• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Форум Кеше

«Егеменнің елдік жолы»: Бас басылымның 105 жылдығы аталып өтті

69 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада «Достық үйінде» «Egemen Qazaqstan» газетінің 105 жылдығына орай   «Егеменнің елдік жолы» атты форум өтті. Шара басталмас бұрын меймандар музейге қойылған Ұлттық архив құжаттарын және кітап көрмесін тамашалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел тарихынан сыр шерткен тағылымға толы форумның пленарлық мәжілісін «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізіп, қазіргі қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесін көтеру, кітап оқу мәдениетін арттырудағы газеттің атқаратын рөлі туралы ойларын ортаға салды.

«Бүгін, сәтін салған Алаш күні, елордамыздың төрінде – халқымыздың берекесін ойлаған «Достық үйінде» тарихы толғамалы «Егемен Қазақстан» газетінің 105 жылдық белесін форум форматында өткізгелі отырмыз.

Ұлттың әрі барша қаламгерлердің ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қашанда газет – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Сондықтан қаржылық қиындық еліміздің де, газетіміздің де басына төніп тұрғанда, Президентіміз дәл бағамдағандай, бізге той тойлайтын емес, ой ойлайтын кезең келді. Ол ой – заман амалы мен елшіл іс-әрекет, тарих һәм жүріп өткен жол зердесі мен тәжірибесі, зиялылар қағидаты мен жауапкершілігі туралы болуға тиіс деп санаймыз.

Бірінші сіз бен бізге бұйырған газеттен, жұртты ағартатын кітап пен қаламнан бастайық. Әлеуметтанушылардың есебінше, қазір халықтың газет-журнал оқитын бөлігі – 14-17 пайыз ғана. Соның ішінде ертеңгі ұлтқа жауапты 25-34 жасар азаматтардың мерзімді басылым оқуы 13 пайыздан аспайды екен. Бұл – заман үрдісі (тенденциясы). Яғни арғы жағында кітап, классика оқуға баспалдақтың шамасын тұспалдайды. Егер бүгінгі көп шенеунік, біраз азамат ойлап жүргендей, «газет заманы кетті» дегенге пейіл берсек, сауатсыз мұғалім, сауатсыз оқушы қатарын көбейте береміз. Рас, замана қалпын ескеріп, газеттің интернет нұсқасын, сондай-ақ әлеуметтік желідегі БАҚ форматын жалғастырарымыз сөзсіз. Бірақ Батыс пен Шығыстың өркениетті елдеріне әлі де азық болып отырған дәстүрлі классикалық форматты жетілдіру – басым бағыт болып қалуға тиіс.

Екінші зерде туралы. Дәл осы ұғым қазақ ұғымында өткеннің құндылығын аялауды және жаңашылдықты қатар береді. Естеріңізге сала кетейік, кешегі күнге дейін «интеллект» дегенді қазақша «зерде» деп жүрдік. «Зерде» («Білім және еңбек») журналының жаңғырған атауы да содан. Тарихи зерде «Ұшқыннан» «Егеменге» дейінгі түрлі атау алған біздің газетіміздің Алаш басылымдарымен сабақтастығын айтады. Зерде – тарих! Біз елді ел ету жолында еңбек еткен тарихи тұлғаларды, қиын да күрделі кезеңдегі оқиғаларды халыққа, бүгінгі буынға шынайылық, тарихилық, жан-жақты қарау тұрғысынан жеткізуіміз қажет.

Үшінші зиялылардың борышы туралы. Қазіргі «Егемен» бастаған барша ұлт газеті – зиялылардың ақыл-ой, сындарлы ұсыныс, салиқалы пікірталас алаңы. «Зия» - нұр, жарық деген мағынаны береді. Біз қай кезде де шектелмегенбіз. Ұлттың да, дәстүрдің де, имандылықтың да, әлемнің де жарық, жарқын ойы газет тұжырымдамасының мазмұнын құрайды.

Дәл осы күндері біз үшін сенім маңызды! Биыл Журналистика күніне орай Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» деп бәрімізді жігерлендіретін ой айтты. Бүгінгі форумның бір мақсаты – осы ойды салаландыру», деді Дихан Қамзабекұлы.

Одан әрі мерейтойға келген мәртебелі меймандардың құттықтау тілегіне кезек берілді.

ҚР Парламенті Сенаты  Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Дихан Қамзабекұлына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын табыс етті. 

Сенат төрағасының құттықтауында:

«Бұл – бір ғана ұжымның емес, тұтас ұлттық журналистиканың торқалы тойы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі әрдайым өзектес болғанын айтқан еді. Шын мәнінде ғасырдан астам шежіресі бар «Egemen» қай кезеңде де елдік мұратқа табан тіреді. С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Т. Рысқұлов, О.Жандосов, Ғ.Мүсірепов сияқты тұғырлы тұлғалар қалыптастырған бұл дәстүр С.Байжанов, Б.Қыдырбекұлы, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалыин, У.Қалижан С.Абдрахманов, Д.Қыдырәлі секілді қайраткер қаламгерлер тұсында да лайықты жалғасын тапты. Қазіргі таңда бас басылым қазақтың дүниетанымын кеңейтуге, тарихы мен құңдылықтарын дәріптеуге, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын дамытуға және елдің береке-бірлігін сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Президентіміздің кешенді реформаларының мәнін және Парламент қабылдаған заңдардың маңызын халыққа жеткізу ісінде де айрықша рөл атқарады. Алдағы уақытта да ұлт мүддесін ту еткен мәртебелі қызметте жетістікке жете беріңіздер», делінген.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан оқып берді. 

Аталған құттықтауда: «Бұл – халқымыздың ғасырдан астам тарихи жолын тасқа таңбалаған іргелі газеттің бірі де бірегейі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді одан әрі дамыту жолындағы бастамаларын халыққа жеткізіп, сапалы ақпарат таратуда да – Сіздердің  еңбектеріңіз орасан. Ел газеті «Егеменнің» алда алар асулары мен бағындырар биіктері мол деп білемін», деп жазылған.

Газеттің торқалы тойында ҚР Үкіметі Баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атынан егемендіктерді айтулы мерекемен  құттықтады.

«Бүтін бірнеше дәуірдің шежіресін бойына бүккен ел газеті отандық баспасөзді жаңа сапалық деңгейге көтеріп қана қоймай, тұтас ұлт тағдыры талқыға түскен сындарлы сәттерде мемлекет мүддесін қорғауға қызмет етті. Сондықтан қай тұрғыдан алып қарасақ та «Egemen Qazaqstan» қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, егемендіктің эталоны деуге әбден лайықты», делінген Премьер-министрдің құттықтауында.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жүрекжарды лебізі жазылған құттықтау хатын табыстаған вице министр Қанат Ысқақов осы жылдар аралығында газеттің аты өзгергенімен заты өзгермегенін, қалай аталғанда да өзінің елдіктің биік мінбері міндетін абыроймен атқарып келе жатқанын және соңғы жылдары газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыда өзгерткенін атап өтті.

Ал Министр құттықтауында былай жазылған:

«Газеттің алғашқы санынан бастап онда қазақтың ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етті. Олар өздерінің жазған дүниелері арқылы ұлтты сауаттандыруға мол үлес қосты.

Мемлекеттік мүдде мен журналистік талапты тең ұстайтын басылымның кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес және алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлестеріңізді қоса бересіздер деп сенемін».

Келесі кезекте  Қ.Ысқақов бірқатар қызметкерге министрліктің марапатын тапсырды. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалімен газет шолушысы Кәрібай Мұсырман, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен газеттің Меншікті тілшілер желісінің координаторы Дина Дәуіт, тілшілер Нұрбай Елмұрат, Эльвира Бөкенбаева, газеттің Қостанай облысындағы тілшісі Нұрқанат Құлабаев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен   тілші Қуаныш Нұрданбекұлы, газеттің бет қаттаушысы Назым Матенова, аға тілші Айнаш Есали марапатталды. Министрліктің Алғыс хаты аға тілші Ескендір Зұлқарнайға, корректор Жанар Нұрмағамбетоваға, басылымның Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі Мерей Қайнаровқа табыс етілді.

 

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен де газет ұжымын төл мерекесімен құттықтап, қала әкімінің бас басылымға арнаған құттықтау хатын табыстады.

«Газет қай кезде де халықтың көзі, үнемі елдік мәселелерді көтереді. Егеменнің араласуымен шешілген өзекті мәселелердің санында шек жоқ. Басқасын айтпағанда осынау қарашаңырақта еңбек етіп, жазудың қыр-сырына қаныққан талай қаламгерлер кейіннен өздері де бір-бір газет журналдың, шығармашылық ұжымның тізгінін ұстап, абыроймен қызмет етіп келеді. Талай уақыт тезінен өтіп, 105 жылдығына қадам басқан газет ұжымына сәттілік тілейміз. Алдағы уақытта да елдің сөзін айтып, көпшілікті ағартумен айналыса бергейсіздер», делінген қала әкімінің құттықтауында.

Келесі кезекте сөз алған Астана қалалық мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың, сондай-ақ Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин клуб Президентінің ыстық ықыласын жеткізді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі (1991-1993) болған Қуаныш Сұлтанов жылы лебізін білдіріп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы баспасөздің рөлі туралы, оның ішінде айтулы басылымның ғасырдан астам уақытта атқарған қызметі туралы сөз қозғады.

Келесі сөз кезегі әр жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарған тұлғаларға берілді. Атап айтқанда, 2003-2004 жылдары ҚР Ақпарат министрі болған және 2000-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» газетін басқарған Сауытбек Абдрахманов, 1995-1996 жылдары    ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат вице-министрі және 1996-1998 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы болған Уәлихан Қалижанов, 2016-2022 жылдары «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы және 2022-2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, 1996-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, АҚ директоры, вице-президенті, басқарма төрағасы болған, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы  Еркін Қыдыр баспасөздің өзекті мәселелері туралы ойларын ортаға салды.

Форум барысында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ән-күйден шашу шашты.

Газет ардагерлері Жанат Елшібек, Жанболат Ауыпбаев, Қайсар Әлім, Қарашаш Тоқсанбай басылымда еңбек еткен жылдарындағы  қызықты естеліктерімен және жинаған тәжірибелерімен бөлісті.

 

Шара соңында «Egemen Qazaqstan» газеті қызметкерлерінің жуырда жарық көрген жаңа кітаптары таныстырылды. Атап айтсақ,  Дихан Қамзабекұлының «Арайна»,  Ғабит Мүсірептің «Тоғызыншы территория», Талғат Батырханның «Бозжайнақ болмыс», Бақытбек Қадырдың «Мәжусилер», Абай Аймағамбеттің «Білте шамның жарығы», Батырхан Сәрсенханның «Белгісіз жапырақ жайлы» кітаптары оқырманға жол тартты. Мемлекеттік тапсырыс аясында шығарылған кітаптардың 3000 данасы ұлттық кітапханаға тарту етілген.