• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Елімізге қандай мамандар қажет?

20037 рет
көрсетілді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың осынау бір сөзі жастар­ға нағыз үлгі-өнеге: «Отан­ның болашағы, мемлекеттің келе­шегі жастардың қолында, олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды тіршілігі тек біліммен ұштасқан біліктің арқасында биік белестерге жетеді». Қазақ халқы «ақыл жастан, асыл тастан» деген. Сонау ғасырдан бері қаншама уақыт өтсе де, қаншама ұрпақ ауысса да халықтың жастарға деген сенімі өзгерген жоқ. Жастар әркез қоғамның алға бастар күші ретінде танылған. Мамандық таңдау – жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жасөспірім алдында жүз мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икем­ділік, білім, біліктілік қажет, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Былтыр елімізде қаншама жеткін­шек білім ошағын тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың басым көпшілігі ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, біразы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Бірақ та 11 жыл бойы жина­ған білімдерін сын сағатта дәлелдей алмай, опық жегендері де бар­шылық. Жаз сайын жоғары оқу орындарының алдында үнемі жастар, ығы-жығы халық. Біреулері тестің теперішінен өтіп, бола­шағына бағдар болатын ма­мандықты таң­дауға келген жет­кіншектер. Ал біразы қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей, яғни таңдай алмай жүргендер. Себебі бірі ҰБТ-дан жинаған балына қарап жалтақтаса, бірі бөлін­ген грант санына қарап тосылады. Бірақ ешкім де: «Бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары?», «Қазаққа мына заманда қандай маман­­дық қажет?» деген сұрақтарға бас ауыр­тып жатпайды. Ал ата-ана болса «балам, әйтеуір оқып, қолына дип­ломын алса болды, әрі қарай көре жатар­мыз» деп ойлайтыны рас. Жастар таңдауды дұрыс жасай ала ма? Мамандық таңдау адам тағды­рында көп нәрсені шешетін­діктен, оған атүсті қарауға болмайды. Бұл жөнінде студент Асыл Оспанғалиева былай дейді: – Алдымен өз қызығушы­лығы­ңызға назар аударыңыз. Немен ай­на­лысқанды қалар едіңіз? Мек­тепте қандай пәндер ұнады? Бос уа­қы­тыңызда немен айналысқан­ды жақ­сы көресіз? Еліме, Отаныма адал қызмет етсем, қоғамды өркендетсем деген ойлар болуы керек. Көп нәрсе адамның бейімділігіне байланысты. Біраз уақыттардан кейін бұл таңдаған мамандығым тиімді бола ма? Және көптеген ақпараттарды пайдалана отырып, болашақ маман­дығыңыз туралы мәлімет жи­нақ­тауға тырысыңыз. Таңдаған маман­дығыңыздың иелерін жұмыс үстінде көріп, мәселен, зауыттар мен түрлі кәсіпорындардағы техникалық мамандықтар жайлы әуел бастан таныса берген жөн. Айнұр Бәкенова, Бесқарағай ауда­нынан келген жас: «Мен Семей­дегі бизнес колледжін бітір­ген­мін. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Қазір отбасылы болған­дықтан, дүкенде сатушы болып істеп жатырмын. Әйтеуір балаларымның қарны тоқ, осы күніме де разымын». Нарбек Әпсәметов, Бородулиха ауданы­ның тұрғыны: «Мен жастайымнан спортқа жақын едім. Бірақ ата-анам экономист бол деген соң, оларға қарсы келмей осы маман­дықты таңдап оқып жатырмын. Қателестім бе, жоқ па оны болашақ көрсетеді». Нарықтың талабы мен сұранысына  назар салыңыз Болашақ мамандығыңыздың еңбек нарығында қаншалықты бағаланатынын білу де пайдалы. Қарапайым жол: бос орындарға жарияланған байқауларда, ин­т­ер­неттің еңбекке орналастыру сайтын­да қандай мамандарға сұ­ра­ныс бар екендігін қараңыз. Ар­на­йы агенттіктер жүргізген бол­жам­дардың да маңызы зор. Осы мәліметтерді ескере отырып, таңдаған мамандығыңызға қай жоғары оқу орнында, қалай даярлайтынын анықтаңыз. Жүсіпбек Аймауытов былай деген екен: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында іс­теген адамның жұмысы да өнімді, бе­ре­келі болмақ, әр өнер, әр қызмет мем­лекетке, әлеуметке қажет». Бір оқу орнын бітіріп алып, табақтай дип­ломмен жұмыссыз отыру күйкі көрініс. Ал бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді, кеден­ші болуды армандайды. Құры­лыс­шы, сантехник, токарь боламын деп ешқайсысы ұмтылмайды. Шынында да заңгерлер, экономис­тер басқаларға қарағанда ақшаны жақ­сы табар, бірақ барлығының осы салада жолы болып кетуі неғайбыл. Қандай мамандық иелері сұранысқа ие? Бүгінде әркімді толғандыратын нәрсе: жастар осы болашақ маман­дығын дұрыс таңдай біле ме екен? Бірақ жастарымыз жақсы маман иесі болсам деп ойлай бермейді. Көбінесе диплом алып шықсам болды дейді. Бұл ретте мамандыққа деген сүйіспеншілік пен ықылас айдалада қалып тұрғаны рас. Қазақстандықтар үшін ең қажетті мамандықтардың қатарында энергетик, құрылысшы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды мамандықтар аталып жүр. Маман иелері ғана емес, білікті мамандар керек. Олар жас­тарды оқытып-жетектеп әкетуі қажет. Елімізде Индустриялық-ин­но­­вациялық даму бағдарламасы қолға алынғалы техника мамандарына деген зәрулік байқалады. – Қай кезде болса да, ауыл шаруа­­шы­­лы­ғының мамандары аса қажет, – дейді семейлік ғалым-про­фессор, «Радио­экологиялық зерт­теу­лер ғылыми орталығының» жетек­шісі Серғазы Дүйсембаев. – Мал дәрі­герлерін, агрономдар­ды көбірек даярлау керек. Мәселен, зоо­­тех­ник, веттехник, сауыншы, жыл­­­­қы­шы – бұлардың барлығы да қазақ­­­қа керек мамандық», – дейді ол. «Әсемпаз болма әр неге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан», – деп ұлы Абай айтқандай, адамның өмірден өз орнын тауып, қоғамға еңбек сіңіруі басты мәселе. Құрылысшы Бекет Мәкетов өзіндік өмір тәжірибесін ортаға сала келе былай дейді: «Бұл күндері елімізде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұра­ныс жоғары. Әсіресе, сантехник, электрик, дәнекерлеуші, механик, ағаш ұстасы, слесарь, токарь мамандары тапшы. Мұның себебі мектеп бітірген оқушылар­дың көбі кәсіптік оқу орындарына барғы­лары келмейді, менсініңкіремейді. Себебі, құрылыста жұмыс ауыр, ақшасы көп емес. Құрылыс саласында жұмыс атқарып жүр­геніме отыз жылдан асты. Бірге жұмыс істейтіндердің көбі, ең жас дегені 40-45 жас шамасында. Біздің де зейнетке шығатын уақытымыз келер, сонда біз атқарған жұмысты жалғастыратын білікті маман керек емес пе? Ал математика мұғалімі Еркен Әбді­разақов былай дейді: «Мен мектепте оқып жүргенде мұғалімдер көбіне ер адамдар еді, енді міне, ұстаздар қауымы өңкей әйел адамдар. Кейде келген жас ұстаздардың баламен жұмыс жасауға тәжірибесі жетпей жатады. Жұмыс істеуге икемдері жоқ, өз мамандықтарын толық игермеген. Сондықтан да, мұғалім мамандығына ер балалар көбірек тартылса деген ойымыз бар. Және жастар өкінбес үшін, оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен. Мектеп қабырғасында болашақ мамандық таңдауға қатысты жүргізілетін кәсі­би бағыт-бағдар беру іс-шара­лары өткізілгені дұрыс. Заман талабына сай өмір сүру керек, соған сай жаңа мамандықтар қажет. Қазір­гі уақытта жастардан шетел тілін білу, компьютерді жоғары деңгейде қолданып, оның әртүрлі бағдарламаларын игеру талап етіліп отыр. Нанотехнология дамыса, оны­мен бірге химия­лық биология, биотехнология өріс алады. Өйткені, олар бір-бірі­мен тығыз байланысты. Әрбір мем­лекет­тің келешегі ең алдымен мек­теп қабырғасында қаланып, шың­далатыны рас. Сондықтан да, елі­міздегі мектептеріміз бен тех­ни­ка­лық және кәсіби білім беру мен мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарында білім беру қызметінің сапасын арттыру, жүйелі проблемаларды айқындау, оны шешудің тиімді жолдары секілді мәселелер әрқашан да өзекті. Тәуелсіз Қазақстанның отандық білім беру жүйесінің басты міндеті – адами капиталды дамыту арқылы Қазақстанның әлемдегі бәсекелестігін арттыру. Сонымен қатар, мамандықтарды даярлауда колледждер, жоғары оқу орын­дары нарықтың, жұмыс берушінің сұра­нысына қарап, бірлесе жұмыс істеуі қажеттігі де соңғы кездері қол­ға алына бастағаны көңіл қуантады. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ