жаттықтыратын балаларды жарысқа алып бара жатыпты. Айтуына қарағанда, ол осы оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын гашиш оралған ораманы көшеден тауып алыпты-мыс. Сосын өзі шегу үшін алып қойған. «Балалар бағбаны» сотта есірткі затын үйде қалдыруды ұмытып кеткенін айтты. Ал пойызда тексеру басталған кезде, дереу әжетханаға апарып жасыра қойыпты.
Осы істі қараған Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха аудандық соты балалар бапкеріне 500 ең төменгі айлық көлемінде айыппұл салды. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Балалардың тағдыры сеніп тапсырылған адамның түрі осындай.
Мұрат АЙТҚОЖА