• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

Жылдық лицензиялық алым

291 рет
көрсетілді

төңірегіндегі қарама-қайшылықтар шағын субъектілер тарапынан наразылық тудырып отыр Солтүстікқазақстандық кәсіп­кер­лерді спиртті ішімдіктерді бөлшек саудада сату және сақ­тау лицензиясы үшін алынатын жылдық алымға қатысты мәсе­лелердің қиын түйінге айналып бара жатқаны қатты алаңдатып отыр. Оны мемлекеттік кірістер департаменті және прокуратура өкілдерінің қатысуымен өткен кәсіпкерлер палатасының үнқатысу алаңы анық аңғартты. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті филиалы басшылығының айтуынша, жылдық лицензиялық алымға қатысты шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан шағымдардың көптеп түсуі негізсіз емес. – Алдымен айтарымыз, кәсіп­кер­лер әкімшілендіру жүйесінің өзі дұрыс құрылмағанына жиі арызданады. Жылдық лицензиялық алымды төлеу мерзімі 2014 жылы желтоқсанға, 2015 жылы 20 қаңтарға белгіленді. Одан кейін 20 шілдеге ауыстырылды. Осындай жиі өзгерістер салдарынан алымның төлем теңгермелілігінің бұзылу фактілері жиі орын алып, бизнес субъектілері шатасып жатады. Мәселен, кәсіп иесі ақпан-наурызда алған лицензия үшін шілдеде тұтас жыл бойына есептесуіне тура келеді. Ал, салықты төлемегені үшін алынатын айыппұлдың мөлшерін қараңыз, адамның төбе шашын тік тұрғызады: 200 айлық есептік көрсеткіш. Сол сияқты сатылған ал­когольді ішімдіктердің мөлшері де әрқилы. Қараңыздаршы, ги­пер­маркеттер мен шағын дүкендердің сауда айналы­мы жер мен көктей болға­нына қарамастан алынатын са­лықтың бірдей екені түсінік­сіз. Мемлекеттік кірістер депар­та­ментінің деректеріне сүйенсек, лицензиядан бас тартушылардың қатары өсе түскен сыңайлы, олар 2 мыңға жуық. 2015-2016 жылдары 600-дей шағын және орта бизнес субъектілері лицензияны пайдаланған. Осыдан-ақ бюджетке қанша түсім кірмей қалғанын есептей беріңіз. Алдағы уақытта кәсіпкерлер спиртті ішімдіктерді бөлшек саудада сатуды және сақтауды доғаратын болса, жағдайдың күрделене түсері анық. Екіншіден, жылдық лицензиялық алым жүйесі енгізілгенімен, мемлекеттік органдар тарапынан түсіндіру жұмыстарының жан-жақты жүргізілмеуі салдарынан салықпен қатар айыппұл төлеушілер қатары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ құсап күрт көбейіп кетті. Және де мөлшерін айтсаңызшы–700 мың теңге! Мұндай айыппұлды шағын кәсіп иелері бір мезетте өтей алмасы бесенеден белгілі. Амал жоқ, несиеге жүгінулеріне тура келеді, деді өз сөзінде палата сарапшысы Мұрат Жәкенов. Жеке кәсіпкерлердің айтуларынша, сатылған алкогольді өнімдерден түсетін кіріс 10-12 пайыз төңірегінде ғана. Облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегіне «Риск» кәсіпкерлер одағының қоғамдық бірлестігі де жүгінген. Оның төрағасы Игорь Бухониннің сөзіне қарағанда, проблема былтырдан бері шешілмей келеді. Қазіргі экономикалық қиындықтар тұрғысынан алғанда қалалықтар үшін де, ауылдықтар үшін де /70 АЕК/ тиімсіз. Осы себепті кәсіпкерлердің көбі лицензия алудың орнына сау­да нүктелерін жабуға, не қызметтерін тоқтатуға мәжбүр. Былтырдан бері әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Ол бойынша кәсіпкер лицензиясы бола тұра, бірақ жылдық лицензиялық алымды төлемеген жағдайда 150 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Түрлі себептер бойынша бұл талаптар орындалмай жатады. Мысалы, кейбіреулер сауда нүктелерін баяғыда жауып тастаған. Ал лицензия өткізу тәртібін білмейді. Өйткені, бұрын мұндай талап қойылмайтын. Биыл бизнес өкілдерін жаппай жауапкершілікке тарту акциясы басталып, әрқайсысына 742 мың теңге айыппұл төлеу міндеттеліп отыр. Мына «қызықты» қараңыз, бір кәсіпкер сату нүктесі және бизнес қызметі болмағанына қарамастан орасан зор көлемде айыппұл төлеуіне тура келген. Басты себеп лицензия өткізбеуіне келіп тіреледі. Түсінік жұмыстарының жүйелі жүргізілмейтіні жайлы айтып отырғанымыз да сондықтан, дей келіп, И. Бухонин жылдық лицензиялық алымды мүлдем алып тастауды ұсынды. Әйтпесе, ертеңгі күндері салық төлейтін кәсіпкерлер қатары күрт азаятынын, жергілікті қазынаны толтыру машақатқа айналатынын кесіп айтты. Статистика бойынша 2015 жылдан 2016 жылдың сәуіріне дейін спиртті ішімдіктер сататын 2 мың бизнес субъектілерінің 672-і өз қызметтерін тоқтатқан. Яғни үштен бірі өз жұмыстарын доғарды, жұмыссыздар қатары көбейді деген сөз. Нәтижесінде 73 миллион теңге салық түспей қалған. Ал 29,4 миллион теңге айыппұлдың 11,4 миллионы ғана қайтарылған. – Жылдық лицензиялық алымға қатысты фискальдық саясат өзін өзі ақтамағанын мойындауға тиіспіз. Мемлекеттік органдар күткендегідей нәтиже бермеді. Керісінше, бизнестің құлдырауына, «көлеңкелі» экономиканың өрістеуіне соқтырды. Былай қарасаң, бизнестің дамуына ықпал жасағандай көрінгенімен, шын мәнінде, кері кету үдерісі байқалады. Құзыретті органдар бизнестің 40 пайызы сауда саласында шоғырланғанын ескерулері қажет, – деді өз ұстанымын ашық білдірген кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев. Ашық алаң үнқатысуы анық байқатқандай, шағын бизнес өкілдері жылдық лицензиялық алымды біржола жоюды, не сыра, шарап секілді жеңіл алкогольді ішімдіктерді сатуға лицензия алуды міндеттемеу көзқарасын ұстанды. Мәселе әзірге басы ашық күйінде тұр. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар