Әкім есеп берді. Ел не деді?
Қаңтар айынан бастап аудан әкімдері ауылдық, селолық округтерді аралап, тұрғындар алдында жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап қорытындылауда. Бір-біріне жағаласа үш аудан – Қамысты, Қарасу, Алтынсарин аудандарының әкімдері тұрғындар алдында жылды қорытындылады. Облыс орталығынан алыста орналасқан Қамысты ауданы өткен жылды жаман аяқтаған жоқ. Алдымен 2010 жылы қамыстылықтар ауданның құрылғанына 55 жыл толуын атап өтті. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде аудан экономикалық жағынан толысты да, нарықтың құлдырауын да бастан кешті. Қазір ауыл қайта көтеріліп, түлеп келеді. Аудан тұрғындары алдында берген есебінде аудан әкімі Бақберген Өтеулин өткен жылы атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралап берді. Жыл бойы 436 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 102 пайызды құраған. Аудан егін егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы диқандар 299 мың гектар жерге егін еккен болатын, гектар айналымы 7,8 центнерден келді. Ал мал шаруашылығында мал тұқымын асылдандыру бағыты ұсталып отыр. Ауданда «Алтынсарин», «Ақкөл», «Қарабатыр», «ҚоныспайАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері «Кең ауқымды селекция» жобасына қатысады. Олар ғылыми-зерттеу мекемелерімен келісім-шартқа отырып, селекция жұмыстарының барлығын ғылыми жолға қойған. Бұл жұмыс ауданда ауыл шаруашылығын үдемелі өндірістік-инновациялық дамуға бағыттайды. Осы бағдарлама шеңберінде үстіміздегі жылы тауарлы сүт фермасы мен бордақылау алаңын салу үшін жұмыстар атқарылмақ. Өткен жылы ауданда 636 қамыстылық жұмысқа орналастырылды. Ал бұл орта және шағын бизнесті дамытудың арқасында мүмкін болды. Шағын кәсіпкерлік 1 миллиард 559 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен. Бұл 2009 жылға қарағанда үш есеге жуық көп. Аудан бойынша орташа жалақы өткен жылы 45 мың теңгеден асып жығылды. Әкім өзге бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Ал Бақберген Өтеулиннің есебіне тұрғындар тарапынан ешқандай сын болған жоқ. *** «Қарасуда – алтын дән, Қарасуда – барлық сән» деп баяғы әнде айтылатындай, бұл – құйқалы өңір. Өткен күзде ғана Ұзынкөл ауданынан Қарасуға ауысып барған Амантай Сейфуллин басталған істерді жалғастырды. Аудан жылына 667 мың гектарға дән себеді. Бидай түсімі орташа есеппен гектарына 6,8 центнерден айналды. Көктен тамшы тамбаған қуаңшылық жылы бұл түсімді қарасулықтар азға балап отырған жоқ. Алдағы көктемге 80 мың тонна сапалы тұқым жинап қойды. Аудан экономикасын серпілтетін мал шаруашылығы. Бұл орайда, Қарасуда өзгеге үлгі істер басшылық. Өткен жылы ғана мұнда «Қараман К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2500 малға арналған бордақылау алаңы ашылды. Бұл облыс мал шаруашылығындағы ең ірі инвестициялық жоба болып табылады. Өндірген өнімді өздерінде ұқсатуға талпыну – осы ауданның бір ерекшелігі. Нарық кезінде өндірілген өнімді шикізаттай біреудің қолына ұстатудан гөрі, ұқсатқан сайын оның пайдасы да шашетектен болады. Ауданда ірілі-уақты 30 ұқсату кәсіпорны бар. Олар жыл бойы 1 миллиард 300 миллион теңгенің өнімін өндірген. Ауылдағы адамды мазалайтын жұмыс мәселесі. Қарасу ауданында есепті он екі айдың ішінде «Жол картасының» көмегімен 476 жұмыс орны ашылған. Әрине, әл-қуаты өзгелерден басымдау әрі үлкен аудан үшін мұны көңіл толтыратын сан деуге бола қоймас. Ауданда өткен жылы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына орай біршама жұмыстар атқарылды. Жалғасқан және Восток ауылдарында екі балабақша ашылды. Мұның сыртында аудан орталығында бұрыннан қалған ғимарат балабақшаға лайықталып жөнделді. Сонымен қатар, мектептер жанындағы 11 шағын орталық толық жұмыс күніне ауыстырылды. Аудан бойынша 40 мектеп бар, соның барлығында балаларға түсте бір мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бұрыннан да экономикасы мен әл-ауқаты кеуде қатарлы ауданның әкімі жұртшылыққа үстіміздегі жылы үлкен іс бастаймыз деп уәде берген жоқ. Сол бұрынғы жұмыстар жалғасын табатынын айтты. *** Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов те осы өңірдің басшылығын күзден бастап тізгіндеген болатын. Қаңтар айында Батырбек Мықансалықұлы аудандағы 12 ауылдық округте болып, тұрғындармен өткен жылғы атқарылған шаруалар мен алдағы міндеттерді саралады. Жылдың басында алға межелеп қойған 40 тапсырманың есепті уақытта 28-і орындалыпты. Оның да басым көпшілігі тұрғындардың сұранымымен қолға алынған әлеуметтік мәселелер болатын. Нәпақасын жерден теріп жеген алтынсариндіктер өткен жылы 205 мың гектарға дән сіңірген болатын. Соңғы жылдары мал шаруашылығы облыстың барлық өңірінде дамуға бет алды. Қуаңшылық диқанның маңдай терін оншалықты ақтаған жоқ. Алтынсариндіктер де гектарына 7 центнерден бидай алды. Алтынсарин ауданында да асыл тұқымды мал өсіруге талпыныс бар. Ауданда үш шаруашылық жоғары өнімді ет бағытындағы мал өсіріп отыр. Дәл бүгінгі күні Анновка ауылында 2400 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Ол 20 адамға жұмыс орнын ұсынбақ. Өзгелерге қарағанда бас-аяғы жинақы шағын аудан соңғы кезде өндірістік-инновациялық аумақтық бағдарламаға қатысты. «Обаған-Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Щербаков ауылында жылына 1,4 миллион бір литрлік шөлмек ауыз су құятын жаңа цехты іске қосты. «Алтын май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты тәулігіне 300 тонна ұн тарта алатын диірмен кешенінің құрылысы да аяқталды. Ауданда 468 шағын бизнес кәсіпорны бар, оларда мың жарымға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллион 680 мың теңге жас мамандарды қолдауға жұмсалса, 11 жас маман жеңілдетілген несиемен баспанаға ие болған. Егер мектеп болмаса, ол ауыл облыс картасынан өшеді. Сол үшін ауданда мектептерді жөндеу жұмыстары жыл сайын жалғасын табады. Міне, үш аудан әкімдерінің есебіндегі мақсат-мәре біреу. Ол халықтың әл-ауқатын жақсарту екені әмбеге аян. Халықтың тұрмысы экономиканы нығайтып, әлеуметтік маңызды мәселелердің шешімін тапқанда жақсаратыны тағы белгілі. Ол үшін Президент белгілеген бағдарламаларды жүзеге асыру әкімдердің міндеті. Дегенмен, Қамысты, Қарасу, Алтынсарин аудандарындағы әкім есебінде бір ауыз сын айтылған жоқ. Ол әкім-қаралардың сынды ұната бермейтіндігінен бе, әлде жергілікті жерлерде кемшіліктер жоқ па, оны тұрғындардың өздері біледі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ________________________ Тұрғындар сөзі Сейітбек ЕСЕНБАЙ, Қамысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Мен аудан әкімі Бақберген Өтеулиннің ауылдық округтерге барып, тұрғындар алдында берген есебінің барлығына қатыстым. Ауданда атқарылған жұмыстарды, нысандарды аралап көрдім. Бақберген Қасымұлы жұмыстың сапасын алдыңғы орынға қоятын азамат. Ол келгелі аудан орталығы қоқыстан, қардан уақтылы тазаратын болды, жаз айларында гүл көмкереді. Үстіміздегі жылы кентке ауыз су мен газ келеді. Осындай азаматтардың, әкімдердің арқасында Президент бағдарламалары жергілікті жерлерде жүзеге асады. Ольга БАНКОВА, Алтынсарин аудандық мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы: – Біздің ауданда мәдени жұмыстар өткен жылы жақсы дамыды. Ауыл адамдарына клуб пен кітапхананың орны бөлек. Мәдени салаға бөлінген қаржыны маңызды нәрсеге бағыттау жағына көңіл бөлінді. Мысалы, кітапханалар мерзімді басылым түрлеріне бұрынғыдан әлдеқайда көп жазылатын болды. Себебі, ауыл адамдары олардың бәрін ала бере алмайды. Қазір олар кітапханаға газет-журнал қарау үшін де жиі келеді. Ал ауданның мәдениет ошақтарының жұмысы рейтинг бойынша облыста бірінші орынға көтерілді. Марина МАНКЕВИЧ, Қарасу аудандық аурухананың бас дәрігері: – Ауруханаға жаңа құралдар алынды. Бес дәрігер маман келетін болды, олардың әлеуметтік жағдайын жасауға ауданда дайындық та бар. Алынған жаңа компьютерлік құралдың арқасында қысылшаң жағдайда облыстық ауруханадағы әріптестерімізден онлайн жүйесі арқылы кеңестер ала аламыз. Қазір науқастанған қарасулықтар Қостанай қаласына бармай-ақ, аудандық ауруханада емделеді. Қостанай облысы.
•
04 Ақпан, 2011
Мәре біреу, жол – үшеу
416 рет
көрсетілді