Былайынша, бұл қисын күлкі туғызуы да мүмкін. Жазбайтын да журналист бола ма екен, дейді де баяғы. Неге болмасын, бес саусақ та бірдей емес қой. Жазу да ақындық сияқты атаның күшімен, ананың сүтімен қанға сіңетін қасиет болса керек. Ал ондай қасиеті болмаса, он жерден журналистика институтын, тіпті, академиясын бітірсе де, жақсы журналист шыға қоюы неғайбыл. Қанында жоққа қаламгерлік қасиет қонбайды.
Бір кезде елдің басты басылымдарында тілшілікке қаламының желі бар, жазбай тұра алмайтын агроном, дәрігер, инженер, мұғалім тәрізді мамандарды тартатын тәжірибе болушы еді. Баспасөз қызметінің қыр-сырына қанығып, бүге-шігесін біліп алған соң солардан мүйізі қарағайдай қаламгерлер, азуын айға білеген әйдік журналистер шыққан. Оның мысалын шалғайдан іздеп шалдықпай-ақ, төл топырағымыздан да көптеп табуға болады. Бүгінде аты айдай әлемге танық, төл мамандығы геолог Олжас ақынды айтпағанның өзінде, атақтары алысқа кеткен журналист Сейдахмет Құттықадамов, баспагер Бақытжан Қанапиянов, жазушы Дүйсенбек Нақыпов та журналистиканы оқымай-ақ халқы қалайтын қабырғалы қаламгер болып шықты емес пе? Олардың бірінің ресми мамандығы – инженер, екіншісінікі – геолог, үшіншісі артист болатын. Қазақ журналистикасына, жазу өнеріне барын беріп, ғұмырын сарп еткен мына мен де мамандығы жөнінен мұғалім, орыс тілінің оқытушысы едім.
Бүгінде білікті де білімдіні былай қойып, жалпы журналист мамандар жетіспейді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ресми де, бейресми де газет-журналдар жаңбырдан кейінгі қозықұйрықтай қаптады да кетті. Қалтасы қалыңдардың көбі үнпарақ ұстауға әуес. Ал оларды кім жазып, кім шығарып жатқаны жалғыз жаратқанға ғана аян. Бәріне бірдей кәсіби журналист жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Оларды даярлауға тиіс. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдағандар Алматының өзінен артылмайды. Астанадағы Еуразия университетінің аттас факультеті енді ғана еңсе көтерді. Облыстардағы біраз университеттерде журналистика бөлімшелері бар көрінеді. Бірақ, оларда студенттерге кімдер дәріс оқып, кімдер түлек баулып жүргені және белгісіз.
Бұрынғыдай беделі болмай, кім көрінген кимелеп, жұтаң тарта бастаған журналистикамыздың жырық ерніне кетік тостаған болып, кездейсоқ біреулер топырлап кете ме деген қауіп те жоқ емес. Оның үстіне байырғы оқу орындарының өзінде болашақ журналистерге баспасөз жұмысының отымен кіріп, күлімен шығып түн қатып, түс қашып еңбек еткен шын қаламгерлер ұстаздық етіп жүр дей алмаймыз. Асылы, біздің журналистика факультеттерінде ғылымның бар саласын оқытады-ау, тек қалай жазып, қалай сөйлеуді үйретпейді.
Бүгінгідей радио мен теледидар дәуірлеп тұрған заманда терең толғап, шешен сөйлейтін журналистер ауадай қажет. Сондықтан, жас журналистерге тіліміздің қаймағын қалқып, мәйегін сімірген, әрі мен мәнін шашыратпай, төрт құбыласын тең жеткізетін сахна шеберлері неге сабақ бермеске?! Әйтеуір әртіс қыздар көбейіп, көгілдір экранның көп жүгін жеңілдеткен сыңайлы. Алайда, олар өзі жазбай, әзір мәтінді оқып береді ғой. Көбіне сол мәтіндердің, әсіресе, аудармалардың олпы-солпы болатыны қынжылтады. Кейбір аудармалар бөрі сүрініп, бөлтірік батпақтайтындай балдыр-батпақ болады.
Өз басым, қазір қазақ журналистикасының батпан жүгін қыз-келіншектер ер-азаматтармен тең көтере бастады деп ойлаймын. Әйел журналистердің көбеюі бір жағынан ұлтымыздың зияткерлік, білімдарлық әлеуеті, мәдени, әдеби деңгейі өскенінің айғағы. Бүгінгі таңда Айнаш пен Анар, Бақытгүл мен Бағдагүл, Гүлзина мен Гүлбиғаш, Есенгүл мен Қаракөз, Нәзия мен Нәзира жазғандарын жұрт іздеп жүріп оқитын қаламгерлерге айналды. Олар жалт еткен жаңалықты тез іліп әкетеді, интернет деректерін ұқыпты, ұсынақты пайдаланады. Тіл ұстартуға бәрі де төселіп қалған. Алды кітап шығарып, шұрайлы шығармаларын оқырман қауымға ұсынып та үлгерді. Сапарлары сәтті болып, жазарлары көбейе берсін деп тілейміз.
Бір сөзбен айтқанда, журналист жаза білуі керек. Жаза білетін, жұрттың көкейіндегісін таба білетін журналист қана құрметке лайық.
Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ