• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Экономикалық прагматизмге басымдық берген абзал

275 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург халықаралық  экономикалық форумы аясында екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты дамыту төңірегінде пікір алмасты Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ, қарым-қатынасты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы БҰҰ-мен қарым-қатынаста Пан Ги Мунның Бас хатшы қызметінде қол жеткізілген өзара тү­сі­ністіктің деңгейі жоғары екенін атап өтті. БҰҰ – аса маңызды ұйым, оған әлемнің барлық мемлекеттері қол­дау көр­сетіп, беделін нығайтуға, мүмкін­діктерін кеңейтуге тиіс деп санаймын. Әсіресе, қазіргі күрделі ахуал кезінде бұл өте қажет. Өзіңіз білесіз, Қазақстан бей­біт­шілікті, интеграция мен өзара түсініс­тікті нығайтуға бағытталған бірқа­тар ұсыныс білдірді. Біздің ел өрке­ниеттерді біріктіру үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізіп келеді. Ядролық қарудан арылу жөніндегі ұсыныс бізден бастау алды. Биыл біз Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығын атап өтеміз. Сіз ол жерде болдыңыз. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы сессиясында біз адамзат жаппай қырып-жоятын қарудан арылуы қажеттігі жөнінде бастама көтердік, деді Қазақстан Президенті. Пан Ги Мун Қазақстан Президентінің Ұйыммен серіктестік қарым-қаты­нас­тарының дамуына қосқан жеке үлесін атап өтіп, қызметтің барлық бағыты бойынша БҰҰ-ға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путинмен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттарын қамтитын, сондай-ақ,  Еуразиялық эко­но­микалық одақ аясындағы интеграциялық  үдерістердің дамуына қатысты  кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу перспективалары  да қарастырылды. Кеше Елбасы, сондай-ақ, әлемдегі ірі-ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.  Нұрсұлтан Назарбаев «АФК Система» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Евтушенковпен кездесуінде компаниямен энергетика және мұнай химиясы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. Сонымен қатар, тараптар бірқатар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  DP World компаниясы басқармасының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесуі барысында көлік-логистика, соның ішінде теміржол саласындағы ынтымақтастықтың перс­пективалы бағыттарын талқылады. Сондай-ақ,  DP World компаниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен Ақтау портын дамыту ісіне қатысуы жөніндегі мәселелер қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев компанияның өз қызметі саласындағы көшбасшының бірі әрі біздің елдің стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Ал DP World басшысы Қазақстанмен өзара іс-қимылдың тиімділігін айтып, оны тереңдете түсуге мүдделілік білдірді. Мемлекет басшысы «Эксон Мобил» кор­порациясы директорлар кеңе­сінің төрағасы Рекс Тиллерсонмен кез­де­суінде Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға компанияның қатысуы жө­нін­дегі мәселелер, сондай-ақ, бірқатар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды. Қазақстан басшысы бірлесіп жүр­гіз­ген жұмыстар кезеңінде қол жеткізілген та­бысты ынтымақтастыққа назар аудар­ды. Рекс Тиллерсон Нұрсұлтан Назарбаев­ты Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жыл­дығымен құттықтап, осы жылдары еліміздің зор жетістіктерге қол жеткіз­генін атап өтті. Сондай-ақ, «Эксон Мобил» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы елімізбен серіктестік қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Ал Петербург халықаралық эконо­микалық форумының жалпы отырысына келетін болсақ, онда сөз сөйлеген  Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта төрткүл дүниенің жаһандық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқандығына  жан-жақты тоқталды. Әлем сегіз жылдан бері тынымсыз сапырылысқан толқын мен дағдарысты бастан өткізіп келеді. Әлемдік экономиканың өсіміне қатысты ең ұстамды деген болжамдардың өзі  орындалмай жатыр.  Таяу жылдарғы  жаһандық экономиканың өсіміне арналған сарапшылардың бағасы тұрақты түрде төмендеп келеді. 2016 жылға дамушы экономикадан капиталдың сыртқа ағылуы рекордтық деңгейде, яғни 450 миллиард доллар шамасында болжанып отыр. Сонымен қатар, экономиканы дамытуға капитал құю да оның қосымша өсіміне кепіл бола алмайды, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан басшысы шикізат бағасының құлдырауы барлық экспорттаушы елдердің экономикасын айтарлықтай әлсіреткенін, бірақ,   импорттаушы елдерде дефляциялық қысым күшейе түскенін де тілге тиек етті.  Кіріс барлық өндіруші компанияларда күрт азайып, үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыратын мүмкіндіктер азайғанын атап өтті. Азаматтардың, оның ішінде әлемнің дамыған елдеріндегі орта таптың тұрмысы төмендеуі байқалады. Бұл үрдіс  әлеуметтік шиеленістің белең алуына әкелді. Бүгінде біз мұны әлем бойынша – батыста да, шығыста да, солтүстікте де, оңтүстікте де байқап отырмыз, деді Мемлекет басшысы. Н.Назарбаев әлемдегі экономикалық және саяси ахуалдың нашарлауынан көші-қон проблемасының күрделене түскенін атап көрсетті. Түрлі халықаралық құрылымдардың бағалауынша, кедейлік пен қақтығыстардан қашқан босқындардың жалпы саны 40 мил­лион мен 60 миллион адам аралығында құбылып тұр, деді Қазақстан Президенті осы орайда. Нұрсұлтан Әбішұлы, сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарының жаһандық дағдарыстың бастапқы кезеңінен уақтылы сабақ алуға құлықты болмауы әлемдік экономика проблемаларының басты себептерінің бірі екенін  атап өтті. Жаһандық экономикадағы            дағдарыстың  басты себебі, кезінде орын алған жағдайлардан халықаралық қаржы институттарының сабақ алмағанында болып отыр. Жаһандық дағдарыс басталғанда осыны ескеру керек еді. Халықаралық қаржы институттарын реформалау әлі күнге сөз жүзінде қалып келеді. Жарылған «қаржы көпіршіктерінің» орнына тоқтаусыз жаңасын «үрлеуден» пайда табудың соңына түсу күшінде қалуда. Қазіргі кезде барлық қиындықты интеграция мен жаһанданудан көру үрдісі қалыптасты. Шекараға биік дуалдар салуға шақырған үндеулер барлық тұстан естілуде. Бірақ, егер әділеттілік тұрғысынан қарасақ, жаһандық экономика интеграцияның молдығынан емес, керісінше, оның жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр, деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президентінің айтуынша, көптеген мемлекетаралық қондырмалардың бюрократталғаны соншалық, ұлттық экономикаларға кедергі келтіруде. Осы бюрократизм Еуропада да, Америкада да, Азияда да интеграцияға мүлде қарсылықты күшейте түсуде. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ ең жас мемлекетаралық бірлестік ретінде осы қатерді ескеруі керек. Дезинтеграция және экономикалық оқшаулану ішкі проблемалардың бірде- біреуін шешпейді. Бұл өзін өзі алдау ғана болады. Еуразиялық экономикалық одақ тиімді және тұрақты Еуропалық одақтың болғанына мүдделі, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың бірлескен форумын өткізу жөнінде бұрын да айтқанын,  оған сарапшыларды, ғалымдарды, бизнесмендерді шақырып, құрылған бірлестіктің мән-жайын кеңінен түсіндіру керектігін жеткізгенін көлденең тартты. Еуроодақ пен ЕАЭО арасындағы байланыс ортақ экономикалық өсімнің артуына септігін тигізіп, экономикалық белдеу Ұлы Жібек жолын жаңғырту арқылы биік белестерді бағындыруға болатындығын да айрықша атады. Петербург экономикалық форумына Еуропаның ірі  компанияларының көптеген басшыларының және Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер мырзаның қатысуы ЕО мен ЕАЭО арасындағы тікелей үнқатысудың бас­талуын жеделдетеді деп үміттенемін. Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі арасындағы экономикалық өсімнің ортақ бағыттарын қалыптастырудың перспективалары ғаламат, деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті тағы бір маңызды жоба – ЕАЭО мен АСЕАН ұйымдары арасындағы өзара тығыз іс-қимыл екенін айта келіп, Ресейдің бастамаларына қолдау білдірді. Интеграциялар әлемді кейбір елдердің кіммен қауымдасып, ынтымақтасу керектігі жөнінде жалған таңдауға ұрынғанындай қателікті қайталаудан құтқаратынына мен сенімдімін. Ең алдымен, біздің интеграциямыздың өзара ықпалдастығына негіз болатын, баршаға бірдей қолайлы қағидаттарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Меніңше, саяси конъюнктураның кез келген көрінісінен экономикалық  прагматизмнің айқын басымдығы маңызды болуға тиіс, деді Қазақстан басшысы. Экономиканы саясаттың, өңірлік және жаһандық кеудемсоқтықтың «өгей баласына» айналдырғысы келетін ахуал қалыптастыру, меніңше, ХХІ ғасырда табиғи заңдылыққа қайшы. Бір-біріне қарсы санкциялар салу мысалынан біз бұған айқын көз жеткізіп отырмыз. Бұл жаһандық экономиканың дамуын айтарлықтай  қиындатады, олардың заңына бағынбайтындай көрінетін  дамушы нарықтарға теріс әсерін тигізеді. Интеграциялардан мен әлемді сауда преференцияларының кейбір тар аймақтары арасында «сүйрету» әрекетінің нақты баламасын көріп отырмын. Бұл тұрғыдан алғанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі мен маңызын төмендету емес, керісінше, арттыру маңызды. Мұның бәрі жаһандық сауданың өсуі мен ғылыми-технологиялық алмасуға септігін тигізетін болады, деді Н.Назарбаев. Еліміздің экономикаға қатысты бас­тамалары жөнінде айта келіп, Қазақстан басшысы Ресейдің және ТМД-ның өзге елдерінің инвесторларын бүкіл өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдайлар қалыптастыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды. Соңында Қазақстан Президенті форумға қатысушылардың баршасына табыс тіледі. Әрбір сапардың өзінің алға қойған мақсаты болатыны түсінікті. Ендеше, Елбасының Санкт-Петербургке сапары да өз мақсатына жетті деп айтуға болады. Форум аясында өткізілген екіжақты кездесулер осының бір дәлелі болса,  Нұрсұлтан Әбішұлының алқалы жиында сөйлеген сөзі жаһанның түкпір-түкпірінен жиналғандарды Қазақстанның әлеуетінен хабардар етіп қана қоймай, Қазақстанның  жаңа мүмкіндіктер елі екеніне көздерін жеткізді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ