Корпорацияның бұл шешімі қаншалықты заңды?
Алғаш осы жайтты естігенде көз алдыма жас балалардың бір-бірімен ренжісіп: «Мен саған енді ойыншығымды бермеймін» деп бұртиып кетіп қалатын сәті елестегендей болған. Сөйтсек, бұл біз ойлағандай балалардың ойыны емес екен. Әп-әжептәуір үлкен кісілер бір-біріне қатты өкпелепті. «Аграрлық несие» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрғали Сейітбеков биылғы жылдың 6 сәуірінде «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС-іне арнайы хат жазып, «осы серіктестіктің төрағасы Бакиран Ералиев қызметінен кетпейінше, ешқандай қаржыландыру болмайды» деп бар өкпе-ренішін үйіп-төгіпті.
Ойпырмай, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген, бұл не қылған тік құлақты бұйрық болды? Бір адамға бола бүкіл ауданның қаржысын тоқтатып тастау мүмкін бе? Оның үстіне бұл құда шақыруға емес, ауыл шаруашылығын қолдауға беріліп жатқан қаржы емес пе? Жалпы «Пәленше бізге қарасын көрсетпесін, әйтпесе бір тиын да ақша бермеймін» деп айтудың өзі қаншалықты заңға сыйымды? Біз бұл жөнінде алдымен «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС-тің басқарма төрағасы Бакиран Ералиевпен сөйлестік.
– «Жуалы» несие серіктестігі 2003 жылы 38 құрылтайшы, 11 169 мың теңге жарғылық қормен құрылған болатын, – дейді Бакиран Қойшыбайұлы. – Осы уақыт ішінде 77 шаруа қожалығы 268 262 мың теңге несиемен қамтамасыз етілді. Алынған несиенің 177 665 мың теңгесі қайтарылды. Қазір ссудалық қоржынымыз 90 596 мың теңгені құрап отыр. Әйтеуір өз міндеттерімізді абыроймен атқарып келеміз. Солай бола тұра «Аграрлық несие» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрғали Сейітбеков «депозит салымына 5 276 мың теңге салынбаған» деп несие желісін қайта-қайта жауып, оның мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік бермей келеді. Осының салдарынан қазір 3 шаруа қожалығы корпорация мақұлдаған 16 600 мың теңгені ала алмай жүр. Біз мұны Сейітбеков мырзаның қитұрқы әрекеті деп білеміз. Ол «Басқарманы ауыстырмасаңдар, несие бермеймін» деп, құрылтайшылар арасына іріткі салуда. Сейітбековтің өзі алып келген жаңа басшыны құрылтайшылар қолдамай, мен өз қызметімде қалдым. Енді әлгіндей бұйрық беріп, алдағы уақытта тағы жиналыс өткізбек. Біз мұны серіктестіктің ішкі ісіне заңсыз араласу деп түсінеміз.
Ақша жүрген жер қашанда айқай-шу болатыны белгілі. Әйтсе де бұл жеке біреудің қалтасындағы ақша емес немесе бір адамның айтқанымен тағайындала салатын қызмет емес. Құрылтайшылар қолдаған басшыны қаржы берушілер неге жақтырмай отыр? Біз осы мәселе бойынша Нұрғали Сейітбековтің өзімен телефон арқылы сөйлестік. Сол кісінің тапсырмасымен мәселенің анық-қанығын «Аграрлық несие» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының кеңесші маманы Ахмедияр Айтбаев түсіндіріп айтып берді. Кейінірек корпорация электрондық поштамызға хат та жазып жіберіпті.
– Жамбыл облысында 11 несие серіктестігі жұмыс істейді, – дейді А.Айтбаев бұл жөнінде. – Әрқайсысының өз жоспары бар. Бұл серіктестіктерді қаржыландыратын – біздің корпорация. Сондықтан корпорация оларға сенім білдіріп, өз шарттары мен талаптарын қояды. Осы орайда «Жуалы» несие серіктестігінің жұмысына ешқандай көңіл толмайды. Ауданда бас-аяғы 5,5 мың шаруа қожалығы бар болса, осы жылдар ішінде Б. Ералиев бар-жоғы 35-ақ шаруа қожалығын қатарға тартты. Соңғы 10 жылда жуалылық шаруалар небәрі 200 млн. теңгеден астам ғана несие алды. Басқа аудандарда бұл соманы бір-ақ жылда игеріп тастайды. Одан бөлек өткен жылы бұл серіктестіктің жұмысын тексерген аудиторлар 460 ескерту берді. Осыған байланысты «Аграрлық несие» АҚ корпорациясы құрылтайшылар Ералиевті ауыстырмайынша қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім еліміздің заңдарына, АҚ-тың ішкі ережелеріне ешқандай қайшы келмейді. Бұл жерде Н.Сейітбеков заңға сай әрекет жасап отыр. Өйткені, барлығына қойылар талап бір. Рас, корпорация басшылығы несие серіктестігі жетекшілерінің жұмыстан кетуін табанды түрде талап ете алмайды. Бірақ, өз кезегінде мұндай жұмысы нашар серіктестіктерге қаржы бөлуге де тәуекел ете алмайды. Корпорация «Жуалы» несие серіктестігі құрылтайшыларымен жалпы жиналыс өткізіп, басшыны ауыстыру жөнінде ұсыныс енгізген. Бірақ құрылтайшылар бұл ұсынысты қабылдамады.
Міне, осылайша екі жақ та өз ұстанымдарын дұрыс деп отыр. Әйтсе де бұл бағытта Жуалыда қиын жағдай қалыптасып отырғанын жасыруға болмас. Екі ортада шаруалар шақасына қол жеткізе алмай, тірлігін дөңгелетуге сеп болатын демеушіні жоғалтайын деп тұрған сияқты. Әрине, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп, бұл мәселеде Б. Ералиевті кінәлайын десең, құрылтайшылардың қолдауын қайда қоямыз? Олардың да бір білгені бар ғой. Қалай айтсақ та корпорация басшылығы «Ералиев қызметінен кетпейінше қаржы бермейміз» деп, қабағын түйіп отыра бермей бұл мәселені оң шешуге ұмтылып, тіл табуға тағы да талпыныс жасауы керек сияқты. Өйткені, жоғарғы жақтағылардың «шайқасынан» шаруалар зардап шекпеуі тиіс.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы