• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Мейірімді медбике

883 рет
көрсетілді

Сырқаттанғанда қа­сы­ңыздан табылатын, қы­сылғанда қол ұшын беретін медицина қыз­мет­керлерінің бірі – медбике. Әдетте, нау­қастанып қалған жан­дарға аялы алақанымен, жылы қабағымен қуаныш сыйлайтын медбикелер жө­нінде көп айтыла бермейді. Солардың бірі – Өскемен қаласындағы ме­дициналық жедел жәрдем стансасының бас медбикесі Галина Жалбакова. 1980 жылы Өскемен қаласындағы ме­дициналық училищені фельдшер маман­дығы бойынша тәмамдаған жалынды жас алғашқы еңбек жолын жедел жәрдем көлігінде қызмет етуден бастаған екен. Көп ұзамай тұрмыс құрып, декреттік демалыс­тан оралған ол қаладағы медициналық мекемелерде кіші медбике болып жұмыс істей бастады. Жауапкершілігі мол, алғыр, кез келген науқастың пәс көңілін шайдай ашатын медбикенің мәттақамдығы көзге шалынбай қалған жоқ. 1997 жылы Глубокое аудандық ауруханасының бас медбикесі болып тағайындалды. Ал 2012 жылдан бастап облыс орталығындағы медициналық жедел жәрдем стансасында ең­бек етіп келе жатқан Галина Кадеровнаның бас медбикелік, яғни ұйымдастырушылық өтілі 20 жылды құраса, жалпы медициналық еңбек жолына 36 жыл толыпты. Осы жылдардың ішінде қан­шама адамның тағдыры, денсаулығы, оған араша түскен сын сәттер мен маңдай тер, алғыс жатыр! Әріптестері Галинаны білікті маман ретінде жоғары бағалайды. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып тұратыны тағы бар. Айталық, 2000-2004 жылдары Глубокое аудандық мәслихатының депутаты атанды. Аудан деңгейінде жергілікті халықтың денсаулығын нығайту мәселелерін шешуге атсалысты. Сонымен бірге, соңғы үш жыл көлемінде Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасында орта медициналық қызметкерлермен жұмыс бойынша штаттан тыс бас маман болып еңбек етіп келеді. Медбикелік қызметтегі менеджерлік бойынша бай тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміздің ұжымда, әріп­тестері арасында өзіндік орны бар. Өзін-өзі үнемі жетілдіріп жүретін Галина Кадеровна 2014 жылы «Денсаулық сақтау саласындағы біліктілігін растау мен кәсіби даярлығын бағалау бойынша симуляциялық орталық маманы» тақырыбында оқудан өтті. Одан кейінгі екі жылда өңірдегі медбикелер­дің біліктілігін көтеруге өзі де үлкен үлес қоса бастады. 2004 жылы С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тәжірибелік психология» мамандығы бо­йынша жоғары білім алған білікті маман медбикелік істе адам жанын түсіне білудің ерекше маңызды екенін айтады. – Қазір көптеген жастар медициналық орта оқу орындарын бітіріп, қатарымызға қосылып жатыр. Жас буынмен байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Өскемен қаласындағы медицина колледжімен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар медбике ісі бойынша Астана, Алматы қалаларында біліктіліктерін тексереді. Былтыр Семей қаласындағы өңірлік онкология орталығы, Өскемен қаласындағы №1 қалалық аурухана базасында ғылыми конференциялар өткіздік. Жас мамандар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырамыз. Жалпы, қазіргі кезде медбике дәрігер тағайындаған емді орындап қана қоймайды. Жоғары медбике ісі бойынша біліктілік алған маман дәрігердің негізгі көмекшісі болып табылады. «Жасына қарай ізет, еңбегіне қарай құрмет» деген сөз бар. Галина Жалбакованы 2014 жылы Қазақстан медицина қызметкерлерінің ұлттық қауымдастығы «Мейірім» медалімен марапаттады. Денсаулық сақтау министрлігі және салалық басқарма мен мекемелерден алған марапаттары да жетерлік. Ең бастысы, ол екі бала мәпелеп өсір­ген ана. Үлкен ұлы Ринат қазір ер жетіп, қоғам­нан өз орнын тапса, қызы Кристина анасының жолын жалғап, Семейдің медициналық академиясының 4-курсын аяқтады. Меди­цинаға бет бұруына әке ық­палының болғанына өкінбейтінін айтқан Галина өз кезегінде қызының да оқуда озат, ортасында белсенді жас екенін мақтаныш тұтатынын жеткізді. Сабақтастық деген де осы емес пе! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН