• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2016

Қазақстанның жаңа биігі

269 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық корпусы алқасының отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы Қазақстан халқы Ассамблеясы депу­таттық корпусы алқасындағы әңгіменің алтын арқауына айналды. Жиынды ашқан Е.Тоғжанов қазақстандықтарды Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан тарихи оқиға – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органы – Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтады. Бұл – тарихи, үлкен жеңіс. Біздің еліміз – Орталық Азияда БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңесінің құрамына сайлан­ған тұңғыш мемлекет. 2016 жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ас­самблеясы жұмысына 193 мемлекеттің қатысуымен өткен дауыс беру кезінде Қазақстанға 138 мемлекет қолдау көрсетті. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Азия-Тынық мұхит аймағы мемлекеттері атынан БҰҰ саяси органының аса маңызды жұмысына ресми түрде қатысатын болады, оған Ұйымның Жарғысымен жаһан­дық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау бойынша өкілеттіктер жүкте­леді. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың бейбітшілік сүйгіш сындарлы сыртқы саясатының салтанатты жеңісі. Бұл – барша қазақстандықтардың жеңісі, деді ол. Сондай-ақ, Ералы Лұқпанұлы елі­міз­дің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы – Қазақстанның халық­­аралық жоғары беделінің айшық­ты айғағы екенін, сол себепті оның халық­аралық қауіпсіздікті және мем­лекетаралық қатынастардағы сенім шараларын нығайтуға қосқан үлесінің бағалануы болып саналатынын атап өтті. Қарусыздану саясатының эталоны болған Қазақстанның және оның Көшбасшысының Семей ядролық полигонын жабу, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту бастамашыл, бейбітшіл идеялары халықаралық қоғамдастықта қолдауға ие болды. Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру туралы бас­тамасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, қауіпсіз жаңа әлем мен әділеттілікке бағытталған G-global бастамасы Қазақстанды бейбітшіл бастамалар мен бүкіл әлемдегі сенім атмосферасын қалыптастырушы көшбасшы ретінде танытты. Халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған АҚШ-тағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жарияланған Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Бұл жеңіс – Орталық Азияның және еліміздің әр азаматының қауіпсіздігін нығайтудың кепілі, деді ол өзінің сөзінде. Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Біздің қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Біз кеше қандай мемлекет едік? Тағдырымызды Кеңес Одағындағы жауапты адамдар шешетін. Енді Тәуелсіздік алдық. Оған 25 жыл толды. Қазір біз әлемнің төріне шықтық. Жақында БҰҰ-ның саммиті өтті. Осының бәрі, түптеп келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы деген азаматтың еңбегінің арқасы мен беделі. 193 мемлекеттің ішінен 138-і дауыс беріпті. Қазір, міне, Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып отырмыз», – деді. Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.К.Божко өз сөзінде еліміздің әлемдегі ең беделді ұйымның биігіне көтерілуі Қазақ елінің жаңа биігі болып табылатынын атап айтып, Қазақстанның осынау жарқын жеңісінде мемлекеттегі этносаралық татулықтың, қоғамдық келісімнің үлкен орны бар екенін, ал мұның негізгі тетігі Елбасының бастамасымен құрылған, Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны үлкен екенін атап өтті. Ал қоғам қайраткері Әділ Ахме­тов өзінің сөзінде былай деді: «Неге Қазақстанды таңдады дегенде, Қазақ­станда идея бар, идеяны жүзеге асыратын механизм бар. Механизмі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Көп жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдің ынтымағын, бірлігін сақтап отырған үлкен институт. Ол халықаралық дәрежеге ие болды. Мұны дипломатияның жемісі деп жатырмыз, әрине, Қазақстанның дипломатиясы үшін бұл – үлкен табыс. Мынандай алай-дүлей заманда бейбітшілікті ұран етіп, ту етіп көтерген Қа­зақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақты емес мүшелігіне өтуі – үлкен жеңіс. Депутаттық корпус алқасының отырысы аясында Мәжіліс депутаты, алқа төрағасының орынбасары Сауытбек Абдрахманов та ел өміріндегі орасан мәнді оқиға туралы пікірін білдірді. «Бүгінгі күн – мемлекет тарихына енетін күндердің бірі. Бәріміздің абыройымызды асырған, мерейімізді тасытқан күн, – деді С.Абдрахманов. – Әлем тағдырын шешетін аса беделді ұйымның – Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты буынына, яғни БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақты емес мүшелігіне сайлану арқылы Қазақстан өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесіне тамаша табыспен жетіп отыр. Азия құрлығының осы өңіріне бөлінген бір орынға біз Таиланд мемлекетімен таласқанымызға айрықша назар аудару керек. Кезінде журналистік сапармен Таиландта болғанмын, ел туралы «Әлемге әйгілі» авторлық айдарына жазғанмын да. Таиланд – өз тарихында ешқашан тәуелділікке түсіп көрмеген әлемдегі сирек елдердің бірі. Мұның өзі ол мемлекеттің сыртқы саясатында мықты дәстүрлер баяғыда-ақ қалыптасқанын көрсетеді. Оның үстіне Таиландтың туристік тартымдылығы, елдің өзіндік брендінің беріктігі де оны бізге беделді қарсылас еткендігі сөзсіз. Бірақ, түптеп келгенде, Қазақстанның әлемдегі ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан шешуші үлесі, бейбітшілікті орнықтыру бағытындағы бағалы бас­тамалары, сая­си тұрақтылығы мен экономикалық орнықтылығы, этносаралық татулықты сақтаудағы үздік үлгісі таразы басын басып кетті. Осының бәріне біз ең алдымен Елбасымыздың дана дипломатиясының, сара саясаткерлігінің, дара қайрат­кер­лігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы кезде де осы абырой биігінен табыла беруге тиіспіз. Ендігі жерде Қазақстанға әлем назары бұрынғыдан да көбірек түсетінін дәйім есте ұстауымыз шарт. Мұның өзі бізді қай тұрғыдан да ширата беретін болады. Қол жеткен­ге тоқмейілсудің жөні жоқтығын, ширы­ғатын, ширайтын тұстарымыз жеткілікті екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр», – деді депутат. Бұдан кейін отырысқа қатысушылар Қазақстанда үш тілде білім беруді ен­гізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын ұйымдастыру бойынша ҚХА депутаттық корпусы алқасының ұсынымдарын жүзеге асыруды, сондай-ақ, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласында «100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарын іске асыру мәселелерін талқылады. Мәселен, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева аталған ведомство биылғы жылдың 27 мамыры мен 27 маусымы аралығында көптеген іс-шара жүзеге асырылғанын атап өтті. «Министрлік Мәңгілік Ел» идея­сын жүзеге асыру, түсіндіру, насихаттау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» рес­пуб­ликалық мемлекеттік мекемесі әзірлеген әдіснамалық ақпараттарды барлық өңірге жіберді. Қазіргі таңда «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін түсіндіруді педагогикалық мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы барлық оқу жос­парына енгізу жолға қойылды», – деді Э.Суханбердиева. Бұл күні, сонымен қатар, еліміздегі денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»