Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық сарайында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жетекшілігімен өткен басқосуға қатысушылар журналистика, кино және телевидение салаларына қажетті мамандар даярлаудағы өзекті мәселелер туралы ойларымен бөлісті
Еліміздегі жетекші басылымдар мен отандық телеарналар басшыларының, салалық оқу орындары ректорлары мен білікті мамандардың ой-ұсыныстары ортаға салынған отырысты сөз сөйлеп ашқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мұндай кездесулердің аса маңызды екенін атай келіп, салалық оқу орындарындағы білім деңгейіне, жас мамандардың келешекте жұмыспен қамтылу реттеріне қысқаша тоқталып өтті. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз кезегінде теле-радио саласы мен әлеуметтік желілер дамуының қарқыны бірінші кезекте мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруды барынша талап етіп отырғанын, сонымен қатар ақпарат саласындағы бәсекелестіктің жалпы әлем бойынша қарқын ала түскенін алға тартты. Сала басшысы ол үшін бірінші кезекте ЖОО-ға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр деді. Мәлімет бойынша еліміздегі 28 оқу орнында журналистер даярланады десек, шамамен биыл 500-дей маман оқу бітірген. Бірақ соның өкінішке қарай көпшілігі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайтындығы ащы да болса, ақиқат. Сондықтан министр мұндай жағдай алдағы уақытта ЖОО-дағы оқыту әдістемесін өзгертпей болмайтынына назар аудартты. Телеарналар, газеттер, интернет-сайттар студенттерді тәжірибеден өткізу мәселесіне жіті көңіл бөліп, олардың кәсіби біліктілігі мен шеберлігін шыңдауға жеткілікті мән берулері керек. Атап өтетін тағы бір жайт, әсіресе техникалық мамандарды даярлау ісі өте өткір күйінде қалуда. Ал, телеарналардағы бағдарламалар сапасы негізінен тікелей осыған тәуелді. Мамандарға әлемдік медианарықтың талаптарына жауап беретін кез келді. Бұл ретте еліміздің оқу орындарында әлемдік деңгейдегі арналарда жұмыс істеуге қабілетті мамандар даярлануы тиістігі сөз етілді. «Бұл үшін біз өз тарапымыздан сіздердің қойып отырған барлық талаптарыңызды ескеретін боламыз» деді Д.Абаев. Мұнан кейін Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева оқу орнының жетістіктері, материалдық-техникалық базаның мүмкіндіктері туралы тоқталып, келешекте мамандық ауқымын мұнан да кеңейтуге, мәселен, журналистерді, дикторларды даярлауға дайын екендіктерін жеткізді. 2010 жылы жаңа мамандықтар ашылды, атап айтқанда, мәдениеттану, өнертану, хореография, кескiндеме, мүсiн, режиссура (рөлдік ойын және деректі кино), операторлық өнер, сценография (киiм, грим-визаж дизайндары), кiтапхана iсі сияқты шығармашылық мамандықтары. Сонымен қатар, өзі басқаратын білім ордасындағы студенттер мен оқытушы-мамандардың халықаралық бәйгелердегі жүлделерін, соның бірі, жақында ғана Францияның Везуль қаласында өткен ХХІІ халықаралық кинофестивальден екі бірдей олжаны қанжығасына байлап қайтқан «Кино және ТД» кафедрасының оқытушысы, режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал» туындысын атап өтті.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова сала мамандарының біліктілік деңгейі туралы ойларымен бөлісті. Бұл ретте студенттердің отандық БАҚ-та тәжірибеден өтуі дұрыс жолға қойылғанын, жастардың біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін ұштауда тәжірибелі мамандардың тартылып отырғанын айтты. Ал, Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино және ТД» кафедрасының меңгерушісі Талғат Тайшанов өз сөзінде еліміздің жетекші телеарналарында кәсіби білімі жоқ мамандардың жұмыс істеп жүргенін, ал өңірлік телеарналардағы жағдай мұнан да қиын күйде екенін сынға алды. Осы орайда кәсіби білімі жоқ қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізіп, оқытуды ұсынды. Сонымен қатар, бұл сала бойынша кейбір қажет мамандардың әлі күнге өзімізде оқытылмай отырғанын айтты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино және ТД режиссурасы» кафедрасының меңгерушісі Маргарита Соловьева қашықтықтан оқыту, сондай-ақ шетелдерден білікті мамандарды тарту жайына тоқталды. Бұл салада кәсіби біліктілікті арттыру институтының қажеттігін ұсынды. Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының осы орайдағы БАҚ жетекшілері мен білікті мамандардың оқу орындарында шеберлік-сыныптарын, лекцияларын ұйымдастыру туралы айтқан ұсынысы әріптестері тарапынан қолдау тапқандай.
«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова білім алушы жастардың шеберлігін қалыптастырып, тәжірибеден өтуіне Ұлттық телеарнада барлық жағдайлар жасалғанын, келешек мамандарды кәсіби тұрғыдан даярлауда ешқандай кедергілер жоқтығын мәлімдесе, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова отандық арнадан жылына 70 студенттің тәжірибеден өтетінін, еліміздегі 5 ЖОО-мен өзара шығармашылық байланыс орнатылып, ұдайы шеберлік-сыныптары өткізіліп тұратынын айтты. Ал, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Еркін Қыдыр бүгінде газет-журналдарға арнайы кәсіби білімі бар техникалық қызметкерлер, атап айтқанда, макетті безендіру, дизайн саласына білікті мамандар ауадай қажет, салалық оқу орындары алдағы уақытта осы ұсыныстарымызды ескерсе деген ойын білдірді. «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков ЖОО студенттері республикалық газеттерден бұрын алдымен аудандық, өңірлік басылымдарда тәжірибе сынағынан өтуі тиістігін, сондай-ақ ағылшын тілін үйрену өмір талабына айнала бастағанын ескертті. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жиынды қорытындылай келіп, айтылған пікір-ұсыныстарды тұжырымдайтын жұмыс комиссиясы құрылуы керектігін, БАҚ-та тәжірибеден өткен келешек мамандардың жұмыспен қамтылу жағдайы назарға алынатынын айтты.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»