Әлеуметтік түйіндер тарқатылды
Орал өңірінде өткізілген қала және аудан әкімдері есептерінен кейінгі түйін Ақжайықта қала және аудан әкімдерінің елге берген есептері аяқталды. Биыл олардың халықпен кездесулеріне тән болған басты сипат - әлеуметтік түйіндерді тарқатуға басымдық берілгені деуге болады. Бұл бағытта шешімін тауып үлгермеген мәселелерге тиісті талдаулар жасалып, алға нақты міндеттер қойылды. Әрине, бұдан экономикалық ахуал тұрғысында ештеңе айтылмаған екен деген ұғым тумаса керек. Ең бастысы – осы экономиканың әлеуметтік секторға тигізген оң әсерін тұрғындар сезіне бастағаны әкімдер есептері кезінде де анық байқалды. Айталық, Орал қаласында сәбилердің өмірге келу көрсеткіші 2007 жылмен салыстырғанда, екі есеге жуық өскен. Бұл деректің әр жағында әлеуметтік-тұрмыстық деңгейдің жақсаруы, жұмыссыздықтың азаюы, жас отбасылардың баспанамен қамтылу көрсеткішінің артуы деген мәнді де маңызды мәселе тұр. Соның өзінде де Орал қаласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 76 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл – өте жақсы нәтиже. Сондай-ақ, еліміз қалалары арасындағы ең төменгі жұмыссыздық көрсеткіші де Оралда болып шықты. Мұнда ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны небәрі – 227 ғана. Оралда қоғамдық өмірге келген «Жас отау» бағдарламасы бұған дейін республиканың барлық шаһарларына үлгі ретінде ұсынылды. Соған сәйкес жүздеген жас отбасы сыңғырлаған су жаңа баспанаға ие болды. Осындай бастамасы үшін Орал қаласының әкімі Самиғолла ОРАЗОВТЫҢ қала жұртшылығы алдындағы есебі кезінде жастар өкілдері өз ризашылықтарын жеткізді. Жазушы Энгельс Ғаббасов бір кездегі лас, ыбырсыған Орал қаласы бүгінде таза, сәнді де сәулетті облыс орталығына айналғанын тілге тиек етті. Оған Оразовтың қала басшысы ретінде қосқан үлесін айрықша атады. Әлеуметтік мәселе, әлеуметтік түйін дегеннен шығады, Ақжайық ауданының әкімі Абай ИМАНҒАЛИЕВ жыл ішінде ауыз су бағасын әжептәуір төмендетуге қол жеткені жөнінде баяндап берді. Осынау игі шара аудан орталығынан бастау алыпты. Бұл істі биылғы жылы Алғабас, Алмалы, Қарауылтөбе және Жұбан ауылдарында жалғастыру белгіленіп отыр екен. Бөрлі ауданының әкімі Болат ШӘКІМОВ есепті мерзім аралығында кәсіпкерліктің кең құлаш жаюына ықпал жасай біліпті. Жыл ішінде банктер мұндағы 200-ге тарта бизнес жобаны қаржыландыра алғаны, қалай айтсаңыз да құлашы кең шара екені атар таңдай, батар күндей ақиқат. Мұның басым бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын өндіріс орындары құрайды. Тұрғындар алдындағы қорытынды есебі кезінде Б.Шәкімов облыс басшылығы атына тосын да қызықты ұсыныс жасады. Мәселенің мәнісі мынада. Өткен жылы аудан көлемінде МАИ штатында қызмет жасайтын алты сардар жол тәртібін бұзғандарға айыппұл төлеттіру есебінен жергілікті бюджетке 26 миллион теңге кіріс келтіріпті. Осы мысалға арқа сүйеген аудан басшысы бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру мақсатында МАИ взводын құру қажет деп санайды. Сөйтіп, ол жергілікті бюджет есебінен он-он бес МАИ қызметкерін алу үшін тиісті орындардан рұқсат сұрады. Несі бар, қолданылып жүрген заңдылықтарға қайшы келмесе, бұл құптауға, қолдауға тұрарлықтай ұсыныс деп білеміз. Бұған дейінгі тәжірибе барысы көрсеткендей, әртүрлі деңгейдегі әкімдер елге есеп беру кезінде баяндамалар жасап жүр. Егер олардың есептерінің желісі алдын ала аудандық, қалалық және облыстық газеттерде жарияланса, сонымен бірге, жыл ішінде атқарылған жұмыстар бейнесюжеттер арқылы есепке қатысушыларға көрсетілсе, тағы да сала құлаш баяндама жасау, сөйтіп, алтын уақытты босқа өлтіру шарт бола қояр ма екен ? Осы тұрғыда өз есебін бірден тұрғындар қойған сұрақтарға және оларды толғандырып жүрген мәселелерге жауап беруден бастаған Жаңақала ауданының әкімі Тимур ИМАШЕВТЫҢ бастамасында да құлақ қоюға, елеуге, ескеруге тұратын жәйттер бар ма деп қалдық. Тағы бір айта кетерлік мәселе – соңғы кездері азық-түлік бағаларының қалыпты мөлшерден өсіп бара жатқаны байқалады. Мұндай шетін әлеуметтік мәселеге әртүрлі деңгейдегі әкімдер жәй сырттай бақылаушы болып қала алмайтыны айтпаса да белгілі. Бұл тұрғыда жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, оларға ықпал жасау тетіктерін таба білген шалғайдағы Жәнібек ауданының әкімі Рыспай ӨТЕШЕВТІҢ өнегесі де айтуға тұрарлықтай. Дәл бүгінгі күні жер арқасы қияндағы Жәнібек облыстағы азық-түлік түрлері бағалары ең арзан аудан ретінде танылып отыр. Өзгесін айтпағанда, мұнда бір бөлке нанның бағасы 40 теңгеден аспайды. Бұл еліміздегі ең төменгі баға десек қателеспейтін шығармыз. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жыл ішінде аз сөйлеп, көп іс тыңдырған Жәнібек ауданының әкімі Рыспай Өтешевтің есебіне қатысып, оның қызметіне оң баға берді. Сөз соңында инвестициялық тартымдылық тудыру секілді бүгінгі күн талабына жергілікті атқарушы билік жетекшілері де сай болса екен деген тілек айтқымыз келеді. Облыста инвестициялық жобалар үшін тартымды аудандардың бірі – Теректі. Бұл өңір әсіресе, картоп, көкөніс, бау-бақша өсіруге қолайлы. Осы бағытта ауданның жаңа әкімі Арман ӨТЕҒҰЛОВТЫҢ алғашқы қадамдары көңілге үлкен сенім ұялатады. Өйткені, инвесторлар легі Теректі топырағына атбасын бұра бастағанын журналистік сапар барысында сезіп, ұғынып қайтқанбыз. Міне, Орал өңіріндегі қала және аудандар әкімдерінің ел алдында берген биылғы есептері жөнінде көкейге келген кейбір ойлар мен түйіндер осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.Еңселі болу үшін еңсеріп жұмыс істеу керек
Өткен жұма, яғни 4 ақпан күні он екі ауданда әкімдердің халық алдындағы есептік жиналыстары өткізілді. Тұрғындар жылдың жақсы бір дәстүріне айналған басқосуды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын бағамдау алаңы ғана емес, билік органдарымен ақылдасып алға басудың ой жинақтау мінбері санайды. Жақсылыққа жолашар бол, Жақсы! Жақсы ауданының әкімі Ибрагим ҚАБДУҒАЛИЕВ баяндамасын: «Өткен жыл біз үшін өте маңызды оқиғаларға толы болды, – деп бастады. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы жыл бойғы жеңісіміздің байрағындай желбіреді. Индустриялық-инновациялық дамудың қарышты бағдарламасы қабылданды, Кедендік одақ күшіне енді. Елбасымыздың басқаруымен Астана қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи Саммиті өтті. Бүгінгі жиынымыз Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың жаңа Жолдауының жігер тасқынымен басталып отыр». Әкімнің есебі аудандық газетте алдын ала жарияланғандықтан, оның ұзын-сонарға салынбай, өзекті мәселелерге тоқталғанын көпшілік құп алды. Баяндамаға қосымша слайдтан қайта өңдеу саласындағы жетістіктерге қанықтық. Мәселен, ұн өндіру 2009 жылмен салыстырғанда 35,8 мың тоннаға артып, 120,3 пайызға өскені, голланд ірімшігін дайындау 245 тоннаны құрап, 138 пайызға көтерілгені қуантады. Ірі үш шаруашылық өз наубайханасын іске қосқан. «Айбат» ЖШС 39 тонна айран, 22 тонна қатық, 9 тонна қаймақ, 10 тонна сары май өндіріп отыр. Мұның өзі аудандағы барлық мектептер мен балалар бақшаларын жергілікті сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғанын білдіреді. «Жол картасы» бағдарламасымен 539,7 миллион теңге игеріліп, жаңадан 575 жұмыс орны құрылғандығы жақы ойларға жетеледі. Ауданда демографиялық жағдай анағұрлым жақсарғаны елең еткізді. Өткен жылы 130 көп балалы анаға «Алтын алқа», 160 анаға «Күміс алқа» тағылыпты. Мұнда баланың тууы көбейіп, ана өлімі тіркелмеген. Жақсының 15 ауылдық округінің 13-і әлеуметтік көмекке мұқтаж емес. Саламатты өмір салтын қалыптастыруда 100 спорттық нысан жұмыс істеуде. Жиналыста сөз алғандардың ұсынысымен биыл ауыз сумен қамтамасыз етудің 6 жобасы, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, ауданның 13 мектебіне 40 компьютер сатып алу, пән кабинеттерін нығайту, экономика мен әлеуметтік саланы дамыту мәселелері арнайы тіркеуге алынды. Жиналысқа облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетов қатысты. Ертеңі жарқын Егіндікөл Аудан тұрғындары мәдениет үйіне бүгін біршама ерте жиналды. Табыстар көрмесін тамашалаған жұртшылық назарына ауданның 40 жылдығына орай түсірілген деректі фильм ұсынылып, көркемөнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Көңіл ауанының көтеріңкілігі аудан әкімі Болат СҰЛТАНОВТЫҢ баяндамасынан да байқалып тұрды. Бұлай болатын жөні бар сияқты. Былтырғы жылдың көрсеткіштері бойынша шалғайдағы Егіндікөл ауданы республикалық рейтинг бағамында 37-ші, ал облыста 2-ші орынды иеленген. Аудан әкімі халықты жұмыспен қамту мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыт болып қала беретініне екпін түсірді. Өйткені, бүкіл ниет, жоспарлардың ойдағыдай орындалуы ауыл тұрмысының жандануынан өзек алады. Егіндікөлдің 541 мың гектар жерінің 518,6 мың гектарын егістік пен майлы дақылдар алып жатыр. Өңірде төрт бірдей тұқым шаруашылығы бар. Машина-трактор паркі де жыл санап жаңаруда. Мал саны күрт өсіп келеді. Ел ішінде орта және шағын кәсіпкерлік дами түсуде. Осы орайда, аудан әкімі Б.Сұлтановтың 8 пәтерлік үй салынып, оның кілті бюджеттік сала қызметкерлеріне тапсырылуын, 50 адам кәсіби қайта даярлықтан өткенін, әлеуметтік жұмыстардың қайтарымы аздығын сынға алуын, жақсы істердің бастамасы ретінде қабылдадық. Мұны жиналысқа қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Жамбеталин қостап сөйледі. Өкілдер пікіріне құлақ түрсек Жоғарыда айтып өткеніміздей, бір күндегі 12 жиналысқа түгел қатысу мүмкін емес. Әйткенмен, жұртшылық жыл бойғы атқарған жұмыстарының жетістігі болсын, кемшілігі болсын назардан тыс қалмауын қалайтыны бар. Сондықтан, біз басқосуларға облыстан қатысқан азаматтардың пікір бөлісуін өтінген едік. Аудандардағы жағдайлардың әрқилылығына қарамастан, пікірлер, негізінен, ортақ түйісті. Оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан ОТАРОВТЫҢ сөздерімен жинақтауды жөн көрдік. – Осы бір күнгі жиналыстар ұйымшылдық пен жинақылықты, саяси, моральдық тәжірибенің қалыптасқандығын айғақтайды, – деді ол. – Мәселелер нақты қойылып, талқылаудың сындарлы сипат алуы мақсат бірлігіне бастайтынын, алдағы күннің талаптары мүддесіндегі ой қорытындылаудың салмақтана түскенін көрсетеді. Жұртшылықты қол жеткен табыстар ғана емес, оған қатысты жаңа көзқарастар толғандыратыны, кемшілікке төзбеушілік қасиеттерімен ерекшеленетіні абыройға бөлейді дегім келеді. Өткен жылы миллиардтаған теңгенің 15 индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, басқа да маңызды жобалар іске асырылса, оған барлық аудандар қатысты. Әрине, көңілдің толатын да, толмайтын да жақтары бар. Мәселе ұтымды ұмтылыстардың жиі бой көрсетуінде, бейтараптықтың жойылып, бұқаралық белсенділіктің артқандығында. Осының арқасында жыл мәуесі молаюда. Жыл жеңіспен басталды. Еліміз тұңғыш рет Азия ойындарын өткізумен қатар, оның биік тұғырына көтерілді. Осынау мүбәрак мәртебеміз барлық қырынан жалғасын тапсын. Мұнда астаналық Ақмола облысының үлесі де салмақты болмақ. Аудан әкімдерінің есепті жиналыстарындағы ортақ мұраттар, жарасымды әуендер осыған иландырады. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.Бетбұрыс белестері
Өскеменнен таяқ тастам жерде Ұлан ауданының орталығы – Молодежное деген кент бар. Өткен жылдың жазында халық қалаулылары – мәслихат депутаттарының шешімімен кентке осы жердің даңқты түлегі, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің есімі берілген. Алайда, неге екені белгісіз, аталған кент әлі күнге сол бұрынғы орысша атауымен аталып жүр. Кім білсін, ауданның жаңа атауына қарсы шыққан өз қандастарымыз да бар деп естіп едік, солардың кесірі тиді ме екен? Артта қалған ауылдарға көңіл бөлінуде Өткен жылдың шілдесінде Ұлан ауданына жаңа әкім тағайындалды. Мұның алдында кәсіпкерлікте шыңдалған, сосын бір жылдай облыстық құрылыс департаментін басқарған Жомарт Мұратовты жаңа қызметке тағайындаған кезде өңір басшысы Б.Сапарбаев артта қалған ауылдарға жан бітіріп, иесіз қалған әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үйлерді жөндеуге кеңес берген еді. Шынында да, ауданның бұрынғы орталығы Бозамбайды алайықшы. Бір кезде көркіне келбеті сай болған аудан орталығындағы бұзылған үйлер орталықтың сәнін кетіріп тұрған. Бозамбайдан басқа да артта қалған ауылдар жеткілікті. Манат, Ақтөбе, Борсақ, Жоғарғы Тайынты ауылдарына жол нашар, байланыс мәселесі де күрделеніп тұрған. Жаңа әкім өз орынбасарымен бірге артта қалған ауылдарды аралап шықты, тұрғындармен жүздесті. Оларды алаңдатып отырған жайлар аз емес көрінеді. Газет-журналдар мерзімінен кешігіп келеді, телехабарларды көрмей отырған ауылдар да бар болып шықты. – Енді екі жылдан кейін Бозамбай ауылын танымай қаласыздар, – деді Ұлан ауданының 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Жомарт Мұратов. – Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауданда бірнеше ауылдарда жаңа нысандар салуға қаржы бөлінбек. Атап айтқанда, 80 орындық жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жүзге тарта адам еңбек ететін болады. Қазір балабақша мен интернат үйі жөнделіп жатыр. Бір кездері Таврия ауданының Ұланмен біріккені белгілі. Таврия ауылында да жаңа мекемелер бой көтермек. Мамай батыр, Сағыр, Бозамбай ауылдарында тұтыну кооперативтерін құру арқылы халықтың жағдайын көтеру көзделуде. Қазір қала базарларында еттің бағасы күрт өсіп кетті. Ал ауылдан мал саудалауға барғандар алыпсатарларға жем болып жүр. Сондықтан келер жылы аудан орталығынан шағын базар ашып, ет, сүт, жем, басқа да азық-түлікті саудалау ретке келтіріледі деді. Ж.Мұратовтың есебі қызығушылық тудырды. Асықпай, байыппен сөйлеген, арасында ауданның даму мәліметтерін тыңдаушыларына көрсетіп тұрған экранға көз тіге қарағандар аз болған жоқ. Ауданда көкөніс сақтайтын қоймалар жоқ көрінеді. Кәсіпкер Колентасовскийдің қоймасы бар. Ал қалған қожалықтар бұл мәселеге салғырт қарайды. Мәселен, күзде картоптан мол өнім алғандар оның килосын 30 теңгеден сатып жіберді. Себебі, сақтайтын қойма жоқ. Ал картоптың қазіргі бағасы кем дегенде 100 теңге. Бір кездері дүрмекпен жер алғандар неге үнсіз? Аудан әкімі жер алып, түк тындырмай отырған азаматтарға қатты сын айтты. Шымқора ауылына көшіп келген оралмандарға жерлестері дән риза. Жиырма отбасы тереңдігі бір жарым метрлік 8 шақырым арық (канал) қазып, суды картоп еккен далаға жеткізген. Нәтижесінде картоппен бүкіл ауылды қамтамасыз етіп отыр. Ал жергілікті тұрғындар мұны көріп отырса да селт етпейді. Немесе Сағыр мен Мамай батыр ауылына қоныс тепкен қандастарды алайық. Бұрын 49 отбасы еді, енді екеуі қосылып 51 отбасыға жетті. Олар да арық қазып су әкелді, енді еңбегінің жемісін көріп отыр. «Демек, бұдан былай жер алғандар оны іске жаратпаса, алып қоямыз да еңбек ететін азаматтарға береміз. Судың да сұрауы бар екенін ұмытпайық», деді аудан әкімі. Іскерлік, ілкімділік – табыс кепілі Өткен жылы ауданда біршама істердің тындырылғаны көрініп-ақ тұр. «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бес жоба жүзеге асырылмақ. Судың машақаты аз емес көрінеді. Ең алдымен оны бұрғылап, терттеген соң ғана жоба жасалмақ. Қысқасы, су тасылған соң екі жылдан кейін жұмыстар тындырылмақ. Ізденіс, ілкімділік – табыс көзі, деп орынды айтылса керек. Ауданның жаңа басшысы резервтер көзін іздеп, экономиканы көтеруге талпыныс танытуда екен. Осы бағыттағы жоспарлар да ауқымды екені байқалады. Каменка ауылында асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылық құру, Өскемен құс фабрикасында жобалық құны 2 миллиард 450 миллион теңге болатын 20 мың тонналық құс етін өндіретін қуатты іске қосу, Аблакетка және Асубұлақта жылыжай салу, тасада қалып қойған Ақтөбе, Тройницкое, Борсақ ауылдарында көшелерді жөндеу, абаттандыру, үйлерді жөндеу қазіргі таңда жүзеге асырылмақ. Әлеуметтік мақсаттағы жұмыстар да назардан тыс қалмайтын сыңайлы. Мәселен, таяудағы екі-үш жылда аудан орталықтарында 600 орындық мектеп, Ново-Одесскіде 180 орындық мектеп, Тарғын және Сағыр ауылдарында 200 орындық клубтар, Герасимовка және Бозамбай ауылдарында клуб пен интернат үйлері пайдалануға берілмек. Жаңа Қанай ауылындағы 328 миллион теңге тұратын 130 орындық мектептің құрылысы 2013 жылға деп белгіленген, енді ол жылжып, биыл құрылыс басталмақ. Қазір ауылдарға дәрігерлер жетіспейді. Семей медакадемиясымен келісім жасалған, бірақ жас дәрігерлердің тұрғын үйін сатып алуға қаржы тапшы. Былтыр бірнеше дәрігерге Тавриядан үй сатып алыныпты. Ауданның мәдени және спорт салалары да жақсы дамып келеді. Әкімнің есебі аяқталған соң небәрі екі сауал қойылды. Оның біріншісі аудан орталығында қоғамдық монша салу мәселесі. «Ол мәселемен шұғылданып жатырмыз», деді аудан басшысы. Екінші сауалды Молодежное ауылының тұрғыны Атымбек Сағындықов қойды. Ол өзі тұратын Заводская көшесінде ыстық судың жоқ екенін көлденең тартты. «Өткен жылы мұнда құбыр тартылған, демек, ыстық су мәселесін шешеміз», деді Жомарт Хайдарұлы. Қорыта айтқанда, аудан әкімінің есебінен жиналғандар атқарылған және атқарылып жатқан істер жайлы толыққанды мағлұматтар алып шықты. Жаңа әкімнің іскер, сөзден гөрі жұмысқа жақын екенін айқын аңғарды жиналғандар. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.