Нарын құмының етегінде орналасқан Жаңақала ауданына жолымыз түскен сайын жаңғыру мен жаңару үдерістері жедел жүріп жатқанына көз жеткізе түсеміз. Бұл арада әңгімені өткен жылдың қыркүйегінен бастап айтқанды жөн көріп отырмыз. Мәселенің мәнісі мынада. Өткен жылы дәл осы күні облыста жаңадан салынған бес орта мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Оның біреуі Орал қаласында ашылса, екіншісі Теректі ауданында бой көтерді. Ал қалған үш мектеп ғимараты республикамыздың ең шалғай аудандарының бірі –Жаңақалада өз есіктерін оқушыларға айқара ашты.
Мүмкін біреулер мұнда тұрған не бар дер. Егер ақиқатын айтқанда, мәселенің мәнісі дәл мынада. Алыстағы ауданда салынған үш орта мектеп ғимаратының екеуі – бұрынғы ферма, бөлімше орталықтарында бой түзеуінде. Ферма, бөлімше демекші, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кеңестік кеңшарлар орталықтарының өзінде бала саны толмауына байланысты типтік үлгідегі мектеп ғимараттары жартылай бос қалғаны жасырын емес. Тіпті, қазіргі күннің өзінде де мұндай көріністердің кездесіп қалып жүргенін ашық айтуға тура келеді.
Керек десеңіз, біздің айтайын деген ойымыздың ең бастысы бұл да емес. Ең бастысы, алыстағы ауданға қарасты алыс мекендерде табиғи өсім мен бала туу саны көрсеткішінің жоғары екендігі. Осы тұрғыда ойдан ой туады. Қазақстан әлемдегі екі жүзден астам мемлекеттің арасында өзінің жер аумағының кеңдігі жөнінен алғашқы ондыққа кіретін, сонымен бірге, сол мемлекеттердің арасында халқының аздығы жөнінен алғашқы емес, соңғы ондықтардың бірінен орын алатын ел. Осыншама үлкен аумақта осыншама аз адам тұрады. Бұл әлемдік нормативтер мен критерийлерге сәйкеспейді деп бізге жаһанның әр түкпірінен күндердің бір күнінде көзінің сұғын қадаушылар да табылмасына кім кепіл? Қысқасы көбеймесек, көсегеміз көгермейтіні айтпаса да белгілі емес пе? Ал көбею үрдісі, соның ішінде адамдардың табиғи өсімі өмір сапасы жақсарған кезде, өмір сүруге қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар шешілген уақытта жеделдей түспек. Экологиялық жай-күйі күрделі делініп келген, тіпті, Кеңес Одағының кезінде ядролық сынақтар аумағының ошағына айналған Жаңақала ауданындағы табиғи өсім санының бір сырын жоғарыдағыдай жағымды жайттардан іздегеніміз орынды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел аумағында жабайы урбанизация үрдісі, яғни ауыл халқының өндірістік қалалар мен облыс орталықтары маңайына нақты жоспар мен мақсатсыз ауа көшу көрінісі орын алды. Өтпелі кезеңде бұл үрдіс салыстырмалы түрде қарағанда облыстағы Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандары тұрғындары арасында жиірек бой көрсетті. Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар дегендей, оған тәуелсіздіктің елең-алаңында елді мекендердегі тұрмыстық деңгейдің төмендегені, қарым-қатынастың қиындығы, ауыз су проблемаларының орын алғаны, ауылдардың қараңғылық құшағында қалғаны, ағайындарымыздың отын тасып, күл шығарып, тезек, көмір жағып отырғаны, табиғи газ құбырларының тартылмағаны түрткі болып еді.
Тұтастай алғанда егемендіктің алғашқы жылдарында еліміздің барлық дерлік шалғай аудандарында орын алған мұндай көріністердің түп-тамырын кеңестік саясаттан іздегеніміз орынды. Өйткені, Кремль қожайындары ұзақ жылдар бойы Қазақстанға тек бірыңғай шикізаттық база ретінде қарау тәртібін орнықтырып келді. Қазақстандық ауыл еңбеккерлері орталыққа астық пен етті, бұдан басқа да көптеген ауылшаруашылық өнімдерін тонналап тоғытып жатса да осы еңбегінің өтеуі ретінде олар инфрақұрылымдық жүйелерге қол жеткізе алмады. Осылайша Кеңес Одағынан қалған «мұраның» өтпелі кезеңге тұспа-тұс келуі инфрақұрылымдық жүйенің ойсыраған орнын ашық көрсете бастады. Бұл іс республикамызда егемендік алғаннан кейін ғана біртіндеп жүзеге асып келеді.
Дегенмен, осындай күрделі кезеңнің өзінде табиғи ресурстары өте бай, аңы мен құсы жыртылып айырылатын, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, айдын көлдері мен өзендерінде аққулары ұшып-қонған, аудан орталығы тұрғындары көгілдір отынның қызығын көріп отырған Жаңақаланың жайсаң жандары жабайы урбанизацияның жалынан ұстамай-ақ кетті. Осы арада Жаңақаладағы жайлы өмірге ықпалы тиген тағы бір деректі айтпай, елемей кетсек жөн бола қоймас. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ел ішіндегі басшы кадрлар жиі алмасып, жекешелендіру көріністері бірқатар жағдайларда жекеменшіктеуге ұласып кетіп жатқан тұстарда Қамыс-Самар еліндегі басшы кадрлардың сабақтастығы, өздері бастаған істі аяғына дейін тындыруға мүмкіндік алғаны да өңірдегі тұрақтылықтың сақталып қалуына белгілі бір деңгейде әсер еткені анық.
Жаңақала ауданының бүгінгі әкімі Лавр Хайретдинов те елге жанашырлық көрсетіп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарына ортақтасып, аға буын әріптестерінің өнегелі жолын лайықты түрде одан әрі жалғастырып келеді. Тіпті, соңғы бес жылда Қамыс-Самар елінің кескін-келбеті адам танымастай өзгерді десе де болады. «Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» демекші, оның бәрін айта берсек әңгімемізді ұзартып аламыз. Сондықтан да ойымызды қысқаша түйіндеп бір-екі мәселеге ғана тоқтала кеткенді жөн көреміз. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей, осы бір-екі мысалдың өзі шеткері орналасқан өңірдегі өрелі өзгерістердің көріністерін көрсете алатыны анық.
Оның біріншісі – Жаңақала ауданындағы кеңінен қанат жайған жеке тұрғын үй құрылысы. Тұтастай облыс бойынша аталған салада жаңақалалықтар алдыңғы орындардың бірінде. Бұл тұрғыда Қамыс-Самар атанған еңбекқор елдің алдына облыс орталығы – Орал, кеншілер қаласы – Ақсай және жарты бөлігі Орал қаласы аумағына сұғына кіріп кеткен Зеленов ауданы ғана түсе алады. Құрылыс индустриясы осы аталған өңірлердің дәл іргесінде тұрғандықтан да мұнда жеке тұрғын үй салу ісінің өзіндік құны біршама төмен. Өйткені, оған тасымал шығыны кетпейді. Ал Жаңақала қайда, облыс орталығы қайда? Екеуінің арасын қалайша есепке алмасқа. Дегенмен, мұнда құрылыс материалдары түрлерінің кең ауқымды жүйесі құрылуы арқылы мәселе оң шешімін тауып келеді. Осылайша, жеке тұрғын үй құрылысы тоқтамастан жүйелі жүргізілуде. Өңірдегі құрылыс материалдары құны Орал қаласындағы бағадан жоғары емес.
Бұл істе тұрғындар арасында бәсекелестіктің кеңінен өрістеуі үдерісті одан әрі тездете түсуде. Аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің тікелей бастамашы болуымен жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылымдық жүйелер – электр энергиясы, газ, су құбырлары жүйесі тартылуда. Соған қарамастан, қазіргі мүмкіндік сұраныстың жоғары деңгейін қуып жете алмай жатқанына да түсіністікпен қарау керек секілді. Осы арада тағы бір әлеуметтік түйін жасауға болады. Жаппай жеке тұрын үй салу ісі тұрғындардың тұрмыстық деңгейінің көтеріліп келе жатқанының басты бір көрінісі. Қаржылық жағдайы көтерген адам ғана үй салуға тәуекелдік етпей ме?
Үй болғанда қандай?! Оның бәрі бей-берекет емес, аймақтың, соның ішінде Жаңақала ауданы орталығының бас даму жоспарына сай бой көтеруде. Сондықтан да Қамыс-Самар еліндегі сәулетті де сәнде жеке тұрғын үй құрылыстары бірден көз тартады. Бұл өңірде көлденең көзге айрықша көрінетін тағы бір көрініс – жапырағын жайған жасыл желек, көше бойларындағы тал-теректер. Бірінен соң бірі желкілдеп өсіп, жылдан-жылға бой жазып сыбдырласып, сырды ұрласып, тамырын тереңге тартып келе жатқан саябақтар. Бүгінде дағдарыс, қаржы жоқ деген әртүрлі сылтауларды алға салып бәрін тек соған ысыра салатын жергілікті атқару органдарының жетекшілері де жоқ емес. Ал енді осы тал-теректер мен ағаштар отырғызуға аса бір көп қаражаттың қажеті шамалы болса керек. Тек ынта-ықылас пен ниет болса жеткілікті емес пе?
Егер сіз жер арқасы қияндағы күн сайын өсіп-өркендеп, көркейіп, гүлденіп келе жатқан өңірді көрем десеңіз, атыңыздың басын ойланбастан Жаңақалаға қарай бұруыңызға болады. Бұл сапарыңыздан еш өкінбей әрі шаршап-шалдықпай қайтарыңызға біз кепіл. Сонымен бірге, жаңақалалықтардың кеңпейіл қонақжай қасиеті мен мәрт мінезі сіздің жан сарайыңызды да нұрлы бір сезімге шомылдырары хақ. Шын мәнінде, бұл өз атауына заты сай өңір. Жаңақала десе, Жаңақала. Қазіргі күні жаңақалалықтар еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойын толайым табыстармен қарсы алуға бір кісідей бел буған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Жаңақала ауданы