• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Тың ой, батыл болжамдар

413 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Жер рефор­масы жөнiндегi комис­сия мүшелерiнiң Қызыл­орда облысының жұртшы­лығымен кездесуi Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық етті. Жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен жергілікті шаруа қожалықтарының иелері және т.б. белсенді азаматтар қатысты.  – Қазір біздің алдымызға үлкен мақсаттар қойылып отыр. Жер туралы заңнаманың тиімділігін арттырып қана қоймай, оның ел экономикасындағы сал­мағы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы рөлін көрсетуіміз керек. Біз бұған дейінгі отырыстарда жалпылама, негізінен бағдарлық мәселелерді назарға алып келдік. Тиісінше, жұ­мыс­тың қай бағытта және қалай жасалуы керектігін анықтап алдық. Ендігі кезекте қолданбалық сипаттағы нақты тармақтарды талқылауға, оны жүзеге асырудың механизмдеріне көш­кен жөн,– деді Асқар Исабекұлы. Жер реформасы бойынша комис­сияның штаб жетекшісі Ерлан Нысан­баев күн тәртібіне бірнеше нақты ұсыныстарды талқылауға шығарды. Бірінші, ауыл шаруашылығы жер­лерін Қазақстан азаматтарына 49 жылға жалға беру жүйесі жалғасқан кезде жер бөлу жөніндегі конкурс комиссиясының құрамына қоғамдық кеңестердің, Ұлттық кәсіпкерлік палатасы және басқа да бірлестіктердің өкілдерін қосу арқылы ашықтық пен жариялылықты кеңінен қамтамасыз ету ұсынылды. Екінші, министрлік ауылшаруашылық жерлерін жалға беруді ұйымдастыру мен өткізу туралы Ережені бекітеді, мұнда кон­­­­­курс өткізудің тәртібі бойынша әкімдіктердің іс-әрекеттерінің бар­лық қадамдары  нақтыланады. Республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануымен қатар, қосымша облыстың бар­лық аудандары бойынша атқарушы органдарға хабарлама беріп, олар өз кезегінде аудан көлеміндегі ша­р­уа­шылық субъектілерін хабардар ететін болса, конкурстың салмағы да артқан болар еді. Үшінші, жерді жалға беру туралы Үлгілік шарт бекітіледі, онда жерді тиімді пайдалануға ба­ғыт­талған заңнамалық талаптар то­лығымен қамтылып, мемлекет тарапынан тұрақты бақылау орнатылады. Келісімшарттың орындалуы да ұдайы назарда болады. Төртінші, жердің тиімді және ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуде талаптар күшейтіледі. Атап айтқанда, жердің құнарлылығын сақтау, агротехникалық шараларды қолдану, ауылшаруашы­лық дақылдары өнімділігінің орта аудандық деңгейінің 85 пайызынан төмен болмауы, өндіріс технология­ларын жүргізуде санитарлық және экологиялық талаптарды сақтау, жаңа технологияларды енгізу негізінде инвестицияларды тарту. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақ­стан­дық­тарға жекеменшікке беру институтын сақтау және ол жерлерді берудің шек­ті мөлшерін белгілеу, Мемлекеттік шек­араның қорғау аймағына жақын жерлерді жекеменшікке беруге тыйым салу сынды салмақты ұсыныстар айтылды. – Халықтың назарында тұрған бір мәселе бар. Ауылдың айналасында елдің жеке малын жаюға арналған жерлерге қатысты алаңдаушылығы байқалады. Осы мәселеге тоқталып кет­­сем деймін. Қазiргi жағдайда елдi­мекен шегiндегi жайылымдарды жалға беруге тыйым салынбаған. Сондықтан ауылдың айналасындағы жер жеке­меншiкке берiледi. Ал бұл ауылдағы халықтың малына жайылымның тарылуына әкеледі. Сол себепті елдi мекен шегiнен тыс жерлердегi радиусты, халық қажеттiлiгiне керек жайылым жерлердi анықтау керек. Келесi ретте осы елдi мекен шегiнен берiлiп кеткен жайылымдарға талдау жасап, оларды керi қайтаруды қарастыру және мұндай жерлердiң жекеменшiкке де, жалға да берiлуiне қатаң тыйым салуды ескерген орынды болар еді, – деп атап өттi Ерлан Нысанбаев. Жер реформасы комиссиясының отырысында сөз алған Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жерді пайдалануды бақылайтын ұлттық жүйе құру керек деген ұсыныс айтты. Мұндай ұлттық жүйе жерді тиімді пайдалануға жол ашар еді. «Өйткені, соңғы жылдары жайылымдық жер егістікке, егістікке арналған алқап жайылымдық жерге айналып кетті»,– дейді депутат. Комиссияның мүшесі Жанарбек Әшімжан Қазақстандағы жер иелену­шілердің аты-жөні толық жарияланса, шекаралық аудандардағы жердің жалға беру тәртібі нақтыланса деген ұсынысты алға тартты. Ақын көтерген бастаманың елді елең еткізгені анық. Дегенмен, ірі жер иеленушілердің аты-жөнін оңды-сол баспасөз бетінде жариялай салуға заң рұқсат бермейді екен. «Азаматтық кодекс» бойынша адамдардың рұқсатынсыз олардың меншігіндегі дүниені жариялауға болмайды. Сондықтан Заңды құр­меттеуіміз керек. Бұл мәселені реттеу үшін Жер комиссиясының атынан оларға арнайы хат жолданып, келісімін сұрап жатырмыз», – деді Асқар Иса­бекұлы. Ал мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мем­ле­кеттік шекараның аймағынан қазақ­стандықтарға жекеменшікке берілетін ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлердің шеңберін 150-200 шақырым радиуста белгілеу ұсы­нылып отыр. Жер комиссиясының жиынына келген шаруа қожалық басшыларының сөзі бір жерден шығып жатты. Қожалықтың жұмысын жүргізу, оның үздіксіз жұ­мыс істеп отыруын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Қолындағы бар дүниесін банкке кепілге қойып, кредит алғандары да біршама екен. Осы ретте шаруалар жердің жекеменшікке берілгені дұрыс деп санайды. – Біз жерді игеріп, оның құнар­лылығын жоғалтпауын бақылап, егін егіп, жемісін теріп жеп отырмыз. Жа­ңа айтқанымдай, банктен несиеге ақ­ша алу керек болады. Сол кезде біз жерді кепіл ретінде ұсына алмаймыз. Өйткені жер мемлекеттің меншігі. Оны кепілге қоюға болмайды. Егер жеке-мен­шікте болса, онда шаруалардың еркін жұмыс істеуіне жол ашылар еді, – дейді Камаладдин Аббас. – «Жерді шетелдік азаматтарға сатуға да, жалға беруге де болмайды. Ал қазақстандықтарға сатуға да, жалға беруге де болады деп ойлаймын. Се­бебі, оның дұрыс екенін өз басымнан өткеріп отырмын. Парламенттегі мерзім аяқталғаннан кейін елге келдім. Әрі-бері немен айналысуға болатынын ойланып көрдім. Сосын жермен шұғылданайын деп шештім. Мына Бесарық ауылының жанынан 30 гектар жер алып, соны игере бастадым. Қазақтың «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегені рас. Жердің басына тамшылатып суару тәсілін енгіздім. Түрлі же­міс ағаштарын отырғыздық. Қолдан көл жасап, онда балық өсіріп жатырмыз. Ара асырап, бал өндірудеміз. Қысқасы, кішкентай жерде өзімізге қажетті жұмыстың барлығын атқарып отырмыз. Егер бұл жерді мен жалға алмасам, осыншама еңбек жасар ма едім?! Әрине, жоқ. Сондықтан жер бос жатпау керек. Оны игеріп, өнімін алып, елге еңбек ететін жолын қарастыру қажет», – дейді қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов. Жер комиссиясының отырысы өткен Нағи Ілиясов ауылы туралы аңызға бергісіз ақиқат әңгіме айтылады қазір. Елбасының өзі арнайы келіп тамашалаған ауылдың даңқы алты қырдан әрі асып кетті. 300 адамға арналған Мәдениет сарайы, қаладағы супермаркеттерден еш кем емес дүкені, тойханасы, су бұрқағы аспанға шапшып, неше түрлі гүлі ауылдың әрін кіргізіп, жаңа салынған мешітінің күмбезі күнмен шағылысып, инеден жаңа шыққандай спорт кешені көздің жауын алатын ауылдың берекесі артып, халқы мамыражай күн кешіп жатыр. Дегенмен, осы Нағи ауылы бірден осылай бола қалды ма? Жоқ. Бір кездері ауылдың азаматы Абзал Ералиев елге инвестиция салайын, жерді бірге пайдаланып, тізе қосып еңбек етейік деп келгенінде жұрттың бәрі күдіктене қараған. Әркім өз басына тартып, жеке жүріп жол табуға ұмтылған екен. Мұны аталған ауылдың ақсақалы Төребек Жұмабекұлы айтып отыр. Бірақ нарықтың қатал заңына жұрттың бәрі бірдей шыдас бере алмайды. Нағи Ілиясов ауылында еңбек еткен қожалықтар қарызға белшесінен батады. Сол кезде Абзал Ералиев еске түседі. «Абзалдың арқасында ауылымыз еңсесін тіктеді. Жыл өткен сайын ажары кіріп, әрлене түсті. Ауыл халқы тұтастай «Абзал және К» толық серіктестігінде жұмыс істейді десек болады. Жұрттан озып, көштен қалып жатқан ештеңеміз жоқ. Бастысы, ауылымыз ынтымақта өмір сүріп жатыр», – деді Төребек Жұмабекұлы. Шиелі ауданынан келген Пердәлі Архабаев та жердің шетелдіктерге сатылмау керектігін, оны Абзал Ера­лиев секілді елге, халыққа жанашыр азаматтарға жалға беріп, жұмыс істету керектігін айтты. Жиылған жұртшылық өз ойларын ірікпей, жасырмай ортаға салды. Сондағы ұққанымыз, жерді жалға беруге болады деген пікір. Жалға берілетін жер көлемін анықтап алу туралы да бастама көтерілді. Шындығында, Қазақстандағы жердің барлығы бірдей емес. Шөл мен шөлейтті жері басым. Құнарлы, жасыл желекпен жайқалған тұсы да жеткілікті. Енді осы жерлерді жалға бергенде барлығына бірдей баға қойылмауы керек қой. Әр жерге өзінің құнарына сәйкес баға болғаны дұрыс. Сондай-ақ, жалға берілетін жердің мөлшерін де арнайы қарастырған жөн. Жер реформасы жөніндегі комис­сияның отырысына арнайы келген академик Кенжеғали Сағадиев те көпшіліктің пікіріне құлақ асады. Ол жерді шетелдіктерге ешқашан сатуға болмайтынын айтады. Есе­сіне, қазақстандық азаматтарға же­ке­меншікке беруге болады деген ұстанымда. Бұл жердің бос, қараусыз, құнарын жоғалтып құр жатуынан құтқарып, ел экономикасына елеулі үлес қосуына септігін тигізеді. Осы ретте академик Сағадиев он ұсыныс айтты. Ең алдымен жерді сатып алушы адамға ауыл азаматтары сенім білдіруі керек. Мәселен, Нағи Ілиясов ауылы Абзал Ералиевке сенім білдірді. Ал Абзал өз кезегінде осы ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді. Екінші, жерді сатып алушылардың арнайы білімі тексерілуі қажет. Жердің жайын білмейтін, түсінбейтін адамға жер сатылмауы тиіс. Үшінші, жерге жаңа технологиялар енгізе алатын адам болғаны жөн. Төртінші, жекеменшік иесі жерді сата алмайтын, жалға да бере алмайтын болуы керек. Өйткені, өз азаматтарымыз кейін жерді шетелдіктерге сатып жіберуі мүмкін деген қауіп бар. Сондай-ақ, белгіленген уақытта жерді игере алмаса, оны тартып алу жолы да қарастырылуы қа­жет. Бесінші, жердің сапасы мен құнар­лылығын арнайы бақылап отыратын инспекция құрылғаны дұрыс. Кенжеғали Сағадиев өз ұсыныстарын комиссияның қарауына тапсырды. Ал ғалым Оразалы Сәбден жерді шетелдіктерге де, өз азаматтарымызға да сатуға болмайды дейді. Жерді жал­ға беріп-ақ көл-көсір пайда табуға болатынын алға тартады. «Қасиетті Сырдың жағасында ел тағдырына қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Сырда айтылған маржан сөз дария түбінде жатпайды. Халықтың игілігіне жарайды деп сенемін»,– деген Оразалы Сәбден Қызылорда облысына қатысты пікірін айта кетті. – Қызылорда дотацияда отырған облыстың бірі. Сондықтан облыста өндірілген газдан, мұнайдан, ураннан түскен қаржының бір бөлігі аймақта қалуы керек. Бұл өңірге үлкен көмек болар еді, – дейді ғалым. Комиссия құрамында бірнеше жұмыс тобы бар. Оларға Ақылбек Кү­рішбаев, Мұхтар Тайжан, Дос Көшім, Мұрат Әбенов жетекшілік етеді. Қызылордада өткен отырыс барысында жұмыс тобының жетекшілері де өз ойларымен бөлісті. «Қазіргі заң бойынша жер 49 жылға жалға беріледі. Ал 49 жылдан соң жалға алушы жерді не сатып алуы керек, не мемлекеттің меншігіне өткізуге тиіс. Бұл дұрыс емес. Өйткені, кейбір азаматтардың оны сатып алатын шамасы болмауы мүмкін. Сондықтан уақыты біткеннен кейін жерді жалға алу мерзімін ұзарту керек», – дейді Ақылбек Күрішбаев. Сонымен қатар, ол Қазақстанда кімнің қанша жерге иелік ететіні туралы ақпаратты жария­лап отыратын арнайы сайт ашу қажет деген ұсыныс айтты. – Шетелдіктерге жерді сатуға болмайды. Тіпті, белгілі бір кәсіпорында 1 пайыз шетелдік азаматтың үлесі болатын болса, онда оған жерді сатпау керек. Ал қазақстандықтарға жерді 49 жылға жалға беру тәжірибесін жалғастыра беру керек, – деген ойын айтты Мұхтар Тайжан. Жер комиссиясының жиынына қатысқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта атқарылып жатқан айтулы жұмыстар турасында баяндады. Ал комиссия төрағасы Ас­қар Мыр­захметов Қызылорда облы­сындағы жиынды өзгеше өткізуге тырысқанын мәлім етті. Ол үшін арнайы төрт та­қы­рып ұсынылып, сол шеңберде ой өрбітуге талпыныс болған. Десек те, жиынға қатысушылар мұндай жұмысқа аса дайын болмай шықты. Сөз алған азаматтардың барлығы бір ойдың шеңберінде ғана шиырлай берді. «Жер шетелдіктерге сатылмауы керек. Өзімізге жалға берілуі қажет» деген ойды әркім әртүрлі формада айтып жатты. Дей тұрғанмен, Сырдың бойындағы сындарлы сұхбат кезінде айтылған ұсыныстар мен тілектер ел­дің қажетіне жарайды деген ойдамыз. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылы
Соңғы жаңалықтар