• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2016

Интернаттың баласы...

1371 рет
көрсетілді

Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған білім ұяларын сақтау парыз Қазір Алматыда тарихы жарты ғасырдан асып жығылған төрт бірдей республикалық мектеп-интернат бар болса, оның біріншісі де бірегейі – 1957 жылы республикадағы шопандардың балалары үшін деген желеумен қаладағы №12 мектептен кейін ашылған екінші қазақ мектебі – қазіргі Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаты. Бұл мектеп қай кезден бастап қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыта бастады десек, Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттың рухы мен намысы оянды. Өз тілімізді ұлықтамасақ ұлт ретінде жойылып кететінімізді ұққан ел азаматтарының араласуымен, 1988 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы шығып, оқу ордасы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп мәртебесіне ие болды. 2003 жылы респуб­ликалық мамандандырылған дарынды бала­ларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін терең­дете оқытатын орта мектеп-интернаты деп атауы толықтырыла түсті. Одан кейін 2006 жылы Абай атамыздың аты берілді. Келесісі осыдан 2 жыл бұрын 50 жылдығын атап өткен Ахмет Жұбанов атындағы дарын­ды балаларға арналған республикалық маман­дандырылған музыкалық қазақ мектеп-интер­наты. Мектеп 1964 жылы академик Ахмет Жұбановтың ықпал етуімен ашылған. Ахаңның сондағы мақсаты – еліміздің шалғайда жатқан ауылдарынан дарынды балаларды жинап, қазақ тілінде кәсіби музыкалық білім беру болатын. Сол мақсат бүгінде өз дәрежесінде жүзеге асып келеді. Бүкіл елдің мақтанышы саналатын бұл мектептің түлектері қатарында Мәде­ниет және спорт министрі Арыстан­бек Мұхамедиұлы, Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы Ақтоты Райымқұлова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының рек­торы Бибігүл Нүсіпжанова, Жамбыл атын­дағы Қазақ мемлекеттік филар­мо­ния­сының директоры Мұхтар Өтеуов, Б.Байқадамов атындағы хор капел­ла­сының көркемдік жетекшісі және дирижері Бейімбет Демеу, композиторлар Бейбіт Дәлденбай және Әділ Бестібаев, әншілер Толқын Забирова, Ерлан Рысқали, Рүстем Нұр­жігіт, Дана Нұржігіт, қобызшы Ақерке Тәжібаева, Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің профессоры Пернебек Шегебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров, Құрман­ғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев, «Steinway Artist» дүниежүзілік құрметті атағының иегері Хадиша Оңалбаева, Ресейдің «Новая Россия» оркестрінің концертмейстері Ерік Шалабаевтарды атауға болады. Елу жылда мыңнан аса түлеп ұшқан талант­тар­дың 700-ге жуығы – рес­пуб­лика­лық, халықаралық байқаулардың лауреаты. Содан кейін мерейтойларында «Құттықтаушы, мектеп түлегі Кәрім Мәсімов» деп қол қойылған құттықтау келетін еліміздің есепке жүйрік бала­ларын тоғыстырған О.Жәутіков атын­дағы дарынды балаларға арналған респуб­ликалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интер­наты. Бұл күнде «Біз Алматыдағы физ­матта оқығанбыз» деп мақтанатын жан­дар­ды республикадан ғана емес, әлемнің әр түкпірінен табуға болады. 44 жыл бойы өз жетістіктерінің рекордын өзі жаңартып отырған мектептің түлегі – ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев: «Егер бір оқу жылында физматты он бала ғана Алтын белгіге бітірсе, онда ол – трагедия» десе, қалжың аралас сөздің астарында шындық та бар. Сол сияқты Алматыда Күләш Бай­сейіт­ова атындағы дарынды балалар­ға ар­налған мамандандырылған рес­пуб­ликалық музыка мектеп-интер­наты мен Бауыржан Момышұлы атын­дағы рес­публикалық әскери мектеп-интернаты бар. Осыдан тура он жыл бұрын Қазақ­стан­дағы мамандандырылған республи­калық екі музыка мектебінің бірі – Ахмет Жұбанов атындағы музыка мек­тебі қалалық әкімдіктің қарауына бері­летін болып, оның мәртебесінің төмен­деуіне наразылықтар болған-ды. Бірақ, соған қарамастан, мектеп қаланың құзырына берілді. Одан кейін мектепте әр жылдары қызмет еткен ұстаздар, таны­мал түлектер үндеу жариялап, бедел­дерін салып жүріп мектептің рес­пуб­ли­калық деген статусын қайтарып алған-ды. Осы арада оқырман үшін мына деректі келтіре кетуге болады. Жалпы, қазір елімізде жалпы орта білім беретін 591 мектеп-интернат бар және онда 50 мыңға тарта оқушы оқиды. Сол сияқты жер-жерлерде дарынды балаларды оқы­татын 105 мектеп бар. Бұл мектеп, гим­на­зия­лардың барлығы дерлік кейін, тәуел­сіз­дік жылдарының бедерінде ашылған. Ал енді жоғарыда атап отырған төрт республикалық мектеп-интернаттың бұл мектептерден жолы да, шежіресі де, тағдыры да бөлек. Мәселен, Республикалық физика-мате­матика мектеп-интернатын бер­тін­ге дейін ауыл балалары Алтын медаль­ға бітіріп келді. Қазір де солай. Тек өткен жылдың өзінде аталмыш мектеп-интернаттың 70 бірдей түлегі мектепті «Алтын белгіге» аяқтады. Бір мек­теп үшін бұл аз емес. 15 түлекке «Алтын белгісін» ақтауға 1 ғана балдан жетпей қалды. Осы жолдар авторын алсаңыз, 13 жасында, қарашаның аязды күндерінде жазмыштың жетелеуімен Алматыға бір жемпірмен қашып келген қыз туралы хикая баяндалар еді. Егер сол кезде Алматыда ауыл балаларына арналған рес­пуб­ликалық мектеп-интернат болмаса, біздің пешенемізге не жазылар еді? Мен сияқты әлтек-тәлтек болып жүрген бір ғана тағдырды сол кездегі №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқы­татын экспериментальдық мектеп-интернаты тәрбиеледі. Талабымызды ұштады. Оқушылар арасында тұңғыш рет өткен республикалық олимпиадаға дайындады. Ұлттық университетке қабылдануымызға септігін тигізді. Сол сияқты, өз шежіресінде әрқай­сысы 10 мыңдаған шәкірт түлеткен рес­пуб­ликалық мектеп-интернаттардың ендігі жағдайы қалай болмақ? Мәселен, Ахмет Жұбанов атын­дағы дарынды балаларға арналған рес­пуб­ликалық мамандандырылған музы­ка­лық қазақ мектеп-интернаты мен Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырыл­ған республикалық музыкалық мек­теп-интернаты қазір Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Ал Ба­уыр­жан Момышұлы атын­дағы респуб­лика­лық әскери мектеп-интернаты Қор­ғаныс министрлігінің құзырына берілген. Ал ендігі мәселе екі республикалық мектеп-интернаттың мұнан әрі қарайғы тағдырына тіреліп тұр. Оның біріншісі – О.Жәутіков атындағы дарынды бала­лар­ға арналған республикалық маман­дан­дырылған физика-математика орта мектеп-интернаты да, екіншісі – Абай атындағы республикалық маман­дан­дырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыта­тын мектеп-интернаты. Аталмыш мектептерді Алматы қалалық әкімдігінің құзырына беріледі екен деген әңгіме әлмисақтан айтылып та жүр. Әрине, бұл шара іске асса, онда мектептің балаларды қамтуға қатысты географиясы бір қаланың деңгейіне дейін тарылатыны айтпаса да түсінікті. Алматыда ауылдың иісі шығатын мектеп Қарап отырсақ, республикалық екі мектеп-интернаттың да мемлекеттік бюджетке салмақ салып отырғаны шамалы. Мәселен, Үкімет өзіміз білетін Абай атындағы республикалық маман­дан­дырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебие­тін терең­детіп оқытатын мектеп-интер­натының тек тамағы мен коммуналдық қызметін төлейді. Қалған керек-жара­ғын бұл мек­теп демеушілердің көмегі­мен және «Түлек­тер қорының» қарай­ласуы­мен түгендеп отыр. Реті келіп тұрғанда, 50 жыл бойы Алматы­дағы «№2 мектеп-интернат» атан­ған бұл мектепте де әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, кешегі Мәдениет министрі Талғат Мамашев, Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев, генералдар Әділ Шаяхметов, Бекен Нұрахметов, өнер саласындағы Тоқтар Серіков, Бей­біт Қорған, Қарақат Әбілдина, Ақбота Керімбекова, Нұрлан Албан, талант­ты айтыс ақындары Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы сынды өз саласы­ның саңлақтары білім алғанын айта кетуге болады. Алматының қақ төрінде тұрса да ауыл­дың иісі шығатын, ұлттың рухы ескен осынау білім ордасында кімдер­дің оқығаны маңызды емес, мұнан да күрделі келешекте тағы қандай дарын­дар мен тағдырлар тәрбиеленеді? Ендігі жерде мына «компьютербасты», «смартфонсаналы» заманда сергек ойлайтын тағы қандай түлектерді даяр­лай­­тыны өзекті еді. Осы күні де талант­тардың алтын көмбесіндей мұндай айрықша статусқа ие мектепте оқуды армандайтын ауыл баласы қаншама?! Өкінішке қарай, егемендікпен бірге өркендеуі тиіс мектеп, керісінше, түптің түбінде жағдайы сиырқұйымшақтанып барып, біртіндеп жабылып қалуы мүмкін деген қауіпті жоққа шығаруға болмас. Орайы келгенде айта кеткен жөн. Білім ордасына Абай хакімнің аты берілгенге дейін мектептің басына бір зобалаң туып, елу жыл бойы қоныс тепкен Алматының әдемі төріндегі жері өзіне сор болып жабысып, мектеп өзінің оқу ғимараттары, жатақханалары, асханасы, кең спорт алаңдары бар аумағын тастап, іргесіндегі қуықтай Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының ғимаратына көшірілген-ді. Бұл осыдан оншақты жыл бұрын болған оқиға. Сол кезде намысы бар оқушылардың бірқатары белсенділік танытып, «Мектепті көшіргені – ана тілін өшіргені» деген ұранмен бас көтер­гендей де болған. Мектептің танымал түлектері араласып, нәтиже шығара алмаған жерде, шынашақтай балалар­дың шырылы кімнің құлағына жетсін?! Қысқасы, мектеп жарты ғасыр тұр­ған жерінен іргесіндегі Мұғалімдер білімін жетілдіру институтына «интернат жатақ­ханалары тозған, жер сілкіне қалса құ­лап түскелі тұр» деген сылтаумен көшірілді. Сонымен, осыдан он жыл бұрын мектеп оқушыларының саны үш есе қысқарып, жатақханасына бар болғаны 150 оқушы ғана сыятын жоғарыдағы институтқа көшті. Қыз балаларға бөлек, жеделдетіп салып берген жатақхананың (асханасы да соның ішінде) күйін, құрылыс сапасын талай көзімізбен көріп, күйініп-күйініп қойған кезімізде тағы бір келеңсіз хабардың шеті шығып тұр. Әрине, сол кездегі Сейсмология инс­­ти­туты­ның мамандары «құлайын деп тұр» деген жатақхананы да, оқу корпустарын жақсы білетін едік. Енді бірнеше ғасыр тұрса да міз бақ­пай­тын сапалы ғимараттарды көз қимай мек­теп директорымен сұхбат жүр­гізіп, мем­лекеттік басылымда жариялаға­ны­мыздан да түк өнбеген. Осылайша 50 жылдығын атап өтуге 1-2 жыл ғана қалған қасиетті орда түсініксіз жағдайда көшіп тынды. Ал мектептің мерейтойына жиналған талай түлектер өздерінің оқу ғимараттарын, ыстық жатақхана, екі бірдей стадионын тап­пай қалды. Жыл құсындай оралған түлектер бұзылған ұяның орнын көріп абдырады. Алайда, біз мұны да ұмытқандай едік. Ұзын сөздің қысқасы, енді мектеп өз­і­нің республикалық статусынан айы­ры­лып, қалалық оқу басқармасының құзырына кіргелі жатқан көрінеді. Араға тағы 10 жыл салып 60 жыл­ды­ғын атап өтуге 1 қадам жыл қалған­да мектеп өзінің республикалық стату­сы­нан айырылмақ. Және мектепті қала­ның құзырына беруге нендей жағдай мәж­бүрлеп отырғаны және бұл идеяға кімдер жаршы, кім мүдделі екені де түсініксіз. Қазір бұл мектеп-интернаттың та­лант­ты оқушылары халықаралық олим­пиадаларда топ жарып жүр. Аяқтал­ған оқу жылында 9 бірдей түлегі Алтын белгіге ие болды. Өткен жылы 10 оқушы мектепті Алтын белгіге бітіріп, мерейлі аттестаттарды Білім және ғылым вице-министрінің өзі табыстаған болатын. «Құттықтаушы, мектеп түлегі Кәрім Мәсімов!» Сол сияқты, осы уақытқа дейін «Көшбасшылар көмбесі» атанып келген О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатын республикалық статусынан айырғаннан не ұтамыз? Біз жоғарыда атап өткендей, ме­рей­той­ларында «Құттықтаушы мектеп түлегі Кәрім Мәсімов» деген құттық­тау келетін, еліміздің есепке жүйрік бала­­ла­рын тоғыстырған мектеп осы уақыт­қа дейін 10 мыңға жуық шәкір­тін түлетіп ұшырған. Бұл мектеп-интер­натты әр жыл­­дары абыройлы тәмамдап, елдің кеті­­гіне жарап жүрген жандар 2012 жы­лы 40 жылдығында Республика са­райы­на сыймай қалғанына куә болғанбыз. Мектеп түлектерінің көпшілігі шетел­дерде қызмет істейді екен. Түлетіп ұшырған мектептерін аңсаған болу керек, жолдың алыстығы мен қым­бат­тығына қарамай, осындай мере­кенің өткелі жатқаны құлағына тиген түлектердің бәрі сонда сан тараптан мектеп-интернатқа ағылған. Аталмыш мектеп-интернаттың әрбір мерейтойында алдымен сахнаға сай­дың тасындай тізілген «РМФМОМИ түлек­тері қоры» қамқоршылар кеңесі Қоғамдық қоры көтеріледі. Мектепке қаржылай көмек көрсетіп келе жатқан түлектер қоры 90-жыл­дар аяғында, мектеп-интернат күйзеліп жатқан тұста құрылған. «РМФМОМИ түлектері қоры» қамқоршылар кеңесі қоғамдық қорына Нұрлан Қаппаров төрағалық ететін. Бұл қордың мүшелері мектепті әр жылдарда бітірген Ғалым­жан Қаниев, Еркін Қалиев, Қайрат Келімбетов, Ермек Оқаев, Мұрат Абдрах­манов, Андрей Пак, Алмас Сұл­тан­ғазин, Бауыржан Бисембаев, Ерлан Сағадиев, Ерболат Досаев, Вячеслав Ким, Данияр Абулғазин Ұлан Кісем­баев, Азамат Сырғабаев сынды аты белгілі азаматтар. Қысқасы, керісінше, республикалық статустан ұлттық статусқа ұмтылып жүр­ген мектеп-интернатты қалалық дең­гейге дейін түсіру кімге керек? Бүгінгі таңда республикалық мектептердің қарым-қабілет әлеуеттері ауқымды. Мәселен, О.Жәутіков атын­дағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты «Үздік олимпиадалық команда» номи­на­циясын 10 жыл қатарынан иеленіп келе жатқан «Үздік олимпиадалық мектеп» ретінде мойындалған мектеп болып қала бермек. Қазақстанның барлық аймағынан, тіпті, барлық облысынан жиналған дарынды балаларды оқытуға арналған мектеп-интернат жатақханасы жыл сайын 320 балаға дейін қабылдайды. Бұл оқушылар – мектептің ішкі көрсеткіші (үлгерім, ҰБТ-ға дайындық, емтихандар, ең мықты жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштері, т.б.) бойынша алдыңғы қатарда. Мектептің жаңа ғимаратын салуға байланысты сырттан келіп оқитын бала­лар үшін интернаттағы жатын орындар саны көбейтіліп жатқанын білеміз. Бұрынғы Кеңес Одағының ірі уни­верситеттері аясында ашылған физика-математика мектеп-интер­нат­тары сияқты, 1972 жылы құрылған РМФМОМИ да қазір кемел шағында. Бұл мектеп те барлық кезде белгілі саясаткерлер, министр, әкім­дер, ғалым­дар, еліміздегі атақты компания­лардың менеджерлерін түлетіп ұшырған. «Яндекс» (Ресей) компаниясының негізін салушылар А.Волож бен И.Сага­лович те – «физмат» түлектері. Соңғы жиырма жылда РМФМОМИ түлектері екі рет премьер-министр, екі рет вице-премьер, он рет министр, екі рет Президент аппаратының жетекшісі, екі рет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тө­р­ағасы болып сайланды. Дат Не десек те, жоғарыда аталған рес­пуб­ликалық мектеп-интернаттарды қалай­да сақтап қалуға ғана емес, қайта аясын кеңітіп, дамудың даңғыл жолына салуға міндеттіміз. Қазіргі күні де республиканың әр ай­мағында қабілетті аты аталған түлек­терден асып түспесе кем түспейтін қаншама дарын иесі жүрген шығар?! Жерде жатқан жұмыртқа аспанда ұшқан құс болатынын ескерсек, бұл мектеп-интернаттардың пеше­нелі келешегіне әлі де талай талант­тың тағдыры байланған. Ұлан-бай­тақ даланың әр түкпірінде осындай рес­публикалық мектеп-интернаттардан қанат қағуды армандайтын ауыл баласы мың сан болып тұрғанда, дайын жатақхана, бассейн, оқу базасы бар білім ордаларының мүмкіндігін неге шектейміз? Кезінде бұл республикалық мектеп-интернаттардың жолын «Онда тек Алматы қаласының балалары оқиды» деген жалған ақпараттар арқылы кеспек болды. Жоқ! Аталмыш мектептерде республиканың әр түкпірінен келген балалар да, ауыл балалары да оқып жатыр. Сол Алматының баласы да қазақтың баласы, ауылдың баласы да – қазақтың баласы... Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ