Бұл өзі әзілге ұқсағанымен, өмірде болған оқиға деседі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезі. Қылшылдаған ер-азамат соғыста. Тылдың бар бейнеті қыз-келіншектердің мойнында. Бәрі қиындықты мойымай көтеріп, азаматтарының аман-есен оралуын күтуде. Бірақ, адамның бәрі бірдей емес қой. Жар төсегі суымаған бір жас келіншек ауданнан келген өкілмен ойнап-күліп жүреді екен. Бүгінгідей аборт жасататын, жүктіліктен сақтанатын заман емес, құдай алдында еш күнәсі жоқ екі-үш қарадомалақ дүниеге келеді.
Соғыс бітеді. Ер-азаматтар оралған. Күйеуі әлгі келіншектен жауап алып отыр.
– Мына бала кімдікі?
– Сенікі.
– Қалай. Мен соғыста жүрдім ғой.
– Есіңде ме, сен сұранып елге келіп кеттің ғой, сол кезде көтергем.
– Ал, мынау ше?
Келіншек жауаптан тосылады.
– Осы баланың қалай келгеніне апам да аң-таң, мен де аң-таңмын, – дейді сасқанынан.
Әдеп жөніндегі кеңеске шақырылған Қазығұрт аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Әжіметовтің әрекеті осыған саяды. Ол Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Берік Бекжановтың атына жазған түсінігінде серіктестікке заң талабын сақтамай аударылып кеткен ақша жайында: «Менің электронды қолтаңбамды есепші Нұрсұлтан Құлтаев сыртымнан пайдаланып кеткен» дейді. Ал бас маман-есепші Н.Құлтаев бастығының бұл қылығына аң-таң. Өзі рұқсат берген дейді.
Енді осы жұмбақтың түйінін тарқатып көрейік. Атап айтқанда, өткен жылдың шілде айында Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Қазығұрт ауданындағы елді мекендерді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмыстарына электрондық мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, №797366-2 хаттамалық шешімімен жеңімпаз болып, «ЮгГазПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған.
Аталған хаттама негізінде Қазығұрт ауданы Қақпақ АГТС-тен жеткізуші газ құбыры және Қазығұрт елді мекеніне газбен қамтамасыз етудің ІІ кезегі үшін ЖСҚ әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін бөлім басшысы Б.Әжіметов 2015 жылғы 30 шілдедегі №101 санды келісімшартқа тұрған. Келісімшарттың құны 11 742 346, 42 (он бір миллион жеті жүз қырық екі мың үш жүз қырық алты теңге қырық екі тиын) теңгені құрап, жұмысты тапсыру мерзімі 2015 жылдың 30 қарашасы болып бекітілген.
Сонымен қатар, 2015 жылдың қазан айында 6 000 000 (алты миллион) теңгеге атқарылған жұмыстар туралы акт түзіліп, бөлім басшысы Б.Әжіметов 2015 жылдың 30 қазанындағы №4586502/15-862 санды төлем құжатымен «ЮгГазПроект» ЖШС-на 6 000 000 (алты миллион) теңгені аударған.
Бұдан бөлек, 2015 жылдың желтоқсан айында 4 318 428 (төрт миллион үш жүз он сегіз мың төрт жүз жиырма сегіз) теңгеге атқарылған жұмыстар туралы акт түзіліп, бөлім басшысы Б.Әжіметов 2015 жылдың 14 желтоқсанындағы №4586502/15-1062 санды төлем құжатымен «ЮгГазПроект» ЖШС-не 4 318 428, 42 (төрт миллион үш жүз он сегіз мың төрт жүз жиырма сегіз теңге қырық екі тиын) теңгені аударған. Яғни, жалпы 10 318 428, 42 (он миллион үш жүз он сегіз мың төрт жүз жиырма сегіз теңге қырық екі тиын) теңге аударылған. Ал қалған 1 423 918 теңгені мемлекеттік сараптамаға төлеу үшін 2015 жылдың 14 желтоқсанында жоғарыда аталған №101 келісімшартқа қосымша 101/2 келісімшарт жасасып, міндеттемеден босатқан. «ЮгГазПроект» ЖШС орындау мерзімін кешіктіргені үшін 2015 жылдың 14 желтоқсанында айыппұл салу жайлы акт түзіліп, 35 227 теңгені «ЮгГазПроект» ЖШС толық төлеген.
Осыдан кейін, бөлім басшысы Б.Әжіметов 2015 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Оңтүстік өңірі бойынша филиалы мен Қазығұрт ауданы Қақпақ АГТС-тен жеткізуші газ құбыры және Қазығұрт елді мекеніне газбен қамтамасыз ету құрылысы жұмыс жобасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған №19-0779 санды электронды шарт жасасқан. Шарттың құны 1 423 918 теңге болып, аяқтау мерзімі 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құраған.
Осы шартта жалпы құнның 30 пайызын, яғни 427 175, 40 теңгесін алдын ала төлем жүргізуге, ал қалған 70 пайызын, яғни 996 742, 60 теңгесін орындаушы жұмысты аяқтағаннан кейін және орындалған жұмыстың тапсыру-қабылдау актісіне тапсырыс беруші қол қойғаннан кейін түпкілікті есеп айырысу міндеттеліп, Қазығұрт аудандық қазынашылық басқармасына тіркелген.
Бөлім басшысы Б.Әжіметов 2015 жылдың 18 желтоқсанында Мемсараптама РМК-мен жасалған шартың жалпы құнының 30 пайызын, яғни 427 175, 40 теңгесін есепшотына аударып берген. Ал Мемсараптама РМК-ның 19 желтоқсан 2015 жылы жолдаған №19-0779 санды төлем шотында қалған 996 742, 60 теңгені толық төлеуді сұраған.
Осы төлем шотына сәйкес, электронды тәртіппен бөлім басшысы Б.Әжіметовтің электронды қолтаңбасымен Мемсараптама РМК-ға жасалған шарттың жалпы құнының 70 пайызын, яғни 996 742, 60 теңгені 2015 жылдың 25 желтоқсанындағы №4583502/15 төлем құжатымен толық аударып берілген. Алайда, аға тергеуші С.Құраловтың 2016 жылдың 10 наурызында қорғалуға құқығы бар куәдан жауап алу хаттамасында бөлім басшысы Б.Әжіметов бөлімнің бас маманы – есепшісі Н.Құлтаев электронды қолтаңбаларды, соның ішінде менің электронды қолтаңбамды қолданып, шарттың жалпы құнының 70 пайызын, яғни 996 742, 60 теңгені №4583502/15 төлем құжатымен толық аударып жібергенін көрсеткен.
Осы орайда анықтайтын бір жайт, Қазығұрт ауданы әкімінің 2015 жылдың 27 мамырындағы №25 өкімімен бөлім басшысы Б.Әжіметовке бірінші қол қою құқығы бекітіп берілген. Ал Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтардағы №370 «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағында электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттері оларды заңды негіздерде иеленетін тұлғалардың меншігі болып табылатыны жазылған. Тұлға әртүрлі ақпараттық жүйелерге арналған электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттеріне ие бола алады. Электронды цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін басқа тұлғаларға беруге болмайтындығы көрсетілген.
Демек, бөлім басшысы Б.Әжіметов Қазығұрт ауданының табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары жобасына мемлекеттік сараптама жүргізу барысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағының 4-тармақшасында шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені байқалады. Әдеп жөніндегі кеңесте осы мәселе көтерілді.
Сонымен, Б.Әжіметовтің электронды қолтаңбасымен толық бітпеген жұмысқа шарттың жалпы құнының 70 пайызы төлем құжатымен толық аударылып берілген. Қолтаңбаның жабық кілті заңды негізде жеке тұлғаның меншігі болса да Б.Әжіметов бас маман-есепші Н.Құлтаевты айыптап отыр. Ал ол өз кезегінде бөлім басшысының келісімімен аударылғанын айтады.
Болатбек Әжіметов Әдеп жөніндегі кеңестің отырысына келген жоқ. Бір қызығы, кеңес отырысына арнайы келген аудан әкімі Б.Әжіметовті таңертеңгілік жұмыс орнынан көргенін айтады. Түске дейін өз бөлімінде денсаулығы дыңдай болып қызмет істеген Б.Әжіметов түс қайта еңбекке жарамсыздық қағазын алып үлгеріпті. Бұған аудан әкімінің аң-таң болғанын қосыңыз. Осындайда денсаулық сақтау бөлімінің еңбекке жарамсыздық қағазын оңды-солды тарата беретіндігі күмән туғызды.
Сарыағаш ауданында соңғы бес-алты жылда үш әкім ауысты. Аудандық білім бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алуда және басқалай негізгі міндеттерінде кемшіліктер жіберген. Сол үш аудан әкімі сол бөлім басшысын тәртіптік кеңес отырысына бір әкеле алмай кетті. Әлгі азамат еңбекке жарамсыздық қағазының мерзімі біте бергенде жарты күн жұмысқа келіп, әкімдіктер қамданып үлгергенше қайтадан бюллетень алып шығып кетеді екен. Тәртіптік кеңеске айдауыл арқылы әкелдіру сөз болғанымен, жарты күн жұмыста отырмайтын басшы өз еркімен кетіп, екі жақ та тынышталды. Оның суға салса батпайтындығы, отқа салса жанбайтындығы Астанадағы бір дөкейдің ықпалынан деген әңгімелер айтылатын. Су, күн өткізбейтін «шатыр азамат» бұл жайлы біле ме, ол жағы беймәлім. Сарыағаш аудандық білім бөлімінде талай жағымсыз оқиғалар орын алды. Алайда, білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы азаматтың да «шатыры» мықты деседі.
Ал Әжіметовке қайта оралсақ, Әдеп жөніндегі кеңес оны аудан әкіміне келесі отырысқа қолынан жетелеп әкелуді тапсырды. Тағы да еңбекке жарамсыздық қағазын алып үлгермесе, ешкімге беруге болмайтын электронды қолтаңбасының қалай қолды болғанын түсіндіруі тиіс болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы