Еліміздің әр қаласының өзіне тән бас жоспары болуы – заңдылық. Кез келген қала осы бас жоспарға сәйкес өсіп-өркендеп, дами алады. Мұндай қабырғалы құжат Орал қаласы бойынша да қабылданып, Үкіметте бекітілген. Бас жоспар дегеніміз, ең алдымен, қаланың архитектуралық ажарын айқындайтын, оған қайталанбас кескін мен келбет беретін жарқын жоба. Осы тұрғыда тұрғызылатын тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың және әкімшілік ғимараттардың бір-бірімен үйлесімді болуы шарт. Егер бұл сақталмаса немесе көрінеу көзге белден басылса, есекке ер салғандай ебедейсіз болып тұрады емес пе?
Орал қаласындағы облыстық және қалалық әкімдік ғимараттары орналасқан алаңның қасынан, сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы үйінің тура түбінен биіктігі аспанмен таласқан көпқабатты құрылыс тұрғызылып жатыр. Осы арада айта кетерлік жайт, үш қабатты облыстық әкімдік ғимараты – тарихи ескерткіштер қатарына кіреді. Қалалық әкімдік орналасқан үй төрт қабаттан тұрады. Ал «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимараты не бары үш қабат. Осылайша, жаңа құрылыс әкімшілік ғимараттарға шекесінен қарап, еңселерін басатын түрі бар.
Көкке қол созған құрылыс неше қабаттан тұрмақ? Біз бұл сауалды Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ахмет Ғұбайдуллинге қойған болатынбыз. Обалы не керек, ол біздің журналистік сауалымызға түсіністікпен құлақ асып, сөз болып отырған нысанға қатысты құжаттарды алдыртты. Бұдан ұққан-түйгеніміз төмендегідей.
Орал қаласының дәл орталық алаңы тұсындағы бұл жерді жеке тұлға сатып алыпты. Яғни, жекеменшік иесі бар. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген пиғыл дәл осы кезден бас көтерген секілді. Сөйтіп, ол қаланың орталық алаңы бөлігінен көпқабатты құрылысты бастап кетеді. Оның мұндай батыл қадамына Орал қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі негіз болыпты. Арада он ай уақыт өткенде, яғни 2012 жылдың 2 шілдесі күні 09-0263 нөмірлі мемлекеттік сараптама өткізіліп, бұл құжат сол бойда заңдастырылған. Соған сәйкес жобалау-сметалық құжаттар жасалған.
Мансармен қоса жобаланған нысан тоғыз қабаттан тұрады. Жоба бойынша оның бірінші және екінші қабаттары бизнес орталығы болады деп белгіленіпті. Құрылыстың бас мердігері – «Газстрой ЮГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы материалды газетке әзірлеу барысында Орал қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Виталий Кушнирмен және Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Есімовпен пікірлесіп, үш қабатты «Нұр Отан» партиясы ғимаратының іргесінен тұрғызылып жатқан көпқабатты ғимараттың қаланың бас жоспарына және архитектуралық өлшемдер мен талаптарына қаншалықты сәйкесетіні жөнінде сауалдар қойған едік.
Бұған қатысты Орал қаласының бас архитекторы В.Кушнир нақты жауап қайтармай, әрлі-берлі сырғытып болды. Ол «Құрылыс жобасына қатысты мәселелер бұған дейін қала құрылысы кеңесінде қаралған, өзара келісілген, мақұлданған, соған сәйкес қала әкімдігінің қаулысы шығарылған» дегеннен әріге бара алмады. Рас, Виталий Викторович өз сөзінде қаланың қақ орталығындағы архитектуралық ансамбльдердің өзара үйлесімділігін бұзып, әкімшілік ғимараттарға төбесінен қараған нысан жобасының құрылысы жөніндегі мәселе облыстық құрылыс кеңесінде де қаралып, келісілгенін алға тартты.
Содан соң біз облыстық деңгейдегі қаралған мәселенің мән-жайына қанығу үшін Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевпен жолыққан болатынбыз. Ол тіпті нендей мәселеге қатысты сауал қоятынымызды білмей тұрып-ақ, қабағын қарс түйіп алып, жауап беруден бірден ат-тонын ала қашты. «Мен сізге облыстық әкімдіктегі тиісті тұлғалармен келісіп, олардың рұқсатын алмай, ешқандай ақпарат бере алмаймын» деп кесіп айтты басқарма басшысы А.Өксікбаев. Содан кейін қарауындағы қызметкері арқылы қолымызға тілдей қағаз ұстатты. Мұнда «Обл.акимат. Бахытжан, Жарқын» жазылыпты. Астында олардың қызмет телефондары көрсетілген екен.
Кейіннен «Бұл кісілер кім болды екен?» деп сұрастырып көрсек, олардың бірі облыстық әкімдіктің бас инспекторы Бахытжан Нарымбетов те, екіншісі, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов болып шықты. Бұл арада А.Өксікбаев журналистің ақпарат алуға, сұратуға және оны таратуға құқығы бар екенін көрсеткен ҚР-ның Баспасөз туралы заңындағы белгілі бапты білмейтіндігін байқатып қалғандай болды.
Сонымен бүгінгі материалымызға желі болып тартылған мәселеге орай жоғарыда аты-жөні көрсетілген екінші мемлекеттік қызметкер – Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Есімовтің не дегеніне келейік.
– Әрине бұл бас жоспар талаптарына да, архитектуралық нормалар мен критерийлерге де сәйкес келмейді. Үш-төрт қабаттан тұратын тарихи ансамбльдердің жанынан бой көтерген 9-10 қабатты үй іргелес орналасқаны ғимараттардың үйлесімділігін бұзады,– деп жауап қайтарды ол.
Сонымен, аталған нысанның бүгінгі жай-күйі қандай? Соңғы кезде оралдықтар бұл құрылыстың тоқтап, қаңтарылып қалғанына куә. Неге? Мұның астарында не сыр бар екен? Материалға қажетті деректер жинау барысында алынған ақпараттар оның қосымша және бас мердігерлері ағалы-інілі Асқар және Біржан Қапасовтар екенін айғақтайды.
Өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Аталған құрылыстың бас иесі Біржан Қапасов автокөлік апатынан дүние салыпты. Соңғы кезде құрылыстың күрт тоқтап қалуының бір сыры осында болып шықты.
Енді құрылыс жобасының заңды мұрагері кім болмақ? Бұл осы сорайған күйінде мызғымай тұра бере ме? Бұған дейінгі алынған шешімдердің заңдылығы туралы не деуге болады? Бұл жөнінде прокуратура органдары мен сот жүйесі қандай шешімге келмек? Әйтеуір не көп, аталған құрылыс нысанына қатысты туындап отырған сұрақ көп. Оның нақты жауабы мен шешімі әзірге табыла қоятын түрі байқалмайды. Мыңдаған оралдықтар мен қала қонақтарының аяқталмаған құрылысқа қатысты мұның не әрі емес, не бері емес, белгісіз күйі жөніндегі сөз таластары да тоқтар емес.
Бүгінде республикамызда сәулет-құрылыс басқармасы мемлекеттік мекемелерінің бұған дейін атқарып келген бірқатар функциялары шектелген. Бұдан былай олар мемлекеттік және жеке үлгідегі нысандарды мемлекеттік қабылдау актілеріне қатыса алмайды. Әрине, мұның өзі құрылыстың бүгінгі өміршең әрі өскелең, сонымен бірге әлемдік стандарттар талабынан туындап отырғаны белгілі. Бұл жөніндегі жауапкершілік алдағы уақытта тапсырыс беруші жеке тұлғаларға, бас мердігерлерге және техникалық қадағалаушылар мен жоба иелеріне жүктелмек. Осы арада аталған төрт бірлік тиісті заңдылықтар мен үйлесімділіктің сақталуына көңіл бөле білгендерін қалар едік. Бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған құрылыс нысаны жөнінде де айтар түйін осындай.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы