«Қазцинк» қызметкерлерімен кездесті
Таяуда «Қазцинк» ЖШС қызметкерлері Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді. Еліміздегі ірі металлургиялық кешеннің мамандары балалармен сұхбатты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағында Қарағанды металлургиялық комбинатында шыңдалып, өмірдің үлкен белесінен өткенінен, Шығыс Қазақстан өңіріне келген жұмыс сапарларында жергілікті металлургтермен жиі жүздесетінінен бастады.
Жалпы, бұл кездесу «Үміт» үйінің тәрбиеленушілеріне үміт сыйлаған жарқын кездесу болды. Түсті металлургия өндірісінің майталмандары жастардың келешегіне азық боларлық кәсіп, болашақта маңдайын жарқырататын мамандық таңдау туралы әңгіме шертті.
– Адам алдына биік, бірақ орындалатын мақсаттар қоюы керек. Қазіргі дағдарыс кезеңінде қандай кәсіпорындар ағысқа қарсы талмай жүзіп келе жатқанын қараңыздар. Олардың арасында біздің компаниямыз да бар. Иә, біз дәл қазіргі уақытта әлемдегі түсті металл құнының төмендеуін бастан өткерудеміз. Бірақ шығарылатын өнімдердің әртүрлілігінің арқасында, кәсіпорынның жағдайы тұрақты. Кірістің 60 пайызын тұрақты сұранысқа ие алтын өндірісі береді. «Қазцинк» – Қазақстандағы құнды металдардың ірі өндірушісі. Сондықтан, қазіргідей қиын сәтте кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі экономикамыз үшін өте маңызды, – деді «Қазцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Андрей Павловичтің айтуынша, қандай қиындық туса да «Қазцинк» қызметкерлерін қысқартпайды. Бүгінде кәсіпорында 350 бағыттағы мамандық иелерінен құралған 25 мың адам жұмыс істейді. Алып кәсіпорынмен әріптес болып отырған түрлі саладағы мердігер-серіктестіктер де жетерлік. Бұл кездесуде «үміттіктер» компанияның жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы фильмді тамашалады. Кәсіпорынның жастар кеңесінің белсенділері Виктория Грохотова мен Артур Мышагин «Қазцинкте» жұмыс істеуге қалай келуге болатындығын әңгімеледі. Олардың айтуынша, кез келген жасқа жұмысқа деген құлшыныспен бірге білім де қажет. Сондықтан, Шығыс Қазақстан облысының орта және жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетімен, политехникалық және гуманитарлық-техникалық, Риддердегі аграрлық-техникалық және көп салалы, Зыряндағы аграрлы-техникалық, құрылыс және көлік колледждерімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Компания университеттердегі «түсті металлургия», «тау-кен маркшейдер ісі», «түсті металды байыту» және тағы басқа мамандықтар даярлайтын факультеттердегі студенттерді оқу мерзімінде-ақ таңдап, мақсатты бағдарламаларды іске қосады. Өскемен металлургиялық кешенінде 2011 жылдан бері ШҚМТУ кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Аталған кафедрада оқу үдерісі университеттегі оқу бағдарламасымен қатар жүргізіледі. Яғни, ІІ курста студенттерді іріктеп алса, ІІІ-ІV курста қосымша даярлау бағдарламасымен филиалда оқытыла бастайды. Студенттер міндетті түрде техникалық ағылшын тілін меңгереді. ІІІ курстан кейін болашақ мамандар өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу уақытында оларға шәкіртақы төленеді. Оқуды аяқтаған кезде студенттер дипломмен бірге компаниядағы жұмыс орнына кепілдік беретін кафедра филиалының сертификатына ие болады. Филиалдағы оқытуды «Қазцинктің» үздік мамандары жүргізеді.
Компанияның Еңбек ресурстары басқармасының бастығы Мария Куимованың айтуынша, мамандықты кәсіпорындағы жұмыс үдерісі барысында алуға да болады. Яғни, олар қоғамға қажетті немесе қызықты шығармашылық мүмкіндіктерді кеңінен жүзеге асыруды қолдайды. Мария Александровна балалар сауалына орай, кәсіпорында металлург пен қорытушы сұранысқа ие мамандықтар қатарына жататынын айтты. Бұл мамандықтан әрі қарай қызметтік өсуге қол жеткізуге болады. Өйткені, олар өндірістің барлық технологиялық үдерісін біледі.
Металлургтің мықты адам болғаны абзал. Жұмыс ауыр, бірақ онда қара күштің иесі болу аздық етеді. Ішкі рухани өзегі барлық қиындықтарды еңсерерліктей шыдамды, шыңдала түсуге бейім жан ғана металлург бола алады, деді А.Лазарев. Бұл сөзді өзінің «Қазцинктегі» еңбек жолы туралы айтып берген «Нұр Отан» партия ұйымының төрағасы, Өскемен қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Омарбеков те қостады. Университетті «металлургия» мамандығы бойынша бітірген соң балқытушы болып жұмысқа орналасқан ол алғашқы күндері қатты шаршағаны соншалық, үйге келгенінде келесі кезекке дейін дел-сал болып ұйықтайтынын, бірте-бірте ауыр жұмысқа көндігіп, цех, бригада мен жұмысшылар өмірінің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткенін жеткізді. Сондай-ақ, ауыр жұмысқа жақсы еңбекақы төленетінін, біртіндеп табысын пәтер, кейін көлік сатып алуға жинақтағанын, қоғамдық өмірге белсене араласа бастағанын айтты.
Сондықтан, ауыр жұмыстан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы, алғашқы айда шыдамдылық таныту. Оның үстіне бүгінгі мырыш өндірісі біз жұмысты бастаған кезге қарағанда сапа, автоматтылық жағынан айтарлықтай өсті, деді металлургтер арасынан депутат атанған Н.Омарбеков.
Ал қызметкерлерді оқыту және дамыту басқармасының бастығы Светлана Плотникова кәсіпорында қатаң тәртіптің сақталатындығын, жауапкершілік танытпағандар мен жаман әдеттерге әуес жандар жұмыстан шеттетілетінін де жасырмады.
– Әрине, казармадағыдай әскери тәртіп деп ойлаудың қажеті жоқ. Тәртіп үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Жұмысқа адам тынығып, сау санамен келуі тиіс. Әйтпесе, жарақаттанып қалуың, өзіңнің, болмаса өзге әріптестеріңнің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ең бастысы, еңбек, еңбек бәрін жеңбек, – деді Андрей Лазарев.
Кездесудің «Үміт» үйінің балаларына жақсы әсер қалдырғаны болар, олар металлургиялық кешенмен танысу үшін саяхат ұйымдастыруды өтінді. Айта кетелік, қазір балалар үйінде 200 тәрбиеленуші болса, олардың 30-ы биыл 9-11 сыныптарды аяқтайды. Компания жетекшілері балалардың арман-мақсаттарын тыңдап, олардың оқу оқып, кәсіпорынға жұмысқа келулеріне, батыл шешім қабылдаған балаларға қажетті жағдай жасауға барлық мүмкіндіктердің барлығын жеткізді. «Үміт» үйі балаларының үмітін оятқан осы кездесу талай баланың жүрегіне от жаққаны анық. Олардың арасынан келешекте алтын шайқап, мыс қазатын металлургия майталмандары көптеп шығуы ғажап емес.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН