335 медициналық нысан соңғы бес жылда салынды
Бұрындары Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық орта көрсеткішпен шаққанда денсаулық саласы ақсап тұратын. Алайда, соңғы жылдары Оңтүстік көптеген көрсеткіш бойынша жоғары нәтижелерге жете бастады.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, нәрестелердің өлім-жітімі 2001 жылы мың сәбиге шаққанда 16,7-ден 2015 жылы 11-ге дейін төмендеген. Аналар өлімі 2011 жылы мың адамға шаққанда 19,4 болса, былтыр 11,4-ке дейін азайған. Қан айналымы жүйесінің аурулары 14 пайызға, құрт ауруынан болатын өлім-жітім 2,1 есе азайған. Ал қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім Қазақстан бойынша 89,9 болса, Оңтүстікте 58,7-і құрап, ең төменгі көрсеткіш болып тұр.
Оңтүстік медицинасы мемлекеттік қолдаудың арқасында медицина саласындағы озық технологияның жемісін көрді. Соңғы бес жылда 335 медициналық нысан салынғандығы алыс ауылдарда да денсаулық жағынан ахуалдың оңалғандығын көрсетеді. Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейтжамал Пакеевке жолығып, біраз сауалдарымызға жауап алған едік. Соңғы жылдары халық саны алты пайызға өскен. Орташа өмір сүру ұзақтығы облыста 72,6 жасқа дейін артқан. Өлім-жітім айтарлықтай азайған. Жыл сайын өмірге 75 мыңнан астам бала келеді. Шотқа салып жіберсеңіз, республикадағы өмірге келетін әрбір бесінші шақалақ алтын құрсақ Оңтүстіктің үлесінде.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аяқталды. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта облыстың денсаулық сақтау саласы мақсатты индикаторларына қол жеткізді.
2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мақсатында денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыты бастапқы және жедел медициналық көмекті дамыту, медициналық білімді модернизациялау, мемлекет-жекеменшік кәсіпорындары мен инфрақұрылымдарды, сонымен бірге, корпоративтік басқаруды дамыту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, қоғамдық денсаулық қызметін құру болып табылады.
Облыстың жалпы денсаулық сақтау саласының бюджеті 2016 жылы 108 млрд. 380 мың теңгені құрады. Медицина ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуы – 1634,8 млн. теңге.
Денсаулық сақтаудың негізгі міндеті халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады. Халыққа үш деңгейлі медициналық көмек көрсету ұйымдастырылды. Атап айтқанда, перинаталдық орталықтар, облыстық клиникалық аурухана және Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанында 2 инсульт орталығы құрылды. Ана мен бала денсаулығын қорғау, мамандандырылған хирургиялық және реаблитациялық көмек қызметтері басымдықты дамуға бет алды. Ішкі аудит жүйесі ендіріліп жетілдірілді, барлық медициналық ұйымдарында пациентті қолдау телефондары жұмыс істейді, Call-орталығы ашылды.
Халықтың эпидемиологиялық саламаттылығы вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қарсы егумен 95 пайыз қамту, аса қауіпті және маусымдық инфекциялардан қорғайтын індетке қарсы іс-шараларды күшейту есебінен қамтамасыз етілді. 2015 жылы жасөспірімдер арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау шаралары өткізілді.
Облыс халқын 2016 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 6 млрд. 234 млн. теңге, республикалық бюджеттен 10 млрд. 700 млн. теңге бөлінді. Медициналық көрсетілімдеріне қарай, жаңадан анықталған және диспансерлік есепте тұратын науқастар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Негізгі көрсеткіштерді осылай жіліктеген облыстың бас дәрігері қордаланған мәселелерді тиімді шешуге облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың айрықша атсалысып отырғандығын айтады. Мәселен, бүгінгі күні медициналық көмекті ықпалдастыру ұстанымы негізінде облыстық әкімдік жанынан Үйлестіру кеңестері құрылды және 6 негізгі нозология бойынша (жіті инсульт, онкологиялық аурулар, жіті миокард инфаркті, жарақат, босандыру және балалық, туберкулез) өңірлік Жол карталары әзірленіп, оны облыс әкімінің орынбасары бекітті.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыс халқының өмір сүру ұзақтығы артып келеді, 2011 жылмен салыстырғанда, өмір сүру ұзақтығы 2,74 жасқа ұлғайды. Бұрындары Жапония сияқты өркениетті елдердегі адамдардың өмір сүру мерзімінің ұзақтығына сүйсініп, біздің ел қашан сондай болады деп едік.
Қазір сол Жапон, Оңтүстік Корея сияқты мықты мемлекеттердегі озық медицина технологиясы облыс орталықтарына жетті. Шетелде өте қымбатқа түсетін ағза ауыстырудың қиын оталары өз өңірімізде де жасалатын болды. Мемлекет басшысының ұзақ мерзімге қабылдаған бағдарламалары өңірде осындай табысқа ие болып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы