Адам бойындағы ізгі сезімдерді қозғайтын, қарапайым да қаракөк қаламгер Тұрдыбек Алшынбайұлы нәзік жанды, көңілі тұңғиық та мөлдір және тамыры тереңге тартқан адам еді. Ол өзінің босаңдау көрінетін бар болмысымен, тістесе шырматылған шырмауықтай тұтқырлы ойлау жүйесімен, сағынышқа жаратылған санасының алқынды сарасымен жазушы болуға жаратылған жан болатын. Өмірге мұңдана әрі күлімдей қарап, мына әлемдегі жан дүниесіне қатысты құбылыстардың суретін шым-шымдай шыжымдап әуелі жүрегіне, содан кейін қағазға түсіретін.
Адамгершіліктің игі қасиеттерін бойына ұйытқан талант иесі сол бір ұлы жылылықты шығармалары арқылы ұлтына жеткізді. Өмірдің өзіндей қарапайым тіршіліктен үлкен көркем ой қорыта білді. Әдебиет деген үлкен ағыста арыны қатты толқындай буырқанбағанымен де, оның мөп-мөлдір тұма сияқты әңгімелері, хикаяттары, пьесалары қашан да жан түкпіріндегі иірімдерді қозғайтын. Өзінің өмірімен де, шығармаларымен де әр көңілдің түкпіріне шуақ төгетін.
Тұрдыбек Алшынбайұлы сияқты тұнық та мөлдір сөз иелері болмаса, әдебиеттің ағынды толқыны тұнып ақпас еді. Ол өз үнімен, өз жазу мәнерімен, өзіндік көркем ойлау жүйесімен дана оқырманның да, бала оқырманның да көңілінен шыға білді.
Сонау бір ертеректе жазылған, әдебиет деген сыр сандықтың алғаш рет құпия құлыбын ашқан «№14 кілт» атты шағын әңгімесінен басталған жазушылық жолы, арнасын кеңіте кернеулетіп, Абай туралы «толғауы тоқсан» хикаятқа әкеп тіреді. Шығармашылық жолының белесі сияқты оның бұл хикаяты психологиялық иірімі мол, сезім қайырымына құрылған ішкі қуаты серпінді шығарма. Мұнда мұң да, мұнарлы елес те, табы басылмаған сағыныш та, өзегіңді өртеген өкініш те, сабырға шақырған салауат та бар.
Абайдың «жұмбақ жанының», «мәңгілік айықпайтын» дертінің, шымбайына батқан күйіктің, ұлы таланттың күйініші мен сүйінішінің дауасын «Абай жолынан» соң да одан асырып жеткізуге ұмтылған үлкен-кіші қалам иелері әдебиеттің әр жанрында қалам тартты. Олардың: діттеген мұратына жетіп, не жетпегені туралы ашық пікір көз қиығымызға шалынған жоқ. Алайда, алғашында пьеса, содан кейін барып хикаят ретінде табиғи қарапайым қалыпта шымырлата жазылған бұл екі туындыны өз басым тебірене отырып оқыдым. Аз ғұмырдың көп күндерін әдеби шығармаларды талдап, таразылауға арнаған талғам иесін тамсандыру қиын, бірақ біз, жасыратын несі бар, шынайы сезім тебіренісіне бөлендік.
Қызықты да қайырымы қысқа әңгімелері («№14 кілт», «Қос құпия», «Әйел жетегі», «Өмір әуені», «Арулардың азабы», «Елес-еркек» «Жол үстіндегі үшеу», «Шаңырақ»), махаббаттың азапты қылын шерткен хикаялары («Жан жарасы», «Қос қарағай», «Бағбанның қызы»), адалдық пен аярлық арпалысқан тіршілік тартысы бейнеленген хикаяттары («Қасиетті мекен», «Егес», «Дүние-жалған»), ертегілер әлеміне жетелеп барып өмір мен өлім туралы ойлы пайымдауларды алдыңа тартатын ертегі-хикаялары («Әруақ әжемен жеті кездесу» «Пері қыз» «Қиял-құс»), балалар мен жасөспірімдердің өмірін арқау ете отырып ойландыратын («Тіршілік тірегі», «Аңсау», «Кішкентай тіршілік», «Өткел», «Кішкентай бастық», «Көбелек ақыл айта ма?», «Үлкен өрік», «Ғажап дүние», «Әке мейірі», «Идея», «Кемелер кетіп барады») туындылары, сөзсіз, тұңғиық таланттың қуатты тамырын танытатын.
Аттарының иесіне тартып, мазмұнын өзі айтып тұрғанындай, өте қарапайым тақырыпты туындылардың ішіндегі тіршіліктің қоз-қоз боп маздаған шоғы ыстық табымен қариды. «Тағына жетіп» талдайтын сыншының, ағынан жарыла алғайтын ағаның, бауырын жылыта баурайтын бауырдың пікіріне сусағанымен де, адал ішкен «бейнет сусыны» (Абайдың баламасы бойынша – шығармашылық) үшін Тұрдыбек ешкімнен мүсіркеуді күтпейтін. Бұл жағына, талап пен талғам жағына келгенде, өзінің де өресі биік, шынын айтсақ, түйсікпен түйсіну қабілеті өте жоғары және кірпияз болатын. Ол сөз қуып, сөйлем теріп, ой құрап жазбайтын. Адамның жанына жиылған өксік сезімдерді иірімдете шымырлататын. Жай сөйлемдерге – құрмалас, құрмалас сөйлемдерге – күрделі құрмалас сөйлемдердің мағынасын сыйдыратын.
Оның мұндай сыйымды, мағыналы қарапайым сөйлемдері сақнаға қойылғанда ерекше тұңғиықтанып, астарланып, емеуірінденіп кететін. «Керқұла атты Кендебай» спектаклінің жастар театры сахнасында он жылдан астам жүруінің сыры да сонда. Ал Абай туралы Астанада бір-ақ көрсетілімі қойылған «Дүние-жалған» пьесасының сыры да, сыны да тұңғиық. Кейде, сахнаға қоярға дүние таппай, ауызын қу шөппен сүртіп жүрген режиссерлердің осындай туындылардың тұңғиық астарына сүңги алмайтын таяздығы таңдандырады.
Тұрдыбек Алшынбайұлының драмалық-психологиялық талдауға құрылған екі-үш хикаяты кезінде республикалық жабық бәйгеде қара үзіп келді. Жасырын атпен жолданған, авторының аты «белгісіз» шығарманы жер-көкке сыйғызбай мақтаған алғаулардың, құпия конверттегі жазушы есімі ашылған соң, үнсіздік тылсымына шым-шым батып кетуін әділеттілік деуге келмейді.
Қаламгер мінезінің қарапайымдығы, толайым-тоға өмір сүруі, көмбіс төзімі – шығармаларының бағын байлап, өрісін тарылтуға тиісті емес. Бұл ретте: келер күндерде кезегі келер, төрдегі орнын табар – деген бопса сөздер: Тұрдыбек Алшынбайұлы сияқты қарапайым өмірдің шапанын жамылып, қара халықтың қатарынан қара үзбей кішіпейілдікпен өмір сүрген адамға, шығармалары да сондай қарапайым әрі «кішіпейіл» көзқарасты қалайтын, тіпті, түсіну үшін де сондай қарапайымдылықты талап ететін өнер туындысына қаратыла айтылмаса керек, айтылғанмен де алғаудан аса алмайтын тілек болып қала береді. Біз, көркем шындық дегенді асқақтата дәріптеп, пенденің қарабайыр тіршілігіндегі катарсистерді қаперден шығарып аламыз. Ал өмірдің де, өнердің де шыңырау тылсымы – қара халықтың қалыпты, қарапайым, етекбасты, үйреншікті, сүреңсіз мимыртының қалтарысында. Кішкентай адамның кішкентай өмірінде үлкен мақсат пен түңілу, үлкен күйініш пен жұбаныш жатыр. Міне, Тұрдыбек Алшынбайұлының шығармалары өмірдің осындай өксігі мен сүйінішіне суарылған.
Мұның басты себебі, Тұрдыбек Алшынбайұлының өзі де өмірдің көксауы аралас көрігінде балқып, тіршілік атты ұстаның төс балғасына жентектеліп, Алшынбай сияқты дана қарттың зердесіне суарылып, тағдыр-талайы қарабайыр да қарапайым өмір иелерінің арасында өткендігінде. Алшынбай абыз болмысы, ойлау жүйесі, пайымы бөлек дегдар дана адам еді. Кеудесі даналық мәйегіне ұйыған осынау озан қария сонау ықылым замандағы пайғамбарлар мен сахабалардан тартып, ойын Абайдың сөздерімен астарлап, емеуріндете:
«Атаңды – анаң азғырып, Әкелді сені кейіске», – деп Абайдың айтып отырған «кейісі мына дүние емес пе. Пайғамбар да, патша да, бай да, бағлан да, жарлы да, жақыбай да өткен бұл дүниеден. Әлі де өтпек. Біз де өтеміз. Кімге опа берген дейсің бұл жалған. Тек Жаратқан ием тауфих берсін де. Тауфихсыз өмір – тамұқпен тең. Қанағат берсін де. Қанағатсыз өмір – қапаспен тең. Абай жазған емес пе: дүниенің бар асылы баса алмаған таразы басын бір уыс топырақ басады – деп. Аллаға ант мезгілінен басқа кезде шағынуға, назалануға болмайды. Арыздасу – Алланың дидарын көргенде ғана уәжіп. Жасасындатып жазып жатырсыңдар ғой. Жасаңдар. Бірақ құдайсыз құрған қоғамдарыңның түбі қайырлы болар ма екен осы. Мен төрт патшаны бастан өткердім. Сендердің құдайсыз патшаларыңның жарылқағаны жадымда қалмапты. Осыларың жалған өкімет емес пе өзі. Оқығандарың көп, тоқығандарың аз тобыр емессіңдер ме, осы. Алла бақ берсін де. Алладан қайыр күтіңдер. Сонда мұраттарыңа жетесіңдер», – деп толғай жөнелгенде қайрылып берер жауап таба алмай қысылып қалушы едік.
Осындай кеудесі сара абыздың әлдиін шешесі Батиқаға тартқан аялы бота көзі боталай мұңайып тыңдап өскен Тұрдыбектің жанарынан да, жазғанынан да арылмайтын мұң кетпейтін. Зады, Тұрдыбектің жазу мәнері Алшынбай абыздың осынау бір зарға бергісіз сарынды толғауының әуенімен қалыптасқан сияқты. Ең көңілді, жеңіл деген шағын шығармаларының өзінен сондай бір аңсарлы мұң арылмайтын.
Фәни мен бақилықтың алмағайып арасындағы жантәсілім шақты Абай «ант мезгілі» деп атайды. Сол ант мезгілінде пәруардигер пендеге Алла дидарын көрсетпек-мыс. Ант мезгілінде Жаратқан иемнен тауфих сұрап, арманыңды айтып қалу – уәжіп. «Дүние-жалған» атты дидарғайып туындысында, сол «ант мезгілі» Абайға да келген сәтінде Тұрдыбек екі дүниені тең екшеп, Абайды да, оқыған адамды да алмағайып күйге түсіреді. Мұндай уазды озан күңіреніс – бұрынды-соңды көркемсөз бетінде болған емес. Ол күңіреніс Тұрдыбек Алшынбайұлының Абай туралы туындысында ғана бар. Сол жолдарды тұла бойым шымырлай отырып оқыған шағымда Алшынбай абыздың ант мезгіліндегі толғаулары есіме түсті. Асылық демеңіз, ант мезгіліндегі өсиеттің қандай болатынын сіз естіп те, оқып та көрмеген шығарсыз. Сол үшін де «Күнделігімнен» үзінді келтірейін:
«Сенбі. 01.02.1992 жыл. Алшынбай атаның соңғы өсиеті: «Есіктен кіре берген кезімде: – Ой, Алла! – деген күңіренген Алшынбай атаның дауысы естілді. Төргі үйдегі төсекте дауысын созып қойып, күңіреніп, Аллаға жалбарынып жатыр екен. Алламен өзі ғана оңаша сөйлесіп, шын тілегін тілеп, үнін арыздана созады. Жанына барып отырдым. Мені танымады. Біразға дейін тыңдап отырдым:
– Ой, Алла! Ой, Алла! Ой, Ал-ла! Мен сенің есебіңдемін! Ой, Алла, мен сенің есебіңдемін! Мен сенің есебіңдемін! Естисің-ңң-бе?!. Есебіңдемін... (Сәл үнсіз қалып барып одан әрі жалғастырды) – Енді бұл дүниеден қайыр кетті. Бай болдым, кедей болдым. Жаманды көрдім, жақсыны көрдім. Енді, міне, сексенге келдім, Алла! Бұл дүниеде адам мәңгі жасамақ емес. Ондай құдірет жазылмаған. Құлақ естімейді. Көз көрмейді. Аяқ жүрмейді. Саған барғаннан басқа амал жоқ. Сенің құшағыңды аңсап жатырмын, Алла! Одан асқан рақым жоқ. Қинама мені... Енді қара жерді қазып, қуысына қоймақ... Әй, қиын... қиын... қиын! (Мен өзінің қараңғы қапасқа түсетініне булығып жатыр ғой деп іштей өлудің, өлімді күтудің қиындығына, қарттың жанталасына денем түршікті. Бірақ осынау тақуа, тәубешіл, ішкі діні берік, адал адамның қиналғаны шыбын жаны емес, мүлдем басқа екен) – Ой, Алла! Ой, Алла! Ой, Алла! Мен сенің есебіңдемін! Енді маған тіршілікте қалмақ жоқ. Жаманды, жақсыны, байлықты, кедейлікті көрдім. Сегізінші атам – Жарылқап еді. Жарылқап едің, Алла! Бай – басыр, кедей – тасыр, мықты – алашоқпар болды. Ел босты... Бала бесіктен ажырады. Ағайын бетімен кетті. Қиын... қи-ын! Қи-ыыын! Бір үй бір қазанға қарады... Қиын! (Сонда ғана Алшынбай ақсақалдың уайымын түсіндім. Екі ұлының бірі – Хасен опат болды. Тұрдыбек жалғыз, оның ұлдарының ешқайсысы үйленіп, отау құрмаған. Екі баласы дертті еді. Сол көкейін қыздырып, жүрегін шымшып жатыр екен ғой. Қиын! Бір қазанға қарап қалды-ау! – дегені сол екен! Үнсіз отыра бердім) – Ой, Алла! Ой, Алла! Ой, Ал-ла! Қараңғылықтан өкіметке қолым бір жетпей кетті! Сөзімді естімеді, Алла! Ақшадан құн кетті, адамнан қадір кетті. Енді қайтем, Алла! Қайтемін, Алла! Қайтемін... Артымның берекесін кім тілейді, Алла! Жұрт – жұртта, ел – елде қала ма, Алла! Менің жаным бойымда, тілегімді бер, Алла! (Бұл алмағайып тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Ел-жұрт туралы қиналса – қиналғандай тұс. Осы кезде түпкі үйден Тұрдыбек шықты. Амандастық. Алшынбай ақсақалдың құлағына айқайлап «Тұрсын келді!» – деді. Қария үш қайтарып сұрады. Зады, жалбарыну күйінен арыла алмай, бұл дүниеде екені есіне баяулап барып түссе керек. Көзінің төменгі еті суланып, қызарып кетіпті. Біраз сұлық жатып, өзіне-өзі сөйледі). – Мен бұл дүниедемін. Жас сексенге келді... Жаманды, жақсыны, байлықты, кедейлікті көрдім. Атам Жарылқаптан бері жаман емес ек... Міне, бір қазанға қаратты. Артымнан береке-ниетімді тіле! Бір-біріңе бас, көз болыңдар. Балаңа, Әминаға, Тұрсынға (Айымхан ғой айтпағы) арыздасқан дұға сәлемін айт. Анау – алай болды, мынау – былай болды (Өзінің ұрпағын меңзеп отыр-ау!), қайтейін, Алла. Олай-бұлай болып кетсем ниет тілеуімнің ішінде бол. Артым жүдеп қалмасын. Бір қазанға қарап қалды... Мені көрмей қалған, сұраған ағайынға сәлем айт. Жұртым – жұрт, елім – ел болсын. Сен мені соңғы рет тірі көріп отырсың ба, оны Алла біледі, қоштасқаным осы. Балаңа, Алла, менің жасымды берсін... Жүдетпей жөнелт мені! Қош! Жұртымды – жұрт, елімді – ел етіңдер... (Қолы жып-жылы екен. Маңдайынан сүйдім. Салқын екен. Ұзақ үнсіз жатты да, тағы да жалбарына бастады. Жоқ, бұл жалбарыну емес, Алламен амандасу. Тіршілік туралы есебін беріп жатыр. Шығып бара жатып Алшынбай абыздың соза «Ал-ла-а!» деген үнін естіп қалдым, есік жабылған кезде дауыс та қиылып түсті. Маған әлгі есік о дүние мен бұ дүниені бөліп тұрған Алланың ақыретінің есігі сияқты көрінді. Мен де аспанға қарап булығып тұрып: – О, Алла! Мен сенің есебіңдемін – дедім іштей жалбарынып)».
Уа, десеңші, осы бір ант мезгіліндегі арманды сөздерде Алшынбайдың ғана емес, оның ұлы Тұрдыбектің де өзекті өксігі жатыр еді. Ол өксіктің не екенін қазбалап жатпайын, баланың азасы мен уайымынан ащы не бар дейсің дүниеде. Тұрдыбек соның барлығына әкесіне тартқан тауфихпен төзіп, жұртының – жұрт, елінің – ел болып қалғанын тілеумен өтті.
«Көңілі жақсылардың алтын сандық, Сандықты кілт болмаса кім ашады», – деп халық даналығы жырлағандай, әр құбылыстың өз кілті болады. Аспанмен тілдескен Бабылдың мұнарасының құпиясын да ашқан сол кілт. Көңіліңнің ауанын ашатын да сол кілт. Әдебиеттің де көркем сарайын ашып, бойыңды баурауға мүмкіндік беретін де – кілт. Кілт ашқан соң ғана оның ғажайыбын көріп, тамсана аласың. Тұрдыбек Алшынбайұлының шығармалары да қазақ әдебиетінің кәдімгі және ең қажетті кілтінің бірі. Асылы, қарабайыр өмір туралы қарапайым шындықты білесің, тұшыну арқылы ғана күрделі көркем әлемге бойлай аласың. Ұлы шығармалардың құпиясын ашуға баулитын алғашқы кілт те, алғашқы аттайтын табалдырық та сондай адамдардың сондай бір қарапайым туындылары. Сондай кілттің иесі Тұрдыбектің өзі де қазақ әдебиетінің сенімді кілті болып қалатынына еш күмәнім жоқ.
Қазақ әдебиетіне, жалпы өмірімізге осы Тұрдыбек ағамыз сияқты адамдардың дауысы қашанда жетпей тұрады. Ол қарапайым да, қадірлі өмір кешті. Сол бір тұлғасы оны білетін және шығармаларын оқыған әр адамның жүрегінде мәңгілік сақталып қалады. Біз өзіміздің қаламгершілік және адамгершілік сезімдерімізді сондай пәк жандардың көңіл күйімен өлшеп өмір сүретініміз анық.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
АСТАНА