«Заман қалай, адам қалай өзгерді, Өзгергенді, шүкір, қазір көз көрді», деп ақын айтқандай, бәлкім, осыдан 100-200 жылдан кейінгі қазақ журналисі көтеретін тақырыптың не болатынын қайдам, ал бізден 100-200 жыл бұрын өмір сүргендерге «Ұрпақтарыңда осындай-осындай жүгенсіздік, көргенсіздік, кісәпірлік болады. Олар балаларын көшеде туып, одан соң бас тартып, далаға тастап кетеді» десе, зәрелері зәр түбіне кетіп, имандары ұшып, ондай ұрпақтың неге жетпей жатып желкесі қиылмайды, деп шошитынына кәміл сенемін. Алайда, қазіргі шындық осындай.
Жаутаңдаған жанарлар ата-ананың құшағында емес, өкіметтің тас қабырғадан қаланған сұрқай үйлерінде қазынаның есебінен тәрбиеленіп жатыр. Тамақтары тоқ, көйлектері көк. Бірақ жұдырықтай сәбидің жетім жүрегі бойынан сөлі кетіп, өңінен түсі кетіп, қалтырап, қатты жел ұрса қуарып жерге түсер күзгі жапырақтай, үгітіліп түсуге де, жел қайда айдаса сонда ұшардай, қалтылдаған, ертеңі беймәлім пұшайманның күйін кешуде. Тамырынан нәр берер ағаш діңі – ата-ана қаныпезер, өз қағынан өзі жеріп, әләуләтіп түк болмағандай өмір сүруде. Не жігітте, қазақтың қызы емес пе, қарындасқа обал болмасын деген сезім, не келер ұрпағы алдындағы жауапкершілік жоқ, не өз құрсағынан шыққан бала тағдырын ойыншық еткен ессіз қызда түйсік жоқ.
Кіреукелеген жанардағы түпсіз мұң жетім баланың көз айдынына қараған жанның жүрегін езгендей. Ата-анасы, ата-әжесі, туған-туысқаны бар, төрт құбыласы түгел жан түсіне бермейтін өзгеше мұң, өзгеше тақсыретті кішкентай бала жүрегі қалай көтереді? Тағдыры ма, әлде, тас маңдайдың тал шыбықтай майысқақ кезден көтеретін тауқыметі ме?!
Ананың өлшеусіз мейірімін, әкеден төгілер көл-көсір шуақты, жұп-жұмсақ алақанмен аялай сипағанды көрмей өсіп келе жатқан балалар алдында тек жоғарыдағы жауапсыз қыз-жігіт қана емес, бәріміз кінәлідейміз. «Ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден, одан қалса, есіктегі күң мен қотандағы қой баққан құлдан да тыйым», деген халықтық тәрбиені жоғалтқанымызға бәріміз жауаптыдай көрінеміз де тұрамыз. Өзгенің қисық кетіп бара жатқан баласына тыйым айту қалғалы қашан! Қоғам сыртынан сыпсыңдап айтқан суық өсектен гөрі, адасқанды түзу жолға салып, құдайшылығын айтып, жаны ашыған адамның қатты болса да түзу айтылған сөзіне зәру заман туғалы қашан? Мейірімге шөлдеген бала жүректің шөлі қашан басылар, орта түскен олқы көңіл қашан толып тойынар?
Жоқ. Түңілуден аулақпыз-ау. Қоғам мүлдем қатыбастанып, қатыгездіктен тас қорған соққанымен, онысы алынбайтын қамал да емес екен. Сең сөгіліп, жылылық саңылаудан сыналап кіріп, сананы жаулап, жоғарыдағы қатыгездіктен қаланған қорғанның ішін кеулеп құлататын аптал мейірімнің алапат қуаты бардай.
«Бір жолы біз жолдасым екеуміз бір қызға моральдық тұрғыда және қаржылай көмектестік. Жігіті алдап кетіп, аяғы ауыр болып қалған ол өзінің нәрестесін балалар үйінде қалдырмақшы еді. Біз сонда Астанадағы «Ана үйі» қоғамдық қорының көмегіне жүгіндік. Қазіргі таңда ол қыз өзінің нәрестесімен бірге. Біз, жұбайым екеуміз бала әрқашанда отбасында туған-туыстарымен немесе асырап алған ата-анасымен тұру керек деп есептейміз.
Өкінішке қарай, біздің баламыз жоқ. 10 жыл некеде тұрамыз, алайда, шаңырағымыздан бала күлкісі естілмейді. Екеуміз де толық отбасынан шыққан жанбыз. Жұбайыммен арақатынасымыз жақсы болғанымен, мен балалы бола алмаймын. Сондықтан да біз 3-4 жастағы қыз баланы асырап алсақ қой деп ойлап жүретінбіз. Дегенмен, құжат жинау барысы, бюрократиялық кедергілерді ойлағанда үрейленеміз. Кейде асырап алғың келіп жүрген баланы көруге мүмкіндік бола бермейді. Көрмей асырап алуға тәуекелің де жете бермейді. Шынымды айтсам, қыз баланы асырап ала алмайтынымызға еңсеміз түсіп, соған көндігіп қалғанымызда «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығында» оператор болып жұмыс істейтін танысымнан «Бала асырап алушы ата-аналар мектебі» бар екенін білдім. Бұл жаңалыққа қатты қуандым. Орталық – балалы болғысы келіп жүрген, бірақ бұл шаруаны қалай тындыру керектігін білмейтін біз сияқты адамдар үшін таптырмайтын мекеме екен. Барлық жағынан толықтай мағлұмат алдық, психологтар, заңгерлер көмекке келіп, қазір біз бала асырап алуға құжаттарды жинап жүрміз. Үйімізде бала күлкісі күмбірлеген кезде өміріміз бақыттырақ болатынына сенемін», дейді «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының» көмегіне жүгінген, өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінген нәзік жан.
«17 жасымда, колледжде бір қызбен бірге оқыдым, ол балалар үйінен болатын. Мен ата-анамнан ол қызды отбасымызға қабылдауын сұрадым. Біз үшін әшейінде тұрмыстағы үйреншікті, күнделікті заттар ол үшін жаңалық еді. Ол біздің үйде өмірінде бірінші рет құлпынайдың, қазақша асылған еттің, қазының дәмін татты. Құрбым апельсин мен лимонның айырмашылығын білмейтін. Біздің үйде 3 жыл тұрғаннан соң ол тұрмыс құрып, балалы болды. Біз өте тату өмір сүріп, барлығын бірге істедік.
Мен де тұрмыста болдым. Қазіргі таңда қызымды тәрбиелеудемін. Өмірімде екі қызым болғанын армандайтын едім, бірақ тағдырдың жазуы шығар, жұбайым екеуміз ажырасып кеттік. Алайда, жасөспірім қыз баланы асырап алу көкейімнен шықпай, тіпті, сол оймен өмір сүрудемін. Өзімді соған дайындап интернеттен де әртүрлі ақпаратты оқимын. Жасөспірімге қолдау жасап, оны ересек өмірге дайындағым келеді. Әрбір бала оған қиын жағдайда көмек көрсететін жақындары бар екенін білуі керек.
Қазір «Бала асырап алушы ата-аналар мектебіне» барып жүрмін. Маған бойжеткен жасөспіріммен тіл табысудың жолын сілтеп, рухани қолдау көрсететініне сенемін. Өйткені, бұл бір көргендей оңай шаруа еместігін білемін.
Ата-анам да, қызым да тағы бір қыз баланы асырап алу шешімімді құптап отыр. Барлығы сәтті аяқталатынына және баланың бөтен болмайтынына, менің аналық махаббатымның екі қызыма да толық жететініне сенемін», дейді орталыққа келуші.
Енді орталықтың психологы Марал Сарбасқызын әңгімеге тарттық.
– Біздің «Аналар үйі» қоғамдық қорының жұмысының бір бағыты дағдарысқа ұшырап, құндақтағы баласымен қайда барарын білмей абдырап қалған жанды «Аналар үйіне» орналастырып, анасының бөбегінен бас тартпауына көмектесу болса, екінші бағытын енді қолға алдық. Жалпы, біздің халқымыздың жадында да, қанында да жетімге қамқор болу, оны жылатпайтын мейірім бар екендігі әмбеге аян. Бірақ уақыт өте келе осы бір тамаша қалып көмескіленіп, есесіне тарихымызда болмаған, ұлтымызға жат дүниелер көрініс тапты. Біз тәуелсіздік алғаннан бері, қазақша айтқанда, ес жиып, етегін жауып, бесігін түзеп, ұрпағына абай болатын шамаға жеттік. Қазіргі күні республика бойынша 8 мыңнан астам бала балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатыр екен. Ал бала асырап алуға ниет білдіріп, кезекке тұрғандар саны 2 мыңнан сәл асады.
Жобаның мақсаты – осындай бала асырап алғысы келген жандарға көмек көрсетіп, оларды психологиялық, заңдық тұрғыдан сүйемелдеу. Біз жобаға кірісер алдында шетелдік тәжірибелерді біраз зерделедік. Сонда олар баланы асырауға берместен бұрын әуелі ниет білдірген ата-ананың өзін дайындайды екен. 6 айдан 3 жылға дейін оларды қамқорлыққа алып сүйемелдейтіндері және бар. Бірақ біз оларды сол күйінде қабылдамай, ол тәжірибелерді өз дәстүріміз бен ділімізге бейімдедік. Алдымен балалар үйінің басшылығы, ұжымымен жұмыс жүргізіп, одан кейін ата-анамен Бала асырап алушы ата-аналар мектебінде оқулар өткізген дұрыс деп мақсатты түрде тірлігімізді бастап кеттік.
Қазір әрбір аймақта осы жұмыс басталды. Арнайы үйлестіруші, кеңесші қандай құжаттар әзірлеу қажет, кімдер бала асырап ала алады – сол жағынан жәрдемдерін жасайды. Оның сыртында осы мәселеде тегін кеңес беретін республикалық 1422 нөмірлі call-center жұмыс істейді.
Бізге келуші ата-ана не дейді? Бала асырап алғымыз келіп бірнеше рет барып бетіміз қайтып қалды. Мына құжат дұрыс емес, ана құжат дұрыс емес деп қайтарып жібере бергесін, құрысыншы, азабы тым көп екен деп күдерімізді үзіп қойдық, дейді. Ал біздің орталық мамандары әрбір ниет танытушыға тегіннен-тегін көмектеседі. Әрине, меценаттар болмаса, Білім және ғылым министрлігі қолдамаса оны атқара алмас едік. Жақында министрлікпен арада әлеуметтік жетімдікті жою, интернаттық мекемелердегі балалар санын азайту мақсатында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Осылайша, мемлекет-жекеменшік әріптестігі деңгейінде алғаш рет балалар құқықтарын қорғау мәселесі ұсынылды. Біздің арманымыз – еліміздегі балалар үйлерін жабу, дейді.
Орталық мамандарының айтуына сүйенсек, қазір бала асырап алуда пәлендей шектеулер жоқ. Жасы 18-ге толған, ақыл-есі түзу әрбір Қазақстан азаматы бала асырап ала алатын көрінеді. Сонда баспанасының бар-жоқтығына, зейнеткер екендігіне немесе жалғызбастылығына қарамай ма деген сауалымызға, егер өз баспанасы болмаса, пәтер жалдап тұрғанын растайтын құжат тапсырса болады. Жалғызбасты әйелдер де, зейнеткерлер де асырап ала алады. Ең алдымен, бала асырап алуға тілек білдіруші азамат жақын туыстардың жазбаша келісімін алып, үй-тұрмыстық жағдайларына тексеру жүргізу туралы өтініш тапсырады. Жұмыс істейтін орнынан жиынтық табыс мөлшері, соңғы 12 ай бойына еңбекақы алып келгендігі жайында, денсаулығы, некеге тұрмаса нотариус расталған анықтамасы, ал некеде болса отбасы жайында анықтама, мекенжайы мен соттылықтың болмауы жайында құжаттар өткізеді. Ал Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі өтініш тапсырылған 15 күннің ішінде мәліметтерді асырап алушылар журналына тіркеуге алады. 10 күннің ішінде үй-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізіп, асырап алушы болу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды 5 күн ішінде беріледі, дейді.
Марал Сарбасқызы бізбен әңгімеде өзінің 6 жыл Балалар үйінде еңбек еткенін, сол уақыт ішінде 28 баланың 12-сін асырап алған ата-ананың кері қайтарғанын айтты. Сіз мұның бала үшін қандай соққы екенін пайымдап отырған боларсыз. Сонда асырап алушы біз бұлай болады деп ойлаған жоқпыз, біздің ойымыз да, күткен нәтижеміз де басқа еді, деді. Бұл ата-ананың дайын болмағанын көрсетеді. Міне, біз алынған баланың қайтып балалар үйіне келмеуін қалаймыз. Ал оның алдын алу үшін адам ақпараттануы тиіс. Сол себептен, біздің мектепте болашақ ата-ана мен бала арасында қандай қарым-қатынас орнауы тиіс, қандай қақтығыстар орын алуы мүмкін, бала шындықты білуі тиіс пе, балаға шындықты айтқан күнде қалай болады, айтпаған күнде қалай болады, және басқа да қажет дүниелер тренинг, семинар сабақтар арқылы жеткізіледі. Баланың даму ерекшеліктері де, психологиялық тұрғыдан туындайтын мәселелер де жаттығулар арқылы көрсетілгенде мектепке келген ата-ана таңғалады. Мақсатымыз – жетімін жылатпаған халықтық дәстүрді тірілтіп, адамгершілікке негізделген ұлттық бейнеміздің бітімін қалпына келтіріп, баланы отбасына оралту. Мәселен, Грузияда балалар үйлері жабылды. Есесіне, осы саланың мамандары басқа бір қажетті бағытқа – проблемалы отбасылардағы балалармен жұмысқа көшсе, қоғамның адами болмысы жақсара түседі деген ниеттеміз, дейді.
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», деп хакім Абай айтқандай, қоғам өзі жіберген қателігін жөндеуге енді-енді бет бұрғандай. Жаутаңдаған жат емес – өз балаң, тастап кеткен де өзге емес – өз балаң, ата-ана, туыс-бауыр тапсам деп елеңдей қарап есікке, күтіп отырған да – өз балаң, ендеше, қазақы болмыстан кіндігі түбегейлі ажырап кетпеген есті жұрттың есіне тағы да сала кетейік – 1422 нөмірлі call-centerге хабарласыңыз, сауапты іспен тегін айналысып, сізге көмекке келетін орын бар. Жетімді жебеу, жәудіреген көз жанарынан мөлтілдеген жас емес, қуаныш нұрын төгу өз қолымызда! Адамның да, Алланың да алдында сауап алуға асықсақ, кәні.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Астана