Алматы облысы 86 мың га жерін қайтарып, ауыл шаруашылығы саласындағы тұғырын нығайтты. Бұл туралы аймақ басшысы Орталық коммуникациялар алаңында айтып берді, деп жазады Egemen.kz.
Алматы облысы Қазақстанның аграрлық секторында жетекші орындарды иемденеді. Одан бөлек, жер ресурстарын ұтымды пайдалану, сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау және мал шаруашылығын дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі.
«Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару - жай ғана міндет емес, бұл өңірдің стратегиялық басымдығы. Бұл салада қазірдің өзінде елеулі шаралар қолға алынған. Анықталған 399 мың гектар пайдаланылмай жатқан жердің 86 мыңы қайтарылды, бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекітілген жоспарының 123 пайызын құрайды», деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұл жұмыс, әкімнің айтуынша, өңірдің әлеуетін толық пайдалануға және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өңір құс басы бойынша бірінші, қой мен ешкі саны бойынша үшінші, ірі қара мал саны бойынша төртінші орында. Облыста құс етін өндіру 114,3 мың тоннаға жетіп, республикадағы жалпы көлемнің үштен бірін құрайды. Сондай-ақ, облыс агроөнеркәсіп кешенін дамытуды жалғастырып, сүт және жұмыртқа өндіру бойынша алдыңғы қатарда.
Өңірде сүт өңдеу саласын одан әрі дамыту үшін жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың ішінде 5200 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алу өнімділікті арттырып, сүт сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Сүт өңдеуді қолдау – облыстың болашағына инвестиция. Біз кәсіпорындардың толық жүктелуіне жағдай жасап жатырмыз, бұл өнім көлемінің ұлғаюына және олардың сапасының жақсаруына әкеледі», деді Алматы облысының әкімі.
Әкім облыстың экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге, сол арқылы ұзақ мерзімді перспективаға ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ниетті екенін атап өтті.