Теріскейде ана тілін білмейтін қандастарымызбен ресми тілде сөйлесіп жүргендіктен,үйренген ауыз емес пе, түрік жігіті Рашид Алиевпен орыс тілінде әңгімелесуді жөн көрдім. Сұхбатымыздың орта тұсына келгенде ол сөзін кілт үзді де: «Сіз ана тіліңізді қадірлейтін шығарсыз? Олай болса, ойымды қазақша сабақтайын», деп бетіме күлімсірей қарады. Ұялған тек тұрмастың кебімен: «Сіз қазақша білесіз бе?» деппін. «Әрине, білемін», деді.
Кейіпкерім Өзбекстанның Ферғана қаласында туған. 1990 жылы ата-анасы Шу қаласына қоныс аударып, тұрақтап қалған. Ойын баласы өзі сияқты қатарластарымен тез тіл табысып, қазақшаны меңгеріп алған. Қазақ мектебінде оқыған кезең ол үшін ерекше ыстық. Әке-шешесі де, бауырлары да қазақ тіліне қамшы салдырмайды. Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды да жетік біледі.
Бүгінде Рашид облыстық онкологиялық диспансерде онколог-мамолог болып еңбек етеді. Белді хирургтердің бірі. Оның сөзінен сыртта жүре отырып, ұлттық келбетіңді сақтау орасан зор рухани жігерді талап ететінін аңғардым. Атасы мен әжесі 1944 жылы Кавказдан Өзбекстанға жер аударылған месхит түріктері екен. Өзбекстанды, одан Қазақстанды қоныстанса да алдымен жергілікті құндылықтарды игеру олар үшін бұлжымас қағида іспеттес. Отбасында ділі мен тіліне беріктігі таңғалдырды. Қай жерде жүрсе де еңбекқорлығымен, көпшілдігімен өздерін сыйлата алатындарын байқадым.
– Үйде тек түрік тілінде сөйлесеміз. Өзге ұлттың өкіліне үйленбейміз, қызымызды да бермейміз. Бұған тыйым салынған. Мәселен, мен ата-анам таңдаған қызға үйлендім. Келіншегім Гүлмира Қазақстанда туып-өскендіктен, бірден тіл табысып кеттік. «Тәрбие отбасынан басталады» дегендей, бізде осы жағына баса мән беріледі. Кішкентай кезімізде әкем төрт баласын жинап алып, ақылын айтатын. Қазір мен де үш баламмен өмірлік тәжірибемді бөлісемін. Мұны кейбіреулер айтып қалатындай, ұлттық оқшаулану дегеннен гөрі ұрпақтар арасындағы жарасымдылық, сабақтастық деген жөн шығар, – дейді ол.
Рашид мектеп бітіргеннен кейін Бішкекке жол тартады. Ондағы мақсаты – бала жасынан арман еткен дәрігер болуды қалап, Қырғыз мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсу. Алматыға барғысы келгенімен жол, қаражат жағынан қиналады. Сондықтан, алыстан арбалағанша жақыннан дорбалағанды мақұл көреді де 90 шақырым жердегі Бішкекке тартады. 2007 жылы аталмыш оқу орнын аяқтаған соң білімге деген құштарлық оны Ресейге жетелеп әкеледі. Мұнда В.Разумовский атындағы Саратов медициналық университетіне түсіп, клиникалық ординатурада екі жыл білімін жетілдіреді. Осылайша өмірінің 9 жылын медицинаның қыр-сырын игеруге арнаған ол толыққанды маман ретінде Петропавл қаласына келіп тұрақтайды.
– Жылы жақта туып, ержетіп, білім алған менің қысы қытымыр өңірге қоныстануым кейбіреулер үшін ерсі болып көрінуі мүмкін. Тағдырдың жазуы болар. Інім Әбиджан №3 қалалық ауруханада травматолог болып жұмыс істейді. Осы жерге бауыр басып, үйренісіп кеткен соң ата-анамызды да көшіріп әкелдік. Олар Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрады, – деген тәжірибелі хирургтің сөзінен өз кәсібін бағалайтынын, шабытпен қызмет жасайтынын ұққандай болдым. «Жұмысыңды сүйсең, ол да сені сүйеді» деген ұстанымды бағдар еткен Рашид қаншама кісіге ота жасап, өмір үшін күресіп жүрсе де, міндетсінген емес. Науқас адамның жүзі жадырап, бала-шаға ортасына аман-есен оралғанына тілектес.
– Осы жерде 6 жылдан бері еңбек етіп келемін. Дәрігерлерге маман ретінде өсуімізге, біліктілігімізді арттыруымызға Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Осындай тұрмысы бақуатты, адамдары мейірімді, қоғамы тұрақты елде тұрғанымды мақтан етемін, мәртебе көремін. Бұрындары шетелдерге шығып, біліктілігімізді жетілдіру өңіміз түгіл, түсімізге де кірмейтін. Жуырда Қазан қаласынан оралдым. Біз халықтың денсаулығына жауапты болғандықтан, медицина саласындағы жаңалықтардан қалыс қалмауымыз қажет. Заман талабы осындай. Қолым қалт еткен сәттерде де ізденіп жүруге тырысамын,– деп ағынан жарылады.
Жұмысына асығып келіп, үйіне кеш қайту – қазақ, орыс, қырғыз, өзбек тілдерін білетін Рашид секілді майталман маманның табиғатына тән қасиет. Тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, адал атқару, тыңғылықты орындау, бала жастан қалыптасқандықтан, ол адамдарға жақсылық жасауға үнемі асығып жүреді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА
Солтүстік Қазақстан облысы