• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Шарапатты шипагер

380 рет
көрсетілді

«Экомед» клиникасының басшысы, биология ғылымдарының кандидаты Салтанат Байқошқарова бір реті келген әңгімеде: «Астанадағы филиалда жұмыс істеу үшін мамандарды таңдай жүріп, жас мамандарды тестілеуден өткіздім. Соның ішінен болашағы бар дәрігерді, «Болашақ» түлегін таңдадым. Сонау шалғай ауылдан  қанат қаққан қазақ баласы өзінің білімімен және ұмтылысымен осы бағдарлама бойынша Мәскеудің Сеченов атындағы академиясын бітіріп, сонда біршама жұмыс істеп, бізде қызмет етуге бел буды. Мен онымен біздің жұмыстың ерекшеліктері – андрология, репродуктология жайлы сөйлескенімде, оның терең біліміне және көбірек білсем деген құштарлығына таңғалдым. Оның қашан да кітапты қолынан тастамай жүргенін көрдім. Сондықтан да ол жігітті бізде жұмыс істеуге лайықты деп таптым. Оған өкінген жоқпын: ол өте сауатты және сергек дәрігер болып шықты, емделушілеріміз де риза. Ол – Алмас Ибрагимов!» деп баға берген екен. Таяуда «Экомедтің» елорда­дағы филиалына ар­найы барып, аталмыш емдеу мекемесінің ме­дициналық директоры Алмас Ибрагимовпен сұх­бат­тасып, әрі аталған емхана жұмысымен жақынырақ танысқан едік. Өз­деріңізге мәлім, осыдан 21 жыл бұрын Алматы қаласында экс­трокорпоральді, яғни, жасанды ұрықтандыру орталығы ашылған болатын. Кейіннен орталық фи­лиалы Астана қаласында да бой көтерді. Өкініштісі сол, осындай емдеу мекемелерінің көмегіне жүгінушілер қатары жыл санап өсіп барады. Бұл дегеніңіз «бір тұяққа зар боп» жүрген жан­дардың көптігін білдірсе керек. Бәлкім, ел дамыған сайын ауру түрлері де көбейе түсе ме?! Бұл орайда бедеулік дерті де көштен қалысар емес. Соған қа­рағанда, өркениетпен бірге жаңарып, жасарып отыратын сырқат деп ойлап қаласың кей­де. Себептеріне тоқталсақ, бұл сырқат көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ау­ру­лар мен гормоналдық бұ­зылыстардан, кей жағдайда, жүре пайда болатын бедеулік те кездесіп жатады. Мәселен, әйелдердің жатыр түтікшесі­нің бітелуі, ал ер адамдардың ұрық шығару жолдарының жа­былып қалуы және басқа да себептер бар. Сондай-ақ, нашар экология да өз әсерін тигізбей қоймайды. Тағы бір себебі, қа­зіргі біз тұтынып жүрген тағам өнімдерінің құнарсыздығынан да болуы мүмкін. Олай дейтіні­міз, түрлі химиялық қоспалар көп. Оның зардабы адам баласы үшін ұшан-теңіз. Оған түрлі жағдай­дан болатын психологиялық күйзелістерді қосыңыз. Міне, осы және өзге де себептер­дің сал­­дарынан бедеулікті жою әзір­ге мүмкін болмай тұр. Өзге ай­мақтардағы жағдай да мәз емес. Есепке алынғандары былай тұрсын, шал­ғай жерлерде тұрып ауылдың қашықтығын, оған барып келуге жұмсалатын жол күре мен емделуге кететін шығынды көтере алмай, оның ішінде тоқ­тап, тұрақтайтын орын таба алмай сенделіп, сергелдең күйге түсетіндері қаншама? Осылайша мұндай емдеу орта­лықтарын тек теледидардан ғана көрумен шектеліп, қол­жетпес армандарына айнал­дырған жандар арамыз­да көптеп кездеседі. Қаражат қол­байлау болған соң емші-тәуіптің есігін күзетіп, әулие-әмбиелерді ара­лап, уақытын әбден өткізіп, ауруын асқындырып алатындары тіптен көп екен. Бұл жөнінде Алмас Құрманә­лиұлы, орталыққа келе­тін сыр­қаттардың дені 35-40 жастағы ерлі-зайыптылар екенін, олар­дың бірқатары халық­тық немесе дәстүрлі емес медицинаға са­бы­лып жү­ріп, түбінде осын­да тоқтайтындықтарын, кө­бін­де аналық жатыр түтігінің зақымдануы немесе бітеліп қалуы, эндо­метриоз, овуляция болмауы, түбінде жасына қарай бедеулік, сондай-ақ тұқым қуа­лау жолымен беріл­ген гене­тикалық сырқаттар болып шы­­­ға­тынын қынжыла айтып берді.  Кейбірінің ойынша, «Эко­мед­ті» ең соңғы мүмкіндік деп санайтындар аз емес. Бұл өте қате пікір. Керісінше, бұл өте нәтиежелі әрі сенімді тәсіл. – Бұл озық тәсіл болғандық­тан өте қымбат. Біздің медициналық құрал-сайман, керек-жарақ­тары­мыздың дені шетелден сатылып алынады. Дәрі-дәрмектеріміз де сондай бағада! Ал оған екінің бірі­нің келуге әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Атап айтсақ, мұндай орталықтар Шым­кент, Тараз, Атырау, Ақ­тау қалаларында ашылды. Енді Қазақ­станның басқа да аймақтарынан ашуды көздеп отырмыз. Осылайша, барлық облыстарды біртіндеп қамтысақ, көмекке мұқтаж жандарға ақыл-кеңес беріп, бала туу көрсеткішін арттырған болар едік. Қысқасы, алда атқарар жоспарлар көп», дейді репродуктолог дәрігер. Жыл сайын мемлекеттен ар­­найы квота бөлінуде. Квота иеленгісі келетін әйелдер жер­гілікті денсаулық сақтау бас­қармасына тіркеледі. Бұдан соң арнайы комиссия мүшелері шешім шығарады. Себебі, ана атану қабілеті төмен әйелдер үшін мемлекет қаржысы босқа жұмсалмауы тиіс. Көбінесе, жасы егде тартқандар мен ата­лық, аналық ұрығы жоқ адамдарға квота берілмейді. Қазақстанда бұл сала жақ­сы дамып келеді. Алайда, эмбриолог, репродуктолог мамандары тапшы. Жасанды ұрықтандыруды бірінші болып қол­ға алғаннан кейін бастапқыда біраз қиындықтарды бастан өткергендері рас. Сон­дықтан да аталған орталық Аме­рика, Германия, Жапония, Израиль сияқ­ты елдерден арнайы мамандар шақырып, тәжі­рибе алмасып отырады. Өздері де жылына 3-4 мәрте біліктілігін жетілдіріп келуді үрдіске айнал­дырған. «Жалпы, біз жасанды ұрық­тандыру мәселесіне қатысты әлемдік тәжірибенің барлығын үйрен­дік және оны жүзеге асырудамыз. Бізге өз отандас­тары­мызбен қатар, Ресей, Гер­мания, Қырғыз­стан, Өз­бекстан, Тәжікстан сияқты басқа да мем­лекет­терден емделу­ші­лер (оның ішінде отбасын жа­ңадан құрған жас студент отбасылар) көптеп келіп жатады. Себебі, ол жақта емдеу ақысы қымбат тұрады. Қазіргі таңда мамандарымыз ұрық сақтаудың түрлі жолдарын меңгеріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Біз­дің негізгі мақсатымыз – дене­ден тыс ұрықтандыру әдісін бар­шаға қолжетімді ету. Жалпы, мұндай ем-шара көп жағдайда дәрі-дәрмектің көмегімен жаса­лады. Біз келешекте дәрілік зат­тарды азайтып, жасанды ұрық­тандыруды табиғи жолмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр­мыз», деп жалғады әңгімесін Алмас Ибрагимов. Әңгіме барысынды кейіп­керіміздің ұялы телефоны әлсін-әлсін шырылдай берді. Тұтқаны көтерген оған арғы жақтан нәзік жандылардың жүрекжарды ал­ғыстары еміс-еміс естіліп жат­ты. «Рахмет, рахмет!», деп риза­шылығын білдірген ол, маған қарап: «Кешіріңіз, өткен күзде біздің орталық­тан бала көтерген емделушілеріміз ғой, аман-есен босанғандарын айтып жатыр. Осылайша, күніне екі-үш мәрте телефон шалып, қуаныштарымен бөлісіп отырады. Дәрігер үшін осыдан артық бақыт бар ма?», дейді жүзінен нұр төгіліп. «Бала – бауыр етің»,  «Балалы үй базар». Хакім Абайдың өзі де «Адамның бір қызығы – бала деген», деп өсиет қалдырды. Алай­да, шаранасын әр жерге лақтырып тастап кеткен тас­жүрек аналардың адам санасына үй­леспейтін теріс қылығын (ке­шірілмес күнәсін) естігенде, амалсыздан жағаңды ұстайсың. Бір шикі өкпегі зар болған жарасымды жұптардың екі жаққа айырылысып кетпей, перзентті болуын сұрай­сың. Көп тілегі көл. Лайым, әр шаңырақ­та сәби үні естіліп, мәре-сәре қуа­нышқа кенеліп, орта толып жатса екен. Қасиетті рамазан айын­­дағы тілегіміз осы!.. Осы тілек­тің орындалуына алғыс ар­қалаған ақжолтай Алмас дәрігердің тигізер шарапатының молдығына сүйсіндік. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,      «Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар