• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

БІРДЕ...

603 рет
көрсетілді

«ХАЛЫҚ ӘРТІСІ АЙТСА ДА, ХАЛЫҚ АЙТПАЙДЫ»

Бір жас композитор өзінің әндерін атақты әншілерге ұсы­нып, солардың үлкен сахнадан орындауын жалынып-жалба-рынып жүріп сұрай­ды екен. Бір күні сол сазгер Мұ­за­фар Әлім­баевқа келіп: – Менің әнебір керемет әнімді КСРО-ның халық әртісі Ермек Серке­баев­тың өзі орындайтын болды, – деп ісіп-кеуіп мақтаныпты. Оның дарынсыз композитор екенін жақсы білетін Мұзағаң: – Қасиетсіз әнді халық әр­тісі айтса да, бірақ оны халық айта қоймайды ғой, – деп әлгі­н­ің желігін басып жіберіпті.

«ӨЗІҢДІ СЫЗЫП ТАСТА»

Ілгеріде бүкіл қазақ ба­сы­лымдары жылда жақсы туын­дыларға бәйге жариялап, олар­дың авторларын қомақ­ты жүл­демен марапаттап оты­ратын үрдіс болыпты. Сондай бәйгенің бірін «Балдыр­ған» журналы да ұйымдас­тырып, жыл аяғында жүлде­гер­лер анықталады. Әлгі сайысқа журнал қызмет­кері­нің бірі қатысқан көрінеді. Сол жүлдеден дәмеленген әлгі: – Мұзаға, бұл жолы да сыйлықтан мақұрым қалған түрім бар. Менің алатын жөнім бар еді, – деп өкпе-ренішін білдіріпті. Сонда басылымның бас редакторы Мұзафар Әлім­баев сәл үнсіз отырып: «Жүк көтеріскенде – Әуелі өзіңнен баста. Жүлде бөліскенде – Өзіңді сызып таста!» – деп шумақтатып барып: – Бәйге жариялап отырған өзіміз емес пе?! Оны өзді-өзіміз бөлісіп алсақ, елден ұят болмай ма?! Сен одан да басқа басы­лымдардың бәйгесіне атыңды қосып, жүлдеңді жеңіп ал! – деген екен.

«САРАҢНЫҢ АСЫ ПІСКЕНШЕ, ТАУДЫҢ ТАСЫ ПІСЕДІ»

Баяғыда ата-баба­ла­­ры­­мыз кез келген үйге келіп: «Әй, кім бар-ау? Құдайы қонақ­пыз» деп ас-суын ішіп кете берген. Сол әдет­ке басып, бірде Мұзағаң отба­сымен бірге ет жа­қын ағайын­дарының үйіне еш ескертусіз қонаққа барады. Қонақ күтпеген үйдің қамсыз отыратын әдеті ғой. Тез арада дастарқан жайыла қой­май, жол жүріп келген қонақтар­дың қарны аша бастайды. Үй иесі Мұзағаңа аға болып келеді екен. Соны пайда­ланған Мұзағаң ағасы мен жеңгесіне еркелеп: «Ақынжановтардың асы піскенше, Алатаудың тасы піседі» – деп, шабыттана нақылдатып жіберіпті. Кейін Мұзағаң әлгі табан астында шығарған нақылын өң­деп-жөндеп, халық мақалы ретінде «666 мақал-мәтел» атты жи­наққа: «Сараңның асы піскенше, Таудың тасы піседі» – деп, енгізіп жіберіпті. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Астана. ______________________________________ Өтпелі кезең хикаялары

ЫМ мен ЖЫМ

Ен байлықты сылқыта сорып қалуға ұмтылған екі кәсіпкер жігіт мәміле жолында жолығыса қал­ды. Үлес екеуіне де ортақ болған соң, алдымен танысып-білісу бұ­рыннан бар бұлжымас қағида. Жылмия жымия қараған біреуі: – Танысып қояйық, менің атым – Жым, – деді. – Қуаныштымын, менің атым – Ым. Бітіргенің қай оқу? – Университет, бизнестегі қулық амалдарын. Өзің ше? – Академия, бизнестегі сұмдық амалдарын. – Бәсе, өзім де бірден сезіп едім, әріптес екеніңді! – Қалайша сезіп қойдың-ей?! – Әй, Ым, бизнестегі қулық-сұмдық теориясының, әдіс-тәсіл­дерінің, айла-амалдары мен шар­ғы­ларының жілігін шағып талдап оқып, ми сандыққа мықтап тоқы­дық емес пе, соны сенің бойың­нан сонадайдан жалған жымиған «жарқын» жүзіңнен-ақ байқағам. – Мен де сенің жүзіңнен дәл соны байқағам! – Мында неғып жүрсің-ей? Алған кәсіби дәрежеңе олқылау ғой. Сенің орның..., ту-у-у со-нау-у-у ! ... – Ол сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқай көрсетті. – Тәлім-тәрбие, амал, айла-шарғы мен тәжірибені төменнен бастап жинайын деп... – Әлбетте, мен де сол мақсатпен... Әзірше төменгі буында жүрген... – Ендеше, екеуміздің есіміміз де, кесіміміз де ұйқас екен, қане бүгіннен бастап бірігіп, бүтін, бірге болайық! Сүбелі үлесті тең бөліп алайық! – деп бизнестегі қулық пен сұмдықтың оқуын бітірген Ым мен Жым бірімен-бірі қол алысып, төс түйістіре қабысып, «перделі» жымиған жүздері жанаса жабысып, екеуі де айнала­сына жемірлі жанарларымен бұрынғыдан да жымысқы­лана қарасты. Мәмілелер... Мәмілелер ... жасалып жатты... Ымыра­лас­қан Ымдар мен Жымдар зы­миян­дықпен жымдасып жатты... Аталық ӘБДЕШҰЛЫ. Маңғыстау облысы. _____________________________________

СҰРАҚ-ЖАУАП

– Қасқырдың тісінің мық­тылығына таңғаламын. Ауыз салған жерін орып, жұлып алады. – Біздегі екі аяқты жемқор «қасқырлар» одан да мықты. Олар қомақты капиталды, ор­ма­ныңды, қазба байлығы мол жеріңді тістеп тартқанда әзірейілдің өзі абдырап қалар. * * * – Құрдас, сіздің ініңіз дөкей бастық болуға лайық екен. – Оны қайдан білдің? – Бір нәрсенің жөнін сұрасаң жауап бермей мелшиіп, желке тамыры тартылып, басы қақшиып қалады екен. * * * – Аспандағы жұлдыздан өзіміздің «жұлдыздардың» қан­дай айырмашылығы бар? – Табиғи жұлдыздар – аспан ашық кезде жарқырап тұ­рады да, біздің «жұлдыздар» – қарлы, жаңбырлы, бұлтты, тұ­манды күндері де «біз жұл­дыз­быз» деп ышқына айқайлай береді. * * * – Құрдас, алқынып қайдан келесің? – Ақша қуалап жүрмін. – Жеттің бе? – Соның соңынан жүгіре-жүгіре бүкіл денсаулықтан айырылдым. – Ә, онда жақындап-ақ қалған екенсің. * * * – Мына заманда ақша сөйлейді, – дейді. – Оның айтары мықты. Ше­шеннің тілін тістетеді, дө­кейдің жағын қарысты­ра­ды, жет­пе­сіңді құрықтайды, өнбесіңді өндіріп, көнбей­ті­нің­ді көндіріп береді. Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ. Алматы облысы. ___________________________________

ТАРТПАСАҢ ТУМАҒЫР

Бұдан ғасыр бұрын мы­на бүгіндері жасы тоқсан тоғызға келген Пықып ақ­са­қал шыр етіп дүние есігін ашқанда, төрінен көрі жақын болып жантайып жат­қан Меңдібай атасы: «Бә­ре­келді! Тартпасаң тума­ғыр... Меңі бар, нақ өзім дүниеге келді! Енді Алла алса, арманым жоқ» деп қуанған екен. Бұған дейін немере де, бірнеше шөбере де  көрген Меңдібай ақсақал мына бір шөбересінен арғы атасы­нан қалған өзінің маң­дайын­дағы меңді көріп көзіне жас ала, кенже ұлына мән-жайды ежіктеп айтып, ерекше табыстаған көрінеді. Сөйтсе, арғы аталардан маң­дайына мең біте дүниеге келген сә­биді ардақ тұтып аспанға көте­ру дәстүрге айналыпты. Өйткені, ол ұрпақ өзгелерден ерекше жа­ратылған деп бағамдалып, оған ғұмырында ерекше жағдайлар жа­­салыпты. Яғни, қанаттыға қақ­тыр­мау, тұмсықтыға шоқыт­пау. Есейгенінде де ерекше қамқор­лықта болуға тиіс. Негізінде, бұл ұрпақ қиялилау болып, ән айтып, жыр жырлап, серілік тірлік кеше­ді екен. Үй болып отбасын құр­ғанмен, қым-қиғаш тірліктің бар-жоғын білмей, бар ауыртпа­лықты басқалар көріп көндігуге тиіс. Сөйтіп, Пықып ақсақал ар­ман­сыз ғұмыр кешті. Атадан қал­ған сал-серіліктің дәуренін дү­ріл­детті. Ақын болып жыр-шу­мақ та шығарды. Әнін әуелетіп, күйін күмбірлетіп көптің көз­айымы да болды. Дүниенің не екенін, қым-қиғаш тірліктің ащы-тұщысынан ада болып күндері өтіп жатты. Турасын айтсақ, елу жастың бел ортасына дейін марқұм әкесінің толықтай қамқор­лығында болды. Әке өліп, әдірем қалмады. Бұлсыз-ақ жетіп есейген ба­ласының қамқорлығына кө­шіп, алпысты алқымдаған ша­ғында да баяғы әнін айтып, жырын жырлап жүре берді. Ойпыр-ай, мұндай ғажап ғұмыр сыйлаған ата-бабадан айналып кетпеймісің! Алды­мен сан ұрпақ арасынан мең бұйыртқан жазмышына риза! Дәстүр сақталып, маңдайға біткен бір шөкім меңнің ар­қасында не ішемін, не жеймін демей, дәурен сүрді. Тәй-тәй басқанынан тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақ­тыр­май өлгенше өзгеше өмір сүргізген әкесіне риза. Әкесі өліп әдірем қалдырмаған ба­лаға да ризашылығы шексіз. Бала, немере арқасында армансыз ғұмыр кешіп жүзге жеткен Пықып ақсақал күні кеше дүниеге келген шөбере­сінің маңдайындағы меңді көріп: «Бәрекелді! Тартпасаң тумағыр... күткен ұрпақ дүниеге келді! Енді Алла алса, арманым жоқ» деп бұл жалғанға ризашылығын білдіріп, кенже ұлына мән-жайды ежіктеп айтып, ерекше табыстады. Кенже ЕРКІН. Алматы облысы. * * * CҮЙІНШІ! «Сөз сойылдың» белсенді авторы, Б.Қы­дыр­бекұлы атындағы жүлденің иегері Алпысбай Боранбайұлының «Нұр­­лы әлем» баспасынан әзіл-оспақ өлең­дер, са­тиралық поэма, қисса, бал­ладаларын қам­тыған «Қа­рыз беріңдерші» атты кітабы жарық көріпті. Сатира саңлағына жазар көбей­сін дей отырып, сол жинақтағы аз-маз дүниесін оқырманға ұсынып отырмыз. ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЙДЫҚ Үйдiң iші Опыр да топыр маман! Әйел де маман, Бала да маман, Қыз да, келiн де маман! Қос-қостан институт бiтiре берген, Дипломдары үйiлiп жатыр, сабан!.. Алайда, жағдайымыз мәз емес, Жаман боп тұр, жаман! Мамандардан бiр тиын кiрiс жоқ! Кiрiс кiргiзердей ауылда Бiр түйiр жұмыс жоқ. Қысқасы, ұрыста тұрыс жоқ, Жұмыссыздықпен күресу жайлы Бағдарламаны лезде құрдық. Құрдық та, мойнымызды Мектепке қарай бұрдық. Директорын үйге шақырып алып, Ақшамен ұрдық кеп, ұрдық! Әуелi қойнына ұрдық... Сосын қонышына ұрдық... Қалталарына түгелдей ұрдық... Мес болған директорға “Қайтер екен?” деп қарап тұрдық. “Бұларың не?” дей берiп едi, Аузына және ақшамен ұрдық. “Құлдық! – дедi, – Ойбай, құлдық!” Ұрған сайын ұға бердi, ұға бердi... Әп-сәтте әйел де, Қыз да, Келiн де, Мұғалiм боп шыға келдi! “Ойбай, пара берiп жатыр!” деген Анау-мынау әңгiменi қойыңыздар. Әлi де екi отардай қойымыз бар. Жұмыссыз жүрген ұлымызды Прокуратураға қызметке Кiргiзiп жiбермек ойымыз бар... Қысқасы, нүкте қойдық. Жұмыссыздықты осылай Түп-тамырымен жойдық! БIР ДЕПУТАТҚА ТIЛЕК Есiгiн тартып әр үйдiң Ұн таратып екi қап, Әкең болды депутат. Тесiгiн қағып әр үйдiң Жүн таратып жетi қап Шешең болды депутат. Жолын қуып солардың Өзiң болдың депутат. Ендiгi мына сайлауда Балаң болсын депутат! Түк бiтiрмесiн бiрақ та Депутаттыққа өтiп ап! Аумин! Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы. ____________________________________ Ауылдың айтқыштары Семейдегі Дегелең тауының етегіндегі Саржал ауылында Бекбатыр деген ақсақал жасы жүзге жақындаған шағында дүниеден озды. Ол кісі туралы көнекөз қариялар атына сай, жасында батыр, балуан болған адам еді десетін. Сонымен бірге бұл жарықтық артында сөз қалдырған адам еді. Соның қайсыбірін оқырман назарына ұсынып отырған жайымыз бар. “АЙТЫП ҚОЙМАҢДАР” Бекең сүйегі жағынан тобық­ты ішіне сіңген керей екен. Жиын-той, өлім-жітімде бұл кісі отырған жерде әңгіме аяғы әзіл-күлкіге ұласып жататын. Сондай бір сәтте жас жігіттердің бірі қалжыңдап “ауылдың ақсақалдары бітуге айналды, бәріне топырақ салып келесіз, ал өзіңізге қашан кезек келеді» депті. Сонда Бекең: – Алла тағала мені өз тізімі бойынша, Шұбартау керейлері­нің ішінен іздестіріп жүрген болар. Ме­нің мұнда, тобықты ішінде жа­сырынып жүргенімді қай­дан білсін, сендер мені осында жүр деп айтып қоймаңдар, – деген екен. “ТАҒЫ ДА БІР РЕТІ БОЛАР…” Бекең әл үстінде деген хабар жиілеп, балалары жан-жақтан Саржалға шапқылап, жиі келе бастайды. Сонда шын мәнісінде әлсіреп жатқанмен де Бекең үлкен-кішімен әзілдесе беретін әде­тінен танбапты. Көңілі кө­терілген әкелерінің беті бері қарап, балалары үй-үйлеріне тараса бастағанда, ол: – Ий-й, қарақтарым-ай, тағы да нәумез қайтатын болдыңдар-ау, ренжімеңдер, тағы бір реті болар, – деген екен. “СҮЙЕГІМ КЕРЕЙ, ЕТІМ ТОБЫҚТЫ” Бірде Саржал ауылына алыстағы Алматыдан бір топ белгілі ақын-жазушылар келе қалады. Әзіл сөздің тиегін ағытқан Бекең оларға бірден ұнап қалса керек. Сондықтан да болар, қарт ақын Ғали Орманов Бекеңе ризашы­лықпен: – Оу, ақсақал, өзің бір сөз білетін шал екенсің. Қай елдің тумасысың? – демей ме. Сонда Бекең ойланып жатпастан: – Сүйегім керей, етім тобықты, – деген екен. Ғали ақын болса мынау қағазға түсіріп қоятын сөз екен деп блокнотын ашыпты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.