қазақ тілін үйрену үшін сөздік сатып алды
Өскеменде әйгілі италиялық фотошебер Джанни Форабочидің көрмесі өтті. Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтты музей-қорығында ұйымдастырылған шараға мәртебелі мейманның өзі келді.
– Мен фотоөнерге іңкәр жанмын. Суретті көшеде түсіруден бастадым. Алайда, аппараттың тетігін автомат сияқты баса беруді емес, композициялық кадр жасауға ден қойдым. Фотографияға әуестік мені өркениетіміздің терең қалтарыстарындағы мәдениетіміз бен тарихымызды тануға жетеледі, – деді өскемендіктермен кездесуде Джанни Форабочи.
Ол вернисажға келушілер алдында фотожұмыстардың барлығы оңайға түсе бермейтінін, кейбір араб елдерінде таспаға түсірткізбеу үшін тас лақтырған жағдайлар да кездескенін айтты. Сондай-ақ, Үндістандағы бірқатар касталар мен тайпалардың 500, 1000 жыл бұрынғыдай өмір сүріп жатқаны да фотосуретші таспасынан сырт қалмаған. Яғни, аталған фототуындылардың кейіпкерлері көне дәуірлерге тән сияқты. Дегенмен, олар ғылыми-техникалық төңкерістен алыс қалған замандастарымыз. Мәселен, Үндістандағы маха-кумбха-мела фестивалінде түсірілген суреттер сериясындағы жалаңаш еркектерді көріп тыжырынуыңыз мүмкін. Ал олар болса, Сарасвати, Джамны мен Ганга атты үндінің үш өзені түйісетін ұлы сағасында суға шомылып, бар күнәларынан тазаратын ғұрыпқа дайындық үстінде. Бұл 12 жылда бір рет өтетін діни рәсім екен. Яғни, кадрды қайталап түсіру үшін 4 мыңнан астам күн күтуге тура келеді.
Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда орыс тілін үйреніп алған Форабочи тағы тоғыз тілде еркін сөйлейді екен. Енді қазақ тілін үйрену үстінде. «Рахмет!» деп жылы жымиған фотосуретші жуырда қазақша-орысша сөздік сатып алыпты. Өзіне Өскемен шаһары өте ұнағанын жеткізген шетелдік мейман келесіде қазақ тілін меңгеріп келуге уәде беріп отыр.
Форабочидің фамилиясы Еуропа мен АҚШ-қа кеңінен таныс. Ол өзінің әлемді кеңінен аралаған саяхаттарында түсірген суреттерімен travel-фото жанрының мэтрі саналады. 67 жастағы шебердің суреттері Батыс елдерінің көрнекті галереяларынан орын тепкен. Фотограф «Қазақстан – италиялықтың көзімен» атты жаңа жоба аясында Қазақ елінің тарихи дәстүрі мен тұрмыс-салтына ден қоюды жоспарлап отыр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН