• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2016

Қайдасың, жас қаламгер?

572 рет
көрсетілді

Республика өңірлерінде білік­тілігі мен кәсіби деңгейі жоғары журналистердің аз екені соңғы кезде жиі айтылып жүр. Мұ­ның себебі неде? Осы сауал төңірегінде облыстағы бірқатар БАҚ басшыларымен ой-пікір алмасқан едік. Аймақтағы екі об­лыстық және он төрт аудандық газетті бі­рік­тіріп отырған ірі медиахолдинг – «Жайық Пресс» ЖШС-тің бас директоры Жантас Са­фуллиннің айтуы бойынша, жоғары оқу орындарында болашақ жур­налистер­дің са­палық деңгейіне баса мән берілуі керек. Оны іріктеу ең алдымен әл-Фа­раби және Л.Н.Гу­милев атындағы жо­ғары оқу орындарының журналистика факультеттеріндегі шығар­машылық кон­курсқа қойылатын талаптарды көте­руден бастау алғаны жөн. Аймақтық университеттерде ашыл­­­ған журналистика бө­лімдері өзін-өзі ақтай алмады. Мұның сырын тиісті материалдық-техникалық ба­заның жет­кіліксіздігінен және сабақ беретін оқыту­шы-профессорлардың тапшы­лығынан іздеген орынды. Мысалы, М.Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің бірінші проректоры Әсет Тасмағамбетовтің айтуынша, 2005-2008 жылдары филология факультеті жанынан журналистика мамандығы бойынша жоғары білім берілген. Кейін жабылып қалған. Бұған қажетті грант бөлінбегені, үміт­кер­лердің аз болғаны себепші болған. Журналистика саласында элек­трон­дық ақпарат құрал­дары­ның алатын үлесі жылдан-жылға өсіп келеді. Орал өңіріндегі бұл істің жай-күйі қандай? Бұл сауалды «Қазақстан» республикалық те­ле­радиокорпорациясы» АҚ Батыс Қазақ­стан облыстық филиалының директоры Асыланбек Ғұбашевке қойған едік. Оның жауабынан көңілге түйгеніміз, Алматы мен Астанада БАҚ мамандығы бойынша оқып жүрген студенттер филиалда өндірістік тәжірибеден өтеді екен. Өйткені, өңірлер олардың кәсіби дағдыларды меңгеруі және қажетті технологиялармен жұмыс істеуге үйренуі үшін ыңғайлы әрі қолжетімді. Әйтсе де әр жыл сайын тәжірибеден өтетін 7-8 студенттің өңірге оралуы некен-саяқ. Негізінен олар тұрмыстық және шығармашылық мүм­кін­діктердің төмен­дігін және жалақының аздығын алға тартатын көрінеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы