Швейцарияның Лозанна қаласындағы федералды политехникалық мектептің бір топ зерттеушілері теміржол вагоны мен ұшақты біріктіру туралы жаңа жобаны ұсынды. Олар бұл жобаны Clip-Air деп атап отыр. Мамандар бұл іс жүзеге асқан жағдайда көптеген нәрсені тиімді әрі жылдам орындауға болатынын айтады.
Егер қажетті қаражат бөлінсе, жоба шамамен 50 жылдың көлемінде іске асуы мүмкін. Бүгінде жергілікті мамандар Clip-Air бірлестігін дайындап қойды. Осы арқылы алдағы 5-10 жылда бизнес-джетке сай көлемде вагон мен тасымалдаушы ұшақтың прототипін жасап шығарады. Вагон прототипі 150 жолаушыға дейін тасымалдай алады.
Болжам бойынша, алдағы уақытта вагондар мен автобустар ұшақ корпусы түрінде жасалуы мүмкін. Әрқайсысы 450 жолаушы немесе 30 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Мұндай көлік түрлеріне арнайы бекіту жүйесі орнатылады. Осы арқылы аэропортқа келгеннен кейін тасымалдаушы ұшаққа тіркеледі.
Өткен жылдың қараша айында АҚШ-тың патент бюросы Airbus авиақұрылыс компаниясына ажырамалы ұшаққа патент берген. Бұрын-соңды болмаған жаңа аппаратта алмалы-салмалы капсула, яғни жолаушылар салоны мен жүк тиейтін орын қарастырылған.
Мәліметтерге сәйкес, капсулалар аэропорт терминалының бір бөлігі болуы әбден мүмкін. Ұшақ келмей тұрып, оған жүктерді тиейді, ал жолаушылар осы уақыт аралығында өз орындарына отырады. Ұшақ әуежайға келген бетте арнайы кран жолаушы толы капсуланы ұшақтан алып, орнына жаңа капсуланы қояды. Осыдан кейін ұшақ жерге қонбастан, қайта ұшып кете алады. Осы арқылы бәрін жылдам жүзеге асырып, ұшақтың жердегі уақытын айтарлықтай қысқартуға болады.
Швейцария ғалымдары алғаш рет бұл жобаны 2011 жылы ұсынған екен.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»