• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Әуедегі «жедел жәрдем»

267 рет
көрсетілді

Бұл – дәрігерлік көмектің интеграциялық моделі Қателеспесем, жетпісінші жыл­дардың орта шені болуы керек. Қақаған қыс кезі. Әкем қатты ауы­рып, қызуы көтеріліп, от болып жанып жатты. Шақырылған жедел жәрдем біраз кешікті. Оның сырын дәрігер келгенде бір-ақ білдік. Ол жаяу келіпті. Науқастың жай-күйімен танысып, өкпесі мен жүрек соғысын тыңдап, қызуы мен қан қысымын өлшеп көргеннен кейін: «Сіз ауруханаға баруыңыз керек, – деген қорытындысын айтты. – «Жедел жәрдем» машинасы жоқ, орныңыздан тұрып ауруханаға дейін өз аяғыңызбен бара аласыз ба?», – деді дәрігер. Сонда әкем: «Тырысып көрейін» деді әрең икемге келіп. Сөйтіп, ол кісіні жан-жақтан сүйемелдеп, ауыл ішіндегі ауруханаға дейін жаяу апарғанымыз бар. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, кеңестік кезеңде ауыл­дардағы медицина мекеме­лерінің жай-күйі мен материалдық жағ­дайы тым төмен әрі жұтаң еді. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан адамды ауруханаға жаяу әкету осы пікіріміздің дәлелі. Ал қазір ше? Айырмашылық жер мен көктей. Бүгінде республикамызда алғашқы медициналық көмек көрсетудің инновациялық және интеграциялық үлгісі іске асуда. Мұндай әлемдік өлшемге қол жеткізіп үлгерген өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Интеграциялық-иннова­ция­лық үлгі дегеніміз жай жедел жәр­дем көліктері емес, бұл ең алды­мен жылжымалы медициналық ке­шен­дер (ЖМК) мен санитарлық авиация қызметтері. Осындай ал­ғашқы медициналық-санитар­­лық көмектің арқасында жүзде­г­ен, мың­даған отандастары­мыз тіке­лей төніп келген ажалдың аузынан аман қалады. Бұл арада ал­ғаш­қы айтылған құрылым бірін­ші кезекте алыста орналас­қан ауыл тұрғындарына кеңес­ші-диагностикалық көмек көрсе­тетінін айта кеткен жөн. Осы мақсатта Орал өңірінде жылжымалы медициналық кешендер мінсіз қызмет атқарып келеді. ЖМК дәрігерлік-отбасылық амбулаториялары жоқ түкпірдегі шағын елді мекендердің тұрғын­дарын қамтиды. – Жылжымалы медициналық кешендер амбулатория үлгісіндегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тіс дәрігері, хирург, рентгенолог, акушер-гине­­к­олог, терапевт мамандар жұ­мыс істейді. Сонымен бірге, кешен құрамындағы амбу­лато­рия­лық дәрігер кабинеттері мен зертхана да оның қызметін толық­тыра түседі. Бүгінгі күні ЖМК облыстың барлық аудандарын қамтып отыр, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Хамидолла Ирменов. Бұған дейінгі талдаулар мен деректер енгізілген өзгерістер арқасында әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу үшін қолайлы жағдайлар туғызылғанын айғақтайды. Екіншіден, бұл инновациялық үлгі амбулатория дәрігерлерінің жүктемесін едәуір төмендеткен. Әрі амбулатория мен ЖМК құрамындағы денсаулық сақшыларының салада орын алған күрделі жағдайларды бірлесіп талқылауларына орасан кең мүмкіндіктер ашылған. Үшіншіден, ауыл мен шағын елді мекендер тұрғындары алатын медициналық көмек пен қызметтің ауқымы арта түсіпті. Жылжымалы медициналық кешен­дердің тағы бір артық­шылығы, осы арқылы ауыл азаматтары скринингтік тексерулерден де өте алады. Айталық, биылғы 2016 жылдың алғашқы тоқсанында облыстағы Ақжайық, Жаңақала, Сырым және Казталов ауданы тұрғындары осындай скринингтік тексерулер мен бай­қау­лардан өткізілген. Бұған осы мерзім аралығында 10 мыңға жуық адам қамтылған. Тексеру қоры­тындылары жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші кезекте тұрғанын көрсетеді. Екінші орында қант диабеті тұр. Сонымен бірге, көз аурулары, соның ішін­де оның глаукома деген түрі жиі­рек кездескені де ойландырмай қоймайды. Жоғарыда айтылғандай, ал­ғаш­қы медициналық-санитар­лық көмек бірінші кезекте жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге көрсетіледі. Олар­ды тасымалдау үшін GPS үлгі­сіндегі навигациялы, яғни алдын ала бақылап көріп отыратын құрал-жабдықтары мен аспаптары бар реанимобильдер жүйрік аттай жүйткиді. Ауданаралық травмотологиялық бөлімшелерді қажетті жабдықтармен қамту жайы да өңірде назардан тыс қал­­маған. Бұл үшін облыс бюд­жетінен 48 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, ай­мақта медициналық-құтқару қосындары үшін қосымша реанимобильдер сатып алып, жедел жәрдем көліктерін жаңғырту жолдары белгіленгені де сала жетек­шілерінің мерейі. Жол-көлік оқиғаларынан тыс, облыстағы инсульт пен кардиология орталықтарына күтпеген дертке тап болғандар реанимобильдер арқылы тасымалданады. Оның ішінде жедел медицинаға қажетті барлық құрал-жабдықтар және реанимациялық аспаптар бар ай­мақтағы санитарлық авиа­ция­лық бөлімге түсіп жатқан қоңы­рау­лар мен шақырулар да жеткілікті. Мысалы, биылғы жылдың бес айы ішінде 173 жоғары білімді және терең білікті дәрігер мамандар шақыруларға байланысты әуе кемесі – АН-2 ұшақтары арқылы алыс ауылдарға аттанған. Мұның көпшілік жағдайында ауыр нау­қастар облыс орталығындағы ем­деу мекемелеріне жеткізілсе, бірқатар жағдайларда науқастар тұрған жерде оталар жасалған. Міне, Орал өңірінде медици­налық көмектің инновациялық және интеграциялық моделінің келелі көріністері осындай. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы