Тегінде біздің кейбір басшыларды тым-тым бейғамдығы құртатын шығар, сірә... Бейғамдықтың астарында жаныашымастық, жауапсыздық жатыр емес пе? Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшілер қосынына әжептәуір қызметі бар, ел танитын бір азамат мұңын шағып келді. – 2012 жылдың күзінде Алматыдан Шымкент қаласына пойызбен кетіп бара жатып, жолда құжаттарымды жоғалттым, – дейді Манарбек Әлімханов (аты-жөні өзгертілді – О.Д.) бізбен әңгімесінде. – Жоғалған партмоне ішінде жеке куәлік, көлік жүргізуге құқық беретін куәлік, банкомат кәртішкесі, визитка және ақша болатын. Алматыға келген соң жоғалған құжаттарды тәртіп бойынша жойып, жаңасын жасатуға тура келді. Кейін маған Шу қаласынан бір кісі хабарласып, партмонемді тауып алғанын хабарлады. Ол кісі теміржолшы болып жұмыс істейді екен. Теміржол бойынан тауып алған партмонемде тек ақша ғана жоқ, басқа құжаттардың барлығы түгел. Визиткамдағы нөмір бойынша хабарласқан. Тауып алған кісіге телефон арқылы рахметімді айттым. Сосын Шу қаласында тұратын Мәди деген курстасым одан құжаттарды алып, Шу қаласынан Алматыға жүретін таксистерден салып жіберді. Бірақ таксист жігіт құжаттарды сол күйі маған жеткізбеді. «Ертең барамын, бүгін клиенттер шықпай тұр, арғы күні барамын...» деумен ақырында ұялы телефонын өшіріп тастап, тіптен ұмыттырып жіберді. Жаңа құжаттар жасатып қойғандықтан мен де індетіп іздемей, ақырында хабарласуды қойдым.
Енді 2015 жылдан бастап Алматыдағы үйіме «Н 059 LLM» нөмірлі «Ауди» машинасынан менің атыма айыппұл қағаздары келді. Бір рет емес бірнеше рет. Кейіннен Жамбыл облыстық жол полициясы арқылы бұл көліктің Мойынқұм ауданында Туребек Ескараевич Байбосынов деген азаматтың атына тіркелгенін анықтадым. Және бұл көлік 2012 жылдың 3 тамызында тіркеуден шығып кеткен. Содан кейін ешқайда тіркелмеген. «Н 059 LLM» нөмірлі «Ауди» машинасына жол полициясы қызметкерлері 2014 жылы 4 мәрте хаттама толтырған. Екеуі – Шу ауданында, біреуі – Қордай ауданында, біреуі – Алматы облысында. Тіркеуде жоқ көлікке полиция қызметкерлері қалай хаттама толтырғаны түсініксіз. Және айыппұл қағазында менің аты-жөнім (жоғалған куәлік бойынша), басқа да мәліметтер жазылған. Бірақ мекенжайы «Шу қаласы, Сейфуллин көшесі, 15 үй» деп көрсетілген.
Осыған байланысты айтарым, менің атымда ешқандай көлік жоқ, яғни, менің атыма ешқандай жекеменшік көлік тіркелмеген. Және Шу қаласындағы бұл мекенжайларды, жоғарыда аттары аталған азаматтарды мүлдем білмеймін. Бұл айыппұл қағаздары сотқа өткен, сот орындаушылары Алматыдағы үйімнің мекенжайын интернет арқылы тапса керек. Сондықтан Шу қаласындағы бұл азаматтар менің жоғалған куәлігімді пайдаланып, заңсыз тірліктерге барды деген күдігім бар. Бұл жерде жол полициясы қызметкерлері де заңсыздыққа жол беріп, хаттамаларды қалайша менің атыма толтырғанына тіптен миым жетпей отыр. Меніңше бұл жерде сыбайластықтың көрінісі байқалатын сияқты. Дәл қазір Шу қаласында тұратын Рысбек деген таксист біреулер арқылы маған шығып, баяғы куәлікті пайдаланған өзі екенін мойындап, «айыппұл қағаздарын беріп жіберсін, өзім төлеп беремін, тек полицияға арызданбасын» деген сәлем айтып жіберіпті. Мен көнген жоқпын. Бұл тек заң арқылы ғана шешілетін мәселе емес пе? Заңсыздық жасады ма, мойнымен көтерсін. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген, оның жоғалған құжаттармен тағы басқа не бүлдіргенін бір құдай біледі?..
...Міне, есімі елге белгілі ағамыз осылай деп ашынады. Әрине, біз бұл жерде бас салып полицияны кінәлаудан аулақпыз. Бір рет емес, бас-аяғы төрт мәрте полицияны алдап, басқа құжаттарды көрсетіп, әккі жол сақшыларының көзін байлап кету мүмкін бе? Оның үстіне бұл тіркелмеген көлік қой. Заң бойынша тіркелмеген көлік айып тұрағына қойылуы керек еді. Әйтсе де әр саланың біз білмейтін ұңғыл-шұңғылы көп емес пе? Дәл осы оқиғада жол полициясы қызметкерлерінің кінәсі бар-ау деген күдік көкейімізде тұрса да алдымен істің ақ-қарасын анықтап алмақ ниетте жергілікті полиция басшыларына хат жаздық.
Жақында ғана аймақтарда жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Облыс әкіміне бағынып, жергілікті мәслихаттардың алдында есеп беріп тұратын бұл полиция қарапайым халыққа бұрынғыдан да жақындай түсіп, жұрттың қолжетімділігін арттырып, солардың сойылын соғып, жоғын жоқтайды деген ниетпен құрылғаны анық. Жамбыл облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалған Бақытжан Бейсеев еңбек жолын МАИ жол-патрульдік қызметі бөлімінің аға инспекторы болып бастап, сатылап өскен тәжірибелі маман екен. Әйтсе де жаңа жүйе Бейсеевтің бейғамдығына еш әсер етпеген сияқты. Әлде сенім артып, осы қызметке келуіне қол жалғаған халық қалаулыларынан гөрі сүйенгені мықты болып тұр ма, әйтеуір, Бақытжан Бейсеевтің бұл мәселеде титтей де жанашырлығын байқай алмадық. Болған жәйттің бәрін баяндап, осы істің түбін тексеріп, мән-жайды анықтауға жәрдемдесуін өтініп жазған хатымызға екі айдай жауап болмады. Бұл екі ортада арызданушы Манарбек Әлімханов шетелге шығатын болғандықтан амал жоқ, әлгі қарыздарды өзі төлеп тастады.
Енді міне, өткен аптада жұмыста отырсам, ебіл-дебіл боп бір формалы жігіт келіпті. Қолында бір парақ қағазы бар. Сөйтсем, жергілікті полициядан екен. Хатымызға жауап жазыпты. Жамбыл облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары М. Смаилов «Сіздің хатыңыздағы М. Әлімхановқа қатысты айыппұлдар тексерілді. Азамат М. Әлімхановқа салынған 4 айыппұлдан, 1 айыппұлы өз еркімен төленген және 3 айыппұл сот актілерін орындау қызметімен мәжбүрлеп өндірілген. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін басқадай салынған және төленбеген айыппұлдардың жоқ екенін хабарлаймыз», деп сүйінші сұрап жазып жіберіпті.
Ойпырмай, біз мәселенің ақ-қарасын анықтап, жол полициясы қызметкерлерінің заңсыз әрекетін әшкерелеуді талап етіп жазсақ, жергілікті полиция ақша төленді, іс бітті деп мәз болып отыр. Сонда бұл істе кім кінәлі, не үшін осындай жағдай орын алды, жол сақшыларының қатысы бар ма? Бұл туралы бір ауыз сөз жоқ. Яғни, бұл істі тексеріп, мән беріп, ықылас танытқан ешкім болмады деген сөз. Әйтпесе бәрі алақандағыдай ап-айқын көрініп тұр емес пе? Тек айыппұл төленген кезде ғана жауап жазуға қолдары жетті. Айтқан жерден аулақ, осыдан кейін Бақытжан Бейсеев басқаратын полицияға «Пәлен жерде кісі өлімі болды, сол туралы ақпарат беруіңізді өтінеміз» деп хат жазсаңыз, құдай біледі, олардан «Өлген кісіні жерлеп тастаған, сондықтан ешқандай қылмыстың болмағанын хабарлаймыз» деген мәтінде жауап келетініне күмәнім қалмады.
Қалай айтсақ та, бұл оқиғада бір кінәлінің бар екені сөзсіз. Жалған құжатты көрсеткен жүргізушінің алаяқтығын былай қойғанда көзді жұмып тұрып хаттама толтырған жол сақшыларын да сүттен ақ, судан таза дей алмаймыз. Жергілікті полицияның осы іске жүрдім-бардым қарауының астарында бәлкім өз әріптестеріне деген жанашырлық та жатқан болар. Бірақ, шындық бәрібір жеңеді. Мен бұл жерде жергілікті полиция құрылғалы бері түк істемеді деуден аулақпын. Әйтсе де, басшысы бейқам мекеменің қызметкерлері де жауапсыз, сылбыр болатынына көзіміз анық жетті. Осыдан кейін бейқам Бейсеевке халық қаншалықты сенеді? Бұл енді алдағы күннің мәселесі...
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы