• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2016

Өзекті мәселелерге үн қатты

318 рет
көрсетілді

Үкіметтің селекторлық режімдегі кезекті отырысында экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралар жоспары талқыланды. Сондай-ақ, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және оны өзектендіру жайы қаралды. Отырыста Үкімет басшысы бұдан бөлек ел өмірінде орын алып жатқан басқа да өзекті мәселелерге назар аударды. Мәселен, соңғы аптада қоғамда қызу талқыға түсіп, елді елең еткізген – спортшыларды шырылдатқан допинг, шаруаларды шығындатқан шегіртке, Алматыны алаңдатқан жауын-шашын салдарына байланысты жағдайларға қатысты жиын басында-ақ Үкімет мүшелеріне тиісті тапсырмалар жүктелді. «ДОПИНГ» НЕГЕ  ШЫРЫЛДАТТЫ? «Бүгiнгi күнi допинг дауына қатысты көп сұрақтар туындап отыр. Қазiр бiздiң команда Олимпиада ойындары, басқа да жарыстарға дайындалып жатыр. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлiгi, Ұлттық олимпиада комитетi бiздiң спорт­шылардың бұл сыннан абыроймен өтуiн қамтамасыз етуі керек», деді К.Мәсiмов. Үкiмет басшысы елiмiзде допингке қарсы жақсы зертхана жабдықтау мүмкiндiктерiн қарастыру қажеттiгiн де атап өттi. Допинг-тесттер өткізу үшін зама­науи зертханалар сатып алу­ға қаражат қарастыруды тапсырды. Еске салсақ, Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпия ойын­дарында ауыр атлетикадан чемпион атанған қазақстандық спортшылардың допинг-тесті қайта тексерілген. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының мәліметінше, қазақстандық төрт спортшы – Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова және Майя Манеза жарыстан шет­тетілген. Мұның бәрі ел арасы­н­да күдік тудыра бастады. Себебі, бұл салада әлемді аузына қарат­қан зор жетістіктерімізге «көре алмаушылық» болып, аяқ­тан шалатындар табылмасына кім кепіл?! Халықаралық феде­рацияның бұл шешімдері қан­шалықты шындыққа жанасады? Жалған болған жағдайда, біз спортшыларымыздың «күнә­сіз­дігін» ақтап шыға аламыз ба? Жұрт арасында алаң тудыр­ған, міне, осындай мәселелер. Ал бұған көз жеткізудің бір амалы зертхана болса, елде бұған сай зертханалық жабдық­тары­мыздың да жоқтығы қын­жылтады. Әрине, кемші­лік­тің бәрін кемістік кеткен соң ғана анықтау жақсы емес. Дегенмен, спорттық салада алдағы жыл­дар­­дан да зор үмітіміз бар еке­­нін ескеріп, керек зертхананы жабдықтауды қазірдің өзінде қолға алған абзал. Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы да қазір­гі таңда бұл жағдайды ба­қы­лауға алғандарын айтты. 27 мау­сымда Лозаннада тәртіптік комиссияның ақтық отыры­сы өтетінін алға тартып, үміт­тің шырағы үзілмегенін жет­кізді. «Риодағы Олимпиада қар­­­саңында біз өзіміздің зерт­хана­­лық медициналық құрал­дары­мызды күшейтеміз, себебі бұл қателіктердің қайта­лан­ба­ға­ны өте маңызды», деді министр. Біз өткен нөмірлеріміздің бірінде осы мәселеге орай «Илья Ильин ақырына дейін күреседі» («Егемен Қазақстан», 20 маусым, 2016 жыл) деп жаз­ған едік. Ал Үкімет басшысы «Біздің спортшылар осы сы­нақтан сүрінбей өтуі үшін барлығын жасауымыз қажет», деп шегелей айтты. Енді­гісін кім білген, деген­мен, халықаралық тәртіптік комис­сияның ақтық отырысы «оң қабақ» танытып қалар деген үмі­тіміз де жоқ емес. ШАРУАЛАРДЫ НЕГЕ ШЫҒЫНДАТТЫ? Оңтүстiк Қазақстан мен Жам­был облыстарында ше­гiрт­кеге қарсы дәрілеу жұмыс­тары уа­қытында жүргiзiлмеген. Со­ның салдарынан шаруалардың шы­ғынға батып отырғандығы. «Егемен Қазақстанның» ке­шегі нөмірінде сынға алынып, бұған АШМ-ға қарасты құ­ры­лымдардың тендерді кеш өткіз­ген бейқамдығы себеп бол­ған­дығы мамандар пікіріне сүйене отырып жазылған еді. («Ба­сшылардың сал­ғырт­тығы­нан шаруалар шығынға ұшы­рады», «Егемен Қазақ­стан», 21 маусым, 2016 жыл). Газет да­былы Үкіметті қозғалысқа кел­­тір­гендей: кешегі Үкімет оты­­ры­сында осы мәселеге орай тиісті орындардан жауап сұ­рал­ды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрі А.Мырзахметов, Оң­түс­тiк Қазақстан облысының әкі­мі Б.Атамқұлов, Жамбыл об­лы­сының әкімі К.Көкірекбаев өңір­лердегі жағдай туралы есеп бер­ді. Осыған қатысты Премьер-Министр аграрлық ведомство бас­шы­сына бірқатар тапсырма жүк­теді. «Сізге беретін тапсырма – барлық жағдайды талдау. Біріншіден, мәселені шешу керек. Екіншіден, алда мұндай жағдай қайталанбас үшін айыптыларды жазалау қажет. Сосын маған жеке баяндайсыз», деді К.Мәсімов. Өз кезегінде аграрлық ведомство басшысы Премьер-Министрге қазіргі уақытта об­лыстық фитосанитарлық диаг­ностика орталығының директоры мен оның Сарыағаш ауданындағы филиалының басшысын қызметінен босату туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта комитет және ОҚО мен Жамбыл об­лысының құрылымдық бөлім­шелерінің басшылығының жауап­кершілігі туралы мәселе қаралуда, өңдеудің жедел жүр­гізілуін бақылайтын жедел штаб күшейтілген. Министр биыл шегiрткеге қарсы өңдеу жұмыстары уақытында жүр­гiзiлмегенімен қатар, бұл жағ­дай табиғи құбылысқа да байланысты екенін түсіндірді. «Биыл қыс жылы болып, көктем ерте шықты. Сондықтан шегiрткеге қарсы күрес 15-20 күн ерте бас­талуы тиiс едi. Осы фактор ескерiлмей, қызметтерге жүр­гiзiлетiн байқау уақытында өт­кiзiлмеген. Қаражат толық көлемде бөлiндi, препараттар болды, тек тендердi уақытында өткiзу керек едi. Алқаптарды өңдеу сәуiр айының соңында басталды. Авиациялық дәрілеу шамамен бiр айға кеш басталды. Ал жердегi өңдеу 15-20 күнге кешікті», дедi А.Мырзахметов. Осы жағдайға байланысты комиссия құрылған. Қазiр комиссия қызметтiк тексерiс жүр­гiзiп жатыр. К.Мәсiмов бұл жағ­дайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. АЛМАТЫНЫ НЕГЕ  АЛАҢДАТТЫ? К.Мәсімов Үкімет отыры­сында, сондай-ақ, соңғы уақыт­та Алматы тұрғындарын алаң­­да­тып, біраз әлекке сал­ған мәселеге назар аударды. Яғни, жақында жауған жауын­ның салдарынан қаланы су басуына қатысты жұмыстағы кем­шіліктерге тоқталды. Осы ретте қала әкімі Б.Байбектің есебін тыңдады. Әкімнің айтуынша, бүгінде Алматыда қалаға қосыл­ған аумақты қоса есептегенде, ұзындығы 221 шақырым бола­тын 28 өзен бар. Осыған байла­нысты су тасқыны болуы ық­­ти­мал 21 учаске анықталған. Ақ­пан-наурыз айларынан бері коммуналдық қызметтер ұзындығы 188 шақырым болатын өзен арналарын, каналдар мен арықтарды тазалап, 5000 текше метр қар, 17 мың текше метрден астам тұрмыстық қатты қоқыс шығарылған. «Дегенмен, мамырдың өзін­де 200 мм. жауын-шашын жау­ды. Бұл айлық нормадан екі еседей асып түсті. Ал 17 мау­сым­­да 3 сағат ішінде 50 мм-ға де­йін жауын түсті», деді Б.Байбек. Әкімнің айтуынша, табиғаттың мұндай тосын мі­незі соңғы рет 1957 жылы бай­қал­ған көрі­неді. Қала әкімі жалпы жағ­дай бақылауда екенін айт­ты. Жұ­мыстың бәрі бұлай тия­нақ­­ты жасалған болса, «жауын-ша­­шын салдары Алматыны неге сонша алаңдатты?» деді ме екен, әкімнің баяндама­сын то­лық тыңдаған соң, Премьер-Министр таяу уақыт­та Алма­ты­ға барып, бұл жұмыс­тар­ды өз көзі­мен көріп қайтаты­нын жеткізді. ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ӨСІМ БОЛА МА? Үкімет отырысының күн тәр­­тібіндегі негізгі мәселе бой­ын­ша Ұлттық экономика ми­нис­трі Қуандық Бишімбаев Мем­­лекет басшысының тап­сыр­­­масымен жасалған 2016-2017 жылдары экономикалық өсім­ді ынталан­дыру және жұ­­мыспен қам­тамасыз ету бо­йын­ша қосым­ша шаралар жос­парын таныс­тырды. Оның ай­ту­ынша, ағым­дағы жылдың со­ңына қарай экономиканың оң өсімін қам­та­масыз ету үшін үш бағыт бойын­ша сәйкес шаралар қалыптас­тырылған. Бірінші бағыт аясында өндіру көлемін арттыру және мұ­найды қайта өңдеу, көмір өн­діру, «ССТБӨ» АҚ темір кенін Қытай мен Ресейге жеткізу, отан­дық кәсіпорындарды жүк­теуді және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша шаралар қа­­рас­ты­рылған. Екінші бағыт «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және 2016 жылғы Дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жоспары аясында жоспарланған қаражатты пай­даланудың тиімділігін арт­тыруға бағытталған. Сонымен, 155 млрд. теңге сомасындағы уа­қытша еркін қаражат айналым капиталын, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы өңдеу өнер­кәсібіндегі экспорт алды және экспорттық несиелеуді қар­жы­ландыруға бағытталады, деді Ұлттық экономика министр­лігінің басшысы. «Экономиканың өсіміне жыл­дам әсер ету үшін ағым­дағы жылдың екінші жарты­жыл­дығында ішкі сұранысты ынталандыруға Үкіметтің арнайы резерві есебінен 91,5 млрд. теңге бағытталатын бола­ды», деді Қ.Бишімбаев. Жоспардың үшінші бағыты – «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфра­құрылымдық жобаларды және экономиканың басымдықты салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету. «Болжанған шараларды ескере отырып, ағымдағы жылдың маусым-шілдесінде экономика оң жағдайға шығады, ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша өсімнің жоспарланған дең­гейіне шығады деп күті­луде», деді Қ.Бишімбаев. Осы­лай­ша, Ұлт­тық экономика ми­нистрі биы­­лғы жыл ұлттық эко­номикада өсім болатынына сенім ұялатты. ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ИГЕРІЛУДЕ? Индустриялық-инно­вация­лық дамудың мемлекеттік бағ­­­да­­р­­ламасын жүзеге асыру және жандандыру мәселесі бо­йын­­ша Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев (Үкі­мет отырысы өткен кезде ми­нистр болатын – ред.) мә­лімдеді. «Индустрияландыру картасы бойынша 6 жылда 898 жоба, оның ішінде 2015 жы­лы 128 жоба пайдалануға берілді. Олардың 80 пайызы жа­ңадан құрылған өндіріс жоба­лары болса, қалған 20 пайы­зын бұрын жұмыс істеп тұр­ған жаңғыртылған кәсіп­орын­дар құрады. 2015 жылғы ІЖӨ өсімінің үштен бірі карта жо­баларының есебі­нен алынды», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, жалпы Индус­трия­ландыру картасының жобалар арқылы бұрын Қазақстанда өндірілмеген өнімнің 500 түрі шығарылған. Енгізілген жоба­лардың 70 па­йызы тұрақты жүк­темеге ие, 74 жоба төмен жүкте­меде жұ­мыс істеуде, 21 жо­ба тоқтап тұр. «2016 жылы 120 жобаны енгізу жоспар­­ланған. Жал­пы, Ин­дустрия­­лан­дыру бағ­дар­ла­масы эконо­ми­када тұрақ­тан­дырушы рөл ат­қарды. Егер 2010-2014 жыл­дары Индус­трия­ландыру карта­сының жобалары барлық өнер­кәсіп өндірісінің 10 пайызын берсе, дағдарыстың күшеюімен бұл жобалар тұ­рақ­тылығын көр­сетіп отыр. 2016 жылдың І тоқ­санының қоры­тындысы бойынша бұл жобалар өндіретін барлық өнімнің 20 пайызын беріп үлгерді», деді ИДМ басшысы. Үкімет отырысын Премьер-Министр қорытындылады. Қа­зақстанды одан әрі дамыту­дағы ИИДМБ-ның маңызды рөлін атап өтті. «Осы бағдар­ламаның көмегімен, әсіресе бес институционалды реформа мен 100 нақты қадамның кө­мегімен біз қазір тұрған жо­лақтан өтуіміз керек. Бұл кә­сіп­орындар салуға қатысты мә­селе емес, бұл Президент айт­қан біздің одан әрі дамуы­мыз­дың философиялық мәсе­лесі. Бұл зор зияткерлік және ұйым­дас­тыру күштерін талап етеді, алай­­да, оны іске асыру сіз бен біз­дің қолымыздан келетініне се­нім­дімін», деп түйіндеді К.Мәсімов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»