Үлкен мінберден үн қату – Тәуелсіздіктің үлкен жеңісі
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор Қазақстанның 2017-2018 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы халықаралық саяси кеңістікте көп мәселені аңғартып, мемлекеттің саяси салмағына оң ықпал ететіні әмбеге аян. Әсіресе, Орталық Азия, Тынық мұхит елдері тобы атынан үн қатып, адамзатқа ортақ қауіпсіздік мәселесінде жаһандық тұрақтылық пен тыныштыққа атсалысуы бір есептен өзіміздің Тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың нығая түсуіне, әлемдік саяси-экономикалық, мәдени қатынастағы орнымыздың биіктей түсуіне үлкен әсері болады. Дүниені террорлық зұлымдықтың жалын оты шарпып, тыныш жатқан елдердің тіршілігіне қауіп төндіріп тұрған тұста Қазақ елін әлемдік ықпалы зор ұйымға мүше ету, біріншіден, тағдырдың сыйы, екіншіден, билік басында елтұтқа болып жүрген азаматтардың ерен еңбегі деп білемін. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқалаған жүгі, алып жүрген жауапкершілігінің нәтижесі мен жемісі десек, қателеспейміз. Геосаясатты алып қараңыз, қазір дүние құбылып тұр. Территориялық мәселе, әлеуметтік қатынас, экономикалық ахуалдан-ақ түсінбеушілік туындап, қит етсе жанжал оты бұрқ ете түсіп жатыр. Ұлтаралық, дінаралық, мәдени дәстүрдің өзі дүрдараздық пен жауласудың себебіне айналып кеткендей. Дамушы ғана емес, дамыған елдердің өзінде тәуелсіздік пен тұрақтылық мәселесі шыныдай шытынап, кез келген уақытта бүліне салуға, бүлдіре салуға даяр тұр. Мұндай жағдайда тек саяси ұстанымы орнықты, келіссөзге кемел, араағайындыққа епті ел ғана ұтады. Біздің бүгінгі ұстанымымыз бен жасап отырған еңбегіміздің осы талаптарға сай екендігі аз ғана уақыт аралығында көпке танылып, бейбітсүйгіш Қазақ елінің кеңес мүшесі болуына көп ықпал еткені айқындалды. Ата-бабамыз армандап өткен бүгінгі Тәуелсіздігімізді сақтап қалумен қатар, нығайту, әлем алдында дәлелдей түсу – баршамыздың парызымыз. Алып елдермен көрші болып, Батыс пен Шығысты жалғайтын маңызды өзек тұсында табан тірегеннен кейін, еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы үшін мұндай еңселі ұйымға мүше болу біздің Тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымызды бекемдей түседі. АЛМАТЫСарабдал саясат жемісі
Елен ӘЛІМЖАН, жазушы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы «Мәңгілік Елді» мұрат тұтқан кең-байтақ Қазақ елін шарлап кетті. Әлем алдында еліміздің абыройы асқақтап жатқандығы мызғымас мемлекетіміздің әлем алдындағы беделінің нәтижесі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ бейбітшілікті аса қадірлеп, қолдайтын сарабдал саясаткер екенін көрсете білді. Елбасымыз ұстанған көпвекторлы саясатқа сын айтқан саясаткерлер де аз болған жоқ. Еуропа, АҚШ және Түркиямен келіссөздер жүргізіп, ядролық полигонды жабу, Қазақстандағы 100-ден аса зымыран мен 1000-нан аса оқтұмсықтан арылу етек-жеңін енді қымтап жатқан жас мемлекетке, әрине, оңай болған жоқ. Газет оқырмандарының естерінде болса, Америкамен екіжақты келіссөз Буштың билігі кезінде басталып, Клинтон президент болған жылдары аяқталған. Америкамен бірге Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресей сынды алпауыт мемлекеттер Қазақстанның Тәуелсіздігін сыйлап, құрметтейтінін әрі кепіл болатынын айтқан. Міне, БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру нәтижесінде жеңіске жету – Қазақстан үшін асқан абырой, Елбасының сонау тоқсаныншы жылдары басталған сарабдал саясатының жемісі. Бүгінде әлемде дамудың баламалы идеяларына деген зор сұраныс бар. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік мәні бар бастамалардың қуатты генераторына айналып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, беделін өсіріп келеді. Әрине, таңдаудың Қазақстанға түсуінің өзіндік мәні бар. Бейбітшілік пен татулық моделін қалыптастыруда Қазақ елі алда тұр. Ол – ынтымақтастықтың тірегіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бүгінде бұл ұйым елдің ынтымағын, бірлігін сақтап отырған үлкен институтқа айналды. Халықаралық дәрежеге ие болды. ТАРАЗЕл мен ер
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында, Астана күні мерекесіне орай біздің еліміз тағы бір жағымды жаңалыққа қол жеткізді. Бұл ел ішіндегі айтылатын жаңалық қана емес, әлем елдері танитын оқиға болды. Қазақстанның ұстанымы, бағыты – ішкі тұрақтылықты сақтау және әлем елдерімен тең дәрежеде әр салада қоян-қолтық араласа іс жүргізу. Көптеген ұлт өкілі тұрып жатқан елде ішкі тұрақтылықты сақтаудың кепілі – өзара татулық, бірлік, ауызбіршілік қана. Қуанарлығы сол – 130-ға тарта ұлт ұрпақтары Қазақстанды ортақ Отаны санап, Елбасы саясатын бір кісідей қолдап келеді. Бұл бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген ымыраластық бізді даму жолына түсірді, кездескен қиындықтарды еңсеруге көмектесті, ортақ Отанымыздың ертеңіне бірлесе қызмет етуге шақырды. Біз, яғни Қазақстан халқы еліміздің әрбір үлкенді-кішілі жеңістеріне, жаңалықтарына бір кісідей қуанамыз, әлем елдері алдындағы Елбасымыздың биік беделіне тәнтіміз және оны мақтаныш етеміз, сондай-ақ, спорт, өнер, ғылым-білім, өзге де салалардағы жетістіктер – біздің ортақ қуанышымыз. Кеше ғана Біріккен Ұлттар Ұйымы биігінде Қазақстанның мерейі тағы көтерілді. Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып аталған ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Дауыс беруші тараптардың басым бөлігі Қазақстанды қолдап шығуының өзі еліміздің абыройын асырып, Елбасымыздың беделін айқындай түсті. Қазақстанның Орталық Азия елдерінің барысына айналуды мақсат еткені баршамызға белгілі. Басым дауысқа ие болып, айтулы ұйымға мүше болуы – осы меженің ақиқатқа айнала бастағанының айғағы. Қазақстандағы тұсауын кескен ядролық қарусыздану бастамасы мен оны жүзеге асырудың жарқын үлгісі, бейбітшілік жолында ұлт пен ұлысқа, наным мен сенімге қарамай өркениетті өмір сүру үрдісі расында талай елге үлгі боларлық, сабақ боларлық жайт. Өз ішінде достықтың алтын бесігін тербеткен Қазақстан енді әлем елдеріне осы ұстанымды ұсына алатын орынға табан тіреді. Бұл қуанышқа, әрине, Қазақстан азаматы ретінде қуаныштымыз. Отанымыздың шығар биігі көп болғай, елімізде тек тыныштық, береке-бірлік болсын. Осы игі істердің ұйытқысы бола алған Елбасымыз екенін білеміз және оған жігер тілейміз. Өйткені, елді танытып жүрген ері, ерін қолдап жүрген елі екенін ұғынамыз. Зүлфия БЕРНЕЕВА, «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Маңғыстау облысы