• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2016

Ұрпақ және ҰБТ

706 рет
көрсетілді

Елімізде 2004 жылдан бастап енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесі бойынша бір мезгілде біріктірілген екі сынақ өткізілетін, яғни мұнда бір жағынан мектеп бітірушілер аттестацияға, ал екіншіден, ЖОО-на түсу үшін сынақ тапсыратын. Соған орай Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Қали ӘБДИЕВ келесі оқу жылынан бастап бұл салада болатын өзгерістер туралы айтып берді. – Қали Сейілбекұлы, жалпы биыл елімізде қанша тест тапсыру пункті жұмыс істеді? – Бұл білім саласындағы бір жылғы жұмыстың жемісі емес, мұны үш кезең­ге бөліп қарауға болады. Мысалы, 1992-1999-жылдар, одан кейін 1999-дан 2004 жылға дейінгі кезең, соңғысы 2004 жылдан күні бүгінге дейін қол­даныста болған ереже, енді міне, әрі қарай тағы да өзгерістер болады деп жос­парланып отыр. Ал, біздің тест орта­лығының атқаратын жұмысы шара­ға орай технология әзірлеу, қажетті тест тапсырмаларын қалыптастыру бо­лып табылады, мұнымен қабат тест қабыл­дай­тын өкілдердің барлығы бізден ар­найы дайындықтан өтеді. Қазіргі ҰБТ өткізу пункттері біздің филиалдарымыз болып есептеледі, мұның әрқайсысында екі адам жұмыс істейді. Бүгінде 154 филиал бар десек, олар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Одан басқа және жергілікті бюджеттен қар­жы­лан­дырылатын тағы да 11 пункт бар, бәрін қосқанда, биыл 165 пунктте ҰБТ өткізілді. Олардың көпшілігі аудан орталықтарында орналасқан, мектеп­тер­дің базасында, атап айтқанда 106-сы мектепте, ал қалғандары Алматы, Астана қалаларында және облыс орта­лықтарында орналасқан ЖОО-да. – Тестің қорытындыларын шы­ғ­а­ру­­мен кімдер айналысады? – Республикалық комиссияның оты­рысы әдетте тамыз айында бола­ды. Сол кезде ҰБТ-дан өткен түлек­тер­дің нәтижелері, тапсырған құжа­тына байланысты мамандықтың ведо­мос­тары, яғни балы бойынша орындары көрсетілген тізімдер бізде дайындалады. Сөйтіп барып, комиссияға түседі. Бірінші кезең – тест тапсыру, екінші кезең – республикалық конкурсқа қатысу үшін өтініш тапсыру, мамандық таңдау, сол мамандыққа грант үшін бәсекеге түсу, одан кейінгі үшінші кезең – ЖОО-ға барып құжаттар тапсыру. Осының бәрі қазіргі кезде мектеп түлектеріне ың­ғай­лы түрде қалыптастырылған. Биыл­ға дейін осындай әдіспен жүргізіліп келді. – Ұйымдастыру жұмыстарының ерек­шеліктері туралы айтып берсеңіз? – Бізде білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі деген жалпы атпен бірік­тірілген жүйе бар. Біз сол ұл­т­тық жүйенің құрамдас бір бөлігіміз. Өткі­зетін сынақтарымыз бен мони­торинг­теріміз көп, бір ғана Ұлттық бірыңғай тестілеуден осы 13 жылдың ішінде 1 миллион 588 мың адам өтіпті, басқалардан да қатысушылар көп, мысалы, жылына магистратураға түсу емтиханына 30 мыңнан астам адам қатысады. Өткен жылы мектеп бітір­гендер мен колледж түлектері ішінен емти­ханға қатысушылар аз болған жоқ. Соңғы жылдары орта есеппен, 82-84 мыңдай адам қаты­сып жүр. Бұл да үлкен бір сынақ. Мем­ле­кеттік аттестация кезінде де жұмыс істейміз. Мектептерде, ЖОО-да мем­лекеттік аттестациядан өтуге міндет­тейтін заң бар. Әрбір оқу орны бес жылда бір рет өтеді. Осындай кезде ат­тес­тациялық комиссияның ішіне біз­дің де тестіміз енгізілген. Одан жоғары курс студенттері, мектеп оқушылары өтеді. Биылғы жылғы бірыңғай тестілеуге келсек, біз дайындықты әдетте ҰБТ біткеннен кейін бірден бастаймыз, себебі, ең негізгі мәселе тест тапсырмаларын қалыптастыру болып табылады, айтар болсақ, тест тапсырмалары қаншалықты сапалы болды, қандай кемшіліктері бар, міне, сонымен шұғылданамыз. Одан кейін оқу жылының басында біз бүкіл оқу орындарының қорын жинаймыз, онда әрбір оқу орнындағы оқушылар туралы мәліметтер алынады. Оның қан­шасы орыс, қаншасы қазақ, қаншасы басқа тілде оқиды, т.с.с. басқа да түрлі мәлі­меттер жинаймыз. Ол мектеп, біз­дің пункттен қанша шақырым жерде ор­на­ласқанын білу маңызды. Егер ол 50  ша­қырымнан алыс орналасса, ондағы бала­ларды тестілеуден бір күн бұрын әкеліп, дайындау керек, 50 шақырымнан жақын болса, олар да таңертеңгі уақытта тасымалданады, бұл істер жергілікті жердегі комиссияларға жүктелген. Ал, біз оларға осы жұмысты орындау үшін мәліметтер жинаймыз. – ҰБТ-ның биылғы көрсеткіштері көңіл көншітерлік пе? – Оқушы өтініштері 13 наурыздан 25 сәуір­ге дейін өткізіледі. Себебі, анық­та­маға сәйкес ҰБТ-ға барлығы бірдей қа­ты­­­суы қажет деп табылмайды, тек қана биыл­­­ғы жылы ЖОО-на барғысы келе­тін­­­дер­ге міндеттеледі. Сондықтан олар өті­­­ніш жазады, міне, сол өтініштер­ді жи­­­­н­а­­­­ған кезде біз тестілеуге қан­ша адам қаты­­­­­сады, оның қан­шасы қай тіл­­­де деген мә­­­лі­­­­­мет­терді ала­мыз. Биыл­ғы жы­лы мы­сал­­­­ға айтар бол­сақ, 25 сәуір­ге де­йін 869 99 өті­ніш беріл­ді, оның ішін­де 63026-сы қа­з­ақ тілінде, ал 23 973-і орыс тілінде оқы­­­­ған­­­дар. Әрине, өтініш бергендердің бар­­­лы­ғы бірдей келе бермейді, түрлі себеп­­тер­мен қатыспай қалатындар да кез­десіп жатады. Биылғы ҰБТ-ға 84 079 адам қат­ысты. Бұл жалпы биылғы жылы мек­теп біті­ру­шілердің 69,5 пайызы деген сөз, оның ішінде қазақ тіліндегілер – 61739, ал орыс тілділері – 22340 адам. Міне, енді саны белгілі болғаннан кейін тест тапсырмаларының кітапшаларын дайындай бастаймыз. Тесттің мазмұнына келсек, 125 сұрақ қамтылады, барлығы бес пән бо­йын­ша, әр­қайсысында 25 сұрақтан. Оның ішінде мін­­детті пәндер – қазақ тілі, математика, Қазақ­­стан тарихы, орыс тілі және де бе­сін­­­шісі мамандыққа байланысты мек­теп бі­ті­­рушінің өзі таң­дай­тын пән бар. Таң­дау пәндері маман­дық айқындауға мүм­­кін­дік береді. Жал­пы, әр түлекке төрт ма­­ман­­­дық таңдауға мүм­кіндік жасалады. – Оқушылар көбіне қандай мамандықтарды таңдайды?         – Барлығы гранттардың санына байла­нысты. Мемлекетіміздің сая­саты бойынша гранттар ел эконо­ми­касын дамытуға арналған ең қажетті мамандықтарға беріледі. Атап айт­қанда, техникалық ғылымдар және тех­нологиялар саласына көп бөлі­неді. Одан кейін білім, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салалары бағытына басымдық берілген, гранттардың көп­шілігі осыларға белгіленеді. Соған бай­ланысты техникалық ғылымдар мен технологиялар бойынша мамандық таң­дағанда оқушы негізгі пән ретінде физи­каны таңдайды, сол сияқты биология пәнін таңдаушылар да өте көп, себебі, денсаулық сақтау саласы мен ауыл шаруашылығы саласындағы біраз маман­дықтар биологияны қажет етеді. Одан кейін география мен шет ел тіл­дері де көп таңдалатын пәндерге жата­ды. Бұл грантқа қатысты әңгіме. Өйт­кені, түлектердің көпшілігі мемлекет есебі­нен тегін оқуды қалайды. Себебі түсі­нікті, бірінші, әлеуметтік жағдайға бай­ланысты, екіншіден, түлектерге жатақ­хана беріледі. Мұнан кейінгі тағы бір категорияны айтсақ, ауыл балаларына арналған квота бар. Осы жоғарыдағы мамандықтарға бөлінетін орындардың отыз пайызы міндетті түрде ауыл мек­тептерін бітіргендерге беріледі. Енді осындай жерде бір кемшілікті айтпай кету мүмкін емес. Жаңа айтқанымыздай, бір пән төрт мамандықты таңдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты кейде мектеп бітірушілер мамандықты дұрыс таңдамай қалуы мүмкін. Қандай мамандыққа оқуға барасың деген сұраққа балалар онша жауап бере алмай күміл­жіп қалады, ал енді қандай пәнді таң­да­дың десе, мүдірмей бірден жауап беріп жатады. Неге? Өйткені, пәнді таңдап алады да, одан кейін балға байланысты қай жерге баратынын шеше­ді. Сонда енді қараңыз, мысалы, био­ло­гия пәнін таңдаған бала қай оқу орны­на бара алады? Біріншіден, жалпы медицина мамандығын таңдау құқы бар. Алайда балл деңгейі бойынша өтпей қалған жағдайда, тағы қандай мамандықты таңдауға болады дегенде, енді абитуриент әйтеуір біреуін таңдауға көшеді, сөйтіп, таңдау барысында мүлде басқа жаққа кетіп қалады. Мысалы, екінші мамандық ретінде агрономияны көрсетсе, үшінші мүмкіндік – экология, төртінші мамандық биология пәнінің мұғалімі. Сонда қарап отырсаңыз, бір пән арқылы төрт түрлі бағыттағы маман­дықты таңдайды. Мұндағы олар­дың мақсаты қалай болған жағдайда да грантпен оқуға түсу керек деп ойлай­ды. Осындай кемшіліктер бар. Бірақ ен­ді шы­нымен де грантпен оқу отбасына ауырт­­палық түсірмейді, екіншіден, грант­­­тардың бағасы жылына 360 мыңнан бас­тап әрі қарай 700-800 мыңға дейін же­теді. Биыл да сол деңгейде. – Кейде алдын ала дайындық тесті­лерінің көрсеткіші бойынша 100-­дің үстінде балл алып жүрген оқушы негізгі сынақта одан әлдеқайда төмен баға алып шығады деген шағым­дар­ды құлағымыз шалып қалады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? – Мұндай жағдайлар өте сирек кез­де­седі. Олардың оқу жылының басы­нан бері алған балдық көрсет­кіш­тері көп­шілік жағдайда ҰБТ нәтижесімен сәй­кес келеді. Әрине, ауытқулар бола­ды, бірақ олар соншалық жер мен көктей емес. – Сынақ кезінде жергілікті ко­мис­сия­лар қандай жұмыстармен айналысады? – Негізгі кезеңге дайындықтың тағы бір түрін айтатын болсақ, техникалық құралдарды, оның ішінде бейнебақылау, металл іздегіштер, қатысушылардың қалтасындағы ұялы телефондарды неме­се басқа да рұқсат етілмеген заттар­ды анықтауға мүмкіндік беретін, ұялы бай­ланысты тұншықтыратын құрал­дар­ды жергілікті комиссиялар өте қатаң бақылауда ұстайды. Біз жібер­ген министр­лік өкілдері ішінде бір тех­ника­лық маман болады, сол барған кезде құрал­дардың дайындығын тексереді, бұл жүйе де соңғы кездері қалыптасқан. Мы­салы, жергілікті бюджет арқылы ашыл­ған пункттерге де сондай талап қоямыз. – Нәтижелер қандай жолдармен жеткізіледі? – Былтырғы жылдан бастап нәти­же­лерді жариялаудың әдістерін өзгерт­тік. Үш түрлі жолмен, біріншіден, мек­теп­терге тізім бойынша фамилиясы көр­сетіл­ген ведомостар жіберіледі, бізде ереже бойынша тест қай күні болса, нәти­же де сол күні шығарылады, соған орай қорытынды мектепке сол күні жіберіледі. Мұнда оқушылардың аты-жөні, бағасы толық көрсетіледі. Екінші түрі, тест өткен жердегі тақтаға тізімді іліп қою арқылы хабарланады. Мұнда оқушылардың аты-жөні көрсетілмейді. Былтырдан бастап осылай істеп жүрміз. – Нөмірлер арқылы белгілеуді айтып отырсыз ба? – Иә. Әр қатысушының өзінің жеке сәйкестендірілген нөмірі бар, екіншіден, тест тапсырушының жеке коды беріледі. Сол арқылы көрсетіледі. Үшінші оңай жолы, код арқылы интернеттен таба алады. Яғни, біздің сайттан тестілеудің нәтижесін көре алады. – Газеттерде жарияланбай ма? – Газетте конкурстың нәтижесі тамыз айында жарияланады. – Сынақ кезінде қандай әрекет­терге қатаң тыйым салынады? Биыл сон­дай қанша заң бұзушылық байқалды? – Сынақ қоймадағы сұрақ-кітапша­ларын алып келуден басталады. Бұл жерде ҰҚК-нің адамдары алып келіп, тест өткізетін министрлік өкілдеріне тап­сы­рады. Әрбір аудиториядағы бөлін­ген ба­лалардың саны белгілі бол­ған­­дық­тан кітапшалар сол ретпен дайын­далады, жалпы ҰБТ өткізуге, жауап­тарын толтыруға үш жарым сағат бері­леді. Жылдағы бір кемшілік: оқу­шы­лар арасында сынаққа телефон алып кіру тыйылмай отыр. Тіпті, біреу емес, бірнешеуін алып келушілер саны мүлде азаяр емес. Биылғы жылы мы­салы тестілеуге кіргізу кезінде 15700 теле­фон алынды. Ал тест өтіп жатқан кезде 13700 телефон қолға түсірілді. Әрбір екі адамның біреуінде телефон бар деген сөз. Осы мәселе алаңдатады. Бірақ мұндай жағдайларды министрлік өкілдері жіті бақылайды. Біреуге телефонмен сырттан көмек көрсетіліп жатса, әрине, телефоны тәркіленеді, ескерту беріледі, ескертуге көнбесе, онда ауди­ториядан шығарылады. Биыл 38 бала сондай телефон үшін аудиториядан қуылды. Біреудің орнына біреудің кіріп кетуі былтыр көп кездескен. Алматы облысында, Ұзынағашта 13  адамның орнына арнайы дайындалған студенттер кірген, ұйымдастырушы топ жұмыс істеп, ақша жинаған, мұндай жағдайлар былтыр жария етілді. Биыл осындай бір жағдай ОҚО-да, Сарыағаш қаласында орын алды. Енді бір кемшілік, жергілікті жердегі мемлекеттік комиссия мен сынақ тапсыруға жіберілген өкілдер ара­сында кейде келіспеушіліктер кез­десіп қалады. Ондай да жағдай болды. Бір-екі рет мемлекеттік комиссияның мүше­лері, өкілдері ауыстырылды, сөй­тіп, мәселелер дер кезінде шешілді. Ақтөбе қаласында 6 маусым күні біздің екі пунктте сынақ өтуі керек болатын, бірақ сондағы террорлық әрекетке байланысты кейінге қалдырылып, 7  мау­сымда өткіздік. Бір күн кешіккені бол­маса, тестілеуге басқа әсері тиген жоқ...Апелляциялық комиссия, сондай-ақ әрбір пунктте жергілікті комиссия бар. Орталықта республикалық комиссия жұмыс істейді. Жергілікті жердегі комис­сияның құрамына сол жердегі пән мұға­лімдері тартылады, біз тек оларға бір адамды ғана ұйымдастыру жұмысына қосамыз. Бірінші шағым жергілікті комиссияға келіп түседі. Олар тест сұрақтарында кемшілік бар деп тапқан жағдайда орталыққа жібереді. Мұны орталықтағы республикалық комиссия бекітеді. Биыл сондай 541 шағым түсті. Бірақ соның 139-ы қанағаттандырылды. Себебі, көп ақау техникалық жағдайдан кеткен. Бір-екісінде тест тапсырмасы сұрағындағы суреттер жылжып кеткен. Дұрыс шықпай қалған, анық көрінбейді. Кей жағдайда басқа жауап белгіленген. Бұл әртүрлі оқулықтағы бір-біріне сәйкес келмей қалған жағдайдан орын алған олқылықтар. – Бүкіл ҰБТ тапсырмаларынан қанша қате табылды? – Биылғы қате 0.14 пайызды құрайды. Соң­ғы жылдары тест тапсырмаларының сапа­сы жаман емес. Биылғы жылғы жетіс­тігіміз – біраз кітапшаларды түрлі-түс­ті суретпен шығардық. Себебі, сурет тап­­сыр­­маны құрастырған кезде көр­некі­­лігін арттыруға мүмкіндік береді. Әр уа­­қытта диаграммаларды, функ­ция­­­­ның графиктерін, кестелерді көп қол­­­да­­н­а­мыз. Бұлар тест тапсырмасын тез түсінуге мүм­кіндік береді. Сынақ кітап­­­тары шама­мен 50-60 беттей бола­ды, кей­де мұнан да аз болуы мүм­кін, бі­рақ соның бәрін сапалы шығару­ға ба­рын­­ша көңіл бөлінеді. Олар­ды сырт­қы бас­па­ларға бермейміз, өзіміз­де шы­ға­ры­ла­ды. Мем­лекеттік құпия­ны сақтау талабы бо­йынша солай. Міндеті­міз – оның са­па­сын жылда жақсартып отыру. Соған бай­ла­ныс­ты баспахана соң­ғы жыл­дары жаңа тех­никамен жаб­дықта­лып, түрлі-түсті кітапша шығаруға жағдай туғызылуда. – Жергілікті жерлерге сынақ кітапшалары қалай жеткізіледі? – Мемлекеттік құпияны сақтау ережелері бойынша арнайы қапқа салынып, мұқият қадағаланады. ...2011 жылы мынадай бір жағдай орын алды. Қызылорда облысының Жаңа­қорған ауданында орамадағы кітап­тар ашылып, қоймада тұрған жері­нен ұрланған, сұрақтарға жауап дайындап, мұғалімдерге таратылып кеткен, кейін заң бұзғандар сотталды. Мұн­дай жағдай­лар қайталанбас үшін бүгін­де барлық шаралар қарастырылған. – Мамандар аз уақытта қалай даярланады? – Мамандар даярлау оңай шаруа емес, біріншіден, бұл тың сала, екіншіден, ЖОО-да арнаулы тестология туралы пән жоқ. Сондықтан мамандарды өзі­міз­де оқытып жатырмыз. Ол үшін шетел­ден мамандар шақырылады. Бол­маса тәжірибе жинақтап қайту үшін маман­дар шетелге жіберіледі. Осы мақ­сатта екі Халықаралық ассоциацияға мүшеміз. Бірі Халықаралық білім саласындағы бағалау ассоциациясы деп аталады, екін­шісі – Еуразиялық білім бағалау ассоциациясы. Екеуінде де өзіміз сияқты әріптестеріміз жұмыс істейді, одан тыс конференцияларға қатысамыз, басқалардың тәжірибесін үйреніп, кәсіби біліктілікті арттыруға барынша көңіл бөліп отырамыз. – Сынақтағы сәтсіздіктерге бола жаңа өмірге аяқ басқалы тұрған жет­кін­шектің кейде тағдыры қиылып кете баратын қайғылы жағдайға тап болып жататынымыз өкінішті. Мұн­дай оқиғаның алдын-алу жағы қалай қарастырылған? – Мұндайда әрбір мектепте баламен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін психологтарға үлкен үміт артылады. Екіншіден, онымен айналысатын басқа мекемелер де өз қызметтерін ұсынады. Түсіндіру жұмыстары кезінде осыған баса назар аударамыз. Тест маңызды, бірақ бала өмірі бәрінен қымбат. Сол үшін ата-ана, мектеп тарапынан қысым болмау жағы қадағаланады. Бүкіл жұмысты балалармен жұмыс істеу ережелерін меңгерген маман педагогтар атқарады. Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі, бірде-бір мұндай көңілге қаяу түсіретін жағдай орын алған жоқ. – Тест сұрақтарын кімдер дайын­дайды? – Ең бірінші бұл жұмысқа мектептің мұғалімдерін қатыстырамыз. Оларға біліктілік категориясы жоғары, еңбек өтілі бар, осындай жұмысқа бұрын қатысып жүрген тәжірибелі адам болуы керек деген талаптар қойылады. Және оны облыстық білім басқармасы ұсынуы керек. Осылардан іріктейміз. Кей жағ­дайда ЖОО-ның оқытушылары да қаты­са­ды. Бұларға арнайы семинар өткізі­леді. Содан кейін олар тест тап­сыр­ма­ларын жасайды, әрі қарайғы жұмыс­ты басқа топ жүзеге асырады. Тест сапасын тексерудің тиімді бір жолы сынақ­ты мектептерге барып өткізу бо­лып табы­лады. Яғни, апробация түрі. Мұнда балаға баға қойылмайды, кері­сінше тест сапасын анықтаймыз. Қара­пайым қағида: тест тапсырмасын балалардың барлығы орындайтын болса, ендеше, ол жарамсыз деген сөз, өйткені, бұл қарапайым жай жеңіл жол болып шығады, мұнымен бір сыныпта отырған оқушылардың білім деңгейі бағаланбайды, екінші жағдай –ешкім жауап бере алмаса да солай, ондай сынақ тапсырмасы автоматты түрде жарамсыз болып шығады. Себебі, олай болуы тағы дұрыс емес. – ҰБТ-ға көпшіліктің сенімі туралы не айтар едіңіз? – ҰБТ-ға қоғамның көзқарасына орай 2012 жылы арнайы сауалдама жүргізілген болатын. Мұны Қазақстан социологтары мен саясаткерлері қауым­дастығы жүргізді. Одан кейін 2014 жылы Мемлекеттік білімді дамыту бағ­­дарламасының орындалу барысы бойынша тағы да басқа ұйымдар сауал­дама жүргізді. Соның ішінде бір сұрақ, осы қоғамның ҰБТ-ға пікі­рі­не қатыс­ты. Сондағы жауаптарға қарап отыр­сақ, сауалдамаға қатысқан маман­­дар­­­дың 70 пайызы, одан сәл ар­тығы ҰБТ қа­лыптасқан жүйе деп есеп­тейді, және де ЖОО-на түсуді тиімді ұйым­дастыруға мүмкіндік беретін жүйе делін­ген. Шындығында, сырт көзбен қарай­­тын сарапшылар ҰБТ рөлін дұрыс түсі­­неді деп ойлаймын. Сонымен қатар, ол әлеуметтік міндетті атқарушы, ауыл мектептерінде оқыған балалардың ЖОО-на көп шығынсыз, алысқа ат арылт­пай-ақ түсуіне мүмкіндік туғыза­тын жүйе ретінде маңызды. Енді әрине, ата-аналар көбіне ҰБТ тура­лы дәл мәліметті баласы оқу бітіріп жатқан­да біле бастайды. Бұл жайт мұғалім­дерге жақсы аян... Мұны дамыту керек, жетілдіре түсу керек деген пікір­лер бар. Осының қорытындысы ретін­де бір нәрсені айтуға болады, биыл білім туралы өзгеріс енгізілді. ҰБТ-ның анықтамасы өзгертілді. Егер 2004 жылдан бері ол біріншіден, аттестат үшін тапсырылатын сынақ болса, екіншіден, ЖОО-на түсу үшін өткізілетін, енді келесі жылдан бастап ҰБТ сынағы тек қана ЖОО-на түсуге мүмкіндік береді. Яғни тағы бір жаңа кезеңге табан тірегелі тұрмыз. Ол үшін дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек, әрине. Бұл жұмыстар енді ғана бас­талып жатыр. Анықтама заңда өзгер­тіл­генмен, басқа құжаттар әлі дайын­далған жоқ. Жоспар жасалған жоқ. Соған байланысты біз қазір үлкен бір жаңа белесті бетке алғалы тұрмыз. – Әңгімемізді қорыта келгенде, биылғы ҰБТ-ның қорытындысы қандай? – Биылғы сынақта 125 балды 19 оқу­­­ш­ы алды, оның көпшілігі Алматы қала­­­сынан және Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы­нан. Сондай-ақ, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды, Батыс Қазақстан об­лыс­тары мен Астана түлектері жақсы нәт­ижелер көрсетті. Мұндай жоғары бал­ға ие болғандар былтыр 5, одан бұрын 7 еді. Бірақ 2011 жылы олар­дың ұзын-ырғасы 30 оқушыға жетіпті. 100 балдан жоғары жинағандар саны да белгілі. Бұлар – 16565 қатысушы, яғни бүкіл тапсырушылардың 19 пайыз­­дан астамын құрайды. Ал, 50 балл жи­най алмай қалғандар саны –14252. Бірақ бұл жерде бір жайтты ескеруіміз керек, 50 балдық көрсеткіш кейбір маман­дықтарға міндеттелмейді, өйткені, бізде 25 шығармашылық мамандық бар. Оларға түсу үшін 50 балл жинау мін­детті емес, онда екі пән – Қазақстан тари­хы мен қазақ тілі пәндері ескеріледі. Қалған екі пәнді ЖОО-да тапсырады. Сон­дықтан оларды жолы болмай қалған­дар санатына қосуға ешқандай негіз жоқ. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар