Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Әңгіме барысында Түркия Президенті Елбасын 28 маусымда Нью-Йоркте өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлаудағы Қазақстанның айқын жеңісімен құттықтады.
Мемлекет басшысы Ыстанбұл қаласы әуежайындағы террористік акт салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына шын ниетпен көңіл айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық терроризм мен экстремизм әрекеттерін Қазақстан қатаң айыптайтынын атап өтті.
Р.Ердоған Түркия мен Ресей арасындағы барлық қарым-қатынасты реттеуге бағытталған баға жетпес үлесі мен зор еңбегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
Түрік көшбасшысы Елбасына Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлескенін айтты және Анкара мен Мәскеу арасын жақындату тұрғысынан көзделген қадамдар жүзеге асады деп үміттенетінін жеткізді.
Р.Т.Ердоған Қазақстан Президентін жуық арада Түркияға сапармен келуге шақырды.
Телефон арқылы сөйлесуге түрік жағы бастамашы болды.