Британия үкіметін енді әйел басқарады
Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон елде өткен референдум қорытындысына байланысты осы жылдың күзінде өзінің отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Бірақ, ол жақында қайта мәлімдеме жасап, 13 шілде күні премьерлік қызметтен кететінін жария етті.
Дэвид Кэмеронның сөзіне қарағанда, ол бүгін үкімет мүшелерінің соңғы отырысын өткізеді. Содан кейін креслосын босатады. Сонымен қатар, премьер өзінің орнына кім келетінін де атады. Ол – Ұлыбританияның қазіргі ішкі істер министрі Тереза Мэй. Енді ел үкіметін әйел адам басқаратын болады. «Бұл өте мықты жан және ол елді басқаруға лайықты тұлға. Британдықтарға осындай адам керек. Сондықтан да мен оны қолдаймын», – деді Кэмерон өз мәлімдемесінде. Айта кетейік, осыған дейін премьер-министр қызметіне Тереза Мэймен бірге, Ұлыбритания энергетика министрінің орынбасары Андреа Лидсом таласқан еді. Кейін ол саяси бәсекеге түсуден бас тартты.
Билікке таластың салдары осыған соқтырды
Оңтүстік Судан астанасы – Джуба қаласында алты күн қатарынан билік әскері мен оппозиция күштері арасында оқ атылып, қарулы қақтығыс жүріп жатыр.
Агенттіктердің таратқан ақпараттары бойынша, екі тарап та атыс кезінде ауыр артиллерияны қолдануда. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Джуба қаласының маңындағы өкілдігіне 30 мыңға жуық бейбіт тұрғын бас сауғалап отырғаны жөнінде мәліметтер келтірілген. Қытайлық басылымдардың жазуынша, атыс кезінде Қытайдың екі бітімгер қызметкері мерт болған. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун дүйсенбі күні Оңтүстік Суданға қару сатуға эмбарго енгізуді сұрады. Соңғы ақпараттарға қарағанда, Оңтүстік Судан президенті Салва Киир мен оның қарсыласы, оппозиция әскерін басқарушы Риек Мачар атысты тоқтатуға бұйрық беруге келіскен сыңайлы. Қазірде ол орындалған жоқ. Ал атыстан 300-ге жуық адам мерт болды деген дерек бар.
Соңғы байланыс арнасын жабатын болды
Солтүстік Корея билігі 11 шілде, дүйсенбіден бастап Вашингтон мен Пхеньян арасындағы ең соңғы байланыс арнасын жабатынын мәлімдеді.
Бұған өткен аптада АҚШ-тың КХДР басшысы Ким Чен Ын мен осы елдің бірқатар жоғары шенді шенеуніктеріне адам құқығын бұзды деген айыппен санкция салғаны себеп болып отыр. Осыған дейін екі ел өздерінің дипломатиялық қарым-қатынастар жасауы үшін БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерін пайдаланып келген еді. Санкцияға байланысты Солтүстік Кореяның ішкі істер министрлігі АҚШ-тың КХДР президенті Ким Чен Ынға салған санкциясы «соғыс жариялаумен тең» деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, аталған мәселеге қатысты ресми Пхеньян АҚШ-қа тиісті жауап қайтаратынын да жеткізген еді.
Қысқа қайырып айтқанда:
Осы аптада АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Кери Мәскеуде Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктерімен кездеседі. Кездесулерде Сирия мен Украинадағы және Армения мен Әзербайжан арасындағы қарулы қақтығыс талқыланады.
Түркия полициясы Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайында болған террорлық шабуылға қатысы бар деген күдікпен тағы жеті адамды ұстады. Олардың барлығы шетел азаматтары болса керек. Террорлық шабуыл ісі бойынша бүгінге дейін 37 адам қамалған.
Мұхаммед Әлидің Джо Фрезерден жеңілген жекпе-жекте киген бокс қолғабы 1 миллион доллардан астам бағаға сатылуы мүмкін. «Жыл жекпе-жегі» атанған бұл кездесу 1971 жылдың наурызында өткен еді.
Ғалымдар Колумбияға заңсыз жеткізіліп, сонда тұрақтап қалған бегемоттар жергілікті экожүйеге қауіп төндіруі мүмкін деп дабыл қағуда. Бұл бегемоттарды Оңтүстік Америка еліне осыдан 25 жыл бұрын есірткі бароны Пабло Эскобар әкелген екен.
Еуроодақ банктері күйреуі мүмкін бе?
Еуроодақтың қаржылық секторы жаңа капитал тарту мен несиелер бойынша тапшылық салдарынан қиын жағдайға тап болып отыр. Еуроодақ банктеріне бухгалтерлік баланстағы «саңылауды» жабу үшін 150 миллиард еуродан астам қаржы керек.
«Deutsche Bank» бас экономисі Дэвид Фолькертс-Ландаудың жасаған ескертуіне қарағанда, Еуропа ауыр дертке шалдыққан. Тез ақша аудармаса, Еуроодақ банк жүйесінің күйреу қаупі күтіп тұр. Бұған қоса бас экономист 2008 жылы АҚШ-тағы банк секторын ретке келтіру үшін 500 миллиард доллар кеткенін еске салған. Сонымен бірге, қаржыгер Италияның банк жүйесіне алаңдаушылық білдірген. Оның атап өтуінше, бұл елдің мерзімі өтіп кеткен несиелер көлемі 350 миллиард еуроға жетіпті және оның көлемі күннен-күнге артып келеді. Оны құтқару үшін кемінде 40 миллиард еуро қажет екен.
Санкцияны алуға ниетті. Бірақ...
Германия канцлері Ангела Меркель экономикалық санкцияларды алып тастауға мүмкіндік беретін Еуропалық одақ пен Ресей арасындағы келісімге қол жеткізу қажет деп есептейді.
Осындай пікірді ол Христиан-демократиялық одағының ұйымдастырған шарасы барысында білдірген. «Біз Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуды қалаймыз, – депті ол осыған байланысты. – Менің өзім де соны қалап отырмын». Ангела Меркель маусымның соңында Франция президенті Франсуа Олландпен кездесуіндегі әңгіме кезінде Ресейге қарсы экономикалық санкцияны ұзарту мәселесіне қолдау білдірген еді. Еуроодақ Ресейге қарсы санкциясын шілдеден бастап тағы алты айға ұзартты. Оған жауап ретінде Ресей алты айға АҚШ-тан, Еуроодақ елдерінен, Канада, Австралия, Норвегия, тағы басқа бірқатар мемлекеттерден келетін ауылшаруашылық өнімдері мен шикізаттарды әкелуге тыйым салды.
Сот орындаушыларын ажал құштырды
АҚШ-тың Мичиган штатындағы Берриэн округі сотының ғимаратында болған атыс салдарынан үш адам мерт болып, тағы бір адам жараланды.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оққа ұшқан үшеудің екеуі – сот орындаушысы, ал үшіншісі – оқ атқан қаскүнем. Оқиға Сейнт-Джозеф қаласында орын алған. Ер адамды түрмеге орналастырмақ болған кезде, ол күзетшінің тапаншасын тартып алып, адамдарға қарсы оқ атқан. Мичиган штатының губернаторы Рик Снайдер оқиға болған жер күзетпен қамтамасыз етілгенін және оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді