Семейдегі Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына әдебиетші-ғалым Жандос Әубәкірдің басшы болып келгеніне бір жылдан енді ғана асты. Сол аз ғана уақытқа қарамастан, мұнда бірқатар игілікті істер тындырылып үлгерілді. Ең бастысы, осы мерзім ішінде хакім Абайдың 165 және ақын мұражайының 70 жылдығы өз мәнінде рухани тұрғыда дүркіреп өтті. Осы мерекелер аясында данышпан ақын өмірі мен шығармашылығын жинап, бастыру, насихаттау ісіне қатысы болған Мүрсейіт, Әрхам, Ахат, Кәмен сынды тарихи тұлғалардың мерейтойлары да кеңінен аталып өтілді. Сондай әсерлі кештер барысында қызықты деректер молынан айтылды.
Мұны бір десеңіз, екіншіден, өткен жылы «Абай мұражайының хабаршысы» деген жаңа журналдың алғашқы саны жарық көрді. Оның меншік иелері республика Мәдениет министрлігі мен Абай қорық мұражайының өзі болып табылады. Журнал жылына төрт рет шығады. Оның алғашқы саны Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау сөзімен ашылған. Одан әріде «Абайтану», Шәкәрімтану», «Мұхтартану», «Алаштану», «Өлкетану», «Музейтану» және басқа айдарлармен мазмұнды мақалалар мен тың деректер жарияланған.
Мұның сыртында осы мерзім ішінде «Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен «Абай туралы естеліктер» және «Мұтылғанның тағдыры» деген атпен көлемді екі жинақ және жарық көрді. Абай мен Шәкәрім өмірінен сыр шертетін бұл дүниеліктердің де айтары көп. Аталған серия аясында «Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының жәдігерлері», «Шәкәрімнің саят қорасы», «Көкбайдың мешіт-медіресесі», «Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі», «Ахмет Риза медіресесі» кітапшаларының да жарық көруі оңды шаруа болды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.