• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Жүз құбылған жұмыр жер

285 рет
көрсетілді

Мұнай бағасы тұрақтанады

Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) мұнай рыногындағы ахуал туралы дәстүрлі ай сайынғы есебін жариялады. Агенттік есебінде әлемдік рыноктағы мұнай көлемінің артуы тоқтап, елеулі тұрақтылық орын алғандығы атап көрсетілген.  ХЭА-ның маусым айындағы есебі бойынша, «қара алтынға» деген сұраныс мамандардың алдын ала болжаған цифрларынан артық екендігін көрсетеді. Мұнай өндіретін бірқатар елдерде аяқ астынан орын алған тұрақсыздық мұнай өндіру көлемінің біршама төмендеуіне әкеліп соқты. Сөйтіп, соңғы уақытта әлемдегі мұнай өндіру көлемі жоспарланған тәулігіне 1,5 миллион баррельден 800 мың баррельге дейін төмендеген. Бұл агенттік мамандарына үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанында жаһандық мұнай нарығындағы жағдай тұрақтанып, келесі жылы ол өзіндік игі нәтижелерін беретіндігі туралы болжам жасауға мүмкіндік берді. Соңғы уақытта рыноктағы мұнай көлемінің сұраныстан жоғары болуына байланыс­ты әлемдік рынокта мұнай бағасының күрт төмендеуі орын алды. ОПЭК және басқа да ірі мұнай өндірушілер әлемдік рыноктағы мұнай бағасын өсіру жөнінде бірқатар қадамдар жасады. Бірақ олардың арасында бірауыздылықтың болмауына байланысты бұл шаралардың ешқайсысы тиімді нәтижесін берген жоқ. Алдағы уақытта қа­лыптасқан жағдайды өмірдің өзі реттейтін түрі бар. Себебі, соң­ғы уақытта мұнай бағасының бір­шама тұрақтануына Нигерия және Канада сияқты ірі мұнай өндіруші елдерде мұнай өндіру көлемінің күрт төмендеп кетуі себепкер болып отыр. Сонымен бірге, мұнай бағасының тұрақ­тануына ОПЭК ұйымына кір­мейтін ірі мұнай өндіруші ел­дердің мұнай өндіру көлемін тәу­лігіне 900 мың баррельге дейін тө­мен­детуі де ықпал еткендігі даусыз. Міне, осындай жағдайларға байланысты 2016 жылдың І тоқ­санында әлемдік рыноктағы мұнай өнімдеріне деген сұраныс біршама артып, тәулігіне 1,6 миллион баррельді құрады. Мамандардың айтуынша, жыл қорытындысында бұл реттегі орташа көрсеткіш тәулігіне 1,3 миллион баррельді құрамақ. Планетамыздағы барлық мұнай көлемінің үштен біріне иелік ететін ОПЭК ұйымына қарасты елдерде мамыр айын­да мұнай өндіру көлемі тәулігіне 110 мың баррельге дейін төмендеді. Картельдегі мұнай өндіру көлемінің төмендеуі Ни­герияда қалыптасқан жағдайға байланысты болды. Нигерияда қарулы көтерілісшілердің мұнай кеніштерін басып алуына байланысты өндіріс тоқтаған. Сөйтіп, бұл елде мұнай өндіру көлемінің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Агенттік мамандарының болжамы бойынша, осы және ірі мұнай өндіруші елдердің бірқатарында қалыптасқан ахуал үстіміздегі жылдың ІІ жарты жылдығынан бастап әлемдік рынокта мұнай өнімдеріне сұраныстың біршама артатындығын алға тартады. Бұл өз кезегінде мұнай бағасының тұрақтануына жағдай жасайды. Экономикасы шикізатқа тәуелді елдер үшін қолайлы жағдай қалыптасатын түрі бар.

Жаңғыртылмалы энергия 45 пайызды құрамақ

Енді 10 жылдан кейін Гер­ма­нияда қажетті энергетикалық қуаттың жартысына жуығы жаңғыртылатын энергия көз­дері арқылы алынатын болады. Жақында Германия үкіметі жаң­ғыр­тылмалы энергия көздері туралы заңға реформалар енгізу қағидаттары жөнінде келісімге келді. Осының нәтижесінде 2025 жылға таман Германиядағы барлық өндірілетін энергия көлемінің 40-45 пайызы жаңғыртылмалы энергия көздері арқылы алынатын болды. Маусым айының басында Германия үкіметі 16 федералдық жерлердің пре­мьер-министрлерінің қатысуымен жаң­ғыртылмалы энергия көздері туралы заңға реформа жасаудың базалық қа­ғидалары туралы келіссөз жүргізді. Берлинде 6 сағатқа созылған осы отырыстан кейін ГФР канцлері Ангела Меркель журналистерге берген сұхбатында: «Біз әлі нақты толық келісімге келгеніміз жоқ. Алайда, келіссөз­дер барысында күн тәртібіндегі мәселе­нің 90 пайызы талқыланды», деп атап көрсетті. Меркельдің айтуы бойынша, оты­рысқа қатысушылар 2025 жылы елдегі жаңғыртылмалы энергиялық қуат көз­де­рінің үлесін 40-45 пайызға жеткізу жөнінде келісімге келген. Осы кездесуден кейін Германияның экономика министрі Зигмар Габриэль «алдағы уақытта энергия бағасын Бундестаг қалыптастырмайды, рынок анықтайтын болады», деді қана­ғаттанғандық сезіммен. Тараптар әзірге жел қуаты арқылы өн­дірілетін энергияны тарату және электр желілерін одан әрі кеңейту жөніндегі нақты мәселелер бойынша ортақ келісімге келе қойған жоқ. Дегенмен, Зигмар Габриэль ГФР үкіметінің жаңғыртылмалы энергия көздері туралы жаңа заңды қабылдайтындығына үлкен сенім білдірді.

Гуманитарлық дағдарыс

Венесуэланың солтүстігіндегі Сукре штатындағы Кумана қаласының тұрғындары азық-түліктің жетіспеушілігіне байланысты ереуілге шықты. El Universal газетінің хабарлауынша, қаладағы тәртіпсіздік дүкендерге азық-түлік таситын жүк машиналарының келмей қалуына байланысты орын алған көрінеді. Азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шеккен тұрғындар қаланың бірқатар көшелерін бітеп, көптеген магазиндерді талан-таражға салған. Қалада тәртіп орнату үшін полиция бөлімшелері және Ұлттық Боливариан гвардиясының жауынгерлері тартылған. Олар тұрғындардың ереуілін күшпен тоқтатуға ұмтылуда. Венесуэла мемлекетінің билігі қала тұрғындарын сабырлылыққа шақырып, заңға қарсы әрекеттер жасамауды ескертті. Бұл Венесуэлада соңғы аптада орын алған халық толқуларының бірі ғана. Күн өткен сайын халықтың билік басындағыларға дағдарысты тоқтатып, елде қалыпты жағдай орнату жөніндегі талаптары күшейе түсуде. Билік басындағылардан тиісті шаралар атқарылмауына байланысты елдің көптеген өңірлерінде халық көшеге шығып, полицейлермен қақтығысқа ұшырауда. Президент Николас Мадуроға бағы­натын Венесуэла Ұлттық ассамблеясы үстіміздегі жылдың ақпан айында елде қалыптасқан азық-түліктің тапшылығына байланысты төтенше жағдай жариялаған болатын. Бірқатар депутаттардың ашық мәлімдеуінше үкіметтің дұрыс шешім қабылдамауына байланысты елде «гумани­тарлық дағдарыс» тереңдей түсуде.

Токио мэрі отставкаға кетті

Токио қаласының мэрі Ёити Масудзое астаналық округтің заңгерлік ассамблеясының төрағасына өзінің отставкаға кететіндігі туралы ресми өтінішін тапсырды. Жапония астанасы мэрінің отставкаға кетуіне баспасөз бетінде оны теріс қаржылық шараларға жол берді деген айыптаулар себеп болған. Мәселен, баспасөзде Токио мэрін күн сайын саяжайға мемлекеттік машинаны мініп барады деп айыпта­ған. Сонымен бірге, қала басшысының саяси қор­дан отбасының демалысына қар­жы бергендігі де анықталған. Токио мэрінің әйелі басқаратын ғылыми-зерттеу институтында жүргізілген тексеріс барысында да бірқатар кемшіліктер ашылған. Мәселен, осы институттың офисі Масудзоеның жекеменшік үйінде орналасып, ай сайын жалға ақша төлеп тұрған. Қала басшысы шетелдерге іс-сапарға барғанда бірқатар шығындарға жол берген. Соңғы екі жыл ішінде Токио мэрі шетелдерге 9 рет іс-сапарға шығып, 200 миллион иен (2 миллион доллар шамасында) мемлекет қаржысын рәсуа еткен көрінеді. Өткен дүйсенбіде Масудзое Токио заңгерлік ассамблеясында сөз сөйлеп, жиналғандардан кешірім сұрады. Ол осы уақытқа дейін алған қала мэрінің жалақысын қайтарып беруге уәде еткен. Масудзое ассамблея мүшелерінен үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін қызметінде қалдыруын сұрады. Алайда, ассамблея шешімі бойынша, Токио қаласының жаңа мэрін сайлау науқаны 50 күннен кейін өткізілетін болды. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»