Бүгінде он екі айда атқарылған оңды істер мен орындалмаған уәделер халық таразысына түсіп, әкімдердің еңбегі бағалануда. Елдік іс еркелікті көтермейді. Қайта ерен ерлікті талап етеді. Сондықтан әкім біткеннің бәрі жұрттың алдына шығып, біткен істің байыбына барып, бітпегенінің себебін айтып, болашақ жоспарларын жайып салуда. Қызылорда облысының аудан әкімдері ауыл-ауылды аралап жүр. Біз бүгін бірнеше аудан әкімдерінің есебіне тоқталғанды жөн санадық.
Арал аты алты құрлыққа мәлім. Тағдыр тәлейінде талай теперішті көрген ауданның бүгінгі жағдайына ішің жылиды. Өйткені, оң өзгерістер мен нәтижелі жұмыстардың саны жеткілікті. Аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев ел алдындағы есебін «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бастады. Аталған бағдарлама бойынша аудан көлемінде бірнеше әлеуметтік нысандар ашылып, халық игілігіне берілген екен. Сонымен қатар, 860 адам жұмысқа орналасып, екі қолға бір күрек тапқан. Халыққа қаржылай көмек беру жағдайы да жаман емес. Бір жыл ішінде 1659 адамға шағын несие берілген. Ал бюджет кірісінің былтырғы көрсеткіші 102 пайызды құраған.
Өнеркәсіп саласында да өнімді істердің бары байқалады. Мәселен, былтыр 2 миллиард 693 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Аудан үшін мұның үлкен көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Ауылшаруашылық өнімдерін өсіруде де ілгерілеушілік бар екен. Нақты санмен айтар болсақ, Арал ауданы былтыр 1 миллиард 796 миллион теңгенің өнімін өндірген. Сандардың өзі сөйлеп тұрғанда, оған артық-ауыз сөз қосудың өзі артық болса керек.
Үкіметтің іргелі бағдарламаларының бірі – «Бизнестің жол картасы-2020». Аталған бағдарлама бойынша, Арал ауданында 23 жоба әзірленген екен. Дегенмен, соның тек 8-і ғана өмірге жолдама алған. Олар: Арал вагон құрастыру зауыты, ас-тұз зауыты, теңіз шаяндарын өсіру, Қамбаш көлін туризм аймағына айналдыру жобасы секілді қабырғалы бастамалар. Аталған жобаларды жүзеге асыру қазірдің өзінде басталып кеткен. Мысалы, Қамбаш көлін туристік аймаққа айналдыру турасында біршама істер атқарылды. Ендігі кезекте әлемдік стандарттарға сәйкес коттедждер мен қонақ үй салу ісі тұр.
Елбасы соңғы Жолдауында мал шаруашылығын дамытуға басымдық бергені баршаға мәлім. Ал Аралда соңғы жылдары түлік тұяғының көбейгені байқалады. Аймақ маң-маң басқан түйе мен шашасына шаң жұқпаған жылқыны көбейтіп қана қоймайды. «Қалует» ЖШС шұбатты озық технологиялар арқылы дайындап, оны арнайы құтыларға құйып, аудан тұрғындарына ұсынып отыр. Серіктестік тек ауданмен ғана шектеліп қалмай, алдағы уақытта өз өнімдерін басқа да аймақтарға шығаруды көздейді.
Теңіздің құрғап, судың буға айналғаны мәлім. Аралда осы құрғаған теңіздің табанына сексеуіл көшеттері отырғызылған болатын. Сексеуіл еріккеннен егілген жоқ. Себебі, ол қоршаған ортаның қалыпты деңгейде болғанын қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық тұрғыдан өте пайдалы.
– Елбасы Н.Назарбаевтың индустриялық-инновациялық бағыттағы стратегиялық бағдарламаның іске асырылуын міндеттегені белгілі. Осы орайда қазалылық кәсіпкерлер ұсынған бір жоба республикалық тізімге еніп, қалған алтауы аймақтық карта шеңберінде іске асырылатын болды. Нәтижесінде, мүйізді ірі қара өсіру арқылы тауарлы сүт кешені ұйымдастырылды. Кірпіш пен бетон шығару жұмысын қолға алдық. Асфальт ерітінділері өзімізде өндірілетін болды. Алдағы уақытта су маржандарын өңдеп, ұқсату арқылы филе дайындау цехтарын салуды үш шаруашылық ұсынып отыр. Сондай-ақ, жалпы сыйымдылығы бір мың тоннадан астам тоңазыту қоймаларында балықты қаптап, арнайы қаптамалармен еліміздің солтүстік аймақтары мен ресейліктерге сата бастағандар да бар, – деп бастады есепті кездесуін Қазалы ауданының әкімі Айтбай Көшербай.
Қазалы – күріш өсірумен де айналысатын аудан. Бұрындары жергілікті диқандар күріштің әр гектарынан 38 центнерден өнім алып келген екен. Ал былтыр жиын-терін ұлғайған. Өткен жылғы орташа түсім 41,5 центнерді құрапты. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да өз нәтижесін беріп жатыр. Нақты істің арқасында Басықара және Қашақбай елді мекендерінде ауыз су мен аяқ судың проблемасы толығымен шешілген. Басықара ауылында былтыр қуанышты жағдай орын алды. Осыған дейін тозығы жетіп, әбден ескірген мектептің орнына жаңа 250 орындық оқу ошағы бой көтерді. Сөйтіп, қазір ауыл балалары жаңа мектепте білім алып жатыр. Ал ескі мектептің ғимаратына кітапхана мен пошта барып орналасты. Сондай-ақ таяу болашақта дәрігерлік бекеттің құрылысы басталатыны да анық болды. Бұдан бөлек балабақша мен мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтеді.
– Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен Сырдарияның үстінен өтетін көпірлер салуға қаржы қарастырып жатырмыз. Дария үстінен түскен қалқыма көпірлерді аспалы етіп, жаңалауға республикалық бюджеттен көмек күтілуде, – дейді аудан әкімі.
Дария жыл сайын тосын мінез танытады. Қыс бойы жатқан мұз еріп, көктем шыға тасиды. Сырды жағалай орналасқан ауылдар дүрлігіп, уғын-шуғын болады. Дегенмен, биыл тасқын болу қаупі аса байқала қоймайды. Бірақ табиғат тосын мінезге бай. Аяқ астынан аласапыран болып кетуі мүмкін. Қазалы ауданының әкімі «Сең өту кезінде қауіп болуы мүмкін. Сондықтан қауіпті аймақтарда отырған малшыларды қауіпсіз жерлерге көшіруді ауыл әкімдеріне осы кезден бастап тапсырамын»,– деп шегелеп айтты.
Жаңақорған ауданында да жайлы өмірдің қалыптасқаны байқалады. Кейінгі жылдары аудан экономикасы өсіп, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсара бастағанын жалпы жұрт та айтып жүр. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты санмен сөйлесек. Мысалы, былтыр бюджеттің жергілікті кірісі 479,2 миллион теңге болады деп жоспарланған. Дегенмен, жыл аяғында ауданның өз табысы 882 миллион теңгеге жеткен. Сонда біз белгіленген меже екі есеге артық орындалып отырғанын байқаймыз. Бұл – үлкен көрсеткіш.
– Аудандағы 703 шаруашылық құрылымдарының 355-і егіншілікпен шұғылданса, оның 169-ы күріш егумен айналысады. Мал басын арттырудың да өзіндік жүйесі қалыптасып келе жатыр. Мал тұқымын асылдандыру арқылы өнім сапасын арттыру жолдары қарастырылу үстінде. Ауданда екі асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Шаруашылықтың иелігінде 30 мың мал мен 929 асыл тұқы??? ??? ???? ???, ? ????? ???????????? ????????? ????? мды ірі қара бар, – дейді Жаңақорған ауданының әкімі Бекмырза Еламанов.
Әкімнің Кейден ауылының тұрғындарымен кездесуінде халық тарапынан сұрақ өте көп қойылды. Соның бірі мынадай:
– Ауылымыздың іргесінен келіп орын тепкен күкірт қышқылы зауыты бірер жыл бұрын терең құбыр қазып, су шығарып берген. Ол кейіннен ащы суға айналып кетті. Ішуге келмейді. Қазір ауыз суды ауданнан тасып ішіп отырмыз. Осыған қандай көмек көрсетесіздер?
Аудан әкімі Кейдендегі келеңсіздікті білетінін, жер астында таза су қоры жоқ аймақтарда мұндай проблеманың бар екенін айтты. Осы мәселені шешу үшін «Талап-Сырдария» жобасының жасалып жатқанын жеткізді. Егер аталған жоба іске асып, өмірге жолдама алатын болса, онда біраз елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі екен.
Қызылорда облысы тұрғындарының бәрінің қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ деуге келмейді. Талай жұрт құбатөбел тіршілік кешіп жатыр. Бір жерде ауыз су тапшы, екінші жерге аяқ су жетпейді. Тағы бір ауылға мектеп керек, енді біріне балабақша қажет. Күйкі тіршілікте кездесетін күнделікті күйбеңнен арылмаған ауыл. Жиі сөз болатыны жол құрылысы. Дегенмен, ел халқы жағдайдың баяғыдан әлдеқайда түзелгенін айтады. Сосын басталған істердің соңын бағамдайды. Әкімдердің әрбір ісін сараптайды. Сондықтан баянды болашаққа сенеді.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.