ТАЛДЫҚОРҒАН. 4 маусым. Алматы облысының орталығындағы «Жастар» спорт сарайында кеше басталған Қазақстанның ерлер және әйелдер арасындағы чемпионаты өзінің алғашқы чемпиондарын анықтады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жұма күні жарыстың бірінші күні аяқталды. Онда ерлердің 56 килоға дейінгі салмақтағы жүлдегерлері белгілі болды. Біріншіліктің алтын медалін қоссайыста 256 (116+140) кг салмақ алған Игорь Сон жеңіп алды. Екінші орындағы Рахат Бейсенбаев 183 (80+103) кг салмақпен одан 73 балл артта қалып қойды. Үшінші орынға шыққан Виталий Аухадиев 178 (82+96) кг салмақ көтерді.
Әйелдердің 48 килоға дейінгі салмағында Александра Лачкова топ жарды. Ол 143 (67+85) кг салмақты бағындырды. Екінші орындағы Галина Момотова одан 14 кг қалып қойды. Ал үшінші сатыға көтерілген Ксения Королева 106 (45+61) ұпай жинады.
Бұдан кейін әйелдердің 53 килоға дейінгі салмақтағы сайысы болып өтті. Ол Азия ойындарының чемпионы Маргарита Елисееваға шақ келетін ешкімнің жоқ екенін көрсетті. Лидер қоссайыста 200 (88+112) кило салмақ көтерді. Бұдан бөлек, Қазақстанның алдағы Олимпиялық ойындарға баратын құрамасының кандидаты ретінде оған әр жаттығу бойынша тағы бір реттен талпыныс жасап көруге рұқсат етілді. Есепке алынбайтын осы әрекеттерде ол жұлқа көтеруде – 90, серпе көтеруде 115 кило салмақтарды төбесінде тік ұстап тұрды. Сөйтіп, Риода 205 кг салмақ үшін күресе алатынын көрсетті.
Бүгін чемпионаттың екінші күнінде ерлердің 62 кг, әйелдердің 58 және 63 кг салмақтарында сайыс өтеді.
Нұрбол Әлдібаев.
Дерек: egemen.kz.