• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Өңіраралық байланыс тереңдетіледі

284 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні ішкі интег­ра­циялық жүйелер мен өңіраралық кооперативтерді дамыту ісі айы­­рықша мәнге ие. Үкімет пен жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне Елбасының берген тапсырмасы дәл осы тұстан тамыр тартады. Мұндағы басты мақсат – импорттық тауарлар көлемін барынша шектеп, қазақстандық өнімдерді тұтынуға барынша кең жол ашу. Қазір бұл міндетті жүзеге асырудың басты жолдарының бірі – тауар алмасу жөніндегі өңір­аралық байланыстарды терең­дету болып отыр. Бұл үшін соңғы кезде еліміздің облыстары арасында тиіс­ті келісімшарттар жасау тәр­тібі қалыптасып, орныға бастады. Жақында осы үрдіске сай Ба­тыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысының әкімдері Алтай Көлгінов пен Болат Бақауов өңіраралық кооперативтер­дің өрісін кеңейту тұрғысындағы ме­морандумға қол қойды. Ашығын айтқанда, көптеген қазақстандық кәсіпорындар өздеріне қажетті өнімдер ішкі рынокта жеткілікті әрі оның сапасы да бәсекелестікке төтеп бере алатындай деңгей­де бола тұрса да, оны таяу және алыс шетелдерден, соның ішінде Ресейден сатып алып жүр. Өңір­аралық тауар алмасу жүйесін қалыптастыру ісі осы құптауға қиындау тәжірибенің тізгінін тежей алады. Бұған қазірдің өзінде нақты мысалдар келтіруге болады. Айт­а­лық, Батыс Қазақстан облысының іскерлік топтардан құрылған ірі делегациясы осы кезге дейін Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маң­­ғыстау облыстарында және Алматы қаласында болып, осы кездесулер барысында олар өз­деріне қажетті көптеген та­уар түр­лерін алуға қол жеткізді. Орал өңіріне жылу құбырлары үшін қол­данылатын тұрбалар мен жол құрылысына қажетті бас­ты мате­риалдың бірі битумның жет­кізілуі – осы сапарлардың нәти­жесі. Ал өз кезегінде Кереку мен Орал өңірінің  тауар өндіруші­лері, кәсіпкерлері мен орта және ша­ғын бизнес өкілдері қан­дай өнім­дерімен алмаса алады? Бір-біріне нендей тауарларды ұсынбақ? Меморандумға қол қою рәсімі мен бұдан кейінгі кездесулер барысында бұл сауалға толықтай жауаптар қайтарылды. Павлодар – республикамыздағы ірі индустриялдық облыстардың бірі әрі бірегейі болып табылады. Ал өз кезегінде мұндай өндірісті өңірге қажетті материалдар қай кезде де болмай тұрмайды. Бұл тұрғыда павлодарлықтар Ақжайық аймағындағы «Стек­ло-Сервис» ЖШС, «Орал сау­да-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, «Орал трансформатор за­уыты» ЖШС сияқты ірі кә­сіпорындарды аралап, олардың өнімдеріне қызығушылық танытты. Орал қаласындағы «ЗенитТехСервис» кәсіпорнының машина жасау өндірісіне қажетті өнімдеріне де сұраныс жоғары. Кереку өңірінің тұтынуына қажетті орал­дық өнім түрлерінің тізбегі тек мұ­нымен шектелмейді. Еліміздің батыс қақпасындағы инвесторларды павлодарлықтар нендей өнім түрлерімен қызықтыра алады? Бұл жөнінде газет тілшісіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өз ойын былайша жеткізді: – Павлодар облысы  қазіргі таңда республикамыздағы  инвестиция құю үшін тартымды өңірлердің қатарынан орын алады. Әсіресе, аймағымызда электр энергиясының қол­же­тімділігі, өнеркәсіптік коо­перация мүм­кіндігі және инвестицияларды қолдау мен қор­ғау жүйесі қалыптасқан. Біз бүгін батыс­қазақстандық әріп­тестерімізбен көптеген ірі жо­ба­ларды бірлесіп атқару жөніндегі  келісімге қол қойдық. Оның аясы – өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және агросектор өнімдері салаларын қамтиды. Бұл жөнінде екі жақтан құрылған жұмыс то­бы келісімшартта көрсетілген мәселелердің бүге-шегесін те­рең түрде талдап, аяғына дейін жеткізетін болады. Орал өңірін­де газтурбинді электр стансалары құрылысы жақсы дамыған. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан­ның бірыңғай энергетикалық жүйе­сі Кереку өңірінен тартылады. Осы тұрғыда оралдықтарға «ҚазЭнергоКабель» кәсіпорны арқылы қолдау көрсетуді ойлап отырмыз. Қазірдің өзінде Батыс өңірге екі қазандық жасау зауы­ты жұмысқа кірісу қамында, – деді ол. Екі өңірдегі әкімдіктер мен бизнес қауымдастықтардың кез­десуіне жалпы саны 30 кәсіп­орын қатысты. Оның 12-сі Пав­лодар облысының өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сек­тор­ларындағы өңдеуші кәсіпорындар. Кездесу барысында Батыс Қазақ­стан­ның Кереку өңірімен мұнай-газ өнер­­кәсібі саласындағы әріп­тес­тікті дамыту қажеттілігі және та­мақ өнеркәсібі өнімдерін Орал қаласының сауда желілері арқылы сатылымға шығарудың әлеуеті зор екендігі аталып өтті. Міне, еуразиялық ендікте Ертіс пен Жайық толқын­дары осылайша тоғысты. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретте: меморандумға қол қою сәті