• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Оқпен ойнамас болар

289 рет
көрсетілді

Әрбір Рамазан айын үмітті бір жақсылықпен, ізгі бір тілекпен, адал ойлы ниетпен қарсы алар күннің түсі ауған шақта Ақтөбеден жеткен суыт хабарға түршігіп қалғанымыз рас. Дүниенің бүгінгідей дүрлігіп тұрған шағында, әлемнің қазір­гідей алаңды жағдайында жер бетін­дегі бірден-бір тыныштық аралы болып отырған Қазақстан­дағы тұрақтылық пен ел бірлігінің шырқын бұзғысы келген бұл әре­кеттің де арамызға іріткі сала алмасы анық. Өйткені, біз, бар­лық қазақстандықтар өз тәуелсіз­дігі­міздің жиырма бес жылында берекелі де бірлікті, ырысты да ын­тымақты елде өмір сүруді үй­рен­дік және де сол бірлік пен ын­ты­мақтың, ел тыныштығының қаді­рін санамызбен әбден сезініп, қадірін жете түсінген елміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз­дік­тің алғашқы күнінен бастап: «Менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі», деп бар­ша қазақ­стандықты қандай да бір асу­­лардан бірлесіп өтуге, қандай да бір күрделі жағдайлар­дың сынақ­тарын ынтымақтаса отырып жеңуге үйретті әлі де үйретіп келеді. Өйт­кені, ел бірлігі – өте нәзік дүние. Сәл-пәл оқыс қимыл­мен де, оғаш сөйлеген бір сөзіңмен де сол нәзік дүниені бұзып алуың мүм­кін. Міне, сондықтан да сол бүгін­гі ел бірлігіне Қазақ елінің бір бұрышы – Ақтөбеде әлдебір топ­тар қару кезенгенімен, ешкімді де үркіте алған жоқ. Ешкімді де, еш нәрсені де шошыта алмаса да, тек жазықсыз жандардың оққа ұшқаны жаныңды ауыртады. Қазір сол Ақтөбедегі қылмыс­тық әрекеттерді кімдердің жаса­ған­дықтарын тергеу орындары анықтап жатыр. Бұл әрекеттерге діни радикалдардың қатысы бар деген де пікірлер бар. Тіпті, «салафиттер» дегендеріңізді түп-тамырымен жою керек деген сөз­дер де айтылып қалуда. Әри­не, кінәлілер заң алдында қатаң жауапқа тартылуы керек. Деген­мен, істің ақ-қарасы толық анық­­т­алып болмайынша, атүсті пікір айта салуға да, ойланбаған қадамдарға баруға да болмас. Өзі аз халықтың қыздарын түрлі-түрлі «конкурс красотыға», ұлдарын түрлі діни ағымдарға әкетіп жат­қан ұлттың болашағын әріден ойлай­тын болсақ, бұл мәселеге тереңнен зерделеп барып баға берген жөн. Ең әуелі елімізде Қазақстан аума­­ғында заң бойынша тыйым салын­ған діни ағымдар бар болса, олар­ға неге жол беріледі? Болмаса, сол жат діни ағымдар біздің жас­тары­мызды өз қатарларына қалай тарту­да? Оларды кімдер қар­жы­лан­дырып отыр? Біз өз ұл-қыз­дары­­мыз­дың тәрбиесін неге босаң­сы­тып алдық? Қыздарымыз қарау­сыз қалып, ұлдарымыздың жігерін құм қылып жүрген жоқпыз ба? Міне, ме­ніңше, біздің қоғам әуелі осы сауал­дар төңірегінде ойлануы тиісті. XXI ғасырда терроризм мен діни экстремизм кей жағдайда саясатқа, тіпті, жекелеген мемле­кет­­тердің геосаяси жағынан әлде­бір мақсатқа жетулерінің негіз­гі бір құралына айналып бара жат­қаны да жасырын емес. Және де терроризм мен діни экстремизм әрекеттерінің бай, кедей, дамушы елдер деп таңдамастан, әлемнің барлық континенттеріне таралып бара жатқанының да алаңдатары бар. Соңғы жылдары АҚШ, Ресей, Франция, Испания, Англия, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Орталық Азияның біраз елдері терроризм мен діни экстремизммен бетпе-бет келіп, айтарлықтай зардаптар да шегіп жатыр. Жасыратыны жоқ, әлемдегі террорлық әрекеттер үшін көбінесе Ислам дініне кінә тағу мен айыптау, тіпті, қаралау етек алып бара жатқан сыңайлы. Алайда, Еуропа мемлекеттерінің өзінде соңғы бес жылда біраз террорлық актілер жасалса, соның ішінде 2009 жылы Еуропа мемлекеттерінде болған 214 террорлық актінің біреуіне ғана ислам топтарының араласы болса, 2011 жылғы террорлық актінің 174-іне бірде-бір ислам тобының қатысы болмаған. Керісінше, осы Еуропа мемлекеттерінің өздерінде террорлық актілерді негізінен сепаратистік ұйымдар жасай­тын­дығы алаңдатарлық жағ­дайға жеткен көрінеді. Мы­салы, 2013 жылы Еуропа мем­ле­кет­­терінде болған 152 террорлық акті­нің 84-і, яғни 55 пайызы, ал 2012 жылғы барлық террорлық актінің 76 пайызы осы сепаратистік ұйымдардың еншісіне жазылған екен. Мұнда қазір негізінен хрис­тиандық террористер бел­сен­дірек, олар негізінен әйел­дерге жасанды түсік жасайтын кли­ни­каларға шабуылдарын үдете түсіп, 1997-2010 жылдар аралы­ғында 8 кісі өлімі, қасақана кісі өлтір­мек ниеттегі 17 шабуыл, 42 жа­рылыс, 181 өрт қою актілерін жаса­ғандықтары тіркеліпті. Міне, кез келген діннің адам­­сүйгіш киелі қасиетін алға тарта отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Исл­ам дүниесінің әскери-эконо­ми­калық қатері деген сөз – кейбір мүдделі күш­тер желеу қылып жүрген жай бір ертегі. Ислам қатерінің жоқ болатын себебі, өзгені былай қойғанда, араб елдері, мұсылман дінін ұстанған басқа да елдер сияқты, ұлттық мүдделер бойын­ша бөлініп жатыр», деген бір ойлы сөзін қайта бір жаңғырта отырып, адамзат баласы, соның ішінде саясатшыларымыз бен дінбасыларының өздері ендігі арада түрлі діндерді бір-біріне қарсы қоюдан, бірінен бірінің артықшылықтарын іздестіруден өз бойлары мен ниеттерін аулақ ұстаса деген пікірімізді қосқанды жөн санадық. Қазіргі уақытта Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бай­салды саясаты­ның арқасында Қазақ­стан көпконфессиялы мем­лекет құрудың әлемдік үлгісі болып отыр. Жалпы Қазақстанда бар­лық дәстүрлі діндерге деген зор құрмет бар. Мұны әлем мойын­­д­ағалы да қашан. Жуырда ғана Астанада болып өткен «Дін­дер терроризмге қарсы» ха­лық­ара­лық конференциясына қатысушылардың әрқайсылары көпконфессиялы Қазақстандағы татулық пен бірліктің, ынтымақ пен рухани тазалықтың шынайы бір адами қарым-қатынасын та­нып, риза болған еді. Адамзат баласының бола­шағы үшін Қазақстанда жаса­лып жатқан игі де абзал істер­дің әрқайсысының әлемдік маңы­зы бар. Біз ең әуелі Астана қала­сында өткізіліп келе жатқан Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съездерінен кез келген діннің ұлтаралық, дін­ара­лық келісім мен татулықтың адам­­заттың қандай да бір мәселесін шешу­ге әбден қабілетті екен­дігін жан-жүрегімізбен сезіне алғандай бол­дық. Өйткені, кез келген адам бала­сының жүрегінде өз Құдайы бар! Қазақстан Республикасы­ның Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние тіршілігі үшін жаһан­­дық жаңа қатерлер бой көтере бас­таған қатерлі тұста түрлі дін­дер­дің ғасырлар бойғы ізгі де жасам­паздық мол тәжірибесі мен Құдай сөзін бітімгершілік пен келісім­нің пәрменді құралы ретінде пайдалануға жасаған әрекеті ендігі дүние дамуының ұстанымы мен заңдылығына айналғандығы да абзал болар еді. Өйткені, адамзаттың осы заманғы басты қатерлері – лаңкестік, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, трансшекаралық қылмыс­тың өсуі болса, бұлар келіп адам баласының рухани жан­­ дүниесі­не де зардапты қатерін төндіре түсуде. Мұның себебін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз кезінде адам­­заттың мыңжылдықтар бойы қалып­тасқан рухани дәстүр­лер­ден қол үзушілігінде және де «Құдайды іздеу» пердесін жа­мылып, барша ұлы ұстаздар айыптайтын шын мәніндегі үрейлі әрекеттер жасалып, белгілі бір дінді агрессияшыл деп айыптаудың біржақты әдеті айқын әлпетке көшіп, оның бәсеңдемей келе жатқандығын, сөйтіп, ұлы діни қағидат жайын­дағы ой-ниетті, сөз бен әрекетті күштемеу қағидаты туралы ұмыта беретіндігімізді, ал оның астарында осы заманғы мүдделер тұратындығын дөп басып айта білген-ді. Бүгінгі күні Ақтөбедегі бол­ған жағдайға баға берген тұста белгілі бір дінді агрессияшыл деп айыптаудан гөрі, өзінің рухани дәстүрінен қол үзіп қалған және де қол үзіп бара жатқан ұрпақтың тәрбиесіне тереңдеп мән беру қажет деп санаймыз. Әрине, оқпен ойнамас болар! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты