Ертеңгі жұмыстың өзегі
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан әкімдерінің дәстүрлі қорытынды есебі ақпан айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келді. Жиындарда халықтың әл-ауқатымен қатар, ертеңгі күнге деген сенімі де арта түскені анық аңғарылды. Олар ағымдағы ұсақ-түйек мәселелерден гөрі жалпыхалықтық мақсаттарға ден қойып, ортақ игілік үшін істелетін жұмыстарға назар аударды. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлихан ТОЙБАЕВТЫҢ ауданның 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы өркендеу бағытын қамтыған баяндамасында тиянағы келтірілген жұмыстар жүйелі жеткізілді. Расында, өткен жыл аудан халқы үшін табысты болып, бюджетке 15 млрд. 161 млн. теңге түсіпті. Сонымен қатар, Жолдаудағы жаңа индустриялы технологияларды қолдану арқылы өнеркәсіп пен инфрақұрылымдарды, құрылыс және өнім өңдеу саласын дамыту, азық-түлік белдеуін жасау қажеттігі сөз болды. Ауданда 230 кәсіпорын, 13 мыңға жуық шаруа қожалықтары өз жұмыстарын жүйелі жолға қойыпты. Олардың даму үрдісіне көз жүгіртсек, өндірілген өнім көлемі 32 млрд. 545 млн. теңгеге жетіпті. Тамшылата суару әдісі өткен жылы 624 гектарға қолданылса, биыл оның көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Мұндағы 125 жылыжайдың 104-і өнім беруде. Өткен жылы олардан қала халқына 3,3 мың тонна көкөніс ұсынылғанын азық-түлік қорына қосылған қомақты үлес деуге болады. Өнеркәсіп өнімділігі 14 млрд. 570 млн. теңгені құрап, жүздеген жұмыс орны ашылған. Өткен жылдың бедерінде аталған шаһарда жаңа аурухана мен күніне 500 адамды қабылдайтын емхана ел игілігіне қызмет ете бастаған. Басқа да оң істер аз емес. Жарыссөзге шыққандар ауылдарды басып өтетін күрежол бойына бағдаршам орнату, Шелек аймағының малшы қауымы үшін Теректі асуы арқылы Асы жайлауына апаратын төте жол салу мәселесін көтерді. Тұрғын үй мәселесі де сөз болды. Әкім барлық сұрақтарға байыпты жауап беріп, орындалу мерзімін белгіледі. *** Облыста Панфилов ауданының өзіндік орны бар. Аудан әкімі Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ жұртшылық алдындағы есебінде қоғамды демократияландыру арқылы билік пен халық арасын жақындатудың тиімді жолы бүгінгі есепті кездесу екеніне тоқталды. Осыған дейін ауылдық округтерде 15 жиын өткізілген. Жұртшылық ол кездесулерде өткен жылы ұсынылған пікір-өтініштердің қалай орындалғаны туралы сауал тастап, нәтижесіне риза пейіл білдірді. Аудан әкімі бұл жұмыстар туралы аудандық мәслихат депутаттарының алдында есеп беріп, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы жайында кеңінен баяндаған. Қазіргі кезде ауданның 2011 – 2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Өңірдегі басты бағыт ауыл шаруашылығы болғандықтан, өткен жылы осы салада өндірілген өнім мөлшері 14,9 млрд.теңгеге жетіпті. Жүгері өндіру жылдан-жылға көбейіп, облыста өндірілген барлық өнімнің 35,5 пайызын құрапты. Астық дақылдарын өсіруде де нәтижелі жұмыстар аз емес. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен шағын шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы «Арман» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Аталған өндірістің базасында ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындап сақтайтын, қайта өңдеуден өткізетін орталық құруға 150 млн.теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, «Аман-Кел» серіктестігі жаңа интенсивті технологияны пайдалану арқылы жүгері мен соя өсіруді қолға алған. Жеке серіктестіктер құс өсіріп, инкубациялау істерін жалғастырып отыр. Жалпы алғанда, жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің бастамасымен азық-түлік, кондитерлік өнім, тағы басқа тұтынушыға қажетті тауар өндіру жұмыстары жанданып отырғанына әкім тоқталып өтті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 20675 адам жұмыс істейді екен. Жиында ауданның бас дәрігері Төлеу Сарпеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ұшбаев, Жаркент қаласының тұрғыны Құрбанбүбі Ашимова, «Арман» өндірістік кооперативінің төрайымы Тұрсынай Жантағұлова және басқалары сөйлеп, көпті толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Оның қатарында, әдеттегідей, жол жөндеу, тұрғын үй, несие алу мәселелері қозғалды. Сонымен бірге аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына жұртшылық қанағаттанарлық деген баға берді. *** Бақ дарып, қызыр қонған Жамбыл ауданында да әкімнің есеп беру жиыны өтті. Аудан әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВТІҢ осы қызметке тағайындалғанына жыл жарым уақытқа жуықтапты. Осы мерзімде атқарылған жұмыстар ауқымы айтарлықтай. Әкім өз баяндамасын елімізде аса маңызды халықаралық шаралардың жалғас тапқанынан бастады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды басшылыққа алу керектігіне тоқталып, белгіленген тың жоспарларымен сабақтастырды. Жалпы, жамбылдықтар 2010 жылды табысты аяқтаған. Өнеркәсіп саласында 5 млрд. 156 млн.теңгенің өнімі өндірілген. Былтыр тікелей телекөпір арқылы құнды жобалардың қатарында «Таском» табиғи тастарды өңдеу зауыты іске қосылып, Үлкен кентінде Балқаш ЖЭС-інің құрылысы басталғаны қуанышты оқиғалардың тізбегінде. Аймақтағы «Жартас», «Үлкен-балық», «Қазақ сусындары» ЖШС-лері бүгінде халықаралық ИСО стандартымен өнім шығаруды жалғастыруда. Ауыл шаруашылығы қалыпты дамып, өткен жылы 11 млрд. 809 млн.теңгенің өнімі өндірілген. Жыл ішінде 4 млрд. 430 млн.теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көптеген әлеуметтік нысандар салынды және ескілері күрделі жөндеуден өтті. Олардың қатарында аудандық мәдениет үйінің алаңы, орталық кітапхана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық газет редакциясы және басқа да нысандар бар, деді әкім. Биылғы жылды «Жамбыл жылы» деп бастаған жыр алыбының ұрпақтары осылайша әр күндерін іргелі істермен атап өтуге жұмылған. Аудан әкімінің аудандық мәслихат сессиясындағы қорытынды баяндамасынан кейін мінберге көтерілгендер аудан әкімінің жыл ішіндегі жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Жиында облыс әкімі Серік Үмбетов қорытынды сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен 20 жылда ғасырға пара-пар жұмыстар тындырылғанын, әлі де өркениет көшіне бет алған қазақстандықтар бірлік пен ынтымақты ту етіп, биылғы Жолдауды үлкен өрлеу үстінде қарсы алып отырғанын атап көрсетті. Аудан әкімінің есебі халықтан қолдау тапқаны нәтижелі еңбектің көрінісі екенін айта келе, кейбір тұстарда арқауын ширата түсетін мәселелердің бар екенін көлденең тартты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.Мұнайсыз да мұңаймаған Махамбет
Өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібі жоққа тән ауданның бірі –Махамбет. Жер астынан бұрқақша атқылап жатқан мол мұнайы болмаса да мұндағы тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен, көкөніс, бақша дақылдарын өсірумен күн көреді. Махамбет тұрғындары «Мұнай беретін кеніштеріміз жоқ, жалақымыз аз» деп ешқашан мұңайған емес. Керісінше, ауыл шаруашылығы саласын дамытумен көштен қалмаудың үлгісін көрсетіп келеді. Аудан әкімі Өмірзақ Зинуллиннің айтуынша, мұндағы негізгі сала – ауыл шаруашылығында ілгерілеушілік бар. Төрт түліктің барлық түрі –11624 мүйізді ірі қара, 1426 жылқы, 26816 қой-ешкі және 1526 түйесі ауданда, сонымен бірге, егіс алқаптарының көлемі өсіп, жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. Соның нәтижесінде былтыр 9533 тонна көкөніс, 2594 тонна бақша, 4473 тонна картоп өнімдері алыныпты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттырып, өнім бағасын арзандатуға бағытталған шығындардың 80 пайызы республикалық бюджеттен төленуші еді. Алайда, бұған өткен жылы өзгеріс енгізіліп, егіс науқаны қарсаңында оны 30 пайызға дейін азайту жөнінде шыққан бұйрық біраз қиындық туғызды. Облыс әкімі осы жағдайды оң шешу мақсатында бірнеше рет Сенат, Мәжіліс депутаттарына мәселе қойып, шаралар алу нәтижесінде “Атыраусушар” мекемесіне 80,3 миллион теңге қаржы берілді. Сондай-ақ, мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу де жолға қойылған. Мәселен, «1 Мамыр» ЖШС сүт өнімдерін өңдеу, оны тетрапакеттерге құю цехы, жылыжай, «Қорған» шаруа қожалығындағы шұжық, макарон, нан шығару, мал сою, «Аймира» шаруа қожалығында тұшпара, нан шығару цехтары қалыпты жұмыс жасап тұр. Ал «Раушан», «Салтанат», «Дастан», «АтырауАгроӨнімдері», «Райхан» шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығындағы тың бастамаларды өз шаруашылықтарына енгізуде. «Салтанат» шаруа қожалығы соңғы жылдары көпжылдық жоңышқа егуді қолға алып, оның көлемін 55 гектарға жеткізген. «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясымен 145 гектарға алма, жүзім ағаштарын өсіруде. «Райхан» шаруа қожалығы да осы әдіспен өткен жылы 60 гектар жерге картоп, бақша, көкөніс дақылдарын егіп, 400 шаршы метр жерге жылыжай тұрғызған. – Қазір ауданда 2 типтік, 7 толық емес типтегі 3650 тонналық қойма бар. Бұл қоймаларға 2010 жылғы өнімнен 2217 тонна көкөніс, картоп өнімдері сақтауға қойылып, көктем айларына дейін жәрмеңкелерде халыққа ұсынылады, –деді аудан әкімі Өмірзақ Зинуллин халық алдындағы есеп беру жиынында. Әкімнің айтуынша, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қанат жаюда. Мәселен, өткен жылы 1743 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі халыққа сан алуан қызмет көрсетіп, 920 миллион теңгенің өнімін өндірген. Кәсіпкерлік нысандарында 1919 адам жұмыс орнымен қамтылыпты. Бұл ауданда жұмыссыздық мәселесі толық шешілген деуге болатындай. Себебі, мұндағы жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызды құрайды. «Жол картасы» шеңберінде орта және жоғары кәсіби білім беретін оқу орындарын бітірген жұмыссыз жастарды еңбекке баулу мақсатымен «Жастар тәжірибесіне» 96 жас маман жіберілді. Жергілікті бюджет есебінен және «Жол картасы» шеңберінде 449 адам 22 мамандық бойынша кәсіби даярлық және қайта даярлау курстарында оқыды. Жыл сайын махамбеттік мектеп бітірушілер өз білімдерін дәлелдеп жүр. Былтыр 8 оқушы «Алтын белгіге», 3 оқушы “Үздік аттестатқа” ие болса, 126 мектеп бітіруші түлек 100 және одан артық балл жинады. Алайда, ауданда бала өлімінің орын алатыны жасырын емес. Былтыр 14 бала қайтыс болған. Осыған орай дәрігерлерге қойылар талап күшейтілуі тиіс. Қылмыстың барлық түрі азайды дегенмен, өткен жылы 104 қылмыстық оқиға тіркелген. Әкім осы деректерді халықтан жасырған жоқ. «Енді биылғы жылы осындай келеңсіздіктердің алдын алуға жұмыстанамыз», деді әкім. Ал аудан жұртшылығы бұрынғыдай тұрмыстық қиындық, әлеуметтік ауыртпалықтар жайында шағым айтпады. Себебі, бұл ауданда тұрғындардың 97 пайызы табиғи газ, 93 пайызы ауыз су желісімен қамтылыпты. Дегенмен, жұртты толғандыратын екі мәселе бар. Оның бірі –Жайық өзенінің қос жағалауында орналасқан ауылдарды бір-бірімен жалғайтын көпірдің жоқтығы. Бұл, әсіресе, Ақжайық, Алға, Ортақшыл, Есбол ауылдарының тұрғындары үшін ең өзекті мәселе. Мұны Алға ауылында тұратын КСРО-ның халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев орынды көтерді. «Біздің аудан орталығына қатынауымыз тіптен қиын. Жазда Жайықтан қалтылдаған қайықпен өтуге тура келеді», деді ол. Расында солай. Қазір аталған ауылдар тұрғындары аудан орталығына Жайықтың үстіне қатқан мұзбен, не Атырау қаласы арқылы қатынауға мәжбүр. Көпірсіз Жайықтан өтудің қауіпті болатыны даусыз. Екінші мәселе – аталған 4 ауылға Атырау қаласынан қатынайтын жолдың жөнделмеуі. Бұл жол тек Махамбет ауданының ауылдарына ғана, сонымен бірге, Индер ауданына да қатынайды. Сол себептен, жұртшылықтың көкейіндегі ортақ мәселені көтерген Құсиын Айтқалиевтың жанайқайы орынды шешілер деп үміттенеміз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.Кестелік шара емес бұл
Ай бойы аттан түспей ел ішін аралаған әкімдердің есеп берулері өндірісті өңірде де аяқталып қалды. Кешегі күнге дейін аудандар мен қалалар басшылары жергілікті тұрғындармен 200-ден астам кездесу өткізді. Жылдың басты жиналысына қатысуға ынта жоғары екені байқалуда. Аймақтағы 9 аудан мен 9 қала әкімдері есебінің бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдік. Астананың іргесіндегі Нұра ауданы ең алдымен астықты өңір ретінде белгілі. Мұнда 30 мың гектарға дейін егін егетін шаруашылықтар аймақ экономикасының тізгінін ұстайды. Былтыр 9,6 миллиард теңге көлемінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі аталған өндіріс үлесіне тиеді. Бұл саладағы жаңа серпін мен сенім үлкен өзгерістерге үміт арттырады. Құланөтпес пен Құндызды, Нұра мен Есіл аралығында көсілген кең байтақ өлкеде орын тепкен 23 ауылдық округ тұрғындарымен кездесуді Байтуған ауылынан бастаған аудан әкімі Серік ШАЙДАРОВ биылғы есеп беруді ертең Киевка кенті жұртшылығы алдында аяқтайды. Жалпы алғанда, ел ішін толғандырған мәселелер белгілі болғандықтан, олардың ретіне орай жиналғандар көзінше тікелей шешімі табылуына дайындықпен келу – жұмыстың бір тәсілі. Мұның екі жаққа да әсері әрі тартымдылығы үлкен. Мұндай жайға, мәселен, Байтуғандағы жиналыстан мысал келтіруге болады. Оның маңындағы Жаңақұрылыс ауылы тұрғындарының телефон нүктелерін көбейту жөніндегі тілегі осы тоқсанда қанағаттандырылатын болды. Нұра ауданы ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде Байтуғанда 4 инвестициялық жоба іске асырылмақтығы кездесуге келушілерді қуантты. Майоров ауылындағы жиында мектеп үйін жөндеу туралы айтылған өтініштің алдағы күзге дейін орындалатындығына уәде берілді. Міне, ауданда өткен есеп берулер жұртқа осылайша тартымдылығымен, ой-тілектерінің көңілге түйілуімен, айтылған сөздің жерде қалмайтындығымен ерекшеленді. *** Жаңаарқа ауданы әкімі қызметіне өткен жылдың соңында кіріскен Сәкен ОСПАНОВТЫҢ жерлестерімен кеңірек танысуына осы кездесулер сәті түскен шараға айналды деуге болады. Сондай жүздесулердің бірі Қызылжар стансасында өтті. Теміржолшылар атынан сөйлеушілер ортаға салғандай, кентте күні бүгінге дейін аурухана жоқ. Ал жан-жақтан кен көздері ашылып, өндіріс ошақтарының ұлғаюына байланысты қоршаған орта ауасы мен суы бүлініп, тұрғылықты халық денсаулығына залал келтірілуде. «Бұған кейінгі кезде мекендестеріміз арасында сырқат түрлерінің өршіп отыруы дәлел», деп Терекбай Құлжабаев ақсақал ашына айтқандай, аталған жәйт жұрт алаңдаушылығын туғызып отыр. Кеніштер мал өрісін тарылтып барады, одан бұрқыраған шаң-тозаң дала өсімдіктерін басуда. Оңай пайдаға құнығушылардың жергілікті жұрт қамын аяққа таптауын тыярлық шара әзірге сезілмейді. Алдағы уақытта соған көңіл бөлініп, сондай-ақ Қызылжар стансасы мен Түгіскен ауылы тұрғындары үшін ортақ аурухана салыну қажеттігі тілге тиек етілді. Жедел медициналық жәрдем көлігі болуы керектігі де айтылды. Оның шешімін табуы енді жаңа әкімге сын. *** Мыс өндірісінің қара шаңырағы саналатын Қоңырат кенішінің ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына жетпіс жылдан асып барады.Іргетасы іргелес Балқаштан да бұрын қаланған аттас кент – өңірдегі алғашқы жұмысшылар мекені. Кен қоры азайып, жұмыс көлемі төмендегенімен, тыныс-тіршілігі қалыпты. Өмір болған соң, түйткіл мәселелер де болмай тұрмайды. Бұған дейін қоңыраттықтарды ауыз су жайы қинап келіп еді. Шүкір, ол бүгінде бұрынғыдай өткір емес. Дегенмен, уақыт талап-талғамына сәйкес жаңа мәселелер бар. Бұлар туралы Балқаш қаласының әкімі Кәдіржан ТЕЙЛЯНОВПЕН кездесуде кеңінен айтылды. Соның ең түйіндісі – кентте азық-түлік сақталатын кешенді қойма салынса деген тілектерге тоғысты. Сөйлеушілердің пікірінше, мұның өзі бағаның жөн-жосықсыз өсуіне тосқауыл болар еді. Әкім күн тәртібінде тұрғандығын мәлім етті. Қоңыратта жалпы білім беретін екі мектеп жұмыс істейді. Екеуі де іргетасы ертеде қаланған ғимараттарда орналасқан. Соған қарамастан, жөнделуі жыл сайын ұмытыла береді. Сондықтан бұл жәйт неге ескерілмейтіндігіне реніш білдірілді. Әкімнің жауап қайтаруы бойынша биыл осы мақсатқа әр мектепке 20 миллион теңгеден бөлінген. Мұны жиналғандар қуана қабылдады. *** Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының әкімі Сергей КАСИМОВТЫҢ есебі әрдайым қызу айтыс-пікірде өтеді. Онда әдетте сұрақ қоюшылар, ойларын ашық айтушылар аз болмайды. Аталған аудан аумағындағы қаланың Майқұдық аталатын бөлігі ежелден мәселе тұнған аймақ. Соңғы жылдары өмірге енген үлкен өзгерістердің одан әрі өрбуі тұрғындар тілегі. Есеп беру қарсаңында әкім аппараты жұртшылықтың сұрақ қойып, хабарласа алуына мүмкіндік жасап, арнайы телефон нөмірлерін қойды. Жиналғандарға алдымен соған түскен сұрақтар бойынша түсініктеме берілді. Есеп берудің мұндайлық әдіс-тәсілі, әрине көпшілікке ұнады. Суық судың тұрақты қамтамасыз етілмейтіндігі, автотұрақтардың шамадан тыс қаптап бара жатуы, балалар ойнайтын, үлкендер демалатын аулалардың азаюы, балабақшалардың жетімсіздігі, экологиялық жағдайдың күрделене түсуі жан-жақтан жаудыра айтылды. Былтыр да осынау жәйттер құлаққа жеткізілген еді, биыл да солайша қайталанды. Соған қарағанда, атқарылған істер тыңғылықты болмағандығы аңғарылады. Ал бұл жолғы серт те сондағыдан айнымады. Берілген екен, орындалғаны тәуір-ақ еді, әрине. Аудандық әкімдіктен тағы да соны күтіп тарқады жиналғандар. Әкімдердің есеп берулері кестелік шара болып қалмауы керек деп біледі жұрт. Одан шығарылған қорытынды жыл бойында жұмыс бағыты болуы қажет деп түсініледі. Соны тілейді, соны қалайды көпшілік. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.