• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2016

Баламасы жоқ электрод зауыты

358 рет
көрсетілді

Орал өңірінде іске қосылды Орал өңірінде электрод шы­ға­ра­тын зауыт іске қосылды. «БатысГазСтрой» ЖШС жаны­нан ашылған бұл зауыт дәне­кер­леу жұмысына қажетті электрод­тардың түрлі маркасын шы­ғару­ды бастап кетті. Шағын кә­сіп­­орынның сынақ мерзімінен еш кед­ергісіз өткенін айтқан «БатысГазСтрой» ЖШС дирек­торы Сапарғали Айтқалиев жи­нал­ғандарды электрод дайындайтын цех жұмысымен таныстырды. «БатысГазСтрой» ЖШС газ және су өткізумен әрі жол және көпір құрылысымен айналысады. Жұмыс барысында мұнда үнемі жекелеген материалдар­дың жетіспеушілігі байқалып тұратын. Соның нәтижесінде дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың жетіспеуші­лігі айқын сезілетін еді. Өйткені, бұл материалдар көрші Ресей елі­нен келетін. Сондықтан отан­дық компания біреулерге үнемі тәуелді болудан бойларын аулақ салуды ұйғарды. Содан соң оларға «Осы электродтар­ды өзі­міз дайындап көрсек қайте­ді?» деген ой келді. Сөйтіп, өткен жылдың желтоқ­сан айында осы бағытта жұмыстар басталып кетті. Ресейдің кәсіби мамандарымен байланыс орнатылып, электрод зауытының жобасы әзірленді. Бұған Мәскеу қаласының «Роттекс» компаниясы көмектесті. 6-7 айдың ішінде жоба дайын болды. Бүгінде зауыт өзінің алғашқы өнімін бере бастады. Іске қосылғанына бір аптадай ғана болған зауыт бір ауысымда 2 тонна, тәулігіне 6 тонна электрод шығарады. Бір айта кететін жайт, электрод даярлайтын мұндай зауыт облысты былай қойғанда, бұрын-соңды елімізде болмаған. Демек, оның Қазақстанда әзірге ешқандай баламасы жоқ. Электрод өндіретін құрыл­ғылар Ресейден сатып алынған. Аталмыш өнімді дайындауға қажетті сымтемір мен оның сыртын қаптайтын күкіртті жабындылар да сол жақтан әкелінеді екен. Бірақ, мұның өзі де уақытша жағдай. Егер осы жоба сәтті жүзеге асып жатса, Қазақстан қойны-қонышы кең, қазынаға толы ел ғой, бұл шикізатқа сұраныс берушілер өз елімізден де табылары анық. Электрод шығаруға қажетті шикізат арнайы құрылғыда уатылып, уақ түйіршіктерге айналады, иленеді. Содан кейін оны электродтардың сыртын қаптауға пайдаланады. Цехта тастарды да қамырша илеп, ұнтаққа айналдырып жіберетін тағы бір қуатты құрылғы бар. Жұмысшылардың айтуынша, бұл құрылғылар 1 минутта 120 дана электрод сымын дайындап үлгіретін көрінеді. Әзірге цехта бір ауысымда оншақты адам жұмыс істейді. Кейін жұмыс көлемі ұлғайғасын, зауыт жұмысшылары екі немесе үш ауысымға көшірілмек. Әр ауысымда он адамнан болса, бұл цех толық қуатына көшкенде барлығы 30 шақты адам жұмыс­пен қамтылмақ. Кәсіпорын электродтың 50-ден астам түрін шығаратын болады. Ал енді кәсіпорын өніміне сұраныс бар ма? Әзірге Ақтөбе, Маңғыстау  және Атырау облыстарының кәсіпорындарымен келісім жасалу үстінде. Нарықтық қарым-қатынас болғандықтан, базарларда Қытай мен Ресейден әкелінген электродтар, әрине, толып тұр. Бірақ, тұтынушылар қай өнімді де сапасына қарап бағалайды ғой. Сондықтан, «БатысГазСтрой» ЖШС-да «Сапасы – сізден, бағасы – бізден» деген шарт қойылыпты. Егер зауыт өнімдері сапалы болса, әрине, тауарлар да өтімді болады. Барлық кәсіпорындар сияқты, аталған отандық компания да өз тауарларын жарнамалайды. Бұл үшін сауда нүктелері ашылып, кәсіпорын өнімдері сатуға шығарылмақ. Әзірше, электрод зауыты «БатысГазСтрой» ЖШС-нің жанынан жұмыс істейді. Бірақ, өндіріс орны аяғынан тік тұрғаннан кейін жеке кәсіпорын болып тіркелмек. Бұл зауыттың бұрынғы­лар­дан бір айырмашылығы – таза кәсіпкердің өз қаражатына құ­рыл­­ғаны. Кәсіпкер бұл зауыт­ты жа­сақ­­тау үшін 100 миллион теңге қара­жатын шығарған. Бұл жағ­дай қазақстандықтар­дың Елбасы сая­сатын терең түсінеті­нін  көрсетеді. «БатысГазСтрой» ЖШС басқаратын Сапарғали Наурыз­ұлы – шағын және орта биз­несті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген өңірдегі белгілі кәсіп­кер. Іскер басшының бұл істе де оза шауып, үлкен жетістікке жете­ті­ніне сенім мол. Айша ӨТЕБӘЛІ, журналист Батыс Қазақстан облысы