• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Кісілік келбеті

351 рет
көрсетілді

«Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген мақал қаламыздың меценаты, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, «Екібастұздық болашағы үшін» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Екібастұз қаласының құрметті азаматы Райс Гайнулинге қарата айтылған ба дерсің. Адамның жеке пайымы кез келген жағдайда: қоршаған ортаға, жұмысына, отбасына деген қарым-қатынасында айқындалады. «Райс Гайнулинді алға жетелеген не?» деген сауалға жауап іздесек, «Өмірге деген құштарлығы» дер едік. Өмірге құштарлығын арт­тырған – қол жеткізген табысқа тоқ­мейілсімей, үнемі алға ұмтылуы. Жетістіктерден көрінуіне қоршаған орта, бала кезінен дұрыс жолға салған ата-анасы, жұмыс­тағы сенімді әріптестері, дос­тары мен отбасының ықпалы зор. Осындай күш­ті сезінген ол өзінің күш-қайратын ту­ған қаласының дамуына, лайықты ізбасарларды дайындауға жұмсады. Туған қалаға адал қызмет ету. Бұл кейін Райс Харисұлының өмірлік ұстанымына айналды. Ол осы ұстанымынан ешқашан айныған емес. Райс Гайнулиннің отбасы 1957 жылы Ресейдің Новосібірінен қала мәртебесін енді иеленіп жатқан Екібастұзға қоныс аударған. Әкесі Харис теміржол бойына жұмысқа орналасады. Анасы Мағрифа Ғазизқызы бала тәрбиесімен айналысады. Кенді қала Гайнулиндер отбасына құт әкеліп, Харис әулетінде бір ұл, бір қыз бала дүниеге келеді. Райс – бес баланың тұңғышы. Әке-шеше тарапынан артылған жауапкершілікті сезінген жас бала еңбекке ерте араласады. «Ол уақытта Оңтүстік шағын ау­данындағы жер үйді мекендейтін отба­сылардың бәрі 2-3 сиыр, оншақты қой, жылқы ұстайтын. Көше тұрғындары өзара қауымдасып малды кезекпен бағатын еді. Менің әкем ертелі-кеш жұмыста. Мал бағу міндеті маған жүктелгендіктен мектепке кештеу, 8 жасымда бардым. Алайда, мектеп табалдырығын аттасам да, сиыр бағудан құтыла алмадым. Бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазым Хадия Хакімзянова біздің жағдайымызға түсіністікпен қараушы еді. «Гайнулин, тағы да мал бақтың ба?» – деп зілсіз ескерту жасаумен шектелетін. Татар қаласынан көшіп келгенде, мен небәрі бес жаста болатынмын. Отбасымызда тек татар тілінде сөйлесетіндіктен мен бір ауыз орысша білмедім. Бағыма қарай, ұстазым, татар қызы Хадия Харибзиянқызы орыс тілін меңгеруіме айрықша күш салды», – дейді Райс Харисұлы өткен күндерді еске алып. Райс Харисұлы бастауыштан орта буынға өткенде, өзге мектептердің балаларымен достасып, олармен бірге спорт секцияларына бара бастайды. Жаттықтырушы Маис Шабалин балаларға қатаң талап қойып, жаттығуға жібермес бұрын темекі шекті ме, жоқ па – әрқайсысының аузын иіскеп тексеретін. «Арақ пен темекі – спорттың қас жауы. Жағымсыз әдеттерге үйір болсаңдар, спортты ұмытыңдар», – деп әркез қайталаудан жалықпайтын. Жаттықтырушының бұл талабы жастар­дың өмірлік ұстанымына айналды. Сол кездегі тәрбиенің күштілігінен жұбын жазбай спортпен айналысқан оншақты баланың бәрі бүгінде алпыстың жуан ортасына кірсе де, әлі күнге дейін арақ пен темекінің дәмін татып көрмепті. Раис Харисұлы мектепті бітірген соң, көп ойланбастан «Богатырь» кенішіне экскаватор машинисінің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Ол уақытта еңбекқор, іскер жастарды тәжірибелі басшылар бірден байқайтын. Оларға әрі қарай оқу қажеттігін ұғындырып, қызмет баспалдағымен көтерілуге мүмкіндік беретін. Сөйтіп, «Богатырь» кенішінің бас директоры Станислав Куржейдің кеңесімен Райс Гайнулин Павлодар қаласындағы индустриалды институтына оқуға түседі. Оқуды аяқтамай жатып, оған сенім артылып, шебер, көп ұзамай учаске бастығы қызметі тапсырылады. Бірер жылдан кейін «Степной» кенішінің бас энергетигі лауазымына бекітіледі. 90-шы жылдардың қиындығы кө­мірлі қаланы да айналып өтпеді. Республикамыздағы ірі көмір кеніш­терінің бірі экономикалық ауыр ахуалға байланысты банкротқа ұшырайды. Жұмыскерлердің жалақысы айлап кешіктіріледі және кәсіпорын мемлекет алдындағы салығын төлей алмай, тығырыққа тіреледі. Жер-жер­де жекешелендіру жүргізілгенде, «Екібастұзкөмір» бірлестігін де оңтай­ландыру күтіп тұрды. Кәсіпорынға да осы дағдарысты бастан кешіп, эко­номикалық дамудың жаңа кезеңіне түсу қажет болды. 1996 жылдың тамыз айында Райс Гайнулинді сол кездегі Павлодар об­лысының әкімі Д.Ахметов шақыртып, сын шақта «Екібастұзкөмір» бірлестігін басқаруға ұсыныс жасайды. Бұл кезде «Богатырь» және «Шығыс» кеніштерінің мүліктік кешендері әлдеқашан сатылып кеткен болатын. Енді кәсіпорынның қалған мүлкін жекешелендіріп, сақ­тап қалу міндеті тұрды. Ең бастысы, «Екібастұзкөмірдің» қордаланып қалған 760 млн. теңге қарызын жабу маңызды еді. Осы жағдайды анық түсінген Райс Гайнулин тәуекелге бел байлайды. Екі жылдың ішінде алдына қойған міндеттерді толығымен орындайды. Ең бастысы, бірлестіктегі 25 мың жұмыскердің жалақысын өтеп береді. Оның кәсіпорнындағы құрылымдар акционерлік қоғамдарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналып, жеке алдарына отау тігеді. «Солтүстік» кеніші Үкіметтің келі­сімімен Ресейдің меншігіне өтеді. 1981 жылы сот «Екібастұзкөмір» АҚ-ты банкрот деп жариялайды. Райс Харисұлы 1998 жылы құ­рамына 9 кәсіпорын кіретін «Эки­бастузпромсервис» ААҚ-ты басқарады. Бұл өте ауыр кезең еді: салықты уақ­тылы төлей алмау, жаңадан шыққан теңге банкнотының тапшылығы, электр энергиясына сұраныстың азаюынан қайрандағы балықтың күйін кешті. Кәсіпорын басшысы Райс Харисұлы сын сағатта ұйымдастырушылық ше­бер­лігімен көзге түсіп, өзін кәсіби менеджер ретінде таныта білді. Ел құлағына әлі сіңісті бола қоймаған кәсіпкерліктің тілін меңгерген Райс Гайнулин өз тәжірибесін өзгелермен бөлісуді жөн көреді. Екібастұзда осы мақсатта алғаш рет өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер ассоциациясы құрылып, оның тізгінін Р.Гайнулиннің өзі ұстайды. Жаңадан құрылған құрылым шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртіп, нәтижесінде жаңа жұмыс орын­дары ашылады, аз қамтамасыз етілген отбасыларға демеушілік көмек көрсетіледі. Жиырма жылдың ішінде кәсіп­орында білікті мамандар өсіп-жетілді. Ұрпақтар сабақтастығы өріс алып, энергетиктер­дің еңбек әулеті қалыптасты. Қазіргі таңда 250 адам еңбек етсе, соның 150-і  әйелдер қауымы. Ұжымдық келісімшартқа сәй­кес әлеуметтік пакеттер толық сақ­талды. Сонымен бірге, кәсіпорын бас­­шылығы зейнеткерлікке шыққан байырғы жұмыскерлерін де ұмытқан емес. 70 зейнеткерге жылда Қарттар күні мерекесінде сый-құрмет көрсетіледі, сонымен бірге, стансаның атына ай сайын 1 АЕК көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. «Жастарды еңбекке тарту мақсатында зейнет жасына келген жұмыскерлерді ұстамаймыз. Жыл сайын 5-6 жас маманды жұмысқа алып, ұжымды жаңартып отырамыз», – дейді Р.Гайнулин. Бұдан 17 жыл бұрын біздің қалада сол кездегі қала әкімі В.Набитовскийдің қолдауымен «Екібастұздың болашағы үшін» атты қоғамдық бірлестік құ­рылды. Қорды құрудағы мақсат – қаланы көріктендіру мен көгалдандыру акцияларын ұдайы жүргізу, жылына екі рет өткізілетін қайырымдылық марафондарына қаржылай атсалысу, этномәдени орталықтарға, балалар үйі мен үлгілі музыкалық топтарға және жыл сайын өтетін түлектердің қоштасу кештерінде үздік түлектерге қолдау көрсету. Бірлестік мүшелерінің ұйғарымымен оның төрағасы болып Райс Гайнулин сайланды. Белсенділер өзара келісе келіп, ай сайынғы жарна ақысын 50 теңгеге бекітті. Игі істен «Богатырь Кө­мір», «Шығыс» кеніштері де сырт қалмай, тұтас ұжымымен бірлестік құрамына енді. Қоғамдық ұйымның негізгі міндеті не? Қаламыздағы футбол клубын ұстауға және бюджет қоржыны көтермейтін бірқатар шараларға қоғам­дық ұйым қаржылай демеушілік жасайтын болды. Биыл футбол клубын ұстауға осы бірлестік есебінен 750 мың теңге қаржы жұмсалған. Жыл сайын көктемде саябақтарға, балабақшалардың жанына көшеттер отырғызу да игі дәстүрлердің біріне айналды. Қалада балалардың қатысуымен өткізілетін «Әнші балапан», «Ақ көгершін», «Сәулетай» байқауларының тұрақты демеушісі. «Үміт балалар үйіне ұлттық киімдер тіктіру үшін 81 мың теңге, №17 мектепке музыкалық орталыққа 400 мың теңге қаржы бөлді. Сондай-ақ, бірлестік жыл сайын «Үздік аула» конкурстарын өткізіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ақшалай сыйлықтармен ынталандырады. Қазіргі таңда бірлестікте 8 мың мүше бар. Райс Гайнулинді нұрландырып, ел алдында беделін арттырған қасиеті – кісілігі. Райс Гайнулинмен кездесетін күнді белгілеп, келісілген уақытта барғанымда, оны орнынан таппадым. Ісіне мығым, сөзіне берік жанның бұл әрекетіне іштей таңғалып қалдым. Әйтсе де өкпеге орын бермей, себебін басқадан іздестірдім. Шынында да мен қателеспеппін. Райс Харисұлы сол уақытта алғашқы ұстазы Хадия Хакімзанованы соңғы сапарға аттандыру қамында жүрген екен. Журналистік әдетіме салып, холл қабырғасын тұтас алып тұрған марапаттарға көз салдым. Жағалай тізілген дипломдар мен алғыс хаттар, құрмет грамоталары Райс Гайнулиинің атына жазылыпты. Оның арасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатынан бастап, Түркия Рес­пуб­ликасында өткен «Тайжарыс-Ан­талияда» атты концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, ұлттық өнердің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ж.Түймебаевтан Алғыс хат, Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне атсалысқаны үшін алғыс хат, 2013 жылы қала әкімі А.Вербняк «Тіл жанашыры» аталымында мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырғаны үшін алғыс хат жолдапты. Бұдан бөлек, №17 мектептің әкімшілігі жазғы демалыста оқушыларды кәсіпорынға жұмысқа тартып, 3 ай бойы жалақы төлегені үшін, жекелеген ата-аналар балаларына республикалық байқауға қатысуға ақшалай қолдау көрсеткені үшін разылығын жеткізген. Алғыс пен ризашылыққа толы дипломдардың қатарында әр жылдары Гайнулиннің меценаттығына берілген дипломдар бір төбе. «Қайырымдылық адам жанын нұр­лан­дырады. Оны сән үшін немесе өзіңнің ел алдындағы беделіңді көтеру үшін істеу – қателік. Ізгілікті іс ешбір марапатпен өлшенбейді», – дейді біздің кейіпкеріміз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан Қазақстанның дамуы жолында аянбай еңбек етіп, өз тағдырын ел тағдырымен байланыс­тыр­ған Райс Гайнулин, міне, осындай жан. Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ Павлодар облысы
Соңғы жаңалықтар