• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Жетімін жылатпаған жұрт

424 рет
көрсетілді

Қазақтың ұрпақ өсіруде өзіндік үлгі-өнегесі, салт-дәстүрі, тыйымы болған. Соны үлкендердің ақыл-парасатымен тиянақты орын­дап, ұл-қыздың жібектей есіліп тұруына жол ашқан. Кейін осы бір қасиет заманға қарай сирек­сіп, еркіндікті еркелік деп ұғып, бала тәрбиесін босаңсытып алғаны­мыз ақиқат. Кейде оның залалын да тартып қаламыз. Соның бірі жетімдер мәселесі дер едік. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы аласапыранда етек алып, естен тандыра жаздады. Оған 1998 жылы қабылданып, 1999 жылдың басынан күшіне енген «Неке және отбасы туралы» заң­дағы олқылықтар да себепкер болғанын несін жасырамыз. Кейін бұл түзелді. Бірақ жетімдер мәселесі толық шешілді дей алмаймыз. Осыны дұрыс жолға қою мақ­сатын ел азаматтары да соңғы уақыт­та қолға ала бастады. Оның айқын дәлелі, 2013 жылы құрыл­ған «Ана үйі» қоры дер едік. Жақында осы қордың ұйытқы болуымен елордада «Бала асырап алуды қолдау орталығы» жобасы бо­йынша басқосу өтті. Ол Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен болды. Жиында, аталмыш қордың алғашқы идея­сын ұсынған, кейін оның орны­ғуына өзіндік үлесін қосқан Айдын Рақымбаев жүргізіп отырды. Жалпы, «Ана үйі» қоры мен министр­лік арасында  бекітілген меморандумда көрсетілгендей, еліміздегі әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, жетімдерге арналған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалар санын азайту, сондай-ақ, әр ұл мен қыздың мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, соған барынша үлес қосу. Отырыстың басты мақсаты осындай игілікті істі жұртқа жет­кізу екен. Әсіресе, мемлекет пен үкіметтік емес ұйым арасын­дағы ынтымақтастықты өрістету, құқықтық жағынан кешенді іс-шараларды қолға алу, бұл ізгілікті істі тұңғыш рет жекеменшік-мемлекеттік әріптестік деңгейінде іске асырып, болашақта балалар үйін жабу қолға алынбақ көрінеді. Бір құптарлығы, «Ана үйі» жүйесі аясында еліміздің барлық өңірлерінен бөлімшелер ашылыпты. Қордың меңгерушісі Бибігүл Махметованың айтуынша, жаңашыл қоғамдық пікір қалып­тас­тыру, сонымен қатар, жұрт­шы­лыққа балаларды асырап алу­дың үлгі-практикалары туралы кеңінен хабардар ету, бұған ел аза­мат­тарын жұмылдыру екен. Олар­дың ең бастылары: балалар үйін­де тәрбиеленіп жатқандарды асы­рап алуға ниетті отбасыларға көмек көрсету, баланы асырап алуға дайындықтың бастапқы кезе­ңін­де және баланың отбасына бейім­делуі соған психологиялық жағынан әзірлеу, қоғамда асырап алған балалар және асырап алушы ата-аналар ұғымдарын дұрыс қабылдау жағына ұйытқы болу, бірте-бірте «тастанды бала», «балалар үйі» деген ұғымды болдырмау, әлемдік тәжірибеге орай отбасы құндылығын орнықтыру, әр балаға қамқорлық пен адам­герші­лік үлгісін көрсетуді қалып­тастыру. Ол, сонымен қатар, еліміздегі жетім балалардың 17,7 пайызы шын жетім болса, 82,3 пайызы әлеуметтік жетімдер екенін айтып, нақты дәлел-дәйектер келтірді. Әрбір қала мен облыстардағы балалар санына, сәбилер, балалар үйіндегі, интернаттағы балаларға дейін талдай келіп, бала асырауға ниет білдіріп отырған азаматтардың да тізбесін алға тартты. Жиында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұрпақ мә­селесіне жан-жақты тоқ­тала келіп, қордың атқарып отыр­ған жұмысына ризалығын біл­дір­ді. Белгілі кәсіпкерлер Н.Сма­­­ғұлов, И.Салжанов, Э.Ким, т.б. өз­дері жақсы іске жана­­шыр бола беретіндеріне тоқ­тал­­са, «Қазақстан» РТРК» АҚ бас­­қар­­ма төрайымы Нұржан Мұхамед­жанова телеарна жетім бала­лар туралы жиі хабарлар таратып отырғанын тілге тиек етті. «Бас редакторлар клубының» президенті Бибігүл Жексенбай бұл игілікті істі журналистер қауымы алдағы уақытта насихаттайтынын жеткізсе, «Егемен Қазақ­стан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының бас­қар­ма төрағасы Еркін Қыдыр ел­дің болашағы, ұлттың келешегі саналатын ұрпақ тағдырына қатыс­ты мұндай жұмысты көп болып атқару қажеттігін еске салып, қажет болса, бірігіп меморандумға қол қою мәселесін қозғады. Осы арада мына бір нәрсені айта кетсек дейміз. Жетімдер мә­селесін «Егемен Қазақстан» га­зеті өткен ғасырдың 90-жылдар­ының соңына қарай көтеріп, шетелге кеткен балалар тағдырын жиі жазған еді. Тіпті, 2001 жылы АҚШ-қа берілген балаларды іздеп барып, олардың жай-күйімен танысқан да тұстарымыз болған. Бір қызығы, құжаттарында ауру дегенмен, шын мәніне келгенде бәрі сау. Бір ғана қоянжырық бала  кездескен еді. Жетімін жы­лат­паған халқымыздың әдемі үлгі­сін еліміздің жаны жайсаң аза­мат­тары жаңа қырынан қолға алып, меценаттар қолдап, әр өңір­дегі балалар үйіне көңіл бөліп, қаржылай көмектесіп жатыр екен. Ойға ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген сөзі ора­лады. Ендігі жерде балам деген жұрт табылғанда, жұртым деген ұрпақ ақаусыз өсері айдай анық. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»