• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2016

Жаздыгүн шілде болғанда...

571 рет
көрсетілді

Мұсылмандықпен әмбе қазақы иіріммен қабыса бермейтін түрлі түйткілдерге азаматтық үнімізді білдіруге келгенде кежегеміздің кейде кері тартып тұратыны несі екен осы... Қазір жаз мезгілі. Сондықтан, жұрттың көбінің бассейнді, яғни хауыздарды жағалап кетуі үйреншікті жағдай. Бірақ, сол шіркініңнің, бақсақ, кілтипаны көп екен. Оймақтай айдынның ішінде ер-азаматтармен бірге әйелдер де, қалт-құлт еткен қариялар мен жастар да қабыса жүзіп, қатар шомылуда. Осы қаншалықты жарасымды? Әрине, бұл жерде «тек бізде ғана емес, әлемнің барлық елінде солай» дейтін байламның да алдымызға кесе-көлденең тартыларын сеземіз. Мұндайда қарсылық білдіру бүйректен сирақ шығару, жұртқа артық пәлсапа соғу сияқты түйілерін түйсінер пақырыңыз тағы біз боламыз. «Онда тұрған не бар дейсің, теңіздің жағасында жұрттың бәрі жартылай жалаңаш шомылып жүрген жоқ па? Бассейніңіз де сондай жағажай кейіптес шағын айдын. Сондықтан, мұнда келу­шілердің қымсынып, қысылуына еш себеп жоқ», деушілер табылса, олардың да бұл уәжімен лажсыз келісуіңе тура келеді. Өйткені, адамға ең маңыздысы, денсаулық болып табы­л­ады. Дәрігердің кеңесі бойын­ша денсаулығын түзеу мақ­сатында хауыз жағалаған жандар­дың біразы­мен әңгіме-дүкен құрғаны­мызда осы ойымыздың шындығына көзі­міз анық жеткен болатын. «Қазақ­стан» спорт кешенінде жасы 70-ке таяғанына қарамастан, қимылы ширақ Мария есімді егделеу әйел өзінің бұлай сергек болуына, бірін­ші­ден, бассейн әсер еткенін айт­ты. Суға жүзуді өмірлік қағида­сына айнал­дырған жаннан осы мәсе­леге байланысты пікір білдіруін сұрағанымызда: «Расын айтайын, менің замандастарымның көбі мұн­да сол үшін келмейді. «Ұл-қыз­дары­мызбен қатар жастармен қосы­лып қалай шомыламыз? Қар­тай­ған шағымызда ашық-шашық жүр­ген сұм­дық емес пе?» деген олар­­дың сөз­дері бір жағынан дұрыс бол­ған­мен, маған өзіме де­н­сау­лығым қым­бат. Олар соны түсін­бейді», деп қынжылыс білдірді. Ал енді Күн­сұлу есімді келіншек жұмыстан кейін балаларымен бірге салқын су­ға түсіп, бассейнде бой сергітуге дағдыланғанын әңгімеге арқау етті. «Ең бастысы, жаздыгүні балаларыма рахат. Өйткені, оларға арналған бассейн үлкендерден бөлек. Сонысы ұнайды. Айналамдағы адамдар ер-аза­маттар ма, әйелдер ме, маған бәрі­бір. Маған ең маңыздысы – жаз­дың керемет сәттерін босқа өткізіп алмау» дейді. Адамның өмірлік ұстанымына өскен ортасы мен тәлім-тәрбиесі көп әсер ететіні рас-ау. Қазақы тәрбие иесінің ойы мұндай пікірлермен көбіне қиысып кете қоймайды, әри­не. Шымкенттік Сая Қасымбек заман­да­сымыз бұл туралы өз ойын бы­лай жеткізеді: «Оңтүстік өңірі елі­міз­дің ең ыстық аймағы екені бесе­не­ден белгілі. Бүгінде, таби­ғат­тың сыйын орнымен қолдану­ға ты­ры­сып жатқан қалталы аза­мат­­тар баршылық. Оңтүстіктің Қазы­ғұрт, Төле би, Түлкібас, Сай­рам аудан­­­дарының таулы бөк­терін­­де көптеген демалыс орындары зама­науи талаптарға сәйкес салы­нып та үлгерді. Қысы-жазы қонақ­тары үзілмейді. Көктем келе құл­­пы­ратын Оңтүстік өлкесі, Швей­царияң­ды жолға тастайды. Саф ауасы мен қоңыр салқын кеші – жан­ға дауа! Қынжылтарлық бір жайт, суы мөлдіреген, ыстық аптап­тан құт­­қа­рарлық хауыздары жал­пыға ор­тақ. Ерлер мен әйелдер жары­са шо­мылып жатқаны. Жас­тар­ға білін­бес, десе де, жасы егде тарт­қан әйел­дер қайтпек?! Атпал аза­мат­тар­дың алдында қалай шеші­не­­сің?! Біріншіден, еркек­тің сұғын ауда­рып, иманыңды сынаққа саласың, екін­шіден, шау тартқан тәніңді жала­ңаштаудың өзі әдеп­тілікті аяққа таптап тұрғандай, жай­сыз сезінеді екенсің». Белгілі өнер иесі бұл әңгімеде бүгінгідей за­йыр­­­лы қо­ғам­­ға қол жеткізген тұста, ұлты­­­мыз­­дың дәстүрін еске­ріп, әйел­­­дер­ге бөлек хауыз салса де­­­ген­­­ді айт­­қы­­сы келеді. Ерлер мен әйел­­­дер хауы­зы екі бөлек, бір-бірі­нен алшақ (ор­та­сын ағаштармен көм­кере жауып таса­ланса, ал жабық бассейн­­­дер дуал­­мен қоршап бөлініп тұрса) орналас­са, қандай ғанибет болар еді дейді. «Аптаптан жан сақтағың келеді-ақ, хауыздағы қаптаған ер-азамат­тар­ды көргенде, аяғыңды суға шы­лау­­­­мен шектелесің. Туасында, дема­лыс орындарына еркектерге қара­­ған­да, бала-шаға ерткен әйел­дер көп барады емес пе?! Демек, әйел­­дер­ге жеке хауыз салу тиімді болса керек. Осы мәселені қолға алып, қал­та­лы­ларға жеткізе білсе ғой, шіркін!» деп Сая өте бір өзекті мәселені шешуді ұсынған. Жөн-ақ. Осындайда жарықтық бұ­рынғы ата-бабаларымыз, әке-ше­ше­леріміз осы хауыз дегеніңізге бар­­май-ақ қалай өмір сүрген деген ойдың басы қылтияры сөзсіз. Ал енді ХХІ ғасыр адам­дары­на бұл айтып отырғанымыз сон­­ша­лық үрейленетін, үркетін нәр­се болмауы мүмкін. Дегенмен, Сая­­ның айтқанымен сандаған құр­бы­­лары­ның ойы дөп келеріне шүбә кел­тіре алмайсыз... Өйткені, әйел­дер мен ерлерге арналған бас­сей­ні­­ңіз ұят-аят жағынан ғана емес, тіп­ті, гигиеналық тұрғыдан да үй­лес­пей­тін нәрсе ғой, айналайын-ау... Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»