Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қолдау көрсетуімен «Болашаққа көзқарас: өзекті мұра» атты көрменің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Ұлттық музейдің заманауи өнер орталығының жетекшісі Роза Әбенова, тәуелсіз жетекші, артсыншы Юлия Сорокина, сәулетші Сәкен Нарынов қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Жобаның түпкі мақсаты – көкейкесті өнер саласында жұмыс жасайтын, өз отанынан гөрі шет мемлекеттерде танымал болған отандық суретшілердің шығармашылығын дәріптеу және олардың тың туындыларымен жақынырақ таныстыру.
Ал түс ауа елордадағы Ұлттық музейде аталған көрменің ашылу рәсімі өтті. Көрмеге Сәкен Нарынов, Рашид Нұрекеев, Юлия Сорокина, Елена Воробьева және Сәуле Дүйсенбинаның туындылары қойылды. Суретшілер әртүрлі көркемөнер бағыттарында жұмыс жасайды және олардың әрқайсысының өз елінің рухани зердесінің қалыптасуына қандай да бір қосқан үлесі бар. Соның ішінде «Астра номадс» атты Юлия Сорокинаның ерен еңбегі бар. Дигиталды, сандық мұрағат есебінде жүзеге асқан жоба 30 жылдан бері осы өнерді ұстанған Орталық Азия суретшілерінің шығармаларын жинақтаған. Аталған ресурс виртуалды топтамалардың құрамына кіреді және Орталық Азиядағы виртуалды музейдің сынақ жобасы болып табылады.
Ал суретші, тұрмыстық заттар жыршысы Рашид Нұрекеевтің туындылары жергілікті және жаһандық әлеуметтік-саяси, мәдени құбылыстарды қамтып көрсетеді және өз елінің бүгіні мен келешегі туралы толғаныстарға бағытталған сыни пікірлерден тұрады.
Өнер мен ғылым Сәкен Нарыновтың қызығушылығының бөлінбес салаларын құрайды. Оның «Астероидтың соңғы ұшуы: автопортрет» атты арт-нысаны көптеген әсем және «жерге тән емес» нәрселерді жасаған 70 жастағы суретшінің шығармашылық қорытындысына ұқсайды. Оның жұмыстарында шындықтың мәнін түсіну, бүкіл әлемді және оның жұмыс істеу заңдарын тану үшін адам басты құрал әрі қозғаушы күш болып табылады.
Елена Воробьева мен Виктор Воробьев атақты шығармашылық жұп болып саналады. Көрмеде Еленаның шығармашылығы кескіндеме жанры арқылы таныстырылады. Бір қарағанда, оның картиналарының сюжеттері – кофе шәйнегі, майысқан шанышқы, жалғыз рөмке, кішкентай ақ шәйнек сияқты күнделікті тіршіліктің заттарын бейнелейтін тұрмыстық қарапайым композициялар. Дегенмен, үңіліп қарау арқылы сіз философ-суретші бояуды бейнелі жағу, түстерді минималды үйлестіру және композициялық шешімінің қисынсыздығымен қол жеткізетін жан толғанысының толқынын, үрейді және толқуды сезінесіз.
Сәуле Дүйсенбина өзінің графикалық туындыларының коллажынан тұратын «Жады картасы» деп аталатын жұмыстар топтамасын және бір кездері белгілі «Көшпелілер» фильмінің жұмыс материалы болған ескі фотосуреттерді ұсынған. Суретші өзін осы тұлғалардан табуға, өзінің оларға ұқсастығын сезінуге тырысады, өткеннің түсінігінің орнын толтыруға, өзіңнің кім екеніңді ұмытпас үшін мәдени жадыны қайтаруға тырысады.
Көкейкесті өнерді түсіну посткеңестік аймақ кеңістігіне қайта құрумен бірге 1990-жылдардың ортасында келді. Осы кезеңде суретшілер өздеріндегі де, көрермендердегі де өнерді қабылдау таптаурындарын бұза отырып, заманауи өнердің «батыстық» түрін шабытпен меңгерді. Олар өздерін жаңа елдің жаңа тарихын жасаушылар ретінде сезініп, саяси-қоғамдық, әлеуметтік және мәдени өмірдегі қарқынды өзгерістерді терең сезінді. Алайда, олардың шығармашылығы көпшілікке түсініксіз болды. Суретшілердің жасағандарының барлығы жеке құлшыныс пен қазақстандық заманауи өнердің халықаралық мәдени кеңістікпен бірігуінің қажеттілігіне деген шынайы сенімге негізделді.
Айта кетейік, аталған көрме 23 тамызға дейін жалғасатын болады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист